7


  • Учителю
  • Этнотолерантты тұлғаны тәрбиелеудің өзектілігі

Этнотолерантты тұлғаны тәрбиелеудің өзектілігі

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Этнотолерантты тұлғаны тәрбиелеудің өзектілігі



Ү.Ж.Казиева

Қостанай политехникалық колледжі



Қазіргі заманда білім мен тәрбие беру саясаты көпмәдениеттілік контексінде даму үстінде. Осы жағдайда педагогика ғылымы оқушыларды мінез-құлық нормалары, салт-дәстүрлер мен көптеген әдеттермен таныстыру мақсатында, олардың әртүрлі мәдениетті қабылдау қабілетін және оларға деген ұқыпты қатынасты, толеранттылықты, әртүрлі ұрпақтар, тілдер мен менталитеттегі адамдармен қарым-қатынас және бірлестік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған білім берудің мақсаттары мен құндылықтарын өзгертуге қарай бағыт алуда.

Қазіргі заманғы педагогикалық шындық бір жағынан, білім берудегі этномәдени факторды ескеру қажеттілігін, екінші жағынан - басқа халықтардың мәдениетін тану үшін жағдай жасау қажеттілігін, әртүрлі этностарға, конфессияларға, ұлттарға жататын адамдар арасындағы толерантты қатынастарды тәрбиелеу қажеттілігін ескеруді талап етеді.

Қазақстандағы этномәдениет саласында тың бастамалардың пайда болуы қоғамды біріктіре түсті. Бұл бастамалар ұлттық мәдениеттердің белсенділігін арттырып, жаңадан ұлттық- мәдени бірлестіктердің құрылуына әсерін тигізді. Қазіргі кезде республикада 40-қа жуық этностық топқа жататын 500-ге тарта ұлттық -мәдени бірлестіктер бар. Олардың барлығында дерлік шығармашылық ұжымдар жұмыс істейді, олардың қатарында қазақ, өзбек, кәріс, неміс, ұйғыр ұлттық театры бар. Жыл сайын Қазақстан халықтарының фестивалі өтіп тұрады, этностық топтардың өмірі туралы кітаптар жарық көреді. Республикалық деңгейде корейлердің, немістердің, поляктардың бірнеше съезі, ұйғыр, дүнген, түрік, күрд, өзбектің мәдени күндері, татардың сабан тойы мен құралтайы өтеді. Бұлар халықтар достығын ту етіп көтеріп келеді. Еліміздегі қалыптасқан ұлыстардың арасындағы береке мен бірлік, сыйластық, достық қарым- қатынастың орын тебуінде кеңқолтық, дархан қазақтың даласындай кең пейілі мен ыстық құшағының аясында өтіп жатқаны белгілі.

Әлемдік қауымдастық мемлекетаралық, ұлтаралық және тұлғааралық қатынас нормасы ретінде толеранттылық қажеттігін сезеді, сондықтан ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығы БҰҰ-мен «Халықаралық әлем мәдениетінің және планета балаларының мүдделері үшін зорлықшылдық емес он жылдығы» деп жарияланды. Қазақстан глобальды үрдістің белсенді субъектісі болып табылады. Қазақстанда ғасырлар бойы әр түрлі этностар өмір сүрді, олардың арасында тұрақты және тығыз байланыс болды. Толығымен Қазақстанда толеранттылық мәдениеті тұрақты беріледі деп айтуға болады.

Бүгінгі күннің жаңару бағыты - жалпы азаматтық және ұлттық құндылықтардан сусындаған, ұлттық дүниетанымы, мінез-құлық, сезім, ұлттық салт- дәстүрлерден көрініс береді.Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлық құндылықтары қалыптасқан халқымыз осы асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл- парасатына азық ете білу үшін әрбір тәрбиеші- ұстаз халық педагогикасын, сан ғасырларда қалыптасқан салт- дәстүрлерді, әдет- ғұрыптарды жан- жақты терең білумен қатар, өзінің бойына адами құндылықтарды терең сіңірген, рухани жаны таза адам болуы шарт. Ол рухани адамгершілік тағылымдарды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде негізге алғаны жөн. Міне сол кезде ғана жетілген мінез- құлық қалыптасады .

Жетілген мінез-құлық- бұл үш нәрсенің: жүректің, ақылдың және қолдың бірлігі мен келісімі. Егер бала өзінің жүрегін тыңдауға үйренсе және тек қана жүрегінің айтқанын істейтін болса, онда ол өмірден өз орнын табады да, Жер үстіндегі Адам деген атқа лайық өмір сүреді. Елбасының этносаясатының арқасында қазақстандық азаматттардың бойында «дала демократиясы» және еуразия тарихи генетикалық деңгейінде қалыптасқан жайдарлылық пен толеранттылықты сипаттайтын айтарлықтай жоғары этнотолеранттық потенциал бар. Біздің алдымызда тұрған міндет - осы құндылықтарды өскелең ұрпаққа жеткізу.

Толеранттылықты біз «төзімділік» деп аударып жүрміз. Шындығында, оның мәні қазақ тілінде терең: төзімділік, шыдамдылық, ымыраластылық, байсалдылық, кісілік, ізгілік, кемелін таңдау, келісімін табу деп жалғастыра беруге болар.

Толеранттылық рухани, адами, идеялық, діни көзқарастар менің ұстанымдарыма жат болса да, қабылдаймын дегенді білдіреді. XVIII ғасырдағы француз жазушысы және философ Вольтер: «сіздің пікіріңіз маған жат, бірақ сізге оны жақтау үшін мен өмірімді құрбан етуге дайынмын», деген. Ол- толеранттылықтың басты қағидасы. Бұл адамдар арасында өзара сыйластықты, мейірбандықты білдіреді. Сондықтан, толеранттылық екі жақты сана: мемлекеттер, діндер, этностар, жеке адамдардың бір- біріне шапағат жасай білуі.

Бұған қарсы ұғым да бар. Оны төзімсіздік, ымырасыздық, шыдамсыздық, тағатсыздық, кейістілік, менмендік, бірбеткейлік, оспадарлық, парықсыздық деп адам, әлеуметтік топтар, мемлекеттерге байланысты айтуға болады.

Толеранттылық қазақ билерінде көп кездеседі. Мысалы, Қазыбек бидің қалмақ ханы Қоңтайшыға айтқан «Біз қазақ деген мал баққан елміз» деп басталып, «досымызды сақтай білген елміз, дәм- тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз», «...берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!»- деп аяқталатын, сөздері өзара сыйластыққа шақырады.

Қазақ билері «Төремін деп тепсінбе. Төре мен құл майданда, кәрі мен жас ақылда, бай мен кедей мырзалықта, барлық адамдар көр мен қаза жауабында теңеледі»,- деп, адамдардың намыс, ақыл- парасатпен теңесетінін айтқан.

Қарама- қарсы беталыс, бағыт, пікір, идеялар қай мемлекет пен қоғамда да бар. Халықтың даналығы, ел басқарудың өнері осы үрдістерді белгілі мәмілеге келтіріп, асауға тұсау салып, үйлесім, жарасым таптыруда. Толеранттылық, келісім тарихтың мәңгілік сыйы емес, себебі күнделікті дамудан туып отыратын қайшылықтар біржола шешілмейді: күніге, ай сайын, жылдар бойы, үздіксіз, ешкімге бұра тартпай, шынайы жанашарлықпен, халықпен ақылдаса отырып, олардың шешімін табуды талап етеді. Сондықтан «толеранттылығы», «тұрақты қоғам» деген ұғымдар шартты түрде ғана қолданылып, жайбарақаттылыққа жол берілмеуі тиіс.

Толеранттық тәрбие біздің колледжде қалай жолға қойылып жатқандығына тоқталатын болсам, әрине ол ең бірінші алдымызға дұрыс мақсат қоюдан басталады.

Тәрбие жұмысының мақсаты: адамгершілік дәрежесі жоғары, инабатты, ой-өрісі биік, саяси саналы, ұлтжанды, жан-жақты дамыған бүгінгіні түсінетін, кешегіні білетін, адалдық пен мейірімділікті ту етер иманды адам, алдына мақсат қойып, оған жетер жол таба білетін көп мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеу.

Толеранттық тәрбие беру міндеттерін шешу оқыту мен тәрбиенің белсенді әдістерін кең қолдануды талап етеді. Колледжде көптеген ұлт өкілдері әр түрлі мамандықтар бойынша білім алып, тәрбиеленуде. Тәрбие процесін ұйымдастыру барысында студенттердің әр түрлі бағытта біріккен шығармашылық жұмыстары құрылды. Қазіргі кезде толеранттылық принциптеріне негізделген білімділікке айырықша көңіл бөлінуде. Біздің колледждің рөлін алатын болсақ - ол студенттерді тәрбиелеп, оқыту және өз мәдениетін терең білу, басқаларға қызығушылық қарым-қатынастың фундаментін қалыптастыру болып табылады. Өздеріңіз білетіндей әр оқу орнында тәрбие жұмысы ата-ана - оқу орны- оқушы (студент) арқылы жүзеге асырылады. Жалпы толеранттық тәрбие ол оқушы мектеп табалдырығын аттаған кезден бастап қалыптасады, сондықтан да колледж базасында үздіксіз толеранттық тәрбие беру ортасын құруды біз біртұтас педагогикалық үрдіс ретінде қарастырамыз. Үздіксіз толеранттық тәрбие беру оқушылардың (студенттердің) өздерінің этномәдениетінің құндылықтарын түсіну және білім берудің мазмұнын жүзеге асыратын, педагогикалық шарттарды құру арқылы этносаралық интеграцияның маңыздылығын саналау арқылы тәрбие беру негізінде жүзеге асырылады, онда өзіндік мәдениеттің жетістіктерімен бірге, білім мен мәдениеттің әлемдік үлгілерін үйлесімділеу колледж бен пен ата- ананың қоян- қолтық жұмыс істеуін қажет етеді. Ата-аналар жиналыстарында да өз еліне, халқына, Отанына деген сүйіспеншілік, өзге ұлтқа төзімділік пен түсіністікпен қарауды тәрбиелеу қажеттілігі айтылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Қазан айында колледжде толеранттылық апталығы өткізілді. Апталық аясында плакаттар сайысы, шығармалар сайысы, дебат ойыны, би марафондары, өнер сайыстары, сынып сағаттары өткізілді. Нәтижесінде студенттерден алынған сауалнама қорытындысы бойынша олардың сана-сезімінде өзін бағалауы және басқа адамдарды дұрыс түсінуге тырысқандарын анықтадық. Топтарда кикілжіңнің төмендегені байқалды. Әрине мұндай іс- шаралар білім алушыларды бірлікке, ынтымақтыққа шақыратыны даусыз.

Колледждегі өзін-өзі басқару ұйымы да өз жұмыстарын толеранттылық тәрбиеге беруге байланысты ұйымдастырған. Жылына екі рет қарттар үйіне көмек ұйымдастыру, концерт беру, қаладағы, облыстағы мәдени орталықтармен байланыс жасау, өткізіліп жатқан іс- шараларға белсене қатысу олардың негізгі міндеттері болып табылады.

Колледжішілік толеранттылық апталығында «ҚР толеранттық тәрбиенің балалардың бойында қалыптасуына жағдай жасауда ма?» деген тақырыппен пікірталас ойынын өткізіліп, студенттерге нақтылы мағұлматтар берілді.

Толеранттық тәрбие беру үдерісінде баланың өз ұлтының мәдениетіне баулу, ал одан - қазақстандық және әлемдік мәдениетке баулу жүзеге асырылады. Колледж студенттерін өз ұлтының мәдениеті мен ана тіліне баулу үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Болашақта олардың бойында айналадағыларға ізгілікпен қарауға, басқа адамдардың мүддесі мен талғамымен санаса білуді, ұлттық дәстүрді құрметтеуге, төзімділікке тәрбиелеуде келесі бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіліп отырады:

- тарихи мәні бар даталы күндер мен ұлттық мерекелерді өткізу, мәдениет, әдебиет, ғылым саласының танымал қайраткерлері мен халық батырларының мерейтойларын өткізу;

- көрмелерді ұйымдастыру, дебат сайысын, спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар өткізу;

- ұлттық әндер мен билер орындалатын фольклорлық концерттерді жүргізу;

- ұлттық мерекелерде дайындалатын тағамдар сайысы және т.б.

Толеранттық дегенді қалай түсінесің? деген сауалға студенттердің басым көпшілігі былай деп жауап берді: «толеранттық - адам бойындағы ізгі қасиет, өзгелерге өзіндей қарау», «толеранттылық - айналадағыларға ізгілікпен қарау», «толеранттық - өзге әдет-ғұрыпқа, саяси көзқарастарға түсіністікпен қарау», «толеранттық - төзімділік, ізгілік, достық» және т.б.

Қоғам өздеріне ұқсамайтын, ерекше адамдарды көрсе олардан жатсынып, сенімсіздік танытып жатады, қоғам ұлттық немесе діни көзқарастарына байланысты әр түрлі кішкене топтарға бөлініп жатады. Студенттердің арасында да кейде айқай-шу, кикілжің, бірін-бірі көреалмаушылық, алауыздық, басқалардан өзін жоғары санау сияқты жағымсыз мінездер де байқалып қалады. Студенттер арасында толеранттылық деңгейін анықтау мақсатында әр түрлі сауалнамалар жүргізілді. Соның нәтижелерін талдайық:

1-2 курс студенттерінің арасында сауалнама өткізілді. Оған 200 студент қатысты.

Оларға мынадай сауалдар қойылды:

  1. «Сіз діні басқа адамды досыңыз ретінде елестете аласыз ба?»

Қорытынды: Студенттердің басым көпшілігі діні басқа адамдармен дос болуға дайын, ал олардың 32 % оған дайын емес, сондықтан да оларды жақындастыруға бағытталған іс-шараларды жүргізіп отыру керек..

  1. «Сіз адамды ұлтына емес, адамгершілік және іскерлік қасиеттеріне қарап бағалау керек дегенмен келісесіз бе?

Қорытынды: студенттердің 64%-ы келісетіндігін айтты, сондықтан да студенттер арасында қалыптасып қалған теріс ұғымды өзгерту үшін шаралар қабылдау керек..

  1. «Сіз қалай ойлайсыз, тек қана бір дін ғана шынайы болуы мүмкін бе?».

Қорытынды: әрине, әр адам өзі сенгісі келген дінге сенуге құқылы, бірақ көбісі мұндай пікірмен келіседі.

  1. «Сіз мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы басқа адам кездессе оған қорқынышпен немесе сенімсіздікпен қарайсыз ба?».

Қорытынды: студенттердің көпшілігінің (95 %-ы) мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы басқа адамдарға сенімсіздік танытпайтығы көрінді.

  1. «Аралас неке болғаны дұрыс емес. Бірін-бірі түсінулері қиын деген пікірмен келісесіз бе?

Қорытынды: Жауап берушілердің көбісі бұл пікірмен келіседі, сонымен қатар келіспеушілердің де саны аз емес, сондықтан да бұл мәселеге көп көңіл бөлу керек деп ойлаймын.

  1. «Қалай ойлайсыз, колледж іргесінде оқып жүрген әр ұлт өкілдерінің арасында алауыздық бар ма?»

Қорытынды: нәтижесі қуантарлықтай, студенттердің 97%-ы алауыздық жоқ екендігін айтады.

Білім алушылардың толерантты ақыл-есі өзінің ұлттық, халықтық мәдениетін уағыздай алу үрдісінде және басқа да этностар мен халықтардың мәдениетінің даму және жүру құқығын мойындау үрдісінде қалыптасады. Этнотолерантты тәрбие беру арқылы жеке тұлғаны қалыптастыру үшін интолеранттылық проблемаларды сынып сағаттарында талдап, қорытынды шығарып отыру керек, сонымен қатар ондай мінез көрсеткен студенттермен жеке жұмыс жасап, түсіндірме жұмыстарын өткізу керек. Егер дер кезінде шаралар қолданып отырсық, уақыт өте келе интолерантты адамдардың саны азаяды.

Ұрпақ тәрбиесі- адамзат баласының асыл мұраты. Келешекте жастар қандай болу керек деген жанды сұрақ әрбір саналы адамды ойландыратыны сөзсіз. Cондықтан елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Халқымыздың алдында ХХІ ғасырды құрушы өскелең, өмірге икемделген, жан- жақты, мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеу керек»- деп жауапты міндет артып отыр.







Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:



  1. «Білім - Образование» жорналы, 2010 ж № 6

  2. «Қостанай таңы» газеті, 2010 ж 28 шілде № 18

  3. Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы, 2009 ж

  4. Экономика. Политика. Культура журналы, 2010 жыл № 2





 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал