- Учителю
- Тәрбие сағаты 'Бағдаршам біздің досымыз'
Тәрбие сағаты 'Бағдаршам біздің досымыз'
Тәрбие сағат тақырыбы: «Бағдаршам- біздің досымыз»
Тәрбие сағат мақсаты:
-
Жол ережесін қатаң сақтауға дағдыландыра отырып, көше ережесіне
байланысты ұғымдар мен терминдерді білу адам өмірі үшін қажеттілігін түсіндіру; Жол белгілерін ажырата білуге баулу, жолда жүру мәдениетін қалыптастыру.
-
Жолда жүру ережесін сақтауға тәрбиелеу, әдептілікке, өзара достыққа
тәрбиелеу.
Тәрббие сағат көрнекілігі: Жол белгілері, бағдаршам суреті, АКТ.
Тәрбие сағатының жүрісі:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Мұғалім:
-Балалар біз бүгін «Бағдаршам біздің досымыз» тақырыбында тәрбие сағатын өткіземіз.
Жолда жүру ережелеріне арналған тәрбие сағатымызды Шөмішбай Сариевтің мына өлең жолдарымен бастаймыз.
Арманға алдан күткен асығамыз,
Біз қалай толқын атпай басылармыз.
Жол жүру ережесін жақсы біліп,
Сақтықта тұра алатын жас ұланбыз.
Жалғайтын достастырып бар елменен,
Жолдардан тұрады ғой әлем деген.
Бүгінгі бізге келген қонақтарға,
Алдымен беріледі сәлем деген.
Экраннан слайд:
Ертеде көліктің қазіргідей түрі болмаған заманда адамдар ат жеккен күйменен жердің тегіс жерімен баяу жүретін. Келе-келе жолдың қажеттілігі туды. Қазақстанның асфальт жолдарындағы қазіргі заманымызға лайықты дүниеге келген сан түрлі маркалы автомобильдерді айтсаңызшы! Жаңа ғасыр техникасының өркендеп, дәуірлеген заманы болды. Маңайымызда қаптаған техникадан жолда жүріп-тұруымызға қиындық туды. Сондықтан бізге көмектесу мақсатында бағдаршам дүниеге келді.
1870 жылы Америкада электр бағдаршамдары пайда болды. Бертін келе оны автомат жүйесі арқылы басқару ойластырылды. Ал бүгінгі таңда бағдаршамды электронды есептеу машинасы арқылы басқару жүзеге асырылған. Қазақстанда бағдаршамдар барлық ірі қалаларда орнатылған.
Жол белгілерінің қандай белгілерді білдіретіні туралы түсінік беру.
Мұғалім:
Енді бүгінгі «Бағдаршам біздің досымыз» тақырыбы бойынша сынып оқушылары топқа бөлініп сайысқа шығады. Осы топтармен танысып өтейік.
І топ. «Бағдаршам» Топтың ұраны: Тоқта! Сақтан! Жол ашық! жүрме жолға таласып.
ІІ топ. «Жүргізуші» Топтың ұраны: Үйрен таппай тыным бір, белгілердің тілін біл!
ІІІ топ. «Аялдама» Топтың ұраны: Жол тәртібін білейік, аман-есен жүрейік!
Сайыс болған жерде әділ бағасы берілу керек. Әділ бағаларын беру үшін қазылар алқасымен таныс болайық.
Сайыс шарттарымен таныстырып өтейін
1-бөлім. Жол ережелері мен жол белгілері туралы мақал-мәтел айту және жол белгісінің қандай белгіні білдіретінін табу.
2-бөлім. Викториналық сұрақтар.
3-бөлім. «Кім жылдам» жол белгілерін құрастыру.
Сайысымызды бастамас бұрын жол ережелері мен жол белгілеріне арналған өлең-шумақтар айтып өтейік.
Жолға шықсаң далаға,
Жол оңай деп санама.
Ережені әрқашан,
Қатаң ұста санаңда.
Бөгет болма басқаға,
Жүрексініп саспа да,
Жаңылысса көмектес,
Қарттар менен жас бала.
Қай көше, қай қалаға барсаңыз да,
Қай ақыл өлшеміне салсаңызда,
Жол жүру ережесі заңды тәртіп
Ол -ортақ
Үлкен-кіші баршамызға.
Қызыл көзін ашқанда,
Сынық сүйем баспа алға.
Сары көзін ашқанда,
Қарап қалма аспанға.
Жасыл көзін ашқанда,
Өте бергін жасқанба.
Ескерту белгі:
Өзі қызыл, үшбұрышты ескертуің мен болам,
Хабарлайтын бар қауіпті, оң сапарды жолдаған.
Тыйым салу:
Мен бәріне әрқашанда тыйым салып тұрамын,
Қауіп болса алда тұрған, жібермеймін бір адым.
Түсім қызыл, өзім шеңбер сызық болып бітемін,
Осы жолы үндемеймін, барма тағы сұрағың?
Анықтама:
Белгімен көрсетер жылдамдық пен бағытты
Ой, шұңқыр, бұрылыс, қатерді, қауіпті.
Барлығын да анықтап көрсетіп жіберем,
Сондықтан бәрі де мені тез таныпты.
Баратын сапардың қашығын, тұрағын,
Үн-түнсіз жол сілтеп, көрсетіп тұрамын.
Төрт топтан құрылған белгілер туыстай,
Жөн сілтеп тұрамыз у-шусыз ұрыспай.
Мұғалім: Жол белгілерін, міндеттеріңізді жақсы біледі екенсіңдер. Сендерге көп рахмет. Ендеше сайысымызды бастайық:
1-бөлім. Жол ережелері мен жол белгілері туралы мақал-мәтел айту жол белгісінің қандай белгіні білдіретінін табу.
1-сұрақ: Абайла, балалар!
2-сұрақ: Белгілі-бір жылдамдықтан асырмау!
3-сұрақ: Жаяу жүргіншілер жолы!
4-сұрақ: Тұрақтауға да, тоқтауға да тыйым салынған!
5-сұрақ: Дыбыстық дабылдарға тыйым салынған!
6-сұрақ: Велосипедпен жүруге рұқсат жоқ!
7-сұрақ: Тіке және оңға бұрылуға рұқсат белгісі!
8-сұрақ: Солға бұрылуға рұқсат белгісі!
Мұғалім: Әділ-қазылардан ұпай санын сұрайық.
2-бөлім. Ал енді, балалар, олай болса, қазір жұмбақ шешіп, викториналық сұрақтарға жауап беріп көрелік. Әр топқа жұмбағы мен викториналық сұрағы жасырылған тапсырма қағаз тарату. Жұмбақтарын алғаш шешкен топ, басқа топтарға сұрағын қояды.
1-жұмбақ: Арқаным бар тым ұзын,
Ала алмайсың бір үзім.
Ақылға салып ойланып,
Тапшы мұны пысығым. (Жол)
-
Көшеде бағдаршам болмаса не істеу керек?
(Өз көзіне сену керек, жол ортасына жеткенше, әуелі сол жаққа қара, ортасынан асқан соң, оң жаққа мойныңды бұр)
2-жұмбақ: Жалғаған ел ортасын, Жатыр тосып арқасын. (көпір)
-
Қандай көліктің түрлеріне бағдаршамның қызыл жарығына жүруге
рұқсат етеді? (жедел-жәрдем, полиция, өрт машиналарына)
-
Жақындап қалған көліктің алдынан жүгіру неліктен қауіпті?
(Жүргізуші көлікті тоқтата алмауы себепті адам өміріне қауіп төнеді)
3-жұмбақ: Бұйырмапты бас та, ауыз да, құлақта,
Бақырайған үш көзі бар бірақ та. (Бағдаршам)
-
Жолаушы таситын қоғамдық көліктерді қай жерден күтеді? (аялдамада)
-
Велосипедпен неше жастан бастап жолмен жүруге рұқсат етіледі?
(14жастан)
Мұғалім: Әділ-қазылар алқасынан ұпай санын сұраймыз.
3-бөлім. «Кім жылдам» жол белгілеріне байланысты берілген суретті құрастыру және қандай белгі екенін анықтау.
Мұғалім: Әділ-қазылар алқасынан ұпай санын сұраймыз.
Осымен жолда жүру ережелеріне арналған тәрбие сағатына арналған сайысымыз өз мәресіне жетті, әділқазылар алқасы қорытынды шығарғанша көріністі тамашалайық.
Көрініс. «Үш көзді дәумен кездесу»
Көшеде арлы-берлі жүрген машиналар, ортада бағдаршам. Ортаға жүгіріп бала шығады.
Бала: Қап мына көшеден қалай өтіп кетсем екен а, жолда машиналар көп екен. «Тәуекел» көшені кесіп жүгіріп өтіп кетейін.
Бағдаршам:- Ей, тоқта! қайда барасың?
Бала: - А а.. Сен кімсің?
Бағдаршам:- Мен бағдаршаммын, сен көше тәртібін бұздың.
Бала: - Қалай? Қашан?
Бағдаршам:- Сен қызыл көзім жанып тұрғанда көшені өтіп кетпек болдыңғой, сенің бұның дұрыс емес.
Бала: - Енді қалай өтуім керек еді.
Бағдаршам: - Сен мені жақсылап тыңдап айтқандарымды ұғып ал. Мына менің қызыл көзім жанғанда жолға қарай жүруге болмайды, ал сары көзім жанғанда жолдан өтуге дайындал-деген белгі берем, ал жасыл көзім жанғанда жолдан өтуге рұқсат, өте бер, - деген белгіні білдіремін.
Бала: - Жарайды айтқаныңызды ұқтым, сенің айтқаның бойынша жүретін боламын.
Мұғалім: Әділ-қазылар алқасынан сайыс қорытындысын сұраймыз.
Қорытынды. Ән «Бағдаршам» аяқтау.
Ақшұқыр мектеп- лицей
Тәрбие сағаты
Тақырыбы: «Бағдаршам- біздің досымыз»
1 «в» сыныбы
Өткізген: Бекешова Қалдыгүл