- Учителю
- Открытый урок Ауылым Теміржан Базарбаев шығармашылығы
Открытый урок Ауылым Теміржан Базарбаев шығармашылығы
Тәрбие сағатының тақырыбы: Т.Базарбаев «Ауылым» әні
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыра отырып, Теміржан Базарбаев әндерімен, толығырақ таныстыру. «Ауылым» әнінің шығу тарихы туралы мағұлмат бере отырып әнді үйрету.
Дамытушылық: Музыканы, әнді тыңдау және оны тыңдауға баулу. Әншілік қабілетін дамыту.
Тәрбиелігі: Қазақ халқының ұлы тұлғаларын үлгі тұтуға және олардың шығармалары арқылы халқымыздың мәдени дамуына үлес қосуға тәрбиелеу. Рухани жан - дүниесі бай, жан - жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, композитордың суреттері, «Отырар сазы» оркестрінің суреті, семантикалық карта,«Теміржан Базарбаев » тірек - сызба, үнтаспа.
Сабақтың түрі: кіріктірілген /информатика, музыка/ сабақ.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Сәлемдесу тренингі
-
Салем достым! (амандасады)
-
Сен қалайсың? (иықтарынан қағады)
-
Қайда болдың? (құлақтарынан тартады)
-
Мен сені сағындым! (қолдарын жүректеріне қояды)
-
Сен келдің (қолдарын жаяды)
ІІ. Оқушыларды түгелдеп болған соң, сабақты бір шумақ өлеңмен бастау.Мына әуен қай әнге тиесілі. (халық әні Ақ дариға)
Айдай арайлап,
Күндей күлімдеп.
Жұлдыздай жарқырап,
Сабақты енді бастаймыз.
Топтарға бөлу. «Қағаз қиындылары»
Бірнеше қағаздардың әрқайсысына мақал-мәтел
жазылып топ құрамындағы оқушылар саны бойынша жыртып, оларды
араластырып, оқушыларға таратып беру. Оқушылар қиықтардан бүтін
құрастырып сол бойынша топ құрады.
Оқушылар 3 топқа бөлінеді.
ІІІ. Балалар! Музыка пәнінен алған білімдеріңді пысықтау мақсатында бірнеше сұрақтар қоямын.
-
Италиян тілінде «үйлестіру,үндестіру» деген мағна беретін музыкалық термин. (аккорд)
-
Музыкалық тақырыптың аяқталған мағнасы бар бөлшегі. (фраза)
-
Дыбысты еркін созу белгісі. (фермата)
-
Дыбысқа толықтық,жылылық беретін тербеліс әдісі. (вибрация)
-
Тональдықтың аты аталатын негізгі тон. (тоика)
-
Қолма-қол,суырып салма әдіспен музыка шығару. (импровизация)
-
Халық әуеніне еркін формада жазылатын аспаптық шығарма. (рапсодия)
-
Қазақтың музыкалық аспаптарында орындалатын музыкалық жанр. (күй)
-
Жалғыз немесе бірнеші аспап пен оркестрге арнайы жазылған шығарма. (концерт)
-
Орындаушылық мүмкіндікті дамытуға арналған шығарма. (этюд)
-
Әрбір музыкалық шығарманың өзіне лайық жылдамдығы болады. (екпін)
-
Ширақ,қыздыра қай екпінге жатады . (жылдам екпін)
IV. Балалар! Енді бүгінгі сабағымызды композитор Теміржан Базарбаев шығармашылығына арнаймыз. .
- Әсерлі де сұлу ән қашанда тыңдаушының жүрегіне нұр шашып, әсемдік әлеміне жетелейді. Жаны жүдегенде де, қуана шаттанғанда да тыңдаушының іздейтіні - сұлу ән.
Өміршең өнерде сағыныш пен тәтті мұң бірдей сезіледі. Ана әлдиімен бойға сіңген әуен ырғағы адам баласының көңіл-күйін реттеп, алдағы күнге үмітпен қарауға септігін тигізеді.
Біздің балалық шағымыз өткен ауыл өмірінің қимас шақтарын, кіндік қанымыз тамған қасиетті топырақтың ерекшелігін әнге қосып, аңсау мен сағынышты арқау еткен ағаларымыздың бірі - композитор Теміржан Базарбаев.
Жұмыр басты пенденің жер бетіне келгендегі тағдыры әрқилы болып келеді. Біреулер бақытты өмір сүрсе, ал кейбір адам тағдыр талқысына түсіп, өмір соқпағынан қинала өтіп, сара жолға түседі.
Теміржан Базарбаев 1935 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Алакөл ауданына қарасты «Жалғызағаш» ауылында дәрігер отбасында дүниеге келді. Ата-анасынан жетім қалып, тағдырдың бір жасынан дайындаған сыйын көріп, көп қиналған бала өмір толқынында шынықты, шыңдалды. «Теміржан Базарбаев қазақ өнеріндегі үлкен тұлға. Ол, әсіресе, қазақтың музыка педагогикасында 1961 жылдан бері музыка колледжінде ұстаздық етті. Ол композитор Құдыс Қожамияровтың шәкірті еді.
Қарабұлақтағы балалар үйінде тәрбиеленген кезінде ат-арбамен Нұрғиса Тілендиев пен Бекен Жылысбаев келіп, дарынды балаларды тыңдайды. Біріне өлең, екіншісіне ән айтқызып көреді. Содан үш баланы таңдап алып, арбамен алып кетеді. Жолда бір дөңнен асқанда балалар қашайық деп ақылдасады. Екеуі қашып үлгереді. Теміржанды Нұрғиса ұстап алады. Лепсіден болашақ композитор Еркеғали Рахмадиевті арбаға салып алып, Нұрағаң мен Бекең Алматыға келеді.
Теміржан музыка мектебінде вольторен аспабында ойнайды. Ұстаздары жоғары сыныпта оқып жүргенде ән жазатын қабілетін байқап, баули бастайды. Мектеп бітірген соң Теміржан консерваторияға Құддыс Қожамияровтың сыныбына оқуға түседі. Кейін жолдамамен Семейге барады.
Композитордың жанрлық диапозоны симфония мен опера, кантата мен симфониялық поэмалар, камералы-аспапты, вокальды - хор шығармалары, әндер мен романстар, балалар мен драмалық спектакльге арналған музыкалық спектакльдер.
Теміржанның үлкен туындыларының бірі - «Қалың елім» деген симфониялық оркестрге, жеке хорға арналған шығармасы, бұл сәтті туған дүние. Сондай-ақ дипломдық жұмыс ретінде екі симфония жазған. Оның балаларға арналған «Жыл мезгілдері» деген циклдері, 200-ге жуық әндері бар.
Ән жазу үшін аккомпонимент, теория, гармонияны, контрапункты жақсы білу керек. Мен соны Темкеңнен көп үйрендім»-дейді сазгер.
Міне, жақсыдан шарапат» дегендей, халқымыздың аяулы ұлдары Нұрғиса мен Бекен ағасының қамқорлығын көрген Теміржан алғаш музыкалық білімді Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінен алса, кейін Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға түсіп, профессор Құддыс Қожамияровтың композиция класы бойынша бітіріп шығады. Консерваторияны аяқтағаннан кейін Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінде теория бөлімінің меңгерушісі әрі аға оқытушысы болып, ұзақ жыл бойы жемісті еңбек етеді. Тумысынан аз сөйлеп, көп тыңдайтын Темкең осы бір ұстаздық еңбекті жанындай жақсы көріп, ауылдан келген дарынды жастарды өнерге баулып, қажырлы еңбектен нәтиже шығара білді. Қазірде өнер сахнасының майталманы атанған Тұрсынғазы Рахимовтың сазгерлік жолға түсуіне ағалық қамқорлығын көрсеткен де Теміржан Базарбаев еді. Кешегі сал-серілердей музыканың қағидаларына көп бағына бермейтін даланың ерке әншісі Теміржаннан ән шығарудың қыр-сырын көп үйреніп, ғибрат алады.
- Маған Темкең ән шығарып отырғанда ғана емес, әңгімелескенде де, тіпті көшеде аяңдап бара жатқанда да көкірегін ән билеп, жүрегі күмбір қағып бара жатқандай боп көрінетін. Өңіне дұрыстап қарасаң, саған күлімдей амандасқанда жанарынан ән төгіліп кете жаздайтын. Темкеңнің бойын билеген алланың берген дарын ғой - деп Тұрсынғазы сөзін жалғастырды:
- Теміржан Базарбаев менің ұлағатты ұстазым, жиырма жыл жанында жүрдім. Мыңжасар Маңғытаев екеуі жолдас болды. Темкеңнің білімі мұхит, ол жайлы композитор Нұрғиса Тілендиев «мұндай композитор аз» деп айтып кеткен, өнерін мойындаған. Ол кісінің әндерінің бәрі Шәкәріммен, Абаймен үндес, өнері ұштасып жатады»
Теміржан Базарбаев оншақты жыл Семейдегі Қазақстан Композиторлары одағы бөлімшесінің төрағасы болып қызмет етті. Сол өлкедегі сазгерлердің басын қосып, ақыл-кеңесін берді, өнер ұйтқысы бола білді.
Композитордың жанрлық диапозоны өте кең. Атап айтқанда, симфония мен опера, кантата мен симфониялық поэмалар, камералы-аспапты, вокальды - хор шығармалары, әндер мен романстар, сондай-ақ балалар мен драмалық спектакльге арналған музыкалық спектакльдер. Сазгердің шығармаларында туған өлкенің әсемдігі мен халқының тарихы сияқты тақырыптар басты орын алған. Сондай-ақ соғыс пен бейбітшілік тақырыбы да ауқымды қамтылған.
Ұрпақ тағдыры жайлы жазылған Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» спектакліне музыка жазған Теміржан бұл шығармасын өз тағдырымен сабақтастыра жазып, сонау бір жылдары соғыстан қайтпаған әкесін аңсаумен еске алады.
Теміржан Базарбаевтың шығармаларында Абай өмірінің маңызы зор. Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Төкен Ибрагимовтың либереттосына «Жас Абай» операсын жазып, ұлы тойда көпшілікке орындағанда тыңдаушы тәнті болып, композитордың дарындылығын мойындаған. Ал Абай өлеңіне жазылған романстардың өзі әуендік үйлесімі ақын әндерімен сабақтас.
«Жас Абай» операсын тыңдау.
Композитор Теміржан Базарбаевтың симфониялық оркестрге арнап жазған «Тор жорға» атты шығармасы, «Мерекелік увертюрасы», «Жыл мезгілі» атты тақырыпта жазылған циклы, «Ботагөз» атты симфониясы дарын иесінің қаламынан туған сәтті туындылар.
Теміржан Қадыр Мырзалиев, Жабайыл Бейсенов, Жұбан Модағалиев, Қасым Аманжолов, Бәкір Тәжібаев, Тұманбай Молдағалиев, Серік Тұрғынбеков және Тұрсынай Оразбаеваның өлеңдеріне ән шығарды. Солардың ішінде көпшілікке танымал «Ауылым», «Тамаша», «Қаздар қайтқанда», «Студенттік кештер» әндері қай қазақтың болсын жанын тербеп, даланың самал желіндей желпіп, жүрек түкпіріндегі асыл сезімдерін оятатыны сөзсіз.
Қазақ радиосының алтын қорында сақталған елу шақты шығармаларының көпшілігін семейлік әнші Дауыл Хайруллин орындаған екен. Дауылдың орындауындағы «Шалқыма», «Қалай жүрсің сағынбай», «Есіңде бар ма жас күнің», «Жаңа жерлер, жасыл көлдер» әндері өз кезінде автордың ойынан шыққан шығармалар.
Киелі өнер жолына түсіп, қажырлы еңбек етіп, нәтиже шығарған бабалар үнін ұрпаққа жеткізген тума дарын иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Теміржан Базарбаевтың қамшының сабындай қысқа ғұмырындағы өткен өмір соқпағы өміршең өнерге сара жол ашты. Зерттеуді қажет ететін Теміржан шығармаларының алтындай жарқырап халқына жетер шағы әлі алда. Тек артында еңбегін зерттеп, халқына жеткізер жоқтаушысы болғай!
Ұлы композитор Теміржан Базарбаевтің «Ауылым» әнімен танысу және оны тыңдау
-
Әйгілі "Ауылым» әніне композитор музыкалық құбылыс мүмкіндіктерін сіңіре алған. Тек арқауын халықтық әуен табиғатынан алған осы әннің өміршеңдік ғажайып тағы бір қасиетін ескерген жөн. Өрістен жаңылып,ауылдан алыстап кеткенімізді, жанымызға жұтаңдық ене бастағанын дәл осы ән еске салғандай: ән үнінен жуа мен жусан исін жұтып, көк жайлаудың көгілдір түтінін де жаңа көргендей , қымыз құмарымызды да осы ән алып келгендей бола қаларымыз құпия емес. Ал әннің өнерлік көркем қуаты- кезінде Одақ аренасы Съездер сарайы сахнасына көтерілуі еді. Қала далада бұл әнді салмайтын ел кем де кем. Жабайыл Бейсеновтың өлеңі мен Темекеңнің үн әуезі сызатсыз сіңіскен. . Ән қандай, әнші қандай демекші, Жабайыл Бейсеновтың өлеңіне жазылған «Ауылым» әні жетпісінші жылдары әуе толқыны арқылы насихатталып, тыңдаушының сүйіп айтатын әніне айналды. Той-думанда шырқалатын бұл ән жүректерге жол тауып, сезім қылын шертетін, қиял жетегіне ертетін.Осынау тамылжыған «Ауылым» әні ауыл көрінісін, қимас шақтарды еске түсіріп, жаныңды жадыратып, қуаныш сезіміне бөлейді. Бұл ән халықтық үні бар әуенге бай, даладай дархан әндеріміздің бірі.
І - топ: композиторлар орталығы
-
Теміржан Базарбаев кім? Қашан?, Қайда? дүниеге келген?
-
Бүгінге дейін оның қандай шығармаларымен таныстық?
-
Өз ауылыңды өлеңмен жырла?
ІІ - топ: әншілер орталығы
-
Теміржан Базарбаев қай ақындармен бірігіп ән жазды?
-
Оның әндерінен ненің бейнесін көреміз?
-
Өз ауылыңды өлеңмен жырла?
ІІІ - топ: ақындар орталығы
-
Композитор қандайспектакльге музыка жазды?
-
Қандай лирикалық әнін білесің?
-
Өз ауылыңды өлеңмен жырла?
Ауыл ақындары жырлайды.
Біздің ауылымыздан шыққан Манас Қайыртайұлының, Мерей Қартовтың, Жанжігіт Омарханның ауылға, туған жерге арналған өлеңдерін 3-топқа жаттап келуге берілген болатын. Енді өлеңдердң оқып жіберейік.
Барқытбел асқар,барқытбел биік,
Бауырынан алған сарқытты ел жиып.
Барады бірге самалмен соққан,
Боз бетегелі шалқып кемиық. (Манас Қайыртайұлы)
Артында түидек шаң қалатұғын
Талайлар көріп таң қалатұғын
Текті құлыны тұрпаты бөлек
Тарбағатайдай паң даласының. (Манас Қайыртайұлы)
Ауылымның мақпал түні
Бой сергіткен ақ салқыны
Сыңғыр аққан сумен бірге
Шертіледі шатқал сыры. (Манас Қайыртайұлы)
Еркелеймін Үштөбе анасыңда
Сенен өсіп өрмелер бала шыңға
Саласында өмірдің тамыр жаям
Өскен талдай Боғастың жағасында (Манас Қайыртайұлы)
О,Өкпеті кәрі тау құтты мекен
Ұрпағың ұлылықты ұқты ма екен
Абылайдың түсіндей болмасын деп
Нар бабалар ауыр мұң жұтты ма екен
Жоқ әлде келешегін кемел көріп
Бойға қуат ойға шуақ тұтты ма екен
Мұның бәрін сіңіріп санамызға
Сен неге сөйлемейсің құтты мекен (Манас Қайыртайұлы)
Шапағат бар батқан күннің кешінде
Атқан таңы әлі менің есімде
Үштөбе деп аталатын ауылым
Тарғыл тасты Тарбағатай төсінде (Мерей Қартов)
Уа,Үштөбе ұл өсірдің ұлықты
Қыз өсірдің кішіпейіл қылықты
Рухыңнан айналайын туған жер
Талай ұрпақ тағзым саған қылыпты (Мерей Қартов)
Сағындым ауыл жотаңды сенің
Жүректен жалын от алды сезім
Туған жер десе толғатып тілім
Бейкүнә жырға босанғыш едім (Жанжігіт Омархан)
Сағындым ауыл тауыңды биік
Тасыңда өрген табынды киік
Сен жайлы біреу бөтен сөз айтса
Кетейін қазір жанымды қиып (Жанжігіт Омархан)
«Ән әлемінде»
Композитор Теміржан Базарбаевтің «Ауылым» әнін хормен орындау.
Оқушыларды бағалау.
ІХ. Үйге тапсырма: «Ауылым» әнін жаттау Т.Базарбаев туралы деректер жинақтау.
ШҚО, Тарбағатай ауданы,
Үштөбе ауылы «Өкпеті» орта мектебі
Сынып жетекшісі Қошыманова Салтанат Тунгатовна
Музыка пәні мұғалімі Құнафин Бекболат Ағзамұлы