Өз ұрпағына жеті атасын үйрету атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі екені баршаға аян. Мұның қандастық жағынан алғанда үлгі боларлық зор қызметі мен маңызын халқымыз ерте түсінген және оны берік ұстанып келген. Енді осы қағиданың терең тамырына көз жіберіп көрейік. Біріншіден, жеті ата тәртібі туыстық, ағайындық бірлікті, ынтымақты ұстана отырып, бір ауыл, бір бауыр болып өмір сүрген. Бір рудың адамдары осы күнге дейін бір жерде мекендеп келе жатыр. Екіншіден, жеті атаға дейінгі туыс-туғандардың тұрмыс-тіршілігі де, күнкөрісі де, тұрған жер, суы да, өріс, қоныс, жайлауы да қысы-жазы қатар немесе бірге болады. Қиындықта бір-біріне демеуші, қамқоршы-пана, қуанышты да, реніш-қайғыны да бірге көтеріп бөліседі. «Туысы бірдің – уысы бір» деген сөз осыдан шыққан. Үшіншіден, бір атадан тараған туыстар мен жас ұрпақтар бірін-бірі жақсы таниды. Ағалы-інілі, апалы-сіңілі дегендей, сыйластықта, бауырмалдықта бірге өседі. Мұндай туыс-туған, жақын-жуықтар арасында орынсыз жанжал, ұрлық-қарлық, барымта, зорлық-зомбылық сияқты жат істер болмайды. Өйткені тәртіп бойынша туыстар бір-бірінің малын ұрламайды. Керісінше, сырттай қамқоршы болып, жақын-жуықтарының мал-жанына көз салып жүреді. Әкелер мен аналар бір кіндіктен шыққан перзенттерін ел, ру намысын қорғайтын ержүрек, қайырымды, қаншыл, ұйымшыл, бауырмал етіп тәрбиелейді.