- Учителю
- Адамның бет-бейнесі іс-әрекетінен көрінеді тренинг-сабақ
Адамның бет-бейнесі іс-әрекетінен көрінеді тренинг-сабақ
«№21орта мектеп» КММ
Қалалық педагог-психологтар семинарындағы ашық тренинг-сабақ
Тақырыбы: «Адамның бет-бейнесі оның
іс-әрекетінен көрінеді»
Өткізгендер: А .Б.Жүсіпова, педагог-психолог
А.Ж.Хамзина, өзін-өзі тану мұғалімі
Петропавл қаласы, 2016 жыл
Мақсаты: тұлғааралық қарым - қатынас мәдениетінің маңызды сапаларын ашу; рефлексия үрдісін күшейту, жағымды психологиялық ахуал орнату, топ мүшелерінің бір-бірін түсінуге, мәдени сөйлеу дағдысын дамыту, өзін - өзі қалыптастыру барысында талдау жасауда, болашақта өзара жағымды қарым - қатынас мәдениетінің әлеуетін арттыру; тренинг жаттығулары арқылы бір-бірімен қарым-қатынас мәдениетін жақсарту негізінде оларды адалдыққа, достыққа, шындыққа, тәрбиелікке, өзін және өзгелерді құрметтеуге, түсіне алуға, парасаттылыққа, ұйымшылдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу
Өткізу әдісі: тренинг-сабақ.
Қолданатын құралдар: ИТК, презентация, қызғалдақтар, қағаздан жасалған гүлдер, суреттер, кестелер, бейне ролик, әуен, шарлар, кеспе қағаздары, Жер шарының макеті
Өткізу барысы:
Тыныштық сәті. «Нұрға бөлену» .
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз.
Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз!...
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.
Психолог сөзі: Бүгінгі біздің тренинг-сабақ «Адамның бет-бейнесі оның іс-әрекетінен көрінеді» деп аталады. Бұл тақырып кездейсоқ алынған жоқ. Себебі өмірде біз әртүрлі жағдайларға тап болып жатамыз. Мысалы: ренжіп көңіл -күйіміз болмай жатады, біреудің айтқан сөзін көтере алмай жатқан кездерде болады. Сондықтан қазіргі қоғамда мәдениеттің дамуы төмендеп, қайырымдылық тапшы болып келеді. Осының салдарынан адамдар бір-біріне немқұрайлық, мейірімсіздік, дөрекілік көрсетеді. Бұндай жағдайлармен біз күнделікті өмірде жиі ұшарасып жатамыз.
Бүгінгі тренинг- сабақта біз сендермен осы тақырып төңірегінде ой бөлісіп талқылайтын боламыз.
Топқа бөліну. Оқушыларды түсті гүлдер арқылы топтарға бөліп отырғызу.
</ Қызыл- қуанышты көңіл- күй, талпыныстың белгісі
Қызғылт сары- ұнамды көңіл- күй, нәзіктіктің белгісі
Сары - жағымды көңіл -күй, ақыл-парасаттың белгісі
«Мимикалық жағдаят».
Қатысушылар үш топқа бөлінгеннен кейін олардың топ басшылары ортаға шығып суреттерді таңдайды. Әр топ суретке байланысты, панто-мимикалық ситуация құрайды. Қалған екі команда олардың көрінісінен балалардың бойынан қандай көңіл-күйді байқағандығын әңгімелеп береді.
Ойланайық, пікірлесейік.
Балалар, өздерің тамашалаған әр көріністен адамдардың арасында болатын қарым-қатынастың әртүрлі болатындығын байқадыңдар.
Ендеше қазір сендер топпен белгілікті бір тақырып көлемінде постер жасап қорғайсыңдар.
1-топ: ренішіңді қалай басасың?
2-топ: мінез-құлық ережесін құрастыр.
3-топ: әдептілік ережесін құрастыр.
«Сөйлемді жалғастыр» жаттығуы.
1.Егер маған біреу дөрекі түрде сөйлесе, онда мен...
2.Егер маған көпшіліктің алдында сөз сөйлеу керек болса, онда мен ...
3. Сәтсіздікке ұшыраған кезде сен өзіңді кінәлайсың ба, әлде біреуді ме?
4.Сабақтан соң сен кезекішілік ете жүріп, ақша тауып алдың. Не істейсің?
5. Сыныптастарың саған соңғы сабақтан кетіп қоюды ұсынады. Бұл жағдайда сен не істер едің?
6. Сенің ойыңша мұғалім саған әділ баға қоймады. Сен не істер едің?
Ал енді өздеріңнің жағымды және жағымсыз мінез-құлықтарыңды мына кестеге толтырып жаза қойыңдар.
«Мен» тренингі
1.Алдарыңызға қағаз берілген, соған бір жеріне нүкте салыңыз
2.Ал тағы бір жеріне гүл салыңыз.
3.Ал тағы бір жеріне үй салыңыз.
4.Кактус өсімдігін салыңыз.
Нүктені бір нәрсеге пайдаландыңыз ба? Егер пайдалансаңыз, сіз алдыңызға мақсат қойып жұмыс жасайсыз. Гүл салдыңыз, оның жапырағы 2- ден көп болса, сіз өз пайдаңызды ойлайтын адам екенсіз. Ерекше гүл салған адам болса, ол кісі ортада өзін жақсы көрсетеді. Үй салдыңыз, үйді 2 немесе 3 қабатты салған адам бар ма? Онда сіз тәуекелге бел буатын адам екенсіз. Үйдің шатыры бар ма? Онда сіз биікке ұмтылатын адам екенсіз. Терезесі 2- ден көп болса сіз үйіңізге сәуле, жылу сыйлап отырған адамсыз. Есігіңіз сыртқа қарап немесе ашылып тұрса, сіз қонақжай екенсіз. Кактус өсімдігінің астына ыдысын салсаңыз, сіз жұмысты бастамас бұрын жақсы ойланып, берік шешім қабылдайтын адамсыз. Кактустың тікенегін сыртқа қаратып салсаңыз, сіз зияныңызды сыртқа тигізесіз.
Жағдаяттарды талдау.
1-топ. Нұрбол мен Арман бір үйдің балалары. Олар біраздан бері бір-біріне өкпелеп, сөйлеспейді. Үйде үнсіз ғана әрекет жасайды. Нұрбол үлкендігін ойлап, Арманда кешіре салғысы келгенімен, інісінің кішілік көрсету керектігі есіне түскенде, бұл ойынан айнып қалады. Ал Арман болса, ағасы үлкендік танытып, оны үнемі қамқорлыққа алуы тиіс деп кішіриетін емес. Бүгін ауылдан анасы телефон шалды. Телефон тұтқасын көтерген Арман ағасына ертең анасын вокзалдан күтіп алуы керектігін қалай айтарын білмей тұрып қалды.
2-топ. Айзере мен Айбек бір сыныпта оқиды. Айзере кітап оқығанды жақсы көреді, сабағын жақсы оқиды. Ал Айбек күні бойы телефонмен ойнайды, мультфильмдер қарайды, кітап оқығанды ұнатпайды. Айбектің оқу шапшаңдығы төмен болғандықтан, мұғалім көп тапсырма береді. Айзере Айбекке көмектескісі келеді, бірақ қалай көмектесерін білмейді.
3-топ.Бір үйдің екі қызы бар. Ата-анасы екеуіне бірдей жағдай жасайды. Бірақ ағайынды екі қыздың бірі ылғи, ешнәрсеге көңілі толмай, көңілсіз жүреді. Ал екіншісі, керісінше, шатшадыман. Себебі неде деп ойлайсыңдар?
«Кемпір» бейне роликті тамашалап, талдау.
«Сен адамдардың арасында өмір сүрудесің. Сенің әрбір қылығың, қадамың, тілегің айналаңдағы адамдарға әсерін тигізеді. Өзіңнің іс -әрекетіңді өзіңе өзің сұрақ қою арқылы тексеріп отыр: адамдарға зұлымдық , ыңғайсыздық жасамайсың ба? Өзіңе де, өзіңді қоршаған ортаға да жақсы болатындай етіп әрекет жаса»-деп орыстың ұлы педагогы В.А. Сухамлинский айтқан екен.
Кестенің 3-бағанын толтыру.
Қағаздан адам бейнесін қайшысыз жасап, сол адам бейнесіне қарым-қатынас формуласын жаздырып, жер шарының макетіне жабыстыру.
Шар ішіне бойымыздағы жағымсыз қасиеттерді толтыра үрлеп, тренинг-сабақ соңында аспанға ұшырамыз
"Аңса жаным"
Сөзі:М.Мақатаевтікі Әні:Т.Төлендиевтікі
Мен тілейін, жарқыным сен де тіле
Жақсылық орнасын де жер бетінде
Аққу тіле айдынның келбетіне
Айдын тіле аққуды
Айдын тіле аққуды
Айдын тіле аққуды тербетуге
Мен аңсаймын, сен-дағы аңса, жаным
Жақсыдан жайлап ескен жан самалын
Аңса жаным, зарығып шарша жаным
Қалса да қанша ғұмыр, қанша амалың
Мен аңсаймын, сен-дағы аңса, жаным
Жақсыдан жайлап ескен жан самалын
Аңса жаным, зарығып шарша жаным
Қалса да қанша ғұмыр, қанша амалың
Қорытынды:
Ойлағаныңыз тек оң болсын,
өйткені ойлағандарыңыз - сөздеріңіз болады.
Сөздеріңіз тек оң болсын,
өйткені сөздеріңіз - әрекетіңіз болады.
Әрекетіңіз тек оң болсын,
өйткені әрекетіңіз - әдетіңіз болады.
Әдеттеріңіз оң болсын,
өйткені әдетіңіз - құндылығыңыз болады.
Құндылығыңыз оң болсын, өйткені құндылығыңыз - тағдырыңыз болады.