- Учителю
- Сабақ жоспары Жабайы аңдар
Сабақ жоспары Жабайы аңдар
Сабақтың тақырыбы: Жабайы аңдар. (Мектепалды даярлық тобы)
Тәрбиеші: Жұмабаева Г.К
Мақсаты:
-
Әрбір аңның атын дұрыс атауға жаттықтыру және олардың тіршілік ететін ортасы турылы түсініктерін бекіту;
-
Жабайы аңдарға байланысты көрнекіліктер пайдалана отырып, балалардың ой - өрісін дамыту;
-
Балалардың аңдарға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттырып, аңдардың түрлеріне көңіл аудартып, оларға қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу;
Көрнекілігі: Жабайы аңдардың суреттері, ойыншықтары. Орманның, үй жануарларының муляжы.
Әдіс - тәсіл: Топтастыру, әңгімелеу, сұрақ - жауап ойындар, айтыс, құрастыру.
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру. Шаттық шеңбері:
Армысың шапағатты Күн - Ана!
Армысың шапағатты Аспан - Ана!
Армысың мейірімді Жер - Ана!
Құт дарыт, бар әлемді жарылқа.
Сабақ ойыннан басталады.
Ең айлакер аң... (түлкі)
Ең қорқақ аң... (қоян)
Балды жақсы көретін... (аю)
Аң патшасы... (арыстан)
Мысыққа ұқсайтын аң... (жолбарыс)
Ең ұзын мойын... (керік)
Қораға шабатын аң... (қасқыр)
Ең ірі жануар... (піл)
Үстінде тікенегі бар... (кірпі)
Слайд арқылы суреттерін көрсету.
Бұл жануарларды балалар біз «Жабайы аңдар» деп атаймыз. Жабайы аңдар елсіз далада болады. Өз азығын өзі тауып жейді. Ол күннің суығында да, ыстығында да далада жүріп өмір сүреді. Табиғатта жабайы аңдардың түрі көп. Олардың ішінде пайдалысы да, зияндысы да бар.
Қасқыр мен түлкі, жолбарыс пен арыстан жыртқыш аңдар. Тістері өткір, көздері қырағы жақсы көреді, сезімтал. Өздеріне керекті жемтіктерін алыстан - ақ иісінен сезеді. Қыста жортып жүріп, азықтарын тауып жейді. Олар қыста ұйықтамайды.
Ал аюға келетін болсақ, аюудың екі түрі бар. Ақ аю, қоңыр аю. Ақ аю - суда мекендейді. Суға сүңгіп, балықтарды ұстап жейді. Ал қоңыр аю тоғайда, орманда мекендейді. Жеміс - жидектерді теріп жейді.
Қоян - ең қорқақ аң. Қоян ағаштардың қуысында қыстайды. Қорегі түрлі шөптер, ағаш қабықтары. Ол жылы тонының арқасында суыққа тоңбайды.
Сергіту сәті. Аңдардың айтысы.
(Балалар бет перделерін киіп алып орындайды.)
Наргиз: Кәрі еменнің түбіне,
Бір - біріне үңіле.
Айтысуға жиналды
Жан - жануар біріге.
Мұстафа: Түлкі айтты. Түлкімін.
Тұнып тұрған күлкімін.
Бұлаң - бұлаң, құйрығым
Текке өтпейді бір күнім.
Бәрің маған жетпейсің
Алдымнан кесе өтпейсің.
Менен басқа қуың жоқ
Күніңді көріп етпейсің.
Диана: Әй, түлкіжан, мақтанба
Сиқырланып ақталма.
Күшіңді сенің көрейін
Қасекең келе жатқанда.
Гүлден: Қасқырбай сөйтіп, аттанды,
Өз деміне апталды.
Қорқып тұрған қоянды
Тап беруге шақ қалды.
Нұрасыл: Қорқынышты атағым
Қалың қопа жатағым
Қой қораға түсетін
Бар ғой аздап шатағым.
Ғафу: Балпаң - балпаң, басамын,
Алтын қырдан асамын.
Аю деген ағаңмын,
Аңшы көрсем қашамын.
Ермек: Мен кірпімін, кірпімін
Көрінбей тұр кірпігім
Балаларға ұнайды,
Жүретінім түртіліп.
Жандос: Қайшы құлақ қоянмын,
Ақшыл түске боялдым.
Сытыр еткен бұтақтан
Елең етіп ояндым.
Дәурен: Жолбарыспын, жыртқышпын
Бәрінен де мықтымын
Ормандағы аңдардың
Жайратып салар күштімін.
Аружан: Табиғаттың баласы
Болмас ағы, қарасы
Тыңдап тұрсақ бәрінің
Әңгімесі жарасты.
Сергіту сәті:
Қорбаң - қорбаң қорбаңбай
Келе жатқан аю ғой.
Жақындап оған бармаймыз,
Қатар - қатар тұрамыз.
Алыстан байқап қараймыз.
Тікірейіп құлағы
Менен бұрын тұрады.
Бойын жазып, керіліп,
Бетін, қолын жуады.
-
Енді, балалар ойындар ойнайық.
Ойын: «Жабайы аңдар қалай дыбыстайды»
Ойынның шарты: Жабайы аңдарды дыбыстау, ең көп білу керек.
Аю - ақырады, өкіреді.
Қасқыр - ұлиды, ырылдайды.
Түлкі - ырсылдайды, шәңкілдейді.
Күзен - шақылдайды.
Арыстан - ақырады.
Жолбарыс - күркірейді, т.б.
Ойын: «Мекенін тап»
Ойынның шарты: тәрбиеші жеке аңдардың суреттерін балаларға таратып береді. Ал тақтада сол аңдардың үйлері бейнеленген плакат тұрады. Балалар аңдардың өзіне тиісті үйлерін тауып, қояды.
(Балаларға жануарлар суреттерінің мозайкасын таратып беремін. Балалар оны құрастырып, ол аң қандай аң және қайда тұратынын айтады.)
Қорытынды:
-
«Жабайы аңдар» деп неге айтамыз?
-
Үй жануары мен жабайы жануардың ерекшелігі қандай?
-
Жабайы аңдарды ата?
-
Олар немен қоректенеді?
-
Үш қоянда неше құлақ?
Мадақтау: Сабаққа жақсы қатысқан балаларды мадақтаймын.
-
Балалар, сендерге үлкен рақмет! Сау болыңдар!