- Учителю
- Внеклассное мероприятие Жаса, Қазақ елім!
Внеклассное мероприятие Жаса, Қазақ елім!
Жаса, Қазақ елім.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған тәрбиелік шара.
Мақсаты: Оқушыларды Отанды сүюге,қуатты, бай ел екендігін мақтан ету, тәуелсіз еліміздің патриоты болатын ұл - қыздарды тәрбиелеу. Шәкірттерді халықтар арасындағы достыққа, татулыққа, ынтымақтастыққа, бірлікке тәрбиелеу.
1 - жүргізуші. Құрметті қонақтар, аяулы ұстаздар, оқушылар! Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 - жылдық мерей тойына арналған мерекелік концертке қош келдіңіздер.
2 - жүргізуші. Барша Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз. Аспанымыз ашық, жұлдызымыз жарық болсын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құт - береке тілейміз.
(күй орындалады)
1 - жүргізуші.
Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
2 - жүргізуші.
Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.
(Ақырын басып қарт шығады. Орындыққа келіп дем алып отырады. Осы кезде жүгіріп немересі шығады)
Немересі: - Ата, не ойлап отырсыз?
Атасы: - Ә, балам, атаң не ойламайды дейсің? Сенің болашағыңды ойлаймын, еліміздің болашағы жайлы, өткен өмір жайлы ойлаймын.
Немересі: - Ата, өткен өмір деген не?
Атасы: - Ә, балам, Өткен өмір деген сонау ежелгі ата - бабаларымыздың ерте кезден бергі өткен өмір жолы, тарихы емес пе?
Немересі: Ал, ол қандай болған?
Атасы: - Ендеше, тыңда балам, атаң бір сөйлесін.
Болмаса да оқыған тарихшы атым,
Жинадым ескілерден тарих хатын.
Мақсатым, кейінгі ұрпақ ұмытпаса,
Айтылған аталардың аманатын.
-Сондықтан, балам, сен де өз тарихынды білуге тиіссің. Сонау ерте кезде біздің ата - бабаларымыз 29 қазақ руының басын қосып, халық болып қалыптасуынан басталады бұл тарих.
Ал, балам, тарихты тыңдайық.
(Үнтаспадан күй орындалады)
1 - жүгізуші. 15- ғасырда қуатты қазақ хандығын құрдық. Алайда тәуелсіз қазақ мемлекеті бейбіт тыныш өмір сүре алмады. Ұлан - байтақ елімізге жан - жақтан көз тігіп, ойран салушылар көбейді.
Қазақ жері - қонақжай төрдің жері,
Қазақ елі - қас сақтай ердің елі.
Елі кедей болмаған - жері байтақ,
Едігедей Бабырдай шерлер жері.
2 - жүргізуші. «Туған жер» әнін қабыл алыңыздар. Орындайтындар 10 - сынып оқушылары.
1 - жүргізуші. 1723 жыл. Ел жайлауға көшіп, қаннен қатерсіз күн көріп жатқан елімізге Жоңғар шапқыншылары тұтқиылдан шабуыл жасап, қалың жұртты қан жылатты. Дүрліккен ел шұбыра қашып, ақ табан шұбырынды болды. Жұрт Алакөлге аялдап, қасиетті Қара тауға бас сауғалады.
Қазақ жері көп шеккен қасиетті,
Қазақ ері - өнерлі, өсиетті.
Египетті билеген Бейбарыстың,
Елі текті, киелі, қасиетті.
Жүргізуші: «Қазақ биі» орындайтындар 9 -10 сынып оқушылары.
Жүргізуші: 1923 - 1933 жылдарда адам айтса нанғысыз ашаршылықта алты миллиондай адамның 2,2 миллионы опат болды.
Қырылмаса аштықтан бауырларың,
Жазықсыз құрбан қылып шыбын жанын.
Қазақ деген қандай ел болар едік,
Көркейткен байлығымен әлем сәнін.
Жүргізуші: Қадыр Мырза Әлі «Қазақ осы». Орындайтын 7а - сынып оқушысы Нуриева Диана. 2а -сынып оқушыларының орындауында «Отан» әнін қабыл алыңыздар.
Жүргізуші: 1941 - 1945 жылдар. Адамзат тарихында болмаған алапат соғыста бірлік, достық жолында жан қиған қазақ батырлары фашизмнен бүкіл адамзаттық адалдықты қорғап, ерекше ерлік көрсетті. Жүзге тарта халық қаһармандарына Кеңес Одағының Батыры деген абыройлы атақ берілді.
Бауыржандар Мәскеуді қорғап қалған,
Бауырмалдар жауға елді қорлатпаған.
Жатыр бүгін жалын боп алыптарым,
Батырлығы бағым боп орнап қалған.
Жүргізуші: Атамекен өлеңі.Орындайтын 6-сынып оқушысы Тасбулатова Айгерім .
Жүргізуші: 1986 жыл. 16 - желтоқсан. Сол жылғы ызғарлы желтоқсан - халқымыздың қайғысы мен қасіреті. Ақиқат жолы қашан да ауыр. Мұны осы Желтоқсан оқиғасы тағы да дәлелдеді. 1986 жылдың желтоқсанында әлеуметтік жағдайын айтуға алаңға шыққан, шындық үшін, еліне, жеріне жаны ашығаны үшін жазықсыз жәбірленген жастар, құрбан болған Қайрат пен Ләззат, Сабира мен Ербол біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Рас, достым, 86 есімде,
16 - шы желтоқсанның кешінде.
Намыс кернеп, шықтық біздер алаңға,
Шындық үшін тар жол, тайғақ кешуге.
Жүргізуші: Сіздердің назарларыңызға «Желтоқсан ызғырығы» атты қойылым. Орындайтындар 9 - 11сынып оқушылары.
Жүргізуші: 1991 жылы Қазақстан бүкіл әлемге тәуелсіз, егеменді ел деп жарияланды. Ата - бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздіктің ақ таңы атты елімізде.
Атасы: - Бұған да тәубә. Егемендік алып, әлем таныды ғой елімізді.
Немересі: - Ата, егемендік деген не?
Атасы: - Егемендік -«иесі мен» деген сөз, көптен бері естімеген ерен сөз.
Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған,
Көркем жігіт болып өссе көрген көз.
Егемендік ел болудың белгісі.
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.
Егемендік деген сөзден естілер,
Ата жұрттың арғысы мен бергісі.
Міне, егемендік деген осы.Енді міне, желбіреген Көкбайрағымыз, айбынды Әнұранымыз, жарқыраған Елтаңбамыз төрімізде ілулі тұр. Егемендік еліміздің кешегісін өзің сияқты ұрпақтарыма тарих етіп баяндап аталарың тұр. Ұмытпаңдар, айналайын ұрпағым!
Немересі; -Ұмытпаймын,ата! (Екеуі сахнадан кетеді)
Жүргізуші: «Егемен Қазақстан» әнін кабыл алыңыздар, орындайтындар 10- сынып оқушылары.
Жүргізуші: «Таңбасыз ел болмайды, найзасыз ер болмайды» - дейді қазақ халқы. 1992 жылы 4- маусымда Тәуелсіз Қазақстан еліміздің мемлекеттік рәміздері қабылданды. Қазақстан азаматтары, сондай-ақ елімізде тұрып жатқан кез келген адам мемлекеттік Туды, Елтаңбаны және Әнұранды құрметтеуге міндетті.
Әнұраным-жанұраным,
Айтар әнім, сөйлер сөзім
Туған жерім- сағынарым,
Перзенттік асыл сезім
Елтаңбасы елімнің,
Неткен көркем әдемі.
Тұнығындай көңілдің,
Ортада аспан әлемі.
Жүргізуші: 3 - сынып оқушысы Майорова Яна «Алға, Қазақстан» әнін орындайды. Қабыл алыңыздар.
Жүргізуші: 1997 жыл 10 желтоқсан. Президент бастаған алғашкы көш Алматыдан Ақмолаға аттанды. 1998 жылы мамырдың 6-сы күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан республикасының елордасы «Астана қаласы» -деген жарлыққа қол қойды.
Көш бастап елдің сұлу жас қаласы,
Жалғасты ата мирас, салт-санасы.
Жан-жаққа Ақмоладан қанат жайды.
Жана өмір, Жана жарқың бастамасы.
Астана-бар қазақтың бас қаласы
Жүргізуші: 9 - сынып оқушыларының орындауында «Астана» әнін қабыл алыңыздар.
Жүргізуші: Кең байтақ еліміз Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрып жатыр. Қазақ атам айтқандай «Кең болсан, кем болмайсың» дегендей халқымыздың кеңдігінің, ұлылығының арқасында көп ұлттар тату, бейбіт өмір сүріп жатыр.
Біздің Отан кең байтақ
Көп ұлттың мекені
Біз құшақты кең жайсақ,
Әлем сиып кетеді.
Тату елміз табысқан,
Қазақстан бақстан!
Жүргізуші: Сіздердің назарларыңызға белорус,орыс, тәжік, әзірбайжан халықтарының билері. Сахнаға биші қыздарымызды шақырамыз.
Жүргізуші: 7б - сынып оқушыларының орындауында Украин халқының әнін қабыл алыңыздар. 5 - сынып оқушылары «Песня дружбы» әнін орындайды.
Сахнаға 2б - сынып оқушыларын шақырамыз. Олар «Край родной» деген әнді орындайды.
Жүргізуші: Біздің ел - тәуелсіз, егеменді.
Тыныштық, Бейбітшілік, Қайырымдылық белгісі-
Ана және бесікте ұйықтап жатқан бөбек.
Бүкіл Қазақстан балаларына бақыт және қуаныш тілейміз.
Жүргізуші: Келесі кезекте қазақ сыныбының бүлдіршіндері бүкіл аяулы аналарға арнап «Құттықтаймын мама» әнін орындайды. Қабыл алыңыздар.
Жүргізуші: Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы басшылығының арқасында еліміз көптеген белестерден өтті. Қазақстан мемлекеті өркениетті елдер қатарына қосылды. Елдің экономикасы дамып, халқымыздың әл - ауқаты жақсаруда. 2010 жылы Астана қаласында Еуропа елдерінің ынтымақтастығының Самиті өткізілсе, 2011 жылы елімізде қысқы Азиада ойындары өтті. Еліміздің спортшылары Азиада ойындарында үлкен жетістіктерге жетті.
Жүргізуші: Келесі орындалатын әннің авторы Нұрсұлтан Назарбаев. «Елім менің» әнін орындайтын 5 - сынып оқушысы Жакишева Айкүміс.
Жүргізуші:
Алтын күн төгеді шапағын,
Шырқаймыз өмірдің шат әнін.
Мың алғыс өзіңе, туған ел, бірге
Мың алғыс өзіңе, Отаным.
Жүргізуші: Қымбатты Қазақстандықтар, отандастар!
Еліміздің торқалы тойы құтты болсын! Аспанымыз ашық, арманымыз асқақ, еліміз берекелі, еңбектеріңіз жемісті болсын!
«Атамекен» әні орындалады. Хормен: Қазақстан жасасын! Тәуелсіздік жасасын!
.