- Учителю
- Сынып сағаты. Тақырыбы Наурыз
Сынып сағаты. Тақырыбы Наурыз
Наурыз- жыл басы
Мақсаты:
1.Оқушыларға қазақ халқының ежелден сақталып, атадан балаға мұра етіп қалдырған ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жөнінде түсініктерін тереңдете түсу, Наурыз мейрамының мәнін түсіндіру, халқымыздың салтын ұмытпай жалғстыруға баулу.
2.Оқушылардың тілін, сөйлеу мәдениетін, сөздік қорын дамыту.
3.Ұлтжандылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа, халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеуге, сақтауға тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: ұлағатты сөздер, буклеттер, суреттер, сахналық салт-дәстүрлер.
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру.
Мұғалім: -Наурыз-жыл басы, көктем мейрамы. Наурыз мерекесінде наурыз көже дайындалады, дастархан жайылады. Халық бір-бірін мерекемен құттықтайды, ән салып, би биленеді. Ойындар ойналады.
Наурыз мейрамы күн мен түн тепе-теңдікке келген сәттен бастап тойланады. Мерекеде көпшілік бұлақтардың көзін ашып, тал егеді. Бұл кезде мал төлдеп, жер көктеп, дүние жаңара бастайды.
1-жүргізуші: Халқымыздың ежелгі наным -сенімінде күн мен түн теңелер шақта «әз» жүреді деп есептелген. Әз - болар-болмас діріл, естілер-естілмес гуіл. Қазіргі ұғымда «әз» дегеніміз- ауаның жылы ағысы. Әдетте оны қой ғана сезеді екен. Қой арқылы қойшы да аңғарады. Әздің жүруімен ағаштар бүршік атып, тіршілік атаулыға жан бітеді. «Әз болмай, мәз болмайды»-деген мәтел содан қалған.
2-жүргізуші: Наурыз қайдан басталды? Аңыз бойынша Нұх кемесі Қазығұртқа келіп қайырылғанда, күн мен түннің теңескен мезгілі екен деседі. Сол сәт Пайғамбар да мерейленіп, қолдағы асын кемедегі тіршілік иелеріне үлестіріп берген екен. Кеме тау басына келіп тоқтаған соң, үш жүз жылдан кейін Наурыз атты адам ежелгі мерекені тойлауды қайта бастаған. Демек, осыдан 12600 жылдан астам бұрын жер бетін топан су қаптаған екен.
1-жүргізуші: «Ұлыстың ұлы күні». Неге бұлай атаған? Бұл күннің басқа күндерден не айырмашылығы бар? Сол жөнінде мынадай аңыз бар. Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте, жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан дәм татады. Содан бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп жариялайды.
2-жүргізуші: Наурыз неге жыл басы? Жеріміз Күнді бір айналып шығатын мерзім жылдың шартты түрде үш үш айынан бөлінетіні баршамызға аян. Көктем наурыздың 22-сінен , жаз маусымның 22-сінен, күз қыркүйектің 23-інен, қыс желтоқсанның 23-інен басталады. Ендеше жаңа жылымыздың дәл 22-наурыздан басталуы жыл мезгілдерінің астраномия заңдылығымен дәл келеді.
І. Наурызды қарсы алу (көрініс)
1-жүргізуші: Наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түнінде даланы Қызыр ата аралайды. Қызыр атаның назары жерге түссе, оның тоңын жібітеді, ал тасқа түссе тасты ерітіп жібереді.
2-жүргізуші: Халқымыз наурыз айында «Көрісу күнін» атап өтеді. Араз болған адамдар татуласады.
Көрініс:
- Ассалаумағалейкум! Бұрынғы өкпе-ренішіміз ескі жылмен, кетсін.
-Уағалейкумассалам! Кел, ендеше, төс қағыстырып көрісейік!
ІІ. Наурызды қарсы алу (көрініс)
1-оқушы:
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!
Ұлыс тойы басталды!
Наурыз туын көтеріп,
Жар салайық әлемге!
2-оқушы:
Көрмегендер көріңдер,
Естімегендер, естіңдер!
Дабылын оның қағайық,
Шақырамыз бәріңді,
Ұлыстың ұлы күніне!
3-оқушы:
Басы барлық ырыстың,
Басы барлық ұлыстың,
Құтты болсын, Наурыз той-
Ұлы күні ұлыстың!
Бірге:
Наурыз құтты болсын!
Жыл басы-Ұлыс тойы жасасын!
4-оқушы:
Ұлы күнде халайық,
Қалай қарап қалайық.
Сәйгүліктей ағайық,
Жасын болып жанайық.
Ортамызға шақырып,
Бабамыздың Қыдырдай
Ақ батасын алайық!
5-оқушы:
Наурыз болып бізге сын,
Кержалқаулар торықсын.
Талапты мен іскерге,
Қыдыр келіп жолықсын!
Бірге:
Қыдыр ата, Қыдыр ата келеді,
Қыдыр ата бізге бата береді!
Қыдыр ата:
Ау, аман бол, жарандар!
Алтын таңға қараңдар!
Ерте жайнап атты таң,
Естіліп тұр шаттық ән.
1-жүргізуші: Армысың, әлемнің алтын шырағы, Күн ана! Төрлетіңіз! Атар таңға, батар күнге тәу-тәу!
Күн ана:.
-О, қасиетті жер ана! Алла-тағаланың әмірін қалт жібермей орындап, адамзат үшін саған бас иемін. Зарыға күткен Жаңа жылым да, Наурызым да келді-ау!
Жаңа жылым жарылқа, ескі жылым есірке.
Ұрпақтарымды аман ет. Жамандық әрі кет, әрі кет, Алас, Алас!
Бар бәледен қалас.
Сәлем ата-аналар!
Айналайын балалар!
Қыдыр ата, аман ба?
Құтты болсын мерекең!
Наурыз айы туыпты.
Әне, Наурыз келеді,
Әсемденіп Жер енді!
2-жүргізуші:
-Бүгін Ұлыстың Ұлы күні! Ата-бабаларымыздың сөзімен айтсақ «Ақ түйенің қарны жарылған күн». Ендеше, Наурыз мейрамының салтанаты Наурызды шақырайық.
1-жүргізуші:
Наурыз келсе,құт келгені халайық!
Есік ашып шын жүректен,
Ел болып қарсы алайық!
Наурыз:
Сәлем анам алтын күн,
Нұр шуағы халқымның.
Ашық болсын аспаным,
Аман болсын жас-кәрің.
О, халайық, жарандар,
Қане, бермен қараңдар!
Қой жылы баршаңды,
Кенелтсін зор байлыққа.
Білмесеңдер бір шаршауды,
Бөленіңдер шаттыққа.
Шалқи берсін мәңгілік,
Әніміз бен жырымыз.
Биіктерге, төрлерде
Шалқи берсін туымыз.
Уа, Қыдыр атамыз,
Айтылсын бізге батаңыз.
Қыдыр ата:
Ал, тыңдаңдар батамды:
Ардақтаңдар атаны.
Ұлыс оң болсын,
Бестік баға мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын,
Денсаулығың зор болсын.
Көйлектерің көк болсын,
Қарындарың тоқ болсын.
Қуаныш, шаттық көп болсын
Уайым-қайғы жоқ болсын.
Күлімдесін көкте күн,
Шуақ шашып көктемнің.
Түлек етіп ұшырсын
Ыстық ұя мектебің.
Келешегі елімнің,
Көк жиегі көгімнің.
Адамзат боп саналып
Биіктерден көрінген.
Орындалсын ойларың,
Тойға ұлассын тойларың!
Аумин!
1-жүргізуші:
Қашанда құт-береке орнасын деп,
Тойда шашу шашу салты халқымның.
Уа, халайық, шашуымды қабыл ал,
Халқымның ақ тілеуін!
2-жүргізуші:
Шашу, шашу! Көп шашайын шашуды
Жауғандай көктем түні нөсер жаңбыр.
Уа жамағат теріп ал несібеңді.
Асып-тсқан ақ көңілмен көл-көсір,
(Шашу шашылады)
1-жүргізуші:
Рахмет, Қыдыр ата, Күн ана, Наурыз батыр, тойымызға келген қадамдарыңызға нұр жаусын!
ІІ. Әдеби монтаж.
6-оқушы:
Көктем жетті көл-көсір шуақ құрып,
Қыс барады қиылып, жылап тұрып.
Шатырында үйлердің Наурыз жүр,
Мұз пердесін ақпанның лақтырып.
7-оқушы:
Наурыз қайтып оралды аты да аңыз,
Сұрамаймыз алғыс та, ақы да біз.
Үй -дастархан, думанымыз-сахнамыз,
Ұлы мейрам- Наурызға шақырамыз!
8-оқушы:
Ашық болсын қас-қабақ
Тас атқанды аспен ат.
Бейтаныс та, таныс та
Бүгін төрде бас қонақ.
9-оқушы:
Армысыңдар, халайық,
Бармысыңдар халайық!
Наурыз тойын жұп жазбай
Жылда қарсы алайық.
Өшкен шырақ жағылсын
Көктемнің әрбір ақ таңы.
10-оқушы:
Арпа, бидай , тары бар,
Қатық, малта тағы бар.
Ішілетін, жейтіннің
Бұл көжеде бәрі бар.
11-оқушы:
Наурызда күлімдеп,
Күн нұры төгілді.
Өзгеше бүгін леп,
Желпінтер көңілді.
12-оқушы:
Әбігер жұрт неге?
Деп бекер таңданба.
Қайнатып құрт-көже,
Той қамын -қамдауда.
13-оқушы:
Өніп еккен дәніміз,
Бүршік жарды бағымыз.
Сәскеде-жаз,
Түнде-қыс.
Секілді екен Наурыз.
14-оқушы:
Төлдеп жатыр малымыз,
Қазан толы сары уыз.
Сүті көп те,
Көмірі аз
Болады ғой, Наурыз.
15-оқушы:
Жаңа жылдай-халықтың
Мерекеміз бар біздің.
Кім ұқтырар қанық қып,
Мән-мазмұнын наурыздың?
16-оқушы:
Есебімен дананың,
Күн мен түнді теңеген.
Наурызымыз-жаңа күн,
Парсы сөзі көнеден.
17-оқушы:
Жаңа күн ол - жыл басы,
Жиырма екісі наурыздың.
Наурыз айда-төл басы,
Бүршік атар бау біздің.
18-оқушы:
Арпа, бидай бастаған,
Жеті дәмнен аспаған.
Наурыз көже-көп көже-
Бұл тойдағы бас тағам.
1-жүргізуші:
Күн мен түн теңелген күн,
Жұрт шаттыққа кенелген күн.
Наурыз тойы құтты болсын.
Төрт түлігіміз сүтті болсын.
2-жүргізуші:
Наурыз жайлы білеміз не,
Білмегенге күлеміз бе?
Ата-әже айтқан сөзге
Құлақ түріп жүреміз бе?
ІІІ. Салт-дәстүр.
1-жүргізуші:
..............., сен айтшы, халқымыздың ежелден келе жатқан қандай салт-дәстүрін білесің?
2-жүргізуші:
Ия, .........., сен дұрыс айтасың. Көненің көзін көрген дана әжелерімізден сұрап көрейік. Әже айтыңызшы «Азан шақыру», «Шілдехана» деген не?
Әже:
1.«Азан шақыру»-дегеніміз, атасы бөпенің құлағына: «Мейірімді бол, денің сау болсын, еліміздің қуанышы бол!» - дейді де , үш рет: «Сенің атың.........» деп қайталайды.
2.«Шілдехана» : Арнұр, ертең біздің үйге көп қонақтар келеді.
Шілдехана жасаймыз.
-Шілдехана деген не?
Шілдехана- жаңа туған нәрестенің құрметіне арналған той. Қонақтар ән салып, домбыра тартып, өлең айтады. Шілдеханаға шақырумен де, шақырусыз да келе береді. Бұл той өмірге адам келгеннің, оған қуанудың бір белгісі.
-Қонақтар мені де құттықтай ма?
-Әрине құттықтайды.
-Сонда мен не деймін?
- «Рахмет»- дейсің.
3.«Бесік жыры», «Бесікке салу» (көрініс)
«Әлди- ай!»
Болсын маған көмегің,
Тынышталғын, бөбегім.
Жан-жануар баласы
Паналайды даласын.
Әлди-әлди, әлди-ай!
Құлдыраған құлыншақ,
Қара лақ та ұрыншақ.
Үнсіз қалды, әнеки,
Ұйықта күнім, кәнеки,
Әлди-әлди, әлди-ай!
4.«Тұсау кесу»
Сәби еңбектеуден өткен соң қаз-қаз басады. «Тәй-тәй» жүре бастайды.
Сол кезеңде сәби жығылмай, сүрінбей жүріп кетсін деген тілекпен тұсауын ала жіппен кеседі. Мұның мәні мынада: Халықымыз баланы тәрбиелегенде ұрлыққа, зорлыққа, жаман іске, бұзақылыққа әуестенбе деп, дұрыс жолға салады.
«Біреудің ала жібін аттама!» деп үлкендер айтады. Оның мәні: аяқтағы ала жіптің болуы біреудің бір құлаш бас жібіне жолама, ал оның кесілуі-баланың келешегіне жол ашу, ақ жол тілеу. Сол кезде «Тұсау кесер» жыры айтылады.
Қаз-қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз баса ғой қарағым
Құтты болсын қадамың.
Өмірге аяқ баса бер
Асулардан аса бер.
ІҮ.Білгенге маржан.
1-жүргізуші:
-Балалар, сендерге сұрақ қойғым келіп тұр. Наурыз көжені не үшін пісіреміз? Не үшін ішеміз?
Жауап: Наурыз көжені жоқшылық жоқ болсын деп, тоқшылық көп болсын деп, береке, бірлік болсын деп ішеміз.
2-жүргізуші:
Наурыз көжені қалай дайындайды?
Жауап: Наурыз көжеге соғымнан қалған сүр ет, сүт, езілген құрт, бидай, пияз, сәбіз секілді жеті түрлі дәм қосып әзірлейді.
1-жүргізуші:
Ұйқы ашар дегеніміз не?
Жауап:
Ұйқы ашар дегеніміз, асау тайыншаға ашамай ерттеп, үстіне қуыршақ мінгізіп, мойнына қоңырау тағып, түнде жібереді. Ол қорадағы малды үркітіп, елді ұйқыдан оятады.
2-жүргізуші:
Селт еткізер дегенімізді қалай түсіндіресіңдер?
Жауап: Ағам түнде дәм татқан «Ұйқы ашарының» қарымтасына «Селт еткізер» қайтарады. Сыйға әсем тарақ пен айна ұсынылады.
1-жүргізуші:
Күлейік те ойнайық біз,
Бал қызыққа тоймайық біз.
Күн шуақты көктем тойын
Күндей күліп тойлайық біз.
2-жүргізуші:
Жыл келді деп жар салайық,
Би билейік, ән салайық.
Біз ұлыстың ұлы күнін
Думандатып қарсы алайық.
Біздің сіздерге арналған концерттік бағдарламамызды қабыл алыңыздар!
Сабақты қорыту.
Келген қонақтарға сөз беріп, бата-тілектерін айту.