7


  • Учителю
  • Суицидтің алдын алу ашық тәрбие сағаты

Суицидтің алдын алу ашық тәрбие сағаты

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

ата - ана тәрбиесiнен басталады

- Өткен жұмада аудандық агро-техникалық колледжде "Адам өмірі және суицидтен сақтану" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Пікір алмасу ретінде өткен дөңгелек үстелді колледждің педагог-психологы Айсұлу Искакова ұйымдастырды. Оған аудандық бөлімдерден мамандар мен ұстаздар қауымы қатысты. Өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған пікірталасқа колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатыстырылмады. Себебі, көктем мезгілі жасөспірімдердің күйзеліске ұшырап, суицид көп орын алатын кезі. Сондықтан жиналғандар суицидтің алдын алу үшін қандай шаралар жүргізу керектігін, алдымен, өздері отырып талқыға салды. Келген мамандар жан-жақты пікір алмасты.

-Суицидтің алдын алу ашық тәрбие сағаты</ Өзіне-өзі қол салу термин тілінде "суицид" деп аталады. Суицид - қатты қажыған, шарасыздықтан шаршағанда немесе бір жағдайда шешімін таба алмай тығырыққа тірелген адамдарда және санасы әлі дамып, жетіліп болмаған жасөспірім ұл-қыздардың арасында кездеседі. Оның даму жолдарына жалғыздық, ата-ананың бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуі, жасөспірімнің өзінің шешім қабылдауына тыйым салуы, ата-ана арасындағы түсінбеушілік, қызметкер мен басшы арасындағы келіспеушілік, оқушы мен ұстаз арасындағы шиеленіс, отбасындағы әлеуметтік ахуал, құрбылар арасындағы қатынастың нашарлауы, еркіндік бермеу және тағы басқа себептерді жатқызуға болады. Медицина тіліндегі депрессия, невроздар, қорқақтық сезімнің пайда болуы, депрессиялық психоз, шизофрения секілді сөздерге сәйкес келеді. Ал халық ұғымында бір жағдайдың әсерінен тығырыққа тірелуі, қиын жағдай болғанда біреумен бөліспеу, мұны шешетін бір ғана жол бар деп ойлау деген ойлармен пара-пар. Қаржылық қиыншылықтар да кей адамдарды суицидке итермелейді. Отбасындағы жайсыздық та балалар бақытсыздығына әкеліп соқтыруы мүмкін. Шариғат заңдарында адамға өзін-өзі өлтіруге рұқсат етпейді. Ислам дінінде өз-өздеріне қол салушылардың күнәсі адам өлтіргеннен де ауыр болып есептеледі. Сондықтан Алланың берген сыйын медет тұтып, өмірдің бағытымен ғұмыр кешіп, күйзеліске түскен жандарға көмектесу қажет. Суицидтің алдын алу жұмыстарын жүргізген жөн. Оның емі - иманда. Жүрекке имандылық ұялату - басты шарт. Содан кейін психологиялық және медициналық қолдауда, тез сауығып кету үшін кешенді ем-дом жүргізуде, жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесімен күресуде балалар тағдырына жауапты мекемелер, мектептермен бірлесе жұмыс жасау керек. Себебі, өткен жылы мектеп оқушылары арасында екі жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл келеңсіздік қайта орын алмасын десек, жұмыла атсалысқан жөн. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген осындайдан қалса керек.

Дархан Қожахмет, Сырдария аграрлы-техникалық колледждің директоры:

- Қазіргі уақытта дүние жүзінде суицид көптеп кездесіп жатыр. Адамның өз-өзіне қол салуы жан түршігерлік іс. Әлем бойынша өз-өзіне қол сұғудан Жапония бірінші орында тұрса, Қазақстан үшінші орында тұр. Ал, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Ресей бірінші тұрса, еліміз алғашқы үштікті аяқтаған. Соған сәйкес мемлекетімізде суицидті екі топқа бөлсе, оның екеуі де Қазақстанда көрініс тапқан. Суицид адамның жасына, жынысына, қызметіне қарамайды. Статистикаға сүйенсек алты күн ішінде бір суицид болады екен. Осылай жалғаса берсе демографиялық ахуалға әсер етері анық. Алғашқы орында тұрған Жапонияда осы келеңсіздіктің алдын алу үшін 32 млрд. қаржы бөлінген. Сонда ойланып қарасақ, елімізде аталған көлемдегі қаржы бөлген дұрыс па, әлде тәрбиені жақсылап қадағалап, өмірімізді дінмен сабақтастырған жөн бе?

- Бұл мәселені талқыға салғанда психолог мамандардың тікелей қатысы бар. Қазақтың менталитетіне "психолог" деген ұғым жат. Сол себепті бір қазақ қанша жерден депрессияға ұшырап, күйзеліске түссе де психологқа бармайды. Оған бар десең "Мені жынды санайсың ба" деп өзіңе зекіп тастайды. Капиталистік қоғамда өмір сүіп жатқаннан кейін, тығырыққа тірелгенде көмек ұшын тигізетін психолог мамандарға жүгінуге бірте-бірте үйреніп, сананы қалыптастырған жөн. Психологтар адамдармен тығыз байланыста болып, жұмыс жасау керек. Өзімнің практикамнан мысал келтірейін. Ақжарма ауылындағы мектепте жүргенде, бір оқушы өз-өзіне қол жұмсады. Сол бала "Мен басқа әлемге ұшып бара жатырмын, жақсы жерге бара жатырмын, қош болыңдар. Ешкімге ренжімеймін, ешкімге кінә артпаймын" деген айналасындағылармен қоштасып. Осындай депрессияда жүрген оқушыға мектеп психологі көмек бермеген. Бұл арада суицидтің басты белгілері білініп тұр ғой. Осы уақытта психолог қайда болған? Күйзеліске түскен баланың жағдайын неге білмеген? Кейіннен зерттегенде, ол бала жоғарыдағы сөзді айтқанға дейін 5-6 күн жан-жағындағылармен қоштасқан, ақша алып шығып, достарын сыйлаған. Сол уақытта психологтың жұмысы көріну керек еді. Алайда, әттеген-аймен шектелеміз. Қоғамдағы басты кемшілігіміз де осында. Күйзеліске ұшыраған жандар өмірден өткеннен кейін ғана психологтар жұмысын бастайды. Одан о дүниелік болған жан қайтып келмесі анық. Суицид болғаннан кейін оның жұмысының қажеті қанша. Сондықтан аталған мамандар өз дәрежесінде жұмыс жасамауда дегенді айту қажет. Сонымен қатар, түрлі психологиялық тесттермен жұмыс жасай алмауы да өкініш тудыратын жағдай. Ауданымызда суицидке қарсы тест жұмыстарын жүргізіп жатқан бір психологты көрмейсің. Біздегі психолог мамандардың барлығының жұмыс бағыты тәрбиеге кетіп қалған. Тәрбие мамандары мен психологтарды ажырата алмаймыз. Олардың негізгі мақсаттары балалардың көңіл-күйін, ата-аналарымен қарым-қатынасын анықтау жұмыстары екендігін естеріне салу керек секілді. Бұл тұрғыда олар формальді түрде ғана жұмысын көрсетеді.

- Осы қоғамда баланың психологиясы төмендеп кеткен. Бұл баланы өбектей бергеннің жемісі. Осыдан барып оның өзіндік "мені" пайда болады. "Мені" пайда болған соң, оның айтқаны міндетті түрде орындалу керек. Орындалмай қалса, өмірін қия салады. Өз-өзіне қол салумен мәселесін шешемін деп ойлайды. Діни тұрғыдан қарағанда, суицид мәселесі толық зерттелген. Өз-өзіне қол жұмсау қаралып, алдын алу жолдары көрсетілген. Ал ғылыми тұрғыдан әлі де болса көп зерттеуді қажет етеді.

- Өзіне қол сұғушылықтың алдын алуға басты фактор дінде жатыр. Ал дінді мешітке барып үйренетін жастар ауданымызда аз. Үлкендердің де құмартып тұрғаны шамалы. Оның негізін мектептен бастау керек. Білім ошақтарында дінтану пәні бар. Бірақ ол жердегі сабақтар діни тұрғыда өтпейді. Және де ислам дінін оқыған азаматтар емес, тарих, қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімдері дінтанудан сабақ береді. Дінтануда намаз оқу, дәрет алу жолдары оқытылмайды. Сабақта христиан, буддизм және тағы басқа діндердің тарихы, ол діннің негізін қалаушы, құрамындағы адамдарды дәріптейді, жалпы мәлімет береді. Ол балаға рухани азық болмасы белгілі. Егер исламды насихаттаса, мектеп қабырғасында суицидтің белгілері білінбес еді.

- Суидцидті айтқанда шындыққа шынайы бетпен қарауымыз керек.Біздің агро-техникалық колледжге келетіндердің біраз бөлігі мектептен қашып келгендер. Оның ішінде әлеуметтігі төмен отбасылардың балалары, білімі нашарлары да бар. Оларды келмейді деп ұрсамыз, жазғырамыз. Артынан "қатты айтып қойдым ба" деп ойланып та қаламыз. Алайда, мектеп табалдырығынан бiлiм мен тәрбиенi үйретуде дұрыс қадағаламаған мұғалімнің қателігін жөндеумен әуреміз. Ата-ана кінәсі де жетерлік. Мектеп тәрбиелей алмаған оқушылар бізге келіп жатқандықтан біз олардың білімін арттырудың орнына, олардың тәрбиесімен қайтадан айналысуға тура келеді. Соның салдарынан суицид орын алса, колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын, психологты қатаң жазалуға немесе жұмыстан шығаруға мәжбүрмін. Өзім де жазасыз қалмаймын. Бірақ оның түп негізіне қарап жатқан адам жоқ. "Бұл неден болды, туғаннан бастап тәрбиесімен кім айналысты" деп бағдарлап жатқан әлеуметтік психолог қайда бізде. Оған қарап жатқан қоғам да жоқ. Сондықтан мектептен бастап дінтану сабағын жүйелі жүргізіп, ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста болса, суицид көрсеткішінің төмендеуіне әсер етер еді.

- Жастар мен жасөспірімдердің өз-өздеріне қол салуы көктем және күз айларында орын алады. Сондықтан осы мезгілдерде аса сақ болуымыз керек. Әр түрлі шаралар өткізіп, алдын алу жолдарын қарастыру қажет. Біздің колледжде "21-1-93" сенім телефоны жұмыс істейді.

Рүстем Ешмахан, аудандық мешіттің наиб имамы:

- Бұл тақырыпты бір жерде, бір жиналыспен шешіп тастай алмаймыз. Мұны жан-жақты талқылап, көптің жұмылуымен шешу керек. Қоғамда орын алып жатқан өз-өзіне қол жұмсаушылыққа жол берген елдердің ішінде мұсылман еліне жат қылық. Мұсылман қауымында өз-өзіне қол салу деген ұғым болмаған. Ал еліміздегі болып жатқан келеңсіздік біздің қаншалықты мұсылман екеніміздің көрінісі.

- Жалпы адам - жан мен тәннен құралған тіршілік иесі. Тәннің қажеттілігі ұйқы, тамақ және тағы басқалары болса, ал жанның қалауы рухани құндылық. Күнделікті тән қажеттілігіне тамақтанған секілді, жанға да рухани азықты күнделікті талап етеді. Рухымыз рухани тұрғыда азықтанбаса, онда біздің қоғам аш болады. Өйткені адам қоғамның бір бөлігі. Сол үшін физикалық жағдайдағы қиыншылықтарға рухани азықтың аздығынан адамдар төтеп бере алмауда. Рухтың азығы тамақ жеумен толықсымайды, ол үшін пенденің Құдайға деген сенімі, намаз оқуы, ораза ұстауы керек. Осы нәрселер адамның түрлі жағдайдағы кедергілерге қарсы тұруына анық көмектеседі. Қасиетті Құранда айтылған: "Өз-өздеріңді өлтірмеңдер және оған апаратын бұзықтыққа бармаңдар. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді"- делінген. Адамның өз-өзіне қол жұмсауы - үлкен күнә, одан пенде күнаһар болады дегенді айтып отыр. Және де оған апаратын бұзықтыққа бармаңдар деген. Бір ғана мысал келтірейін. Ауданымыздың орталық мешіті саябақтың ішінде орналасқан. Мешіттің айналасына орындықтарды арнайы салып қойғандай. Түс ауа 3-тердің кезінде қыз-жігіттер жиналып, түрлі қылықтары басталады. Сол отырғаннан түнгі нешеге дейін отыратыны бір Аллаға аян. Таңның атысынан кештің батысына дейін мешітте болғаннан кейін, көзің көреді сол арадағы оқиғаларды. Бір қыз бен жігіт мешіттің қасында құшақтасып тұрды. "Бұл мешіт-ау", "Мына жерде азан шақырылып жатыр" деген ой ешқайсысының санасына кіріп жатқан жоқ. Құдайдан қорқатын емес. "Қорқайын" деген ниет те жоқ. Сол екеуі үш сағат құшақтасып тұрғаннан кейін оның арты неге апарып соғатыны белгісіз ғой. Құранда сол үшін айтылған "... оған апаратын бұзықтыққа бармаңдар"- деп. Мұндай тәрбиемен ұзаққа бармасымыз белгілі. Сондықтан, ең алдымен, баланың тәрбиесіне аса сақ болуымыз керек. Суицидті болдырмау үшін бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген жөн. Ата-ана деген өз баласының қайда барып жүргенін, кіммен жүргенін, қайда отырғанын білу қажет. Дүниеде пенде болып жаратылғаннан кейін түрлі жағдайлар, сынақ ретінде қиыншылықтар кездеседі. "Содан қалай шығам"- дейді. Анда жүгіреді, мында жүгіреді. Ойы сан-саққа кетеді. Айналып келіп, "өз-өзіне" қол салумен қиындықтан құтылған болады деп ойлайды. Алайда ол болмайтын қиындықтан құтылғанмен де, ең басты нәрседен құтыла алмайды. Ол - азап. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисі бар: "Кімде-кім өзін темір қарумен өлтірген болса, ол тозақта әрқашан сол темірді көтеріп жүреді. Ал кімде-кім у ішіп өлген болса, ол адам тозақта мәңгі у ішіп жүреді. Егер біреу біреуді өлтірмек болып, таудан құлатса, ондай адам тозақта мәңгі құздан құлап бара жатады" делінген. Біз мұсылман болғаннан кейін, "ақырет күні", "қабір азабы" секілді ақиқат нәрселер бар. Сол нәрсеге сенсе, пенде өзіне ешқашан қол жұмсамайды. Құранда мынадай аят бар: "Сондай иман келтіргендер Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректерің орнығады"-деген. Пенде қандай да бір қиыншылыққа тап болса, бірінші мешітке барады. Сол уақытта еске алады, ауырып, я болмаса түс көрсе ғана мешітті естеріне түсіреді. Яғни, рух ерікті түрде адамды мешітке апарады. Дүниелік нәрселермен рух тынышталмайды, ал мешітке барып, құран оқытса жаны рахат табады. Ол көрінбейді. Көрінбегенімен жан рахатына себепші болады. Сондықтан суицидке жол бермес үшін ғұмырымыз дінмен тығыз байланысты болу керек. Иман келтіріп, намаз оқу жаман қылықтарды тыяды. Төзімділікке шақырады, қиыншылықтарға сабырмен қарауды үйретеді.

Суицидке өтірік айтудың да әсері бар. Ол айналып келіп отбасыға тіреледі. Мәселен, бір адамға қарыз болғаннан кейін немесе тағы басқа жағдайдың әсерінен қоңырау шалып жатқан кісімен сөйлескіңіз келмейді. Телефон тұтқасын алып тұрған балаңыз сізге қараған шақта, басыңызды шайқап, "мені жоқ деп айт" - деп, өтірік айтуға итермелейсіз. Сонда өз балаңызды өтірік айтуға өзіңіз тәрбиелеп жатырсыз. Бұл білінбей кетті. Сіз өтірік айтуды үйретіп жатқан жоқсыз, бірақ күнделікті іс-әрекетпен көрінбей кетіп жатыр. Сол секілді арақ ішу, темекі шегу де бар. Осыларды көріп тұрған бала да "былай өтірік айтсам, құтылып кетемін" деген сана қалыптасады. Автоматты түрде қабылдай береді. Ал бір күндері сол өтірігі жүзеге аспай, ата-анасымен сәл ғана реніш пайда болса, тұрақсыз бала өз-өзіне қол жұмсауы әбден мүмкін. Сол үшін түймедей нәрсеге мән беріп қарау да маңызды. Және де барлық қарғыс үйде жатыр. "Ой, оңбаған, сен адам болмайсың", "Жексұрын, бәріне кінәлі сен" деген сөздер ата-ана аузынан шығады. Отбасында өсетін, өнетін бала осы сөздерден кейін қалай ер жетпек. Сол себепті баланы бастан тәрбиелеу үшін, алдымен ауыздағы сөзді түзеу керек. Жақсы сөз айтып, тәлімді-тәрбие беру керек басынан. Оған қоса, отбасындағы дүниенің көбеюі де рухани азықтың тарылуына себепші. Ақшасы көбейген сайын ұйқыдан айырылады. Осы Тереңөзектен бір миллионер шықса, күні-түні ұйықтамайды. Оны "Ақшаны қайда жұмсасам екен, біреу ұрлап кетер" деген сұрақтар мазалай береді. Рухани қорқыныш пайда болады. Бұл қорқыныш жеңіл ой нәтижесі. Барлығын ақшаға сатып алуға болады деп ойлайтын жан, сәл кедергіге тап болғанда, жеңіл ой әсерімен өміріне балта шабады. Сондықтан дүние адамға күш бермейді, қайта азғындыққа апаратын жол ашады.

- Осы күндері білім ошақтарында тәрбие сағаттары өтеді. Сол уақытта дін өкілдерін шақырып, оқушылармен кездесулер ұйымдастырылса, суицидтің болмауына үлес қосылатын еді. Кездесуде қалай өмірден өтетіндігі айтылмайды ғой. Ол жерде сабырлылық, ұстамдылық қасиеттерін қалыптастырудың алғы шарттары насихатталады.

Қайрат Тұрғанов, аграрлы-техникалық колледж директорының тәрбие істері жөніндегі орынбасары:

- Бүгінгі күннің балалары мультфильм, балаларға арналған қызықты бағдарлама-ларды көрмейді. Олардың көк жәшіктен көретіндері атыс-шабыс, қырып-жою. Теледидарлар да сол бағыттағы көркем фильмдерді таңертеңнен кешке дейін көрсетеді. Қайсысын қарасаң да жаман істерге бағыттаудың барлығын да баланың көзіне көрсетіп, санасына құйып береді. Өз-өзіне қол жұмсауды да көрсетіп жатыр. Соны көргеннен кейін суицид қалай орын алмайды біздің қоғамда. Суицидтің орын алуына қоғам да кінәлі, оның үстіне ата-ана тәрбиесі де маңызды рөл атқарады. "Туғанда не көрсе, ұшқанда соны іледі" демей ме. Сондықтан суицидке жол бермес үшін тәрбиені тал бесіктен бастаған жөн. Суицидтің болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. 100 пайыз кепілдік беру мүлдем жоқ қазіргі таңда. Қазір аудан төңірегінде суицид орын алып жатса, оны ата-анадан көрмейді. Бірден мектеп қызметкерлерін немесе бала білім алатын оқу орнының басшыларын жұлып жеуге дайын тұрады. Шын мәніне келгенде, өзіне қол салған жанның тікелей қамқоршысы ата-анасы ғой. Ата-анадан жақсы тәрбие алған бала артық қылықтар жасамайтыны айдан анық. Өткеннен тағы мысал келтірмесек болмайды. Балалық шақта әкең келе жатыр десе, отырарға жер таппай жүгіріп кететін едік. Алдынан шығуға қорқатынбыз. Оның әкесі үлкен бе, кішкентай ма шаруамыз жоқ. Әке келе жатыр десе болды. Осындай ұғым бар-тын. Ал, сол ұғымды қазір айтып көр. Керісінше, әкесі "шешеңе айтып қоямын" деп қорқытады. Осыдан кейін үйдегі тәрбиенің құнын білуге болады.

- "Есектің жүгі жеңілдеген сайын жатаған келеді" дегендей қазіргі дамыған заманда ата-ана балаларын ешқандай жұмысқа салғысы келмейді. - Менің балам сенбілікке қатыспайды, тек сабаққа келіп кету керек,- дейді. Бұрындары білім алушылар сабақтарына дайындалмай келсе, сығып алатын. Оның үстіне шөп шаптырып, күріштікке де жұмысқа салатын. Сондай қиыншылық кезеңдерінде суицид дегеннің лебі де болмаған еді. Алланың берген өміріне шүкіршілік етіп, қиыншылықтарға төзімді болған. "Баламның сүйегі менікі, еті сенікі" дейтін сол уақыттағы ата-аналар. Ал қазіргінің жасөспірімдері туылғаннан бастап ақ саусақ болады. Кішкене даусың көтерілсе, ата-анасы жетіп келеді. Оған қоса "мұғалімнің саусақ ұшы тисе маған айт, аяғын аспаннан келтіремін" деген сөздерден кейін сәл қиыншылыққа төзетін бала қайдан болсын.

- Сол себепті тәрбиенің бастамасы ата-ана қолында. Екінші ұстаз Әл-Фарабидің өзі тәрбиені бірінші орынға қойған, содан кейін білімге мән берген емес пе?! Негізінен, еврей халқында суицид болмайды екен. Ата-аналары балаларына "сенің жан-жағыңда 100 адам жүру керек. Барлығы да сенің айтқаныңды, сенің жұмысыңды істеу керек" деп тәрбиелейді. Жастайынан осындай тәрбиеге бейімделгендер төзімді болып келеді. Соған байланысты өз-өзіне қол жұмсау орын алмайды екен.

- Өзіне-өзі қол жұмсаған адам өзіне ғана зиян келтіріп қоймайды, жан-жағындағы жанашыр жандарға қайғы әкеледі. Өзі өмірден өткенімен, өзгелер де қиыншылыққа тап болып жатады.

Аида Маханбетова, аудандық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының психологы:

- Психологтың ең басты міндеті-адамдардың көңіл-күйін білу, оқушылардың, жасөспірімдердің ата-анасымен қарым-қатынасын анықтау және күйзеліске ұшыраған жандарға көмек қолын созу болып табылады. Қағидалары қадағалау, бақылау арқылы жүзеге асады. Ауданымыздағы психологтардың жұмысы қағаз жүзінде ғана іске асып жатыр. Бұл- шындық. Әрине, барлығына топырақ шашпаймыз. Дегенмен, түрлі тесттермен жұмыс жасап жатқандары санаулы ғана. Оның үстіне мектептерде оқушыларға арналған суицидтің алдын алуға байланысты тест сұрақтары жоқ. Соған сәйкес көңіл-күй мамандары оқушылардың мектепке келіп-кетуін қадағалап, жағдайын сұраумен ғана шектелуде. Тағы да айта кететіні, мектепте мұғалім болсын, психолог болсын тек белсенді оқушылармен ғана жұмыс жасайды. Ал үндемейтін, момын балалардың бар екенін тексереді де "сен тимесең, мен тиме" деп оларды елемей жатады. Негізі, өз-өзіне қол салушылық көбінесе солардан шығады. Үндемегеннен үйдей бәле шығатыны осыдан.

- Ауданымызда суицидке қарсы жұмыс жасайтын тәсілдер де жоқтың қасы. Тек қана ақпараттандыру, түсіндіру арқылы алдын алуға ғана жұмыстар атқарылуда. Бір жапырақ қағазды қолға ұстап, түсіндірумен ғана айналысамыз. Алдын-ала тест алу деген атымен жоқ. Себебі мұндай тесттер жоғарыдан берілмейді бізге. Облыстық орталықтағы психологтардың арнайы тесттері жолданғанда ғана аудан оқушылары арасында тест жұмыстары алынады. Бірақ, нәтижесі берілмейді. Өздері сараптама жасайды. Ол бізге белгісіз.

Гүлзат Тұрмағанбетқызы, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері:

- Суицидтің алдын алуға байланысты аппарат бар. Құны-3 млн. теңге. Мұндай аппарат облысымызда жоқ. Еліміз бойынша Ақтау қаласында ғана бар. Бұл аппаратты мектептегі 10-11 сынып оқушыларына және 1-2 бағамдағы студенттерге қолдануға болады. Осы аппарат арқылы тест жұмыстары жүргізіліп, нәтижелері анықталады. Анкеталық сұрақтарға жауап беру арқылы сараптама жасалады. Осындай аппараттар алынса, көп көмегі тиер еді.

- Менің ойымша суицидтің көп орын алуы ата-ана мен балалардың арасындағы алауыздықтан. Әсіресе, қазіргі таңда өз-өзіне қол салу қыздар арасында кең өріс алған. Қыз болғаннан кейін ата-ананың "Жігітпен жүресің бе?", "Ол жігіт маған ұнамайды" деген сөздерінен кейін, "Ол жігітке қосылмасам, өлемін" деп өз өмірлерін қиып, қыршын кетіп жатады. Оның үстіне теледидардан көрсетіліп жатқан түрлі бағдарламалар осыған ұйытқы болуда. Сүйгендеріне қосыла алмаған жандар соңғы хаттарын жазып, өздеріне қол салып, дарға асылып жатқанын көрген жастардың сол жағдайды өз бастарынан кешкенде қайталамасына кім кепілдік бере алады. Болмаса аяғы ауыр болып қалған қыздар іштерінен тынып, ешкімге сыр білдірмей "осыдан артық жол жоқ" деп түрлі жолдармен тыныс алуларын тоқтатуда. Біреудің артынан сөз сөйлеу, сын айту да бір адам өміріне зиян келтіреді. Сондықтан ата-ана мен балалар арасындағы көзқарас түзу болуы керек.





 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал