- Учителю
- Жаңа бағдарламаның тиімділігіне көз жеткізу жолдары
Жаңа бағдарламаның тиімділігіне көз жеткізу жолдары
Медеубаева Назигуль Кожасовна
Алматы облысы, Іле ауданы №10 орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі
ЖАҢА БАҒДАРЛАМАНЫҢ ТИІМДІЛІГІНЕ КӨЗ ЖЕТКІЗУ ЖОЛДАРЫ
Мен сөзімді бағдарламаның негізгі міндетінен бастасам деймін. Бағдарламаның негізгі міндеті -қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру мен бағалауға көмектесу.[Нұсқаулық, 12-бет] Енді осы бір міндетті елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Білімді, сауатты адамдар - бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші» деген сөзімен байланыстырып қарайтын болсақ, елімізде білім беру жүйесінің дамып, сандық емес сапалық жағынан жақсы көрсеткішке ие болуы үшін негізгі күш мұғалімдерге түсетіндігі айдан анық. Мен өз мамандығымның болашақ үшін маңыздылығын ұғынып, осы бағдарламаны игергеннен кейін,өз тәжірибемде бағдарламаның барлық мұғалімдердің алдына қойған міндеттерін орындауға тырыстым.
«Білім беру саласында әлемдік зерттеу нәтижесі оқыту мен оқу үдерістерінің қажетті дағдыларын терең меңгерген, кәсіптік қасиетке ие мұғалім ғана білімді сапалық тұрғыдан өзгерте алады» [Бағдарлама, 4-бет] (Barber мен Mourshad,2007) дегенге сүйенсек мұғалімнің кәсіптік қасиетін дамытуда жаңа әдіс-тәсілдер керек-ақ. Осы тұрғыдан бағдарламаның жеті модулінің ішінде «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модулі осы мәселені шешіп бергендей. Бағдарламаның мазмұнына ене бастағанда-ақ «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» сабақты жаңаша өтудің негізі кепілі болатынын сезе бастағандай едім. Ал тәжірибе кезінде сабақты жоспарлаудан бастап, өтілу барысы, оның нәтижелі болуы барлығы мұғалімнің шеберлігіне байланысты болса, мұғалімнің шеберлігін шыңдайтын осы жаңа тәсілдер екеніне көзім жетті. Бұл модуль яғни «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» бағдарламаның барлық жеті модулдерінің барлығы қарастыратын идеяларды қамтиды делінген. [Нұсқаулық, 12-бет]
Міне, мен өз іс-тәжірибемде осы жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалануға тырысып келемін. Және оның тиімділігіне көз жеткізуге болатын бір сабақ үлгісін ұсынғалы отырмын.
Әдебиеттік оқу пәні, 3-сынып
Сабақтың тақырыбы: М. Әуезов. «Күзгі құс керуені»
Жалпы мақсаты: Оқушылардың күз мезгілі туралы білімдерін толықтыру. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету. Түсініп, мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіру. Сөйлеу тілдерін дамыту.Табиғатты сүйіп, күзгі адам еңбегін бағалауға шақыру. Ынтымақтастықта жұмыс жасауға үйрету.
Негізгі мақсаты: Мәтінмен танысып, түсініп оқуға үйрету.Құс керуені ұғымын қалыптастыру.Тіл байлықтарын дамытып, жан-жақты болуға баулу.Құстарды аялауға шақыру. Ынтымақтастыққа баулу.
Оқу нәтижесі: Мәтінді түсініп оқи алады және оны жеткізе алады.Құс керуені туралы біледі.Тіл байлықтары дамып, сыни тұрғыдан ойлана алады.Топпен жұмыс жасай алады.
Түйінді идеясы: құстарға қамқорлық керек.
Сабақта қолданылатын модульдер:
-
Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер.
-
Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету.
-
Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау.
-
Оқыту мен оқудаАКТ-ны пайдалану.
-
Талантты және дарынды
-
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу.
-
Оқуды басқару және көшбасшылық.
Сабақтың барысы:
Сабақ жоспарлағанымдай нәтижелі болды, бірақ кемшіліктер де болмады деуге болмайды. Бұл жаңа форматтағы сабақтар неліктен сабақтардың бір-бірімен тығыз байланыста болу керектігін дәлелдей түседі. Осындай тұстарда мұғалім алдыңғы сабағына қарап, келесі сабақты жоспарлау керек екеніні көзім жете түседі. Енді осы жөнінде толығырақ тоқтала кетсем.
1-сурет Оқушыларды топқа бөлу кезеңі
Топқа бөлу. Топқа бөлуде өзіміз бұған дейін дәстүрлі сабақта пайдаланып келген заттық көрнекілікке сай сыныпқа жеміс-жидек алып келдім. Қызанақ , қияр, алма , алмұрт алып келіп, балаларға бір-біреуден таңдап алуды ұсындым. Алған көкөніс пен жемістерін ортадағы ыдысқа салып , балалар ұйымдасып отыра бастады. Осы жерде мен балалардың топқа бөлінуге қалыптаса бастағанын байқадым. Балалар жылдам түсініп, тез арада орналаса қалды. Содан соң әр топ өз жемістерін қорғау керек. Осы жерде балалар топтық жұмыс болғандықтан ойланып жауап береді екен. Бұл қуантарлық жағдай. Яғни оқушылар бірге ойлану керек екенін түсіне бастады. Ал бұл дегенің топты ынтымақтастыққа жетелейтін жол. Бірақ топқа бөлу кезінде балаларда бір қулық пайда бола бастағанын аңғардым. Балаларды қанша құпия түрде, тең дәрежеде бөлгенмен бір топ ішінде бірге отырғысы келетін балалар қатар отырғысы келеді. Кей жағдайда осы мәселе сабақтың тиімді өтуіне кедергі болып жататынын мойындауымыз керек. Осы жағдайды болдырмау үшін топқа бөлінгеннен кейін оқушылардың орналасуын да мұғалім қадағалау керек екен. Мен сабағымда осы жағдайға тап болып, тез арада шешімін таба білдім деп ойлаймын. Балаларға жылдам орындарын ауыстыруын ұсынып және оны өзім қадағалап отырдым. Себебі бір сабағымда дәл осылай екі дос бала қатар отырып қалып сабаққа аздап кедергі келтірген болатын. Осыдан түйгенім топқа бөлініп, балалар отырып жайғасып алғаннан соң да мұғалім балалардың орналасу ретін шолып шығуы керек. Ынтымақтастық атмосферасын орнатуда қиындықтар тудыратындай мәселелер болса, дер кезінде мұғалім 45 минуттың иесі ретінде реттеп отыру керек деп түйдім. «Өзгертілген оқу жоспары» әдістемесінің көмегімен сыныпта шағын топтарда орындалатын тапсырмалар дайындауға болады, бірақ топ құру кезінде барлық оқушылар үшін тиімді оқыту үдерісін ұйымдастыру икемділікті талап етеді»,-деген Эйрдің сөзін еске сала кетсем. [Нұсқаулық, 75-бет]
2-сурет. Екінші топтың бағалау кезеңі.
Бағалауды ұсыну. Келесі бағалауды ұсыну кезеңіне тоқталайын. Бұл сабақта критерий арқылы топ басшысы бағалауын пайдаландым. Онда балаларға бірден «біз осылай бағалаймыз» демей, «Балалар бүгін әр топтан бір оқушы бағалап отырса. Ол үшін біз ол оқушыға қалай бағалау керек екеніне көмектесуіміз керек қой. Сондықтан бағалау шарттарын құрып алсақ. Біз бүгін нені біліп, нені ұғынуымыз керек, ойланайықшы», -деп жетелеу сұрағы қойылды. Алдымен әр топтан бір оқушы сайланды. Арнайы дайындалған парақшаның бір жағына сол топ оқушыларының аты жазылды. Оны топта сайланған топ басшысы жазып отырды. Осыдан соң балалар шарттарды айта бастады.Олардың жауаптары «тыныш отырған адамға -5, Оқи алмай қалса -2» деген сияқты естіліп жатты. Балалар айтқан шарттарда аздап қателіктер болғандықтан оны түзеп, толықтырып отыруым керек болды. Дайын кестенің екінші жақ бағанасына шарттар жазылды. Сонымен мынадай шарттар құрылды:
- Үй тапсырмасын орындауы.
- Жаңа сабақты түсінуі.
- Оқуы.
- Топтық жұмысқа қатысу.
- Топ ережесін сақтауы.
Жалпы мен бұл әдісті пайдалануда қиын жағдайға тап болдым десем де болады. Кездескен кедергілерді атасам:
балаларға шарттарды құру қиынға соқты.
топ басшысын сайлауда да дау туды.
Бағалауда да аздаған келіспеушіліктер болып жатты.
Балаларға көмектесуім керек екенін байқап, топбасшыларын өзім сайлап беріп, жетелеу сұрақтарымен шарттар құрылды. Дегенмен осы бір әдіс кіші жастағы балаларда қиындықпен жүретіндей сезімде қалдым. Олардың жасерекшелігін, ойлау деңгейлерін есепке алсақ, бұл қиындық деп те есептелмеу керек деп ойлаймын. Сонымен шарттарын құрып алғаннан соң, сабақтың әр кезеңдерінде топбасшысы бағалаудың бестік жүйесімен бағалап отырды. Соңында қорытынды бағасын да қиналмай айтып берді. Енді осы жерде критериймен бағалаудың сабақтағы тиімділігін айтатын болсам, оқушылардың көбісі бағаланады. Және бағалау шынайы түрде жүргізіледі. Қай оқушының сабақта бағалана алмайтынын тез-ақ байқауға болады және ең бастысы оны оқушы өзі де сезіп отырады. Сабина атты үздік оқушылар қатарындағы оқушы топбасшысы болып, бағалаудан бас тартса, керісінше кей оқушы бағалауды жүргізіп отыра алатынына сенімді болып, топбасшысы болуға ынталы екенін айта алды. Және сабақ бойы осы жұмысты атқарып отырды. Балалар критерийлермен бағалауда әлі де болса нақты шешім қабылдай алмай, қиналатындықтарын мұғалімге жеткізе алды. Мен осының өзіне қуандым. Демек оқушы өзін-өзі бағалап отыр. Яғни бала өз бойындағы сенімсіздік танытатын тұсын байқады деген сөз. Бұл жерде оқушы тек қана өзі емес, достарын да бағалауы керек болғандықтан жауапкершілікті ұғынып тұр. Осы тұста егер мұғалімнің бағыттауы дұрыс ұйымдастырылса, ол оқушының енді достарына қарап сол сенімсіздіктен арылатынына сенімім мол. Мен осы сабағымда осындай жайтқа тап болдым. Енді алдағы уақытта әлгі оқушыны бақылауға алып, өзін-өзі бағалауға және достарын бағалауға деген сенімділігін қалыптастыру үшін жұмыс жасаймын деп ұйғардым. Және бастауыш сыныпта критериймен бағалаудағы жоғарыдағы кедергілерді жеңу үшін тек қана дағды керек екеніне көзім жетті. Ал ол өте бір аса қиындық еместігін ескеріп, алдағы уақытта балалардың дағдысын жетілдіруге күш саламын деп ойладым.
Үй тапсырмасы. Үй тапсырмасын сұрауда әр топқа түрлі тапсырмалар бердім. Бұл мүмкіндігінше мол мәліметті қамтуды қамтамасыз етеді. Сонымен бірінші топқа өлеңді мәнерлеп оқу, екінші топқа жапырақ туралы жиналған мәліметтерін ортаға салу, үшінші топқа автор туралы «Ыстық орындық» ойыны, топқа бір айналым сөйлесу әдісімен күз мезгілінің ерекшеліктерін айту тапсырылды. Осы әдістердің жақсы нәтиже көрсеткендерін атап кетсем.
3-сурет Мәліметтермен бөлісу
Екінші топтың жапырақ туралы жинаған мәліметтерін ортаға салуы өте ұтымды пайдаланылды. Балалардың кітапханаға барып, үлкендерден сұрап, құрдастарынан сауалнама арқылы жинаған мәліметтерін екінші топ жинап алып ортаға салды. Осы жерде оқушылар барлық мәліметтердің бір-бірімен ұқсас екенін айтып шағымданды. Мен оларға барлығынан қорытынды шығару керек екенін баса айттым. Осыдан соң барып топтан үш оқушы тақтаға шығып жапырақтың түсуінің түрлі себептерін, және жапырақ түсуі туралы қызықты мәліметтерді балаларға түсіндіріп қана қоймай, оған өз ойларын да білдіріп жатты. Бұл балалардың қызығушылығын арттырғанын байқадым. Әсіресе бір оқушының «жапырақтың түсуі тек қана жыл мезгіліне байланысты емес екен, оның басқа да себептері болады екен»,- деген жауабы балалар үшін жаңалық болды. Осындай мәліметтерді таба алғанына мен шыныменде қуандым. Осыдан соң-ақ сынып оқушыларының барлығы дерлік жапырақ туралы мәліметтерді әлі де болса іздестіретініне сенімім мол. Сауалнама жинау кезін әңгімелегенде бұл балалардың қызығушылығын арттырғанын байқадым. Сондықтан алдағы уақытта балаларға осыған ұқсас тапсырмаларды сеніммен тапсыруды ойладым.
4-сурет Ыстық орындықтан көрініс.
Үшінші топтың «ыстық орындыққа » жауап беруі өте қызғылықты да қызықты болды. Алдыңғы сабақтарымда пайдаланылғандықтан балалар қорықпай еркін, өз еріктерімен шыға бастады. Және сұрақтарды да балалар қоюға дағдыланып қалғандай. Дегенмен өз-өздеріне сенімсіз ойынға қатысуға дайын еместігін білдірген балалар да болды. Мен бақылай жүре сол балаларға көбірек сұрақ қойғызуға тырыстым. Ондағы мақсатым «бұлар мүмкін шынымен сабаққа дайын емес шығар, автор туралы оқымай келген шығар»,- деген ой болды. Осы ойымды сынау үшін сол балаларға баса назар аудардым. Бірақ байқағаным олар сұрақ қоюға кәдімгідей-ақ қатысып отырды. Демек балалар бойында ортаға шығуға деген қорқыныш болғанына көзім жетті. Мен балаларды қинамай, олардың өз еріктерімен шыққанын қаладым. Сондықтан дәл осы сабақта оларды шығарып қинаудың керегі жоқ деп ойладым. Олардың да осы ойынға қатысуын келесі сабақтарда яғни балалар өздері қалаған уақытта жүзеге асыру керек деп шештім. Басқа екі топтың да жұмыстары ортаға салынып, мәнерлеп оқу тыңдалды және күз мезгілінің ерекшелігін айқындайтын «бір айналым сөйлесу» де жақсы нәтиже көрсетті.
Қызығушылықты ояту. Осыдан соң балалардың сыни тұрғыдан ойлана отырып, жаңа сабақтың тақырыбын ашуға мүмкіндік беретін Н.Өнербаевтың орындауында «Құстар қайтып барады» бейнебаянын интербелсенді тақта арқылы тыңдаттым. Балалар ұйып тыңдады. Сыныпта сілтідей тыныштық орнады. Кей сезімтал балалардың бет-әлпетінен мұңаю ма, аянышты ма бір сезімдер байқағандай болдым. Қайырмасына келгенде кей балалар қосылып айтып та отырды. Осындай бір сезіммен тыңдаған соң балалардың ойларын білгенді жөн көрдім. «Өлең не туралы болды, сендердің ойларың қалай, қандай сезімде болдыңдар?» деген сұраққа балалар ән туралы ойларын ортаға салды. Өте керемет. Біреулері ән туралы айтып жатса, енди біреулері сезімдерімен бөлісіп жатты.Сонымен қорытындылай келе ән құстардың қайтуы, күз мезгілі туралы болғаны айтылып, қазіргі жыл мезгілімен салыстырылды. Балалар дәл осы уақытта құстардың қайтуын көргендері туралы жарыса айтып жатты. Осыдан кейін барып, жаңа сабаққа ауыстық.
Жаңа сабақ. Күзгі құс керуені.
5-сурет Оқушылардың «дейін-кейін» парағын толтыру сәті
Балалар осыған дейін бұл тақырып төңірегінде не білетінін байқау үшін «Дейін-кейін» парақшасын тараттым. Топ болып ойласып, «дейін» бағанын толтырып шығып,оны талқыладық. Осы жердегі балалардың жауаптары мынадай болды:
-Құстар күзде қайтады.
-Жыл құстары жылы жаққа қайтады.
-Тырна, торғай, қарлығаш жыл құстары.
-Қарға, алақарға қыстап қалатын құстар.
-Қыстап қалатын құстар шыдамды болады.
Осы бір «дейін-кейін» парақшасының ерекшелігін айта кетсем. Мен бұл әдісті осыған дейін де қолданып келдім. Мұның бір жақсы жағы балалар «кейін» графасына не толтырамыз деген оймен мәтінді түсінуге тырысып оқитынында. Жәй ғана оқуға берілген тапсырма болса, кей оқушылардың көңілдері басқаға алданып, мәтінге тек көз жүгіртіп отыруы мүмкін. Бұл осыны болдыртпаудың бірден-бір тиімді тәсілі екеніне сенімдімін. Осы жерде «Мен шәкірттерімді ешқашан да үйретпеймін; мен тек олардың үйренуіне тиімді жағдайлар жасауға тырысамын» деп жазған А. Эйнштейннің [Нұсқаулық, 32-бет]сөзін ескеріп, мен де балаларға үйрену үшін тиімді жағдай жасауға тырыстым.
Мағынаны тану. Жаңа тақырыпты «ДЖИГСО-1» әдісімен балаларға бөліп бердім. Балалар өз беттерімен оқып, түсінгендерін келесі топқа, яғни жалпы сынып оқушыларына айтып отырды. Осы арқылы уақытты үнемдей отырып, мәтінді толық сынып түсінуге мүмкіндік алады. Осылайша тыңдап, түсініп алған соң, осы түсініктілікті тереңдету үшін өз беттерінше іштей оқу ұсынылды. Оқып болған соң балалардың мәтін мазмұнынан не түсінгенін бақылау мақсатында «кейін» бағаны толтырылды. Осы жерде балалар мәтіннен түсінгенін қызығушылықпен толтырды. Олардың баса назар аударғаны, яғни «кейін» бағанына жазған жауаптары көбіне құс жолы, құс керуеніндегі топбасшысы, олардың топтағы қызметтері туралы болды. Бұлар мәтін мазмұнын толық аша түсті. Демек балалар мәтінді түсінді деген сөз.
Сергітусәті. Ерте жастағы балалар үшін сабақтың сіңімді болуы оқушылардың сергектігіне де байланысты екенін ескеріп сабақты сергіту сәтімен жалғастырдым.Қос қарлығаш әніне жазылған би түріндегі жаттығу балаларды сергітіп, бой жазуларына мүмкіндік берді.
Ой қозғау. Осыдан соң жалпы жаңа сабақ туралы балалардың түсінігін байқау мақсатында барлық топтарға жұмыстар берілді. Бір-бірінікін қайталамай әр топтың әртүрлі жұмыс жасауы дұрыс деп шешіп тапсырмалар түрлендіріп берілді. Бірінші топқа М. Әуезов туралы тірек сөздер арқылы мәтін құрастыру,екінші топқа балаларға торғай болып хат жазу, үшінші топқа «Құстар» тақырыбында топтастыру, төртінші топқа балаларға қарлығаш болып хат жазу тапсырмалары берілді. Осы жұмысты орындауға 5 минуттай уақыт берілді. Соңында балалар жауабы тыңдалды. Енді осы балалар жауабына тоқталсам. М. Әуезов туралы мәтін құрастыруы, «құстар» тақырыбында топтастыруы әдеттегідей болғандай. Себебі бұл балаларға таныс әдіс. Ал құстар болып хат жазу өте қызықты болды десем де болады. Бір топқа жыл құсы берілсе, екінші топқа қыстап қалатын құс берілген болатын. Менің мақсатым жұмысты түрлендіру болатын. Ал балалар берген жауаптарынан салыстырмалылықты байқадым. Балалар жай жауаптарын ғана оқып қоймай, сол екі құс торғай және қарлығаш болып сөйлесіп кетті. Яғни балалар еріксіз диалогқа түсіп кетті. «Дәйек пен диалог оқушыларды мағына мен білімді игерудегі бірлескен іс-әрекетке тартылуымен қатар, жоғары деңгейде ойлау қабілеттері өрістеуіне және зияткерлік қырларының дамуына ықпалын тигізеді деген Александердің [Нұсқаулық,50-бет] сөзіне көзім жетті.
6-суретБағалау кезі.
Бағалау. Сабақ басында бағалауға бағыт- бағдар берілгендіктен топбасшыларының бағалау кезі оңай да сәтті болды. Әр топбасшысы өз тобындағы оқушылардың жиынтық бағаларын жариалады.
7-сурет. Балалардың кері байланыс беру сәті.
Кері байланыс. Сабақ соңында әдеттегідей балалардан кері байланыс алынды. Олардың өз жауаптарын көңілсіз смайлик жағына салуынан-ақ барлық бала жақсы көңіл күйде кетпегінін байқайсың. Осы сабақта екі оқушы өз жауаптарын көңілсіз жағына салыпты. Кіші жастағы балалар болғандықтан және бұл өз сыныбым болғандықтан ол оқушылардың кімдер екенін анықтау маған қиын болмады. Мен олардың кім екенін жазуларынан да, көңіл-күйлерінен байқадым. Олар сол сабақта бағаланбаған Асхат есімді және «3»-ке бағаланған Дәурен есімді оқушылар болатын. Олардың бұл уәждерін келесі сабақта ескеремін деп ойладым.
Ұсынылатын оқулар: Автор туралы мәлімет қарау. Құстар туралы қызықты мәлімет жинау.
Үйге тапсырма: Түсініп оқып,мазмұндау. Балаларға хат
Қорыта келгенде менің көзім жеткен бір нәрсе болды. Біз көбіне бастауыш сынып оқушыларын «әлі кішкентай, мүмкіндігі келмейді, жасай алмайды» деген желеумен терең мағыналы ізденістерге, зерттеу жұмыстарына тарта бермейміз. Ал осы жағдай дарынды балалардың білім деңгейін тоқырауға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан балаларға сеніммен қарап, білім деңгейінің қай тұсында тұрғанын зерттеп барып мұғалім жұмыс жасаса ғана сапалық дамуға қол жеткізетінін ұқтым. Бұл бағдарламаның кең көлемде қолдауға ие болып, елімізде қолданыс аясының кеңейетініне және сол арқылы қазақстанның жалпы білім беретін мектептерінен білім алып шығатын балаларының сыни тұрғыдан ойлана алатын, өз білімін өмірде қолдана алатын жасұрпақ болатына сенімім нығая түсуде. Бағдарлама білім беру саласында көш басында келе жаткан елдердің тәжірибесі негізінде жасалғанын ескерсек, біздің де осы салады көшбасшылыққа толықтай мүмкіндігіміз барын ұмытпағанымыз жөн.
Пайдаланған әдебиеттер:
-
Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ. Астана, 2012 ж.
-
Бағдарлама. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ. Астана, 2012 ж.