- Учителю
- Менің педагогикалық ұстанымым
Менің педагогикалық ұстанымым
Менің педагогикаық ұстанымым
Мен, Жуманалина Раушан Толеубаевна «Күншуақ» бөбекжай бақшасында педагог - психолог мамандығымды атқарамын. Бұл мекемеде жұмыс өтілім бес жыл.
«Еңбегіңнің ел кәдесіне жарағанын сезіну - үлкен бақыт...» екені даусыз. Қазіргі уақытта жас жеткіншектерге білім берумен қатар олардың мынау өмірге бейімделіп, осынау өмірден өз жолын таба білуіне көмек беру үшін қазіргі заманға сай мамандықтың қажет екені ақиқат.
Көгілдір экранды жаулаған шетелдік фильмдер, түрлі діни бірлестіктер, ұялы телефондағы музыкалар, құлаққа таққан құлаққаптар осының бәрі жастардың санасын улап жатырғаны жасырын емес. Осылардың бәрі жастардың көңіл - күйіне, психикасына әсер етуде. Міне, осындай жас буын жеткіншектердің жүрегіне үңіліп, олардың сырлас досы, қиналғанда қол ұшын беретін жанашыры болатын мамандықтың иесі болу менің арманым еді. Арманның жетегіне еніп, мен «психолог» деп аталатын мамандықты таптым.
Адам болып жаралған соң тірлікте
Мақсат қойып оған жету ерлік те
Бала күннен армандаған кәсібім
Кім біледі қолым жеткен бақыт па
Салмағы көп әлде ауыр бұл жүк пе?
Иә, қай мамандықтың да өзіндік қызығы мен қиындығы бар. Ал менің таңдауым жеке тұлғаның жас ерекшелігін ескере отырып, олардың жан - жақты қыр - сырын ашу.
Жеткіншектердің өмірге еш қорқынышсыз, зұлымдықсыз қарап, алдарында ғажап бір әлемнің есігі ашылып, ашық та жарқын күндер күтетініне сендірсем деген үміт мені жетелеп осы мамандыққа бейімдеді. Мен балалардың психологиясын зерттей келе өзім де солармен қатар дамып келе жатқандаймын. Қазақстанның болашағы - жас ұрпақ десек, олардың еш алаңсыз жеке тұлға болып қалыптасуы үшін менің де өзіндік қолтаңбам болса деймін.
Ең алдымен адамның ішкі жан дүниесін зерттейтін ғажап мамандығым арқылы жабырқаған көңілге қуаныш сыйлап, олардың жүрек түкпірінде жатқан бүкпесіз сырларын тыңдап, болашағына сеніммен қарауға жетелегім келеді.
Балалардың қуанышын сыр ғып шертіп, мұңдарымен бөлісер пірі болу - менің мамандығыма деген сүйіспеншілікпен қарауымның куәсі.
Мен үшін баланың қызығушылығы, бейім - қабілеті және басқа да психологиялық ерекшеліктері үнемі басты орында. Мен күнделікті жұмысым арқылы балалардың психологиясын зерделей отырып, олардың жат қылықтың жетегіне ермес үшін алдын алу жұмыстарын жүргіземін.
Зерделеу, зерттеу жұмыстарының нәтижесімен оларды түзетіп, кеңестер беріп, мәдени ақпараттармен жүйелі таныстырып, отырамын. Кез келген психологиялық жұмыстар жүргізу барысында мен әр баланың жүрек түпкірінде жатқан сезімдеріне үңілуге тырысамын.
Мен еңбек еткен аз уақыт аралығында өз шәкірттерімнің жүректерінен өзіндік орын алғандаймын деп есептеймін. Әрине бұл мен таңдаған мамандығымның жемісі десе болғандай. Мен өз мамандығымның халыққа қажет екенін сезінгенде, бұл мамандықты текке таңдамағаныма риза боламын.