- Учителю
- Мен мамандықтар әлеміндемін. Тәрбие сағаты
Мен мамандықтар әлеміндемін. Тәрбие сағаты
Тәрбие сағатының тақырыбы : «Мен мамандықтар әлеміндемін»
Тәрбие сағатының мақсаты : Балалардың әр түрлі мамандықтар туралы білімдерін толықтыру . Өз қалаулары бойынша мамандықты дұрыс таңдай білуге баулу. Елімізге өз үлесін қоса білетін адал маман иесі болуға тәрбиелеу
Тәрбие сағатының түрі: түсіндіру, әңгімелесу.
Тәрбие сағатының әдіс - тәсілдері: ой қозғау, сұрақ - жауап, тақырыпқа сай өлеңдер, сызбамен жұмыс, көрнекілікпен жұмыс, мадақтау.
Тәрбие сағатының көрнекілігі: әр түрлі мамандық иелері туралы суреттер.
Тәрбие сағатының барысы
I. Ұйымдыстыру кезеңі:
- Амандасу;
- Түгелдеу;
- Оқушылардың назарын тәрбие сағатына аудару;
- Оқушылырды тәрбие сағатының мақсатымен таныстыру.
II. Кіріспе бөлім
Бір - екі - үш...
Сынып іші тып - тыныш.
Жалқаулықты тастаймыз,
Тәрбие сағатын біз бастаймыз.
III. Негізгі бөлім.
Әзір ас жоқ дүниеде,
Сабақ өзі оқылмайды,
Көйлек өзі тоқылмайды,
Үйлер өзі салынбайды,
Кендер өзі табылмайды,
Кітап өзі жазылмайды,
Барлық істің батыры - біз,
Екі қол мен ақылымыз.
Осының бәрін кім істейді? Кім айтады?
Асты кім әзірлейді?
Сабақты кім өтеді?
Көйлекті кім тоқиды?
Үйлерді кім салады?
Кенді кім табады?
Кітапты кім жазады?
Осының бәрін бір сөзбен қалай атаймыз?
Осы сөздердің ортақ атауы - «МАМАНДЫҚ»
Мамандық - қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі.
Әлемде 40мыңға жуық әр түрлі мамандықтар бар.Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, жан асыраудың жолы ғана емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе.
Мамандық таңдау - өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Қазіргі таңда мамандықтың түрі көп. Таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы - адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдау жасаған адам ғана жетістікке жетеді.
Ал енді назарымызды суреттерге аударып, мамандық иелерімен танысайық.
Дәрігер:
Жақсы оқып сабақты,
Білім алып толамын.
Ауруларды емдейтін
Мен дәрігер боламын.
Шаштараз:
Сән үлгісін қиятын,
Шаштараз болам жолыңа.
Түрлі - түрлі шаш қиып,
Қызмет етем халқыма.
Сатушы:
Жақсы оқып сабақты,
Мақсатым бұл ұраным.
Үлкен болып өскенде
Сатушы болып тұрамын.
МАИ:
Елге қызмет етемін,
Шаршамаймын мен бірақ.
Күні - түні МАИ болып,
Ұйықтамаймын мен бірақ.
Құрылысшы:
Қолда темір қалағым,
Саздан сарай саламын.
Алматыдан аумайтын,
Әсем қала саламын.
Аспазшы:
Дәмді тамақ пісіріп,
Өнерлі аспаз боламын.
Халқым сүйген ардақты,
Мен аспазшы боламын.
Мұғалім:
Жақсы оқып сабақты,
Білім алып толамын.
Балаларды оқытар,
Мен мұғалім боламын.
Ал, енді, балалар біз қазір өзіміз жақсы білетін және танымал маман иелері туралы мәлімет алдық.
Қызығушылығын ояту сәті (ойын).
Балалар қазір сендермен бірге ойын ойнайық. Ойынымыздың аты «Қай мамандық иесі?» деп аталады
-
Тарағы бар қолында,
Кімді айттым ойымда? (Шаштараз)
-
Қалағы бар қолында,
Кімді айттым ойымда? (Құрылысшы)
-
Қаламы бар қолында,
Кімді айттым ойымда? (Жазушы)
-
Ожауы бар қолында,
Кімді айттым ойымда? (Аспазшы)
-
Инесі бар қолында,
Кімді айттым ойымда? (Тігінші)
Біз білмейтін және сирек кездесетін маман иелері
Балалар сендер білесіңдер ме, әлемде біз білмейтін және сирек кездесетін қаншама мамандық иелері бар?! Осы маман иелері туралы қызықты мәліметтер алғыларың келе ме? Олай болса, мен сендерге біз білмейтін және көп кездесе бермейтін маман иелері туралы қызықты мәлімет айтайын.
Сот қызметкері - адам құқығы жөнінде іс жүргізетін маман иесі. Оған : төреші, заңгер, қорғаушы, тергеуші сынды қызметкерлер жатады.
Дизайнер - үйіміздегі, кеңсеміздегі жиһаздарымызды талғаммен орналастыра білетін мамандар.
Продюсер - түрлі мерекелік іс - шараларды ұйымдастырушы.
Көркемдік әрлеуші - көшелерде ілінген жарнамаларды, сауда орындарын, қоғамдық тамақтану залдарын әсемдеуші.
Сәулетші - ғимараттардың сызбасын сызатын маман.
Тігінші - әр түрлі әдемі киімдерді тігетін маман иесі.
Шахтер - кен өндіретін маман.
Жазушы - кітап жазатын адам.
Почташы - хат тасушы маман иесі
IV.Қызығушылығын ояту сәті (ойын)
Балалар енді менің сендермен қызықты ойын ойнағым келіп тұр.
Қазір біз «Дұрыс па, бұрыс па? » ойынын ойнаймыз.Алдымен, ойынның шартымен танысып алайық: «Дұрыс болса қол көтереді, бұрыс болса көтермейді»
1. Қойшы балаларды оқытып жүр.
2. Жүргізуші машина жүргізеді.
3. Аспазшы үй салып жатыр.
4. Дәрігер адамдарды емдейді.
5. Мұғалім етік тігіп отыр.
6. Ұшқыш әдемі киім тігеді.
7. Суретші сахнада ән айтып тұр.
8. Өрт сөндіруші өрт сөндіреді.
9. Тігінші ас пісіріп жүр.
10. Сәулетші сызба сызып отыр.
V. Сызбамен жұмыс.
VI.Қорытынды.
- Балалар бүгін қандай тақырыпта әңгімелестік?
-
Қандай мамандық иелерін білдіңдер балалар?
Жарайсыңдар, балалар, қазақта мынадай мақал бар : «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбектің - наны тәтті,жалқаудың жаны тәтті». Балалар ерінбей еңбектеніп, тәрбие сағатымызға белсенді қатысқандарың үшін көп рахмет!
Абай атамыз айтқандай:
«Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз»,- дегендей алға ұмтылып,арманымызға жетіп, жақсы мамандық иесі болайық!