- Учителю
- Психология 'Жасөспірімдердің құқық бұзушылық іс-әрекетінің алдын алу'
Психология 'Жасөспірімдердің құқық бұзушылық іс-әрекетінің алдын алу'
УДК 139.922
И.Ә. ӘБЕУОВА - к.п.н., доцент.
Казахский Государственный Женский Педагогический Университет. г. Алматы
Г.О. ЖАМАНБАЕВА - магистрант.
Казахский Государственный Женский Педагогический Университет. г. Алматы
Жасөспірімдердің құқық бұзушылық іс-әрекетінің алдын алу
АННОТАЦИЯ: Цель данной статьи дать подросткам правовое воспитание, предупредить некоторые нарушения закона учащимися, провести агитацию среди подростков, обеспечить необходимыми знаниями закона подростков. Дается описание того, что именно такое правовое воспитание будет эффективным. Показано, что уровень нарушений закона среди молодого поколения напрямую связан с уровнем знаний и культуры их родителей. Доказано, что причиной склонности к уходу по пути правонарушения большинства подростков, поддающихся влиянию взрослых, является вина средней школы и их родителей.
ANNOTATION: The purpose of this paper is to give teen's legal education, to prevent certain violations of the law students conduct propaganda among adolescents, to provide the necessary knowledge of the law of adolescents. The description of what exactly is the legal education to be effective is given. It is shown that the level of violations of the law among young people is directly linked to the level of knowledge and culture of their parents. Proved that the cause of the propensity to care for the way the offense most of the teenagers, be influenced adults, fault is a secondary school and their parents.
Жасөспірімдердің құқық бұзушылығының терең тамырлануы кімді болса да, алаңдатпай қоймайды. Құқықтық мемлекетке қадам басқан шақта қоғамда саналы адамды қалыптастыру мемлекетіміздің негізгі міндеттерінің бірі болатын болса, ол міндетті іске асырудағы басты мақсат жасөспірімді жаңа рухта, жаңа көзқараста тәрбиелеуден айқын көрінеді. Оқушылардың құқық бұзушылығының алдын алу шарасы мектептегі құқықтық тәрбие беру, білім ісімен атқарылады. Құқықтық білім қабылданған ережелер мен талаптарды меңгеру адамнан талап ету нәтижесінде қалыптасады.
Құқықтық тәрбие - жасөспірімдер арасында заң ұғымдарын насихаттай отырып, жасөспірімдерді қажетті заңдық білімдермен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Жастарымыз заңның негізгі принциптерін біліп қана қоймай, оны меңгере де білуі қажет. Сонда ғана құқықтық тәрбие тиімді жүргізіледі деп есептеледі. Құқықтық білім әр адамға қойылатын талаптарды, ережелерді меңгеру, оның мәнін түсіну негізінде азаматтық міндеттерді білу, жасөспірімге өзге адамдардың қателіктері мен кемшіліктерін көруге және де өзінің мұндай қателіктерді қайталамауына көмектеседі. Осы білім терiс әрекеттердің дер кезінде алдын алудағы тәсiлге айналады. Құқықтық сананың дамуы - адамның барлық өмірін дерлік қамтитын ұзақ, күрделі және қарама-қайшылықты үрдіс. Бірақ көптеген көзқарастар, өмірлік ұстаным, мінез-құлық мотивтері балалық шақта қалыптасады. Жеке тұлғаның қалыптасуы кезеңінде құқықты түсінуі және оған деген қатынасының дамуы, кейін құқықтық ортада өзін ұстауына ықпал етеді [1].
Қазақстан Республикасының Конститутциясында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» (1-бап). «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады. Олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұнымен қолданылуы осыған қарай анықталады» (12-бап) . «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» (14-бап.1т). « Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы. Кәмелетке толмаған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті делінген» (27-бап) [2] .
Жанұяның жасөспірімге тәрбиелік әсері тікелей және жанама түрдегі сипаттарда болады. Балаға құқықтық тәрбие берудегі жанұяның жанама түрдегі әсер етуі мыналардан көрінеді:
▪ жанұяның сандық құрамы;
▪ ата-анасының білім және мәдени деңгейі;
▪ ата-ананың бір-бірімен жанұяның басқа да мүшелерімен өзара қарым-қатынасының қалыптасу деңгейі;
▪ ата-ананың жұмыс бастылығы.
Құқық бұзушы көптеген жасөспірімдер баласы аз және толық емес отбасында тәрбиеленген. Отбасы - бұл ұжым. Отбасы ұжымдық белгілерін жоғалтса, өзінің тәрбиелік рөлінің көп бөлігінен айрылады. Үлкен жанұяның өмірі балаға адамдық қатынастардың әр түрінің мүмкіндіктерін көрсетеді. Көп балалы жанұядан өскен балалар қоғамның белсенді мүшелері болып оңай қалыптасады. Ал бала жалғыз болып өссе, ол өзіне үнемі зейін аударғанға үйреніп, өзімшіл болып өседі. Жастар арасындағы заң бұзушы әрекеттердің деңгейі ата-аналардың білімі мен мәдениет деңгейіне тікелей байланысты. Жалпы жасөспірімнің құқық бұзушылық жолына тез икемделіп, ересектер ықпалына еруі - мектеп пен ата-анасының кінәсі. Егер ата-ана баласының сабақтан тыс уақытта қандай іспен шұғылданып жүргенін күнделікті бақылап отырған болса, өкінішті жайлардың аз болары сөзсіз. Баланың достарының кім екенін, мектепте қалай оқитынын қадағалау ата-ана тарапынан күнделікті дағдыға айналса, бақылаудың барын сезінген бала құқық бұзушылыққа сирек барар еді. Кез келген баланың ең алғашқы тәрбиешісі - ата-ана, яғни жасөспірімді сапалы тәрбиелеуге ықпал етуші негізгі субъект. Жасөспірімді құқықтық тәрбиелеу ойдағыдай жүзеге асуы үшін тек жанұяның әсері аз болатынын ескергеніміз жөн. Сондықтан да, баланың уақыты көбіне мектепте өткендіктен мектеп пен жанұя тәрбиені сапалы жүзеге асыру үшін тығыз байланысты болулары қажет. Мектеп пен жанұя арасындағы қатынас ата-аналар комитеттерін ұйымдастыру арқылы жүзеге асады. Құқықтық тәрбиеге байланысты іс-әрекеттер мазмұны - құқық бұзушылық әрекеттерге арқау болар жағдайларды (өмір мен тәрбиедегі қолайсыз жайттарды) жою; оқушылардың өмірі мен тәрбиесіне орай жағдайлар мен оларды қоршаған ортаны зерттеу; тәрбиеленушінің жеке ұстанымдарына түзетулер енгізу. Құқықтық тәрбие беру жанұядан басталып, мектепте жалғастырылса, құқықтық сананың қалыптасуында табысқа жетуге болар еді.
Жасөспірімдік кезең - балалық шақтан ересектікке өтетін, үнемі қиын, критикалық қақтығыстық деп сипатталатын адам онтогенезінің күрделі кезеңі. Жасөспірімдік шақ (11-13, 14-15 жас) өтпелі кезең, бұл биологиялық өзгерістер кезеңі және жыныстық даму кезеңі. Әлеуметтік тұрғыдан жасөспірімдік кезең алғашқы әлеуметтенудің жалғасы. Бұл кезде балалар мектеп жасында болады және ата-ана қамқорлығында, олардың басты әрекеті - оқу болуы тиіс. Бұл кезең балалықтың соңы мен одан өсу кезеңі. Жасөспірім кезеңінің дағдарысы оның өзі мен қатарластары арасындағы қатынасын қайта құруына әкеледі. Жасөспірім қатарластарымен байланысты қажет етеді, олардың ортасында өзінің тұлға ретінде бекуінің, олардың пікірімен санасуды қажет етеді. Бұл өз кезегінде ересектердің ашуын келтіруі мүмкін. Мұндай құбылыстар бұл жаста өзінен- өзі пайда болмайды. Олар жасөспірімдік шақтағы өзіндік санаға, өзін-өзі бағалауға, жеке адам негізінің қалануына байланысты туындап, жеке адамның өзін-өзі тануы мен өзін-өзі реттеуінде үлкен роль атқарады. Өзін-өзі бағалаудың, өзіндік сананың қалыптасуы өзі секілділерімен қатынастар процесінде туады.
Жасөспірімнің өзін-өзі тануы қолайлы жағдайда өтуі керек және ол әлеуметтік мәні бар пайдалы әрекетке негізделуі керек. Балалардың әлеуметтік икемделуіне әр түрлі жүйке аурулары, ауытқулар да кедергі келтіруі мүмкін. Жасөспірімдер психикасының жас балалар мен ересектердің психикасымен салыстырғанда өзгешеліктері бар. Бұлар импульсивтік, жоғары әсерленгіштік, қызбалыққа тез түсіп, көңіл күйінің тұрақсыздығы, өз-өзіне сенімсіздік бiлдiру, өз әрекетінің дұрыстығына жиі күмәндану болып табылады. Олардың бойындағы психикалық қасиеттер мәселен, мақсаттылық пен табандылық, тұрақсыздыққа, өзiн-өзі сыйламаушылық, сенімсіздік пен жабырқаушылыққа жиі алмасып отырады. Бала бойындағы осы қасиеттер құбылмалылығын көрсетеді. Бұл сияқты құбылмалы психикалық қасиеттер - жасөспірімдердің қылмыстық жолға оңай түсіп кетуіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Бұл оның айқын дәлелі.
Кез келген жасөспірім өз бетінше әрекет етуге, өзін-өзі тәрбиелеуге қабілетті. Ол өзін-өзі ұйымдастырушы жүйе ретінде таныла отырып, тәрбиеленудің тек объектісі ғана емес, сонымен бірге субъектісі болып танылады, сондықтан жасөспірімді жай оқытып және тәрбиелеп қана қою аз. Сондай-ақ оны өзін-өзі тәрбиелеу мен саналы түрде өзiн-өзi жетiлдiруге үйрету қажет. Көптеген жағдайларда сыныптас балалардың өзіне деген нашар қарым-қатынасын жақын қабылдап, қатты күйзеліске түсетін оқушылар да табылады. Сыныптастарымен қарым-қатынаста қанағаттанбағандықтан, олар қоғамға жат әрекеттерді танытып кейде кері әрекеттерге ұрындыруы, көбінесе сабаққа үлгермеушілікте құқық бұзуға себепші бола алады. Осыған байланысты педагогикалық проблемалардың маңызды жақтары туындайды. Өзін оқшау ұстайтын баланы сыныпта ешкім жақсы көрмейді, ешкім достасқысы келмейді, бұл -психологиялық құбылыстың бiр ерекшелiгi. Достарымен қатынасының болмауы баланың жеке басына әсер етеді, тәртібінің өзгере бастауы көрінеді. Оқшауланып қалған, жалғыздық шеккен балалар құқық бұзушы балалар санын толықтырады[3].
Жанұядағы тәрбие жұмыстарынан кеткен қателіктер, кемшіліктер, жинақталып келіп қоғамдық тәрбиедегі қателіктерімен байланысып, балалардың тәртібін одан әрі шиеленістіре береді.
Қазіргі психологияда девиантты мінез-құлық пен соған лайық заң бұзушылықтардың бастауын әлеуметтік мәдени және педагогикалық қараусыз қалушылықтан іздеу қалыптасқан. Бұл әлеуметтік топқа әртүрлі ұғымдар қолданылады: «тәрбиелеуге қиын», «дағдарысты», «педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалған», «дезадаптивті», «қалыпты жағдай бұзылған», «асоциалды», «делинквентті» және т.б. Ауытқыған мінез-құлық табиғаты әртүрлі. Мінез-құлықтағы бұзылулар тұлғаның ерекшеліктерімен тығыз байланысты қарастырылады. Абрумова А.Г., Жезлова Л.Б. девиантты мінез-құлық түрлерінің әлеуметтік психологиялық тәсілге негізділген тұжырымын ұсынды. Олар балалар мен жасөспірімдердегі девиантты мінез-құлықтың негізгі төрт түрін бөліп көрсетеді:
1. Тәртіпке қарсы мінез-құлық;
2. Антиәлеуметтік (қоғамға қарсы);
3. Делинквентті (құқыққа қайшы келетін);
4. Аутоагрессивті мінез-құлық.
Девиантты мінез-құлықтың тәртіпке қарсы түріне оқу-тәрбиелеу мекемелерінде қалыптасқан режим мен тәртіпті бұзу жатады, мысалы сабақтан күнделікті қалу, оқу тапсырмаларын орындаудан бас тарту және т.б.
Антиәлеуметтік мінез-құлыққа көпшілік мақұлданған өнегелі нормаларды мойындамау мен орындамауға байланысты қылықтарды, оқу мен еңбек әрекеттерінен бас тартуды, кезбелікті, ерте жыныстық қатынасқа түсуді, сексуалды ұстамсыздықты, ішімдік ішу, нашақорлық, улы заттарды қолдануды жатқызуға болады.
«Делинквентті мінез-құлық» ұғымы кәмелетке толмағандар құқықты бұзу әрекеттерін жасаған кезде ғана қолданылады. Бұған - біреудің мүлкін қорқытып тартып алу, көліктерді ұрлау сынды заң бұзушы әрекеттер жатады. Бұндай жағдайда емдеу мен оңалту мақсатында дер кезінде диагностика жасау, сонымен қатар мінез-құлықтың бұзылуының ең ауыр формалары мен баланың жеке тұлғалық дезадаптациясының алдын алу қажет. Оларға әртүрлі этиологияның көптеген психикалық күйлері, есалаңдықтың және мінез акцентуациясының кейбір формалары, тұлғаның психогенді шартты патомінездікке жатады.
Мінез-құлықтың патологиялық емес формаларына микроәлеуметтік қараусыз қалу және бас тартудың, қарсы шығудың, имитацияның ситуативтік мінездік реакциялары, құрдастарымен топтасу, эмансипация, үйден қашу, құмарлық, компенсация және гиперкомпенсация, сексуалды құштарлық, жас кезінен жезөкшелікке салыну және т.б. жатады. Тәрбиелеудің қолайлы жағдайларында жасөспірімдердің жоғарыда көрсетілген ерекшеліктерін лайық әлеуметтік жағымды әрекеттер көмегімен жоюға болады. Әлеуметтік қолайсыз жағдайларда бұл ерекшеліктер зиянды ықпалды өршітіп, негативті бағыт алады.
Психологиялық шиленісушілік атмосферасы, отбасында кикілжіндердің жиі болуы балаға қатты әсер етеді және көбінесе бірден теріс әсер етеді. Бұндай күйде балалар ықпалға тез көнеді, өйткені олар ішкі күйзелісінен арылуға тырысады. Отбасындағы сәтсіз жағдайлар әртүрлі болады - ұрыстар мен өзара түсініспеушіліктер, жаcөспірімге деген ата-ана мейірімінің жетіспеушілігі. Өмірдің әртүрлі кезеңінде осы факторлардың әрқайсысы келеңсіздік тудыруы мүмкін, бірақ олардың ықпалы әртүрлі болады [4].
Құқық бұзушылыққа басты себеп - баланың пайдалы iспен айналыспауы десек, жоғарғыда айтып кеткендей, оның бос сандалыстан көп өкініштерге ұрынып жататыны айтпаса да түсінікті. Мектептен тыс уақытта кітап оқу, үйірмеге қатысу, көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысу, не болмаса спорттың көптеген түрлерімен айналысу - қазіргі кезде жасөспірімнің әрекетінен қалып бара жатқан құбылыс, әрине бұл жерде бұл бала өзіне пайдалы іспен айналыспай, бос сандалыспен күй кешеді деген жаңсақ пікір тумаса керек.
Құқық бұзуға бейім жасөспірімдердің мінез-құлық типологиясын А.Ф. Лазурский (1921), С.В.Познышев (1926), Г.М.Миньковский(1971), Г.Г.Бочкаров (1968), А.Г.Деев (1981), К.Е.Игошев (1974), Ю.М. Антонян (1989), Е.Г.Самовичев (1991), М.И.Еникеев (1996) және т.б. жасады.
В.Ф.Пирожков құқық бұзуға бейім жасөспірімдердің мінез-құлқын төмендегіше бөледі:
1). Біреудің табысы арқылы күн көруге, қоғамдық пайдалы іспен айналысудан бас тартатындар;
2). Басқаларға әлімжеттік, қиянатшылық жасайтын дүниеқор адамдар;
3). Мекеме қызметіне іріткі салушылар;
4). Дауқұмарлыққа бейім адамдар[5].
Өтпелі кезеңде жасөспірімнің еліктегіш келетіні, жақсыға ұмтылу, ұқсағысы келетіні, қайталағысы келетіні белгілі. Өтпелі кезеңнің «құйын» сияқты өткінші елестерге толы болуы бала өміріне қауіп төндірері де сондықтан. Жасөспірімдердің еліктеуінің салдары құқық бұзуы, қызғушылығының әсерінен «қылмыс» істеуі, көбінесе осы шақта жүзеге асады.
Еліміздің құқықтық мәдениеті әдептілік ережелер мен заңдар, кодекстер, жарғылар, қосымша баптар арқылы қалыптасуымен қатар, халқымыздың қасиетті болмысына сәйкес салт-саналық өнегелі үрдістермен ерекшеленіп тұр. Мектептегі әрбір оқу пәні құқықтық ұғымдар мен ережелерді анықтау үшін үлкен мүмкіндіктер береді. Жасөспірімдерге теріс көзқарастардың және одан туындайтын нәтижелердің тек қана қоршаған адамдарға ғана емес, сонымен бірге ең алдымен олардың өздеріне зиян келтіретіндігін түсіндіру және соған көздерін жеткізу қажет. Сонымен бірге, жасөспірімдердің қылмысының алдын алу үшін олардың оқу міндетін орындауға деген теріс қатынасын жою керек. Білім деңгейінің төмендігі, жасөспірімдердің тәрбиесіздігі - олардың қылмыс жасауының себептерінің бірі болып табылады. Демек, қылмыстық әрекеттті көбіне білім деңгейі төмен жасөспірімдер жасайды деуге болады.
Жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, осы арқылы олардың арасындағы қылмыстың алдын алу олардың білім және мәдени деңгейін көтерумен ұштасатын мәселе. Олай болса бұл мәселені жүзеге асыруда халыққа білім беру бөлімдері, мәдениет және қоғамдық ұйымдар белсенді қызмет көрсетуі, әрі бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешуі тиіс. Осыған орай жастарды кітап оқып, театрға баруға, жалпы рухани өсуге ынталандыру, олардың өмірге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру мақсатында үкімет арнайы бағдарлама қабылдап, онда жастар тәрбиесіне қатысты барлық мәселелер қарастырылуы қажет.
Оның үстіне педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалған жасөспірiмдер қылмыскерлердің негізгі тобын құрайтындығы баршаға белгілі.
Педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалған жасөспірімдерді мынадай 4 топқа бөлуге болады:
1) Тентек немесе ерке;
2) Отбасы тарапынан шеттету, көзтүрткі көрген жасөспірімдер;
3) Қараусыз қалған балалар;
4) Жат әрекеттердің тұрақты ықпалындағы және ересектердің құқыққа қарсы талаптары әсеріндегі жасөспірімдер.
Бала бойында еңбекке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру аса маңызды мәнге ие. Өйткені кез-келген жасөспірімді ең әуелі отбасы, одан кейін мектеп және барлық жағдайда еңбек тәрбиелейді. Еңбек ету қажеттілігі болған жерде тәртіптің бұзылуы және жасөспірімдердің қылмыстық әрекеті өте сирек кездеседі. Адамның қоғамдық белсенділігі оқуға, спортқа, көркем өнерге деген қызығушылықты арттырады, сонымен бір мезгілде жат әрекеттерге тежеуіш болады. Әсіресе, соңғы кезде жасөспірімдердің топқа біріге отырып әрекет етуі жиі байқалады. Жасөспірімдер тобында қызығушылық пен еліктеушiлiктiң жоғары деңгейі, топ мүшелерін өз дегеніне көндіру, көңіл күйдің жұқпалылығы, және де мұндай көңіл күйдің қылмыстық акт барысында өзге топ мүшелеріне берілуі байқалады.
Жасөспірімдер өздерінің психофизиологиялық қасиеттерінің толық деңгейде дамып-жетілмеуі және тұрақсыздығы негізінде, ересектердің және де тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың белсенді, мақсатты және қатаң түрде жүргізілетін қайта тәрбиелеу жұмыстарынсыз өз сана-сезіміндегі және жүріс-тұрыс әрекетіндегі кемшіліктерді өз бетінше шеше алмайды.
Жасөспірімдерді жамандықтан үнемі қорғаштап отыру, өмірде кездесіп отыратын қиындықтар жөнінде сөз қозғамау, олардан жекелеген адамдар тарапынан жасалатын бейморальдық және қоғамқа қарсы әрекеттерді, әділетсіздік пен жалғандықты жасыру, мұндай құбылыстар кездескен жағдайда оған төтеп беріп, қажет болған жерлерде шыдамдылық білдіруге, қастандық әрекеттермен күрес жүргізуге тәрбиелемеу олардың тұлғасының әлсіздігіне, қиындыққа шыдай алмай теріс жолға оңай түрде түсуіне, қиындықпен бетпе-бет кездескен кезде, олардың бойында өмірден түңілу сезімі қалыптасып, армандары мен сенімдерінің күйреуіне әкеп соғады. [6].
Кез-келген адам өз бетінше әрекет етуге, өзін-өзі реттеуге, тәрбиелеуге қабілетті, өзін-өзі ұйымдастырушы жүйе ретінде таныла отырып, тәрбиелеудің тек объектісі ғана емес, сонымен бірге субъектісі болып танылады. Сондықтан, баланы жай оқытып және тәрбиелеп қана қою аз. Сондай-ақ оны өзін-өзі тәрбиелеумен саналы түрде айналысуға үйрету қажет. Стихиялы түрде өзін-өзі тәрбиелеу, сана-сезімнің төмендеуін тудырады, сөйтіп белгілі бір деңгейде қылмыскер тұлғасының қалыптасуына себепші болады және оны түзеуге бөгет жасайды. Ал, саналы позитивті түрде өзін-өзі тәрбиелеу дегеніміз - өмірде алға қойған мақсатына қол жеткізу, әрі жоғары деңгейде әрекет етуге дайын болу қабілеттігі мен қасиеттерін, моральдық және физикалық күштерін, ақыл-ойын дамыту үшін ерікті, белсенді және ғылыми түрде әрекет ету процесі болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жукешов К.М, Ибраева А.С, Алибаева Г.А, Основы правоведения. Программы для 10 класса средней общеобразовательной школы естественно-математического направления -Алматы, 2006-c.45
-
Қазақстан Республикасының Конститутциясы -Алматы: Жеті жарғы. 1998-100б.
-
Д.И.Ордагулова, Л.О. Баймолдина. ҚазҰУ хабаршысы. Психология және социлогия сериясы №1, 28б.
-
Мадин И.Е, Керимов Л.К. «Қиын» оқушыларды тәрбиелеу мәселелері. -Алматы, 1974, 47б.
-
Ж Садыкова Девиантология журнал № 1 Алматы 2009.35б.
-
Ли А.Н. Проблемы предупреждения преступности учащихся общеобразовательных школ РК дисс 20.12.2009г.-c.78