- Учителю
- Тәрбие сағаты: Ауғанда от кешкендер
Тәрбие сағаты: Ауғанда от кешкендер
Тақырыбы: Ауғанда от кешкендер
Жүргізуші 1: Қайырлы күн, достарым! Бүгін - 15 ақпан, тура 23 жыл бұрын
ана мен әжелеріміз ұл-жолдастарының аман-есен оралғанына
қуана жыласа, бірі - мәңгілікке айрылып, қайғыра төгілген көз
жастары, жүректегі ауыр жаралары әлі де жазыла қойған жоқ.
Қарап тұрсақ, қанды соғыстың болғанына мұншама ұзақ уақыт
та өтпеген секілді, бірақ артына қалдырған ізі көзге жас әкел-
мей қоймайды.
</ Жүргізуші 2: Иә, өйткені бұл ешкімге де қажеті болмаған соғыста қаншама
аға-тәтелеріміз, әке-көкелеріміз құрбан болды.
Дегенмен де, олар - нағыз батыр! Өйткені олар өз Отаны ал-
дында борыштарын ар-намысымен атқарды, сол үшін жандар-
ын да қиды!
Жүргізуші 1: Олардың жасаған мәңгі өшпес ерліктері де есімізде сақтаулы.
Сол себепті де біздің бүгінгі тәрбие сағатымыз Ауған жерінде
болған қанды соғыста өмірлерін аямаған аға-әкелерімізге
арналмақ.
Жүргізуші 2: 15 ақпан күні 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстан
жеріндегі шайқасқа қатысқан сарбаздар кеңес әскерінің жат
жерді босатқандығының 20 жылдығын атап өтпекші.
Әрине, бұл майданның көлеңкелі тұстары әлі жетерлік.
Мәселен, қаза тапқан жауынгерлердің табыты арқылы Кеңес
Одағына талай «бәленің» тасымалданғандығын да жоққа
шығарушылар аз. Хабарсыз кеткен жауынгерлердің тарихына
қатысты жұмбақ деректер де көп.
Жүргізуші 1: Он жылға созылған осы соғыстың қаһармандарының
тағдырына қарап-ақ сол кездегі саяси ахуалды, әлеуметтік
жағдайды және қоғамның бетбұрысын байқауға болатын
сияқты. Қазақстаннан осы соғысқа аттандырылған
сарбаздардың бірі Батыс Қазақсан, Ақтөбе облысындағы
хромтаулық Талғат Мүсірепов қан майданнан І топтағы мүгедек
болып оралды. Біз осындай тағдырларды баяндау арқылы тарих
қатпарына үңілгенді жөн көрдік.
(Бір оқушы соғыс ардагері - Талғат Мүсіреповтың жолдасы болып рөлді ойнайды. Ол оқушыларға өмір баянын әңгімелейді).
Оқушы 1: Қазіргі Хромтау, бұрынғы Новоресей ауданының «Қызыл қайың» кеңшарында дүниеге келген Талғаттың соғысқа тап болуы бір қарағанда кездейсоқ жағдай сияқты. Шал-кемпірдің жалғызы мектеп бітірер тұста ауған жерін соғыс шарпыды. Балапан мұрты тебіндей бастаған бозбаланың қиялында тек қолына қару алу мақсаты тұрды. Жат жердегі зұлматтың саяси астарын түсінетін ой қайда? Расында да…Талғаттың аузына құдай салғандай, мектеп бітірісімен әскерге алынып… мүгедек болып оралды.
1984 жылдың күзінде Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге шақырылған Талғат Мүсірепов алдымен Отар қаласындағы оқыту орталығында алты айдай шыңдалды. Аузынан от шашар суық қарумен танысқаны да осы жер. Жан-жақтан жинақталған өрімдей сарбаздар осы арадан тікелей Талдықорған қаласына жіберіліп, жаңадан құрылған Орта Азиялық округтің сапында ауған жеріне кете барады.
Мектеп қабырғасындағы алған жүргізушілік куәлігі Қандағарда кәдеге асты. Енді тракторшыдан танкішіге айналып, батальон командирін тасымалдау сеніп тапсырылғанда қуанғаны есінде. Ол командирін кәсіби механик-жүргізуші ретінде шынжыр табанды тұлпарымен талай қыспақтан алып шықты. Бірақ бұл топты өкшелеген сәтсіздік ұзақ күттірмеп еді. Кезекті тапсырмаға орай Қандағар түбіндегі шағындау қышлақты «тазартып» шыққан кеңес жауынгерлері кейін қайтар жолда дұшпандар көмген минаға тап болып, жолдастарынан, яғни Талғаттан айрыла жаздады.
Оқушы 2: Межелі жерге жақын қалған тұста ол мінген «тажалдың» темір тұяғы танкіге қарсы қолданылатын минаны таптап, бұлар мінген шағын ғана танкі күл-талқан болды. Жүргізушінің табан тұсынан жарылған минаның қуаттылығы соншалық, Талғаттың бір аяғы сол сәтте-ақ денесінен бөлектеніп қалған еді. Ал жанындағы басшысы дін аман.
Есін жиған сәтте көрген адамы - жерлес қаруласы Мәдениет Нұғыманов. Ауыр жараланған жолдасына бірінші болып жеткен Мәдениет одан кейінгі жағдайды былай баяндайды:
(Бұл жерде бір оқушы бала әскер киімін киіп, бірі - журналист, бірі - оператор рөлін ойнайды; олар интервью алып жатыр).
- Талғат минаға тап болып, аяқтан айрылғанда біздің батальонда көзіне жас алмаған жан жоқ. Ол оқиға куәгерлері әлі күнге Талғаттың тағдырына алаңдаулы. Мысалы, интернет арқылы сөйлесіп тұратын алыс-жақын шетелдергі қаруластарымның көпшілігі алдымен Талғаттың жайын сұрайды. Әрине, соғыс шығынсыз болмайды. Бірақ көрші бөлімшелердегі қайғылы оқиғаларға аса езіле қайғыра қоймағандығымыз да рас. Ал өз батальонымыздағы өз жерлесіміздің ауыр жаралануы қатты әсер етті. Оны бірінші болып орнынан көтеріп алып, зембілге салғандардың бірі де өзім. Сосын жаралы жігітімізді ауруханаға дейін апаруға бұйрық алдым. Жанымдағы әскерге жаңа алынған Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданынан келген Нұрлан Медекенов жолшыбай көз жасын тыя алған жоқ. Тіпті, ызаға булыққаны соншалық, жолай кездескен ауғандықтардың автобусына оқты боратып жібергені бар. Дереу қаруын тартып алып, шапалақпен тартып жіберуге тура келді. Әйтпесе бейбіт тұрғындардың өлімі үшін сотталып кететін едік. Ең сорақысы алда екен. Бір аяғы жұлынып, екінші аяғы сіңіріне ілігіп тұрған жігітті госпитальдағы дәрігерлер жарасының орнын тазартудан жиіркенгені есімде. Амал жоқ, аяғындағы, бетіндегі қанды өз қолыммен тазартуға тура келді. Сол кезде жаңағы Нұрлан ақ халаттылардың әрекетсіздігіне ашуланып, біреулерін сабап тастады. Сол сәтте жетіп үлгерген қарауыл бізді қамап тастауға алып бара жатқанда, бұрын осы емханада жатқанымда танысқан госпиталь бастығы кезігіп қалып, жолымыз болып кетті. Мен оған болған жайды баяндап, жараланған жігітпен бірге оқыдым деп алдауға тура келді. Сөйтіп, қапастан құтылдық…
Ал Талғат операция кезінде жанында тұрғанымды қалады. Бірақ госпитальдың тәртібі бойынша алдымен офицерлерге қызмет көрсетілетін болғандықтан, аз-кем жарақаты бар бір басшыға ота жасалуын күтіп тағы біраз бөгелуге тура келді.
Сонымен не керек, Талғаттың өтінішімен мен де операцияға қатыстым. Сол сағаттарда қолымда тас қып қысқан Талғат өз қанының тобын жаңылмауды сұрап, қайталай берді. Кейін білсек, Талғаттың ағзасындағы қан толайым таусылып, тек жүректе ғана өмір нәрі қалған екен. Ал сіңіріне ілінген екінші аяқты қанның бұзылуынан сақтану үшін кесіп тастаған.
Бұл сәттер біздің кейіпкеріміздің есінде әлі кешегідей. Қиналған, жан беріп, жан алысқан сәттер де ұмытыла қойған жоқ.
Талғат Мүсірепов: - Тіпті, жүйке талшықтарының сақталғаны соншалық, кейде аяғымның башпайлары қышитындай әсер береді. Сәтті жасалған операциядан кейін Ташкенттегі әскери ауруханалардың біріне жеткізіліп, ол жердегі жемқорлықтан әрең қашып құтылғандай болым. Ала шапанды ағайындар елінде ақысын төлемесең, тегін дәріні егуді де ұмытады екен. Сонан соң өз өтінішім бойынша арнайы ұшақпен Самараға жеткізіліп, сол облыстың ауруханасында бақандай он ай емделдім.
- Менің қатарымның көбі Ауғанстанға тап боларын білген жоқ. Қазіргі кітаптарда жазылып жүргендей, соғысқа өз еркімен сұранып барушылар жоқтың қасы еді.
- Елге оралған соң жасанды аяқ салдырғаныммен, ағаш қалып аяғының тұқылын қажап шыдатпаған соң, лақтырып тастадым. Кейінгі заманауи материалдан жасалған «аяқ» та қолайыма жақпай, жасанды аяқ атаулымен біржола қоштастым.
Мәдениет Нұғыманов: - Сол қайғылы оқиғадан кейін жауынгерлік «Қызыл ту» орденімен марапатталған Талғат бұл награданы үйіне оралған соң ғана алған. Қазір бұндай орден еліміз бойынша Ауған соғысына қатысқан бес жауынгерде ғана бар. Алайда Т. Мүсіреповке ауылдастарының, атап айтқанда, сол кездегі кеңшар басшысының көрсеткен ықыласының орны тіпті бөлек. 19 жастағы жігіттің Отан алдындағы борышын өтеу кезінде қос аяғынан айрылғанын естіген ел ағалары жауынгер үшін бар қамқорлығын аямады.
Оқушы 3: АУҒАН СОҒЫСЫ ХРОНИКАСЫ
- 1978-1979 жылдары КСРО мен Ауғанстан арасында 75 келісімге қол
қойылды. Кеңестік 4500 кеңесші Ауғанстанда жұмыс істеуге аттанды.
- Наурыз - КСРО басшысы Л.И. Брежнев пен Ауғанстан үкіметінің басшысы
Н.М. Тараки кездесті.
- 5 мамыр - Түркістан әскери округінде «Мұсылман батальоны» жасақталды.
Оған тек Орта Азиялық жастар алынды.
- Қыркүйек - Кабулға КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнаулы
тобы «Зенит-2» жеткізілді.
- 14 қыркүйек - Ауғанстан президенті Хафизулла Әминнің бұйрығымен
Тараки тұтқындалып, артынша өлтірілді. Бұл уақыт арасында Әминнің
жарлығымен өлтірілгендердің саны 50 мыңға жетті.
- 3-14 желтоқсанда - «Мұсылман батальоны» Баграм авиабазасына тасталды.
Желтоқсан басында оппозиция құрамында қарулы 40 мың адам болды. Олар
Ауғанстанның 12 өлкесінде жаңа үкіметке қарсы ұрыс жүргізді.
- 12 желтоқсан - Саяси бюро жиынында Ауғанстан Демократиялық
Республикасына әскер енгізу жөнінде шешім қабылданды.
- 25 желтоқсан - КСРО әскері мемлекеттік шекараны бұзып, Ауғанстан
жеріне өтті.
Оқушы 4: АДАМ ШЫҒЫНЫ: (оқушының осы мәтінді оқып жатырған кезінде,
слайд-тақтада ауған соғысы көріністері, әскерлер
көрсетіледі)
1979 жылы кеңестік әскер 86 адамынан айрылса,
1980 жылы - 1484,
1981 жылы - 1298,
1982 жылы - 1948,
1983 жылы - 1446,
1984 жылы - 2343,
1985 жылы - 1868,
1986 жылы - 1333,
1987 жылы - 1215,
1988 жылы - 759,
1989 жылы - 53 сарбазынан айрылды.
…сонымен қатар:
Ауғанстанда КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) 585 адамы, КСРО Ішкі істер министрлігінің 28 қызметкері және 180 кеңесші қазаға ұшырады.
Жыл сайын Ауған соғысына КСРО қазынасынан 5 миллиард рубль жұмсалып отырды.
Жүргізуші 1: Достар, бүгінгі біздің тәрбие сағатымыз Ауғанстан жерінде өз
өмірлерін қиған ер-азамат ағаларымыздың есімдерін, қайсар
ерліктерін есімізге түсіруге арналды.
Жүргізуші 2: Иә, «Ер есімі ел есінде» деп ата-бабаларымыз бекерден айтпаса
керек. Батыр ағаларымыздан алар үлгі көп. Біз оларды мақтан
тұтамыз, құрметтейміз, тамсанамыз.
Жүргізуші 1: Тәрбие сағатымызды қорыта келе, бүгінгі сабақ бәрімізге үлгі
бола алды деген үміттеміз. Батыр бола алған адамның есімі,
ерлігі мәңгілік, еш өштес қазына. Достар, осыны әр уақыт естен
шығармаған абзал.
Жүргізуші 2: Келесі кездескенше күн аман!