- Учителю
- 'Төрт түліктің төресі - жылқы' 1-сынып тәрбие сағаты
'Төрт түліктің төресі - жылқы' 1-сынып тәрбие сағаты
Тақырыбы: Төрт түліктің төресі - жылқы
Мақсаты:
-
Төрт түліктің төресі - жылқы малының қасиеттерімен таныстыру.
-
Оқушыларға жылқы малының ұлтымыздың жанына жақын серігі, тілін ұғар тірегі екендігін дәріптеу.
-
Жылқы малын қастерлеуге, сүюге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: слайд, жылқы малының суреті
Барысы:
І.Кіріспе:
Бір сыр бар ежелден - ақ далам білген
Қазаққа ат мінбесе алаң кірген.
Алтыннан мен ескерткіш қояр едім
Даланың тұлпарына бабам мінген - дей отырып, «Атамекен» бағдарламасы, «Төрт түлік» бағыты бойынша «Төрт түліктің төресі - жылқы » атты үлгілі тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер.
ІІ. Негізгі бөлім:
Балалар, қазақ халқы үшін төрт түліктің ішіндегі төресі де, төбесі де жылқы. Жылқы сөзін естігенде елеңдемейтін қазақ болмас. Атамыз қазақ «жылқы малдың патшасы, түйе малдың қасқасы» деп дәріптеген. Төрт түліктің қадір қасиетін бағалай білген қазақ халқы «түйе - салтанат, жылқы- мақтан, қой - қазына, сиыр - қанағат» деп мадақтаған. Жылқы халқымыздың ерекше қастерлеген және жанына жақын көрген қасиетті түлігіміздің бірі. Кең байтақ жерімізді біздің ата - бабаларымыз аттың жалымен, білектің күшімен, найзаның үшымен жаудан сақтап қалған. Қазақ үшін жылқының орны өте ерекше. Жалқұйрық, Тайбурыл, Бозайғыр, Құлагер,Керқұла сияқты аттар қазақ ертегілері мен қазақ баласының қиялын тербеп, мықтылыққа, сұлулыққа, батырлыққа тәрбилейді. Сол себептен де жеті қазынаның бірі - ат.
Аяулым:
Қоғалы көлді жайлаған,
Қоғаның басын шайнаған,
«Құраулап» оны жылқышы,
Қыл арқанмен байлаған.
Қуғандарға жеткізбей,
Қашқанға жетпей қоймаған!
«Ер қанаты - өзің» деп,
Ел қуанып айдаған
Жылқы деген жануар.
Мұғалім:
Жылқы малының қасиеттеріне тоқталып өтсек.
Ерсін:
Жылқы малының қасиеті - ұшан - теңіз. Ол мінсең - көлік, жесең - тамақ, ішсең - сусын. Жылқының еті де, сүті де дәрі. Қазысының майы адамның сүйегін балқытады. Жылқының майы өте пайдалы. Оны адамның теріс біткен сүйегіне пайдаланып, орнына салады. Аттың терісі де ем. «Жылқы- жаным, қымыз - қымыраным» деп бекер айтпаған.
Алдияр:
Жылқының тағы бір қасиеті - соғыстарда, бәйгеде, көкпарда, жорықтарда қаншалықты аласапыран қырғындарда мертіккен жаралы жауынгерлердің денесін баспаған. Тіпті көп жағдайда аттан құлаған адам аман қалады, еш жері жарақаттанбайды екен. Сол себептен де қазақ «Құласаң есек тұяғын төсейді, түйе шудасын төсейді, өгіз мүйізін, ал ат жалын төсейді »-деген. Бұл тұлпарларға тән тазалықтың белгісі.
Жансая:
Жылқы малы өте сезімтал, таза жануар. Өйткені ол кірдің суы төгілген, былғаныш жердің шөбін жеп, суын ішпейді.
Мади:
Өзі туған қанды, өзінен тараған қанды жаза баспай таниды, өзінің денесінің иісін, өзінен тараған ұрпағын жаңылмай сезетін, өз тұқымының үн дыбысын, мінез құлқын жаза баспай табатын естілігі мен ақылды қасиеттері кім - кімді де таң қалдырмасы сөзсіз.
Аяулым:
Жылқының қылынан сырлайтын щетка және арқан еседі. Жылан кіріп кетпесін деп, қазақ үйдің және кішкентай баланың айналасын осы жылқының қылымен қоршап қояды.
Ардақ:
Жылқының қасиеттерін көрсететін қазақ халқының «Жылқы жершіл», «Ат айналып қазығын табар» деген сөздері бар, жақсы жылқы басы босаса , қандай қашықтан да туып өскен жеріне тарта береді.
Мұғалім:
Жылқының қасиетті жануар екенін дәлелдейтін аңыздар көп- ақ. Солардың ішінде қазақ әйелдерінің жылқы түлігінің табиғатын түсіне , сезіне білгендігі туралы мынандай бір аңыз бар.
Бәйдібек би жол жүріп кеткен .Сол жолы бір топ барымташы Домалақ анамыздың (азан шақырып қойған аты Нурила) қолынан шай ішіп, сый - сияпат көреді. Үйір - үйір жылқыны барымталап қайтқан олар ,сол үйге тағы да соғып шай ішеді. Домалақ ананың пейіліне, ықыласына разы болаған олар, «бізден бір жылқы алыңыз» дейді. Сонда анамыз көп үйірдің ішінен кәрі айғырды таңдаған екен. Бұған ешкім мән бермепті. Келесі күні анамыздың айтуы бойынша кәрі айғырдың аяғын темір шыншырмен шідерлеп қатты қысқан екен, сол кезде кәрі айғыр жан дауысымен шыңғырады. Оны естіген үйірлі жылқылар барымташыларға бой бермей тым тырақай қашып, барлығы кәрі айғырдың қасына жиналады. Бұл үйірі құтты құнан айғыр еді. Осылайша анамыздың ақылы мен жылқының қасиеті арқасында бір елдің жылқысы аман қалған екен.
Айжан:
Ат үйінде туып қазақ сәбиі,
Ат үстінде айтылады әлдиі.
Жерге тәй - тәй баспас үшін сол бөбек,
Атқа шауып алуды ойланады бәйгені.
Рамазан:
Апыл - тапыл баспас бұрын алдымен,
Атқа мініп үйренеді жай күні.
Атсыз қазақтың ауасы да, даласы,
Атсыз бір күн тұра алмайды баласы.
Ардақ:
Қайғысын да қуанышын бөліскен,
Ат көзінің бейне ағы мен қарасы.
Кісінесе тілдескенде иесімен,
Аттың артық сықылды бағасы.
Жансерік:
Ат қылын бір шыбықты,
Көкпар деп тері сүйресек.
Көрмеген бұрын құрықты,
Асау деп ағаш үйреткен.
Біржан:
Көкпар десе, қазақта жан қала ма,
Сабылтып сәйгүлікті сар далада.
Ағайынның айғағын аттандырған,
Жүретін жаратып ап жан дауаға.
Назерке:
Әжем жиі сауады,
Бөз биені баяғы.
Сүті неткен көп еді,
Суалмай ақ келеді.
Аяжан:
Құлыны да тояды,
Сабамыз да толады.
Қанады әбден қымызға,
Біздің үйдің қонағы.
Ән: «Ойыншықтар» орындайтын Аяулым
Мұғалім:
Жылқы малы ұлтымыздың жанына жақын серігі, айбарлы айбыны, тілін ұғар тірегі және халқымыздың батырлығын әлемге әйгілі еткен асыл түлігі.
Жылқы десек елең еткен қазағым,
Жылқы болса басылмайды базарың,
Ұлтымыздың басына бақ орнатқан,
Жылқы жайлы талай дастан жазамын.
Жылқы болған жан серігі бабамның,
Арғымақтар көркі балған даламның,
Ешбір сусын тең келмейді маңайлап,
Баптап берген қымызына анамның -дегендей, жылқы малының етінен жасалған қазы - қарта, жал - жая деген ұлттық тағамдарын біз мақтаныш етеміз, ал қымыз өкпе ауруларына ем, шипа екені бәріне мәлім.
Жылқы малына байланысты мақал - мәтелдер мен айтылған сөздер.
Жансая:
«Жылқының сүті шекер, еті бал, иісі жұпар, терісі киім, мінсең тұлпар» деп Досбол шешен жылқының халық өміріндегі алатын орнын өте жоғары бағалаған.
Ілияс:
Ат жаманы жолда қалдырар,
Жолдас жаманы қолда қалдырар.
Біржан:
Аттың көркі құйрық жалы, құлағы,
Таудың көркі тасы менен бұлағы.
Ардақ:
Ат айналып қазығын табар,
Ер айналып елін табар.
Ерсін:
Жылқы етін жесең тісіңе кіреді,
Жемесең түсіңе кіреді.
Аяулым:
Алып анадан туады,
Ат биеден туады.
Алдияр:
Қымызды кім ішпейді,
Қызға кім көз салмайды.
Жансерік:
Тұлпар тегін табар,
Ер жігіт елін табар.
Назерке:
Ер сасқанда белгілі,
Ат шапқанда белгілі.
Жансая:
Анаңа ауыр сөз айтпа,
Атыңа ауыр жүк артпа.
Ілияс:
Ер қанаты ат.
Би: «Тұлпарым» орындайтын Аяулым, Ерсін, Назерке
Ал, енді балалар , малға қатысты тыйым сөздерді айтайық.
Мади:
Малды теппе,
Ақты төкпе.
Айжан:
Малды басынан ұрма
Рамазан:
Малға теріс мінбе
Ерсін:
Жылқышы ұстайтын құрықтан, балта мен бақанның үстінен аттауға болмайды. «Бақан аттаған байымайды, балта аттаған жарымайды» деген наным бар.
Алдияр:
Жал құйрығының арасында шоқ- шоқ ақ қылы бар жылқы құтты саналады. Ол сатылмайды,біреуге берілмейді. Себебі, сол малмен құт береке кетеді.
Жансая:
Аттарының жалы оң жағына қарай жығылып жатса, оны мінген кісінің жолы болғыш деген.
Біржан:
Ат жер тарпып тұрса , жақсы жолды көксегені. Мұны қазақ жақсылыққа жориды.
Аяжан:
Бие сауатын ыдысты төңкермейді және түбін таяқпен немесе қолмен ұруға болмайды. Ырыс несібе кетеді.
Ілияс:
Тойға немесе асқа қымыз әкелген ыдысты біржолата сарқып босатпайды. Түбіне міндетті түрде бір ожау болса да қымыз қалуы керек.
Мұғалім:
Балалар, өздерің білесіңдер әр малдың өз иесі болады. Түйе малының иесі Ойсылқара, қой малының иесі Шопан ата, ешкі малының иесі Шекшек ата, сиыр малының иесі Зеңгі баба, ал жылқы малының иесі Қамбар ата. Қазақ халқы жылқы малын қастерлегені соншалық, біздің мемлекеттік Елтаңбамызда шаңырақтың екі жағында қос пырақты тұлпардың бейнесі тұр. Ал апаларың, әжелерің сендерді «құлыным» деп еркелетеді. Солай емес пе? Ал өзімізге белгілі «Қара жорға» биін , қазіргі кезде балабақшадан бастап үйретеді. Бұл дегеніміз балалар, жылқы малына деген сүйіспеншілік деген сөз.
Ендеше би: «Қара жорға» Рамазан, Айжан,Жансая
Мұғалім:
Халқымыз жылқы түлігін түріне, түсіне қарап түгендеген.Бір үйір жылқыны санамай - ақ бір екі сағатта көріп, несі бар, несі жоқ екенін ажырата алатын жылқышылар болған. Қазақта жылқының түсіне байланысты сөздер өте көп. Жылқының түстерін былайша түстеген екен: қаракөк, ақбоз, шұбар, күрең, кер, тобылғы торы, сұр деп. Енді жылқының түстеріне байланысты әдеп ғұрыптарға тоқталып өтсек.
Ерсін:
Қазақ халқының жылқы түлігіндегі жақсы көретін түсі қаракөк. «Қаракөк не жүйрікті алсам, не берікті алсам »деген сөздің астарына үңілсек,берік, жүйрік аттардың қаракөк түстен шыққанын көреміз.
Жансая:
Ақбоз түс.Алтай мен Шыңжаң қазақтары ақ түсті жылқыларды, «ақ боз атты» көпшілік жағдайда «көк ат» деп те атайды. Қазақ халқы ертеден ақ күнді қадыр тұтқан. Күнге қарап «көңілім де ақ, ниетім де ақ» деп ақ боз жылқыларды құрбандыққа шалған екен. «Ақ боз шалып, әскерге ақ жол тілеген».
Аяулым:
Қазақтың қаракөк пе шұбардан кейін жақсы көретін түсі : тобылғы торы,күрең,жирен. Сонымен қатар қара түстерге айырықша ықылас білдірген. 19 - 20 ғасырдағы бәйгелерде көзге түскен жүйріктердің барлығы дерлік қара түсті болған.
Айжан:
Қазақтың тағы бір жақсы көретін түсі шұбар. Оның өзі бірнешеге бөлінеді: бозшұбар, байшұбар.Атбегілердің айтуы бойынша шұбардың тұқымы өте аз,бірақ айрықша сүйкімді келеді.
Мұғалім:
Иә балалар, кең дала төсінде көзіңнен жас парлап, кеудеңді жел кернеп атпен құйындата шапқанға не жетсін! Еркіндіктің, азаматтықтың қадірі мен қасиетін атқа мінген, атқа шапқан адам ғана артық біледі екен.
Ендеше балалар, жылқы малына байланысты қандай ұлттық ойындар білесіңдер?
Бәйге, көкпар, қыз қуу, аударыспақ, тиын алу т.б. Дұрыс айтасыңдар балалар, ендеше сол ойынның бір екеуін көрсетіп жіберсек қайтеді.
Қорытынды:
Тұяқты малдың тұлпары екен,
Астында жоқтың іңкәрі екен,
Жылқы бітсе мырза екен,
Бітпесе қорлық , ыза екен.
Айшылықты алты басқан,
Қиын қыстау тауды асқан,
Ер қанаты, ел бұлағы,
Қазақта болмас жылқыдан асқан! - дей келе бүгінгі «Төрт түліктің төресі -жылқы» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз!
Тексерілді:
«Бекітемін»
Мектеп директоры
К.К.Карбузов
Тақырыбы:
Төрт түліктің төресі - жылқы
Мақсаты:
-
Төрт түліктің төресі - жылқы малының қасиеттерімен таныстыру.
-
Оқушыларға жылқы малының ұлтымыздың жанына жақын серігі, тілін ұғар тірегі екендігін дәріптеу.
-
Жылқы малын қастерлеуге, сүюге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: слайд, жылқы малының суреті
Өтетін орны: биология кабинеті
Өтетін күні: 18.04.2015 жыл
Өтетін уақыты: 12.00
Сыныбы: 1
Алматы облысы
Еңбекшіқазақ ауданы
«Таутүрген орталау мектебі-мектепке дейінгі шағын орталығымен»КММ
2014-2015 оқу жылы
Үлгілі тәрбие сағаты
Тақырыбы:
Төрт түліктің төресі - жылқы
Мұғалім :Г.М.Кашаганова
1-сынып
Таутүрген ауылы