- Учителю
- Жаса, жайна, тәуелсіз Қазақстан!
Жаса, жайна, тәуелсіз Қазақстан!
Тақырыбы: «Жаса, жайна, тәуелсіз Қазақстан!».
Сабақтың мақсаты: Жас ұрпақты Отанын сүюге, еліміздің рәміздерін
қастерлеуге, бай - қуатты ел екендігін мақтан етуге үйретіп, туған
еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, махаббат сезімін
ояту. Ойларын жүйелі түрде жеткізе білу, шығармашылықпен жұмыс
жасап, мәнерлеп өлең оқып, мағынасын түсіне білу дағдыларын дамыту.
Отанын, туған жерін қорғай білуге, оқушыларды ұлтжандылыққа, ата
мекенін көздің қарашығындай сақтай білуге, патриоттық сезімге
тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: буклеттер, нақыл сөздер, презентация
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру.
ІІ.Негізгі бөлім.
І жүргізуші: Атыңнан айналайын егемен ел,
Тәуелсіз күнің бүгін кенеле бер,
Мейрамың құтты болсын, тәуелсіздік!
Ғасырдың тойы болшы келе берер.
ІІ жүргізуші: Тәуелсіздік.
Тәуелсізбін мен бүгін,
Келді, міне азаттығым, теңдігім.
Бостандықта байлығым мен ендігім,
Шешіл енді шемен болған шерлі үнім!
Өзіңдікі -Елің де,
Өзіңдікі - Жерің де
Өзіңдікі өзің еткен Бақ- Тәуелсіздік төріңде!
Қанатыңнан қайрылып,
Қыр -арқаңнан айрылып
Қонақ-
Тәуелсіздіктен,
Қала көрме айрылып!
Бабадан қалып жеткен көрегендік,
Еркіндік жастығында өлең өрдік.
Арқалап аманатын келіп жеткен,
25 жыл! Құтты болсын егемендік!
І жүргізуші:Армысыздар қадірлі қонақтар, ұстаздар мен оқушылар! Егеменді еліміздің Тәуелсіздігін алғанына 25 жыл толған мерейлі тойына арналған «Жаса, жайна тәуелсіз Қазақстан!». тәрбие сағатымызды бастайыз.
ІІ жүргізуші: Тәуелсіздік - тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінгі кунге дейін барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп келеміз. Жиырма бес жыл ішінде елдің әл әуқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасалды. Елімізде,білім, денсаулық,спорт салалары айрықша даму үстінде. Тәуелсіздік - бізің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы Тәуелсіздіктен бастау алады. Дәуір жасампаздығы сенімді және серпімді дамуға байланысты.
Аяжан: Қазақстан - қасиетті ұғым бұл,
Ей, келешек, жан тәніңмен ұғын, біл!
Он бір әріп не мағына береді,
Ал толғайық жеткенінше қызыл тіл:
Т- Білдіреді теңдікті,
Ә- әдептілік, әлдікті
У- уайымсыздық, уақытты,
Е- егемендік, елдікті.
Л- дейді лағып, лепірме,
С- сенімділік секілді ең,
І- ілтипат пен ізет қой,
З- зиялылық тілек қой,
Д- шақырады достыққа,
І- Ізгілікті ниетпен,
К- дейді: күн бол көктегі
Тәуелсіздік жалау болып желбіре,
Болашақты бағытыңа сендіре.
Тәуелсіздік - биігі бұл санамның ,
Тәуелсіздік бақыт емей енді не?
Аружан: Міне, көзді ашып жұмғанша, осы жылы Қазақ халқы тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлайды. Тәуелсіздікке жету - оңай жолмен келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттарының орындалуы.
Тәуелсіз мемлекетке айналу, бізге үлкен серпіліс, күш берді. Тарихи күш десе де болады. Біздің өз еркімізбен алға ұмтылуға, мемлекет болып өркендеуге жол ашылды.
Тәуелсіз мемлекет бола салысымен, көптеген шұғыл сұрақтарға шешім табылды. Неше түрлі ауыртпашылық әкелген Семей полигоны жабылды, Арал теңізі мәселесі шешілді, тарихи мұра, мәдениетіміз, қазақ тілі қайта жаңғыртылды, табиғи байлығымызды өз иелігімізге қайтара алдық.
Қазір біз болашағымызға сеніммен қарай алатын, зайырлы, өркениетті, индустриалдық жаңғырту жолында жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан мемлекетпіз.
Айқын: Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
Мына өлке, мына аймақ, бұл маңда
Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға!
Шүкірлік етемін қашан да
Осы бір Отанда тұрғанға!
Жазы бар жалынмен жандырған,
Қысы бар аязға қардырған.
Көктемі - балауса, балдырған,
Ал күзі - алып бір ақ қырман,
Ақ дәннен ақ нөсер жаудырған,
Күрең нан жаңа алған тандырдан.
Көлденең көлбеген көкжиек
Қыранның қанатын талдырған.
І жүргізуші: Мен - қазақпын, мың өліп, мың тірілген... Ж.
Молдағалиевтің осы өлең жолдары қазақ деген дана халықтың бүкіл
болмысы мен өмір жолын айғақтап бергендей: ақтабан шұбырынды,
алқакөл сұлама, 30-жылдардағы ашаршылық, 37- жылдардағы нәубет,
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан Соғысы, желтоқсан көтерілісі:
Тәуелсіздіктің құны міне осындай...
Анель: Мен-қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен-қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.
Мен- жігітпін, айқасқа, сынға асықпын
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам қыран боп шыңға шықтым.
Мен- қара көз сұлумын, сайтан қызбын
Сайрай қалсам, тілімнен бал тамғыздым.
Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,
Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.
Мен қазақпын, бір биік белеспін мен,
Еуропада, Азияда емеспін мен.
Аралықпын жетінші материктей,
Бірақ барша адаммен тең өстім мен.
Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім қайта өлмеске
Айта бергім келеді, айта бергім.
Тарихым бар тұнып жатқан тереңде,
Тарихтан енді халқым, сабақ алғын,
Жадыңда жүрсін сөзі бабалардың.
Бостандық деген алып бәйтеректің,
Жемісін көрсін десең балаларың!
Ақниет: Қазақ халқы - болмысынан еркіндікті сүйетін, кең дала төсінде табиғатпен туыстасып, еркін өмір сүрген халық. Ата-бабаларымыз сонау түркі заманынан 18 ғасырдың бел ортасына дейін өз билігі өзінде болып, дербес мемлекет ретінде тіршілік етіп келді. Халықтың ел болып жасамағы, ұлт болып өсіп-өркендемегі сол халықтың өз ішінен шыққан тұлғаларына байланысты. Ғасырлар бойғы тарихымызға ел ұйыстырар, көш бастар тұлғалар көп болған. Ел билігіндегі хандар, билер, мемлекет қалыптастыру жолындағы қайраткерлер, ұлттың тағдырын жырлаған ақын-жыраулар, жерін жаудан қорғаған батырлар, жаратылыс пен табиғаттың құпиясын ашқан ақылман ғалымдар - бәрі-баршасы халқының игілігі үшін ерен іс атқарған тұлғалар. «Сүйер ұлың болса, сен сүй-сүйенерге жарар ол» деп данышпан Абай айтпақшы, халқымызға айрықша еңбек сіңірген тұлғалардың өмірі мен ісі бізге үлгі.
(Музыка күшейіп, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би шығады).
Төле би: Армысың, алдаспандай жарқылдап, ел қамын жеген, Әйтеке абыз!
Әйтеке би: Бар бол, үш жүздің төбе биі атанған, Төле би!
Қазыбек би: Ассалаумағалейкум, халқы қадірлеп, елі десе ет жүрегі езілген, тарланбоз билерім!
Әйтеке би: Көмейі сырға, көкірегі кең, бітімі бөлек орта жүздің дүлдүлі, Қазыбек, төрлет!
Қазыбек би: Ықылас пейілдеріңізге рахмет! Алланың нұры жаусын! Хан Абылай бас қосуға шақыртты деген соң атқа қонып ем. Бір мәмлеге келмесек, елдің құты кететін түрі бар-ау шамасы.
Төле би: Қазыбек, айтқан сөзің орынды. Ел болудың қамын ойлаған жөн.
Әйтеке би: Біздің де жанымызға бататыны осы. Үш жүздің баласы бір құрсақтан шыққандай атқа қонбақ керек.
Қазыбек би: Олай болса, Абылай хан не дер екен, әліптің артын бағайық...
(әуен беріліп, ортаға Абылай хан шығады).
Төле би: Уа, Абылай, хан ием!
Айтатұғын датым бар.
Абылай хан: Датың болса, айт, датыңды!
Төле би: Төле би деген атым бар,
Алаш деген затым бар,
Алаңдаулы көңілім,
Сөз қозғауға зауқым бар.
Елің тозып барады,
Жұрт өзіңе қарады.
Хан біткеннің тектісі,
Өзіңді жұрт сынады.
Дұшпаның кімді басынды,
Қазақ деген халқыңның
Құтын неге қашырды?
Үш жүзіңнің басын қос!
Қазыбек би: Исі қазақ баласы,
Маңайыңа жиналсын!
Атақдаңқы Алаштың,
Аумағынан әрі ассын!
Ырысына ел тәнті боп,
Ынтымағы жарассын!
Баста, кәне, жұртыңды!
Әйтеке би: Уа, хан ием!
Ұрандап әруақ шақырып,
Жау желкесі қиылсын.
Қанатын қомдап ерлер тұр,
Оларға сен де көңіл бұр.
Апшысын жердің қуырсын,
Алақан болып ашылып,
Жұдырық болып түйілсін!
Абылай хан: Кел соңымнан, ер елім!
Мұхиттайын тереңім.
Төле бидей төбелім,
Қазыбектей беренім,
Әйтекедей кемелім!
Келешегің айқын,
Бір жағадан бас,
Бір жеңнен қол шығарып,
Ақ тудың астына жиылсын.
Ел боламыз десек,
Бас біріктіру қажет.
Жауды аяған жаралы,
Ел іргесі сөгілмесін,
Көзден жас енді төгілмесін.
Дұшпаның басынбасын,
Басымыздан сөз асырмасын.
Жақсының жағасынан алма!
Жар болсын бір Алла!
Самға, қазақ, самға!
Бұл сапарды қолдайды Алла!
ІІ жүргізуші: Содан беріде қазақ халқы өз басынан сан оқиғаларды кешірді. Қаншама алмағайып кезеңді басымыздан өткіздік. Бірақ тұтас халық ретінде бет-бейнемізді жоғалтқан жоқпыз. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақтың бүкіл тарихы - бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Қазақ - тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық» деп жазған болатын. Халқымыздың тәуелсіздік алуы өз тарихымызды өзіміз әділ жазуға, тарихымызды танып, көшімізді түзеуге үлкен мүмкіндіктер ашты.
Еламан:Өзіңдікі елің де,
Өзіңдікі жерің де.
Өзіңді - өзің еткен бақ -
Тәуелсіздік төріңде!
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы алғыс.
Егемендік - ел бақыты ертеңі.
О, халайық!
Құтты болсын қуаныш!.
Айқын: Қазақстан - батырлар елі, ер елі,
Бауырмалдық, достықтың елі өрелі.
Қазақстаным -
Сары жайлау,
Асқар тауларым -
Мәңгі бақи жырланып бітпес өлеңім!
Біржан: Қазақстаным - байтақ далам, пәк далам!
Халқымның салмақ, сабырлығын сақтаған.
Өресі биік, өрені жүйрік өлкемнің,
Қожасы болып туғаным - өшпес бақ маған!
І жүргізуші: Азаттық үшін болған екі жарым ғасырдан астам уақыт күрестен кейін қазақ халқы тәуелсіздікке 1991 жылдың 16 желтоқсанында қол жеткізді.Тәуелсіздікті нығайту, оны әлемдік қауымдастыққа мойындату үшін Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Назарбаев үлкен еңбек сіңірді. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз қазақ елінің егемендігін қалыптастырушы, жаңа тұрпаттағы мемлекетті құрушы тұлға.
ІІ жүргізуші: Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жасалған игілікті істерге тоқталатын болсақ, ең бастысы - Қазақстанды әлемге танытты, Семей ядролық сынақ полигонын тоқтатты, Алаш жұртының астанасын Арқа төсіне әкеліп, ұлттық тұтастығымызды нығайтты.
Аружан:Жас мемлекеттің саяси құрылымын қалыптастыру, оны жаханға таныту, халық санасына тәуелсіздік идеяларын сіңіруде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихымызбен мәңгілік жасайтын іргелі шаруалар атқарып, халықтың әл-ауқатының өсуіне, дербес мемлекет, жеке ұлт ретінде қазақ баласының абыройлы болуына шексіз үлес қосты.
Самат:Қазақстан - Отаным,
Қазақ тілі - қазынам.
Қазақ жері - береке,
Ырыс, бірлік - кені екен.
Бұзылмасын тыныштық,
Бейбіт өмір береке.
Марғұлан:Сүйем сені, туған ел, атамекен,
Абзал анам сенсің ғой құшағы кең.
Жер мен көктің жәннаты бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем!?
Жақсылық: Республика! Ерікті ел - Қазақстан!
Келді ақыры көп күткен жаз алыстан.
Келді алыстан аңсатып, армандатып,
Торды бұзған мен де бір мәз болысқан.
Дамир: Беріспей батыр бабам армандаған,
Арман күн, ел-жұртына жалғанды аман.
Қаншама құрбандықпен жеткен күнді,
Әлдиле, байтақ елім, орман-далам!
І жүргізуші: Бостандық! -деп аталатын асқақ арман жолында қаншама қан төгілді, қаншама батыр мерт болды. Бұл арпалыс бір күн, бір жыл, бір мезет емес, талай ғасырларға созылған.
ІІ жүргізуші: Тәуелсіздікке жету үшін еліміз қаншама қиындықты бастан кешірді. Соның бірі желтоқсан оқиғасы.
Айгүл: 1986 жылы 16-17 желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары наразылық білдіріп,шеруге шықты. Олар: «Тәуелсіздік керек!» қазақ елінің өз көсемі сайлансын!-деген тілек білдірді.Сол кездегі Қзақстан Компартиясының орталық комитетінің 18 минутқа созылған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орнына Кеңестер одағының Комунистік партиясы Разуловсийдің ұсынысы бойынша Генадий Колбинді тағайындаған. Республика жұртшылығы бұл адаммен мүлдем бейтаныс болатын, бұл сылтау ғана, елі киіздің көп жылдар бойы ой санасына қордаланып жатып шыдам - шарқы таусылып барып, бұрқ етіп шыққан арман көрінісі еді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп шеруге шыққан жастарға «Бұзақылар», «Ұятшылдар» , «Нашақорлар» деген кінәлар тағылды.
І жүргізуші: Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн
Базары кетіп бар күнде,
Қайғыға халық батқан күн
Әділдік пен шындықты
Өтірік жала еткен күн
Надан жасаған сұмдықтан
Адамдар азап шеккен күн
ІІ жүргізуші:Қасқалдақ ұшып көлінен
Шүрегей келіп қонған күн.
Қыранды қуып көгінен
Қағалар билік алған күн.
Адал мен арсыз, аярды,
Айырып халық ұққан күн.
Саф алтындар бәз баяғы
Сары жез болып шыққан күн.
І жүргізуші: 1986 жылғы 16 желтоқсанда бүкіл жастары тотаритарлық режимге ашық қарсылық көрсетті.Міне, осындай ұмытылмас оқиғадан бері 25 жыл өтті. Өмір-өзен толқындары сол кезден бізді алыстатып бара жатса да жүрегімізде мәңгі ұмытылмас бір нәрсе қалды.Ол үшін дүниені дүр сілкіндірген қазақ қыздары мен ұлдарының рухына,ерлігіне деген тағзым,құрмет.
Ақтамберді: Міне, осы бір жан тебірентер сәтте Қазақ елінің еркіндігі, бостандық жолына бас тіккен азаматтар, туған елінің тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан батырлары Қайрат Рысқұлбеков, Ляззат Асанова, Ербол Сыпатаевтардың рухына тағзым етіп, еске алу - ұлттық парызымыз.
Ақерке: Мен қазақпын, болмысым, барымменен,
Азаттығым үшін мен бәрін берем.
Ұлы елімде ұлттар көп, Отан жалғыз,
Отанымды сүйемін арымменен.
Самат: Қазақстан- туған Отан, алтын бақ,
Ұлы жолға түсті келіп жарқылдап
Қазақстан- көпті көрген қария
Қазақстан- мейірімді ана, жер қымбат.
Атады әлі тағы да бір таң күліп,
Жүректерде арман отын жандырып
Қазақстан- біздің туған ұлы Отан,
Жайнай бер сен, жайнай бер мәңгілік!
І жүргізуші: Желтоқсан оқиғасы - бұл ерліктің тарихы, - республикадағы халқымыздың рухани жеңісі, - демократияға жол ашу, - тәуелсіздіктің алғашқы беті. Көп ұзамай Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алды.
ІІ жүргізуші: 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президентінің ҚР тәуелсіздігі жөнінде Конституциялық заңы қабылданды.
Жібек: Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата - бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті. Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді және ділімізді қайта оралттық. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданып , ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық.Тәуелсіздік - ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні - ең қастерлі күн.
Жақсылық: Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде өз жерімізде басымызды түсірдік. Экономика, ішкі және сыртқы саясатпен қатар, табиғи қорларымыз да, басқа мемлекеттің қарамағында еді. Сол қиын-қыстау кезеңде, қазақ халқының сана-сезімі, намысы оянды. Жігерлі қазақ жастары өз жерімізде лайықты күн көруге, өз ана тілімізді, мәдениетімізді құқылы қолдануға талпынды.
Ибрагим: Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Асау аттай өз тізгінін бермеді.
Қазағымның алтын басын иілтіп,
Талай дұшпан төрімізге төрледі.
Елдана: Қазіргі таңда, Қазақстанның өзіндік үні, пікірі, мәртебесі бар. Біз әлемдік деңгейде аяғымызды сенімді басып, басқа елдер бізбен санасатын мемлекетке айналдық. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үлкен шараларды, іс-әрекеттерді талап етеді. Яғни, ішкі және сыртқы саясатты дұрыс жүргізу, халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өркендеуін, дүниежүзілік қауымдастықта өркениетті мемлекеттермен білікті қарым-қатынас жасау, әрине бір адамның қолында емес. Бірақ, халық атынан үлкен деңдейде сөйлей алатын, сөзін құлақ салып тындайтын, мемлекетке бағыт-бағдар беріп отыратын, ерекше тұлға, мемлекет басшысы - Н.Ә.Назарбаев.
Ақниет:Тәуелсіздік жариялаған сәттен бастап, Қазақстанды күтіп отырған оқиғалардың мән-жайын түсіну, ұғыну, мемлекеттің одан әрi даму үрдiсiн болжау және халықтың талғамына сай, ең тиiмдi даму стратегиясын таңдауда жан-жақты, қайсар, жігерлі, саясат жүргізуде көшбасшы және ой-өрісі кең, интеллектуалды тұлға ұқажет еді. Мұндай тарихи міндетті, Жаратушы осы қасиеттерге сай Елбасымыз - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бұйырды. Тәуелсіз мемлекеттің қазіргі келбеті, бастан өткен сәтсіздіктері және жеңістері тұңғыш президентіміз, Елбасының есімімен тікелей байланысты. Тарихи өтпелі кезеңде Елбасының рөлі айқын және ашық көрінеді.
Айгерім: Елбасымыздың сол кезеңдегі басты таңдаған стратегиялық бағыты - ашық нарықтық экономикаға көшу болды. Түбегейлі құрылымдық өзгерістерді жүргізуде шетелдік инвестицияны маңызды фактор деп есептеді. Осындай тарихи шешімдердің арқасында біз қазіргі таңда әлемнiң 50 ең бәсекеге қабiлеттi елдері қатарына кірдік. Бұл, меніңше, мақтаныш сезіміне бөлейтін ең маңызды жетістік.
Тәуелсіздік-асқақ рух пен асқақ үн,
Тәуелсіздік -баға жетпес асқағың.
Толса -дағы 25 жасқа азат күн,
Ызғарлы күн әлі есімде қазақтың.
Ата-бабам арман еткен ежелден.
Жүріп өткен қилы-қилы кезеңмен,
Қазақстан тәуелсіз ел атанды,
Бірден оңай келмегенін білем мен.
Бауыржан: Әрине, сонау 25 жылда, еліміз неше түрлі жетістіктерге жетті, биік белес, асуларды алды. Маңыздыларын Елбасымыз "Қазақстан - 2030" Стратегиясының толықтай орындалуында қорытындылап кетті. Яғни, ұлттық кауіпсіз, ішкі саяси тұрақтылық пен бірлік, ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу сияқты стратегияда белгіленген негізгі міндеттер орындалды.
Енді біздің алдымызда одан үлкен міндеттер тұр. 2012 жылы желтоқсан айында, Елбасымыз "Қазақстан - 2030" Стратегиясын қорытындылай отырып, мемлекеттің жаңа саяси бағытын жариялады. Ондағы басты мақсат 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін "Қазақстан - 2050" Стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастырады.
І жүргізуші: Иә, 25 жылда мемлекетіміз күрт өзгерді. Экономикалық, әлеуметтік, интеллектуалды тұрғыда өркендеп келеміз. Оны архитектуралық тұрғыда қарасақ, Елбасы айтқандай, мемлекетіміздің басты күші - Астана қаласы. Астана тәуелсіздіктің белгісі, үні, келбеті деуге де болады. Осы жерді басып жүріп, шын мәнінде, біздің болашағымыз жарқын екеніне қатты қуанам.
Тәуелсіздік! Тәуелсіздік ұраным!
Тәуелсіздік айбынды менің жыр әнім!
Армандаған ата-бабам ежелден,
Ерлігіңді жырға қоссын ұланың.
Қазақстан егеменді еліміз,
Көркеюде жылдан-жылға жеріміз.
25-жылда жеткен талай жеңіске,
Азат елде өмір сүріп келеміз.
Қазақстан жасай берсін мәңгілік!
Аты шықсын жер әлемге жаңғырып,
Мақтан тұтам, қазақ деген елімді,
Әрқашанда мәртебесін асырып!
Біржан: Біздің ел тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі екенін жан-жақты дәлелдеді. Абайдың 150 жылдығын "ЮНЕСКО" шеңберінде тойлады. "Біріккен Ұлттар Ұйымы" шеңберінде 2002 жылы Алматыда, яғни тұңғыш рет Азия құрлығында 24 мемлекет басшысын біріктіріп, кеңес өткізді. "Шанхай ынтымақтастық ұйымын" құрудың негізгі ұйытқысы, алғашқы ұсыныс жасаумен танылды. Одан әрі, 2003 жылы Астанада тұнғыш рет әлемдік діндер жетекшілерінің съезін өткізумен тарихта аты жазылды. Алдымызда, 100-ге жуық елдің басын қосатын халықаралық көрме "ЭКСПО-2017". Осының бәрін бағалауымыз керек. Қазір біз өркендеудің жаңа жолына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне бет алдық. Елбасы бекіткен жаңа экономикалық бағамда жаңа бағдарламалар, оның бағыттары және нәтижеге жету жолдары көрсетілген. Сол бағытты ұстанып, болашаққа сеніммен қарайық!
ІІ жүргізуші: Алдымызда "ЭКСПО-2017" атты халықаралық көрме Астанада өткізілмекші. Ол Орталық Азияда және "Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына" кіретін мүше елдерде өтетін алғашқы көрме болмақ. Мұндай үлкен шараны біздің елде өткізу мемлекетіміздің жоғарғы деңгейін көрсетеді. Көрменің тақырыбы "болашақ энергиясы" деп аталады, яғни жасыл технологияларға арналған. Халықаралық көрмелер бюросына мүше елдерді таң қалдырған сұрақ, қазіргі таңда көкейкесті мәселе. Сарқылмайтын энергия көздері: күн сәулесі, жел, жер асты сулары арқылы энергия алу, болашақта адам баласына ең қажетті ресурс түрі. Бүкіләлемдік көрме 3 айға дейін жалғасады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10-нан астам халықаралық ұйымы қатысады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам қатысады деген болжам бар
І жүргізуші: Өтетін көрме, елдің өндірістік қуатына мықты серпін бере алады. Мұндай ауқымды және жауапкершілікті іс-шараны өткізуде біздің ел үшін пайдасы өте мол. Басқа елдермен достық қатынастар нығаюымен қатар, жоғарыда айтылғандай, елімізге инвесторлар алып келеді, еліміздің мәртебесін жоғарлатады.
«Тәуелсіздік шежіресі»
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның жоғарғы кеңесі Қазақстанды Тәуелсіз Республика деп жариялады.
1991 жылы 10 қазанда қазақ халқының тұңғыш ғарышкері Т. Әубәкіров ғарышка самғады.
1991 жылы желтоқсанның 1-інде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 98,7 % дауыспен жеңіске жетті.
1992 жылдың 2 наурызы тәуелсіз Қазақстан</<font size="2"> тарихында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды.
1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы, елтаңбасы және әнұраны бекітілді.
1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш «Ата Заңы» қабылданды.
1993 жылы 15 қарашада ұлттық валютамыз енгізілді. Қазақ теңгесі Англияда басылды.
1993 ж. 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстанның бірінші конституциясы қабылданды.
1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды.
1994 жылы Қазақстанның жаңа ордендері мен медальдары дүниеге келді. 30 маусымда қазақ халқының екінші қыран ғарышкері Т. Мұсабаев аспан көгіне алты айлық сапарға аттанды.
1997 жылы 6 мамырда ел астанасы Ақмола қаласына көшті.
1997 жылы 11 шiлдеде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңы қабылданды. Осы Заңы 4-шi бабында: Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Сонымен бiрге, Үкiмет, мемлекеттiк органдар мемлекеттiк тiлдi яғни қазақ тiлiн барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы мен дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi деп көрсетiлген.
1998 жыл
Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жарияланды. Елбасшымыз Н.Ә Назарбаев Қазақтанның 2030 даму стратегиясын жариялады.
1999 жыл
10 қаңтар президент сайлау нәтижесінде Н.Ә Назарбаев 7 жыл мерзімге ҚР Президенті болып қайта сайланды.
2006 жы
Барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегисы қабылданды.
2007 жыл
«Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауы.
2012 жылы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды
2014жылы 11 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жолдауы жарияланды.
2015 жыл
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
«100 нақты қадам» ұлт жоспарын әлемдік бағдарлама деп атады.
Қазақ хандығының 550 жылдығы
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы
Қазақстан халқы ассамблеясының
20 жылдығы
Төлеген: Тәуелсіз еліме 25 жыл!
Ұлан - байтақ неткен жер!
Дәнді - дақыл еккен жер.
Жеттік міне арманға
Қазақстан - Ерікті ел!
Талай боздақ өткен жер,
Маңдай терін төккен жер.
Тәуелсіздікке қолы
Қиындықпен жеткен жер.
Өзіңде бар Елбасы
Туыңда бар, әрине
Елтаңбаң бір ертегі
Әнұраның тәрбие.
Енді қанат жаялық
Қыран құстай самғайық.
Туымызбен тұғырлы
Бірге желек қағайық.
Егеменді ел болдық
Ел намысын сақтайық.
Қазақстан байлығын
Бөтен елге сатпайық!
Салт - дәстүрін қазақтың
Жаңғыртайық, жасайық!
Үлгі етіп ұл - қыздарға
Үлкен үміт артайық.
Тілді сыйлап, шұбарлатпай
Қастерлейік халайық!
Қазақ тілін дамытуға
Күшімізді салайық!
25 жыл міне, толып отыр,
Егеменді еліме.
Өрт салмасын бөтен елдер
Атамекен жеріме.
Аңсап күткен бұл тойымыз
Құтты болсын бәріңізге
Ұзақ ғұмыр, бірлік, табыс
Тілеймін жас - кәріңізге!
Топтық жұмыс.
1 топ - Мен елімнің болашақ азаматымын.
2 топ - ҚР рәміздері
3 топ -Мен Елбасы болсам елім үшін не істер едім?
4 топ - 21 ғасыр мектебінің келбеті
Анель: Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Біздің өзіміздің Ата Заңымыз, президентіміз, рәміздеріміз, астанамыз бар. Елімізде айналымда ұлттық валюта - теңгеміз жүріп жатыр. Мемлекеттік тіліміз - қазақ тілі. Біз бақытты балалармыз, өйткені біз Қазақстандай бай, кең байтақ жерде өмір сүріп жатырмыз. Еліміз, туған жеріміз Қазақстанымыз өркендеп, гүлдене берсін!
ІІІ.Қорытынды.
Аружан: Қазақ елім! Туды жастық дәуірің.
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
Қазақ елінің бүгінгі таңда іргелі, мәдениетті, өркениетті елдер қатарына қосылып, ізгі ниетті адамдар назарына ілігуі оңайлықпен келген жоқ. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен Қазақ халқы ертеден-ақ үш нәрсені бойтұмардай қасиет тұтып, қадірлеп өтті. Олар: туған елі, жері, ана тілі. Сондай-ақ еліміз озды, жеріміз жаңғырды, ана тіліміз өз мәртебесін алды. Осының бәрі - тәуелсіздігіміздің нәтижесі. Қол жеткен жемісі.
Бүгінгі кешімізді мына бір ұлағатты сөзбен аяқтағым келеді: «Ел мен үшін не істей алады» емес, «мен ел үшін не істей аламын?» деген қанатты сөз қазақстандық әрбір азаматтың жүргегінде ұялап, әрқашанда көкірегінде жүрсе, қандай жақсы болар еді.Тәуелсіз Қазақастан елінің абыройын асырып, мерейін үстем етер әлемді таңқалдырар, жақсы жаңалық ашар білімді жастар керектігін Президент Н.Ә. Назарбаев күн тәртібінен түсірмей, айтудан жалыққан емес.Осыны түсіне біліп,Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңімізге жалғайтын, қазақ елінің болашағы үшін жауап беретін бүгінгі ұрпақ екенімізді естен шығармайық.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды, тіліміздің мерейі үстем болсын!