7


  • Учителю
  • Құмырсқаның таңғажайып әлемі ғылыми жоба

Құмырсқаның таңғажайып әлемі ғылыми жоба

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала





МАЗМҰНЫ





І. Кіріспе …....................................................................................3

ІІ. Негізгі бөлім

1. 1 Құмырсқаның таңғажайып әлемі ............................................... .........4

1.2 Құмырсқаның пайдасы..........................................................................10



1. 3 Илеудегі ауа ағысы................................................................................11



2. Құмырсқаның химиялық және емдік қасиеттері



2. 1 Құмырсқаның химиялық қасиеті.........................................................19



2. 2 Құмырсқаның илеуі және оның емдік қасиеті ...................................20



2. 3 Тәжірибелік бөлім .................................................................................21



2. 4 Құмырсқа жайлы аңыздар ....................................................................23



2. 5 Құмырсқа пәлсапасы .............................................................................24



ІІІ. Қорытынды ...........................................................................25

ІҮ. Пайдаланылған әдебиеттер.................................................27





















Аңдатпа





«№270 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 3 «Ә» сынып оқушысыҚарынбай Абылайханның «Құмырсқаның таңғажайып әлемі» атты ғылыми жобасы күнделікті өмірде жиі көріп, қызықтап жүрген құмырсқа деген жәндіктің таңғажайып әлемін тануға, оның адам өмірі үшін пайдалы жақтарын, емдік қасиеттерін ашуға арналған.

Зерттеудің мақсаты: Құмырсқаның өзіне ғана тән таңғажайып әлемін айқындау, олардың өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты сипаттау, олардың іс-әрекеттеріндегі адам санасы жетіп болмас қызықтарды танып-білу. Құмырсқалардың және олардың илеуінің емдік қасиеттерін айқындау, олардың адамзатқа, қоғамда тигізер пайдасын көрсету.

Зерттеу жұмысының ғылыми болжамы: Егер құмырсқалардың басқа жәндіктерге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері жан-жақты таныстырылып, оның адамзат үшін пайдалы жақтары ашылса, сонымен қатар емдік қасиеттері жүйеленіп берілсе, жас ұрпақтың бойында жан-жануарларға деген құрмет арта түсер еді, олардың пайдасын жетік меңгеріп, өз қажетімізге жарата алар едік.

Зерттеу барысында:

1. Құмырсқалардың сан алуан қыр-сыры ашылды;

2.Олардың қоғам мен адамзат өміріндегі алатын орны айқындалып, маңыздылығы ашылды;

3. Құмырсқалардың көптүрлілігі мен олардың әрқайсысының атқаратын қызметтері қызықты суреттелді;

4. Құмырсқа және оның илеуінің емдік қасиеттері айқындалып, олардың қандай ауруларға пайдалы екендігі айтылды:

Жұмыстың орындалу әдістері. Құмырсқа жайлы баспасөз, энциклопедия, интернет материалдарымен жүйелі түрде танысу, оларды жүйелеп, жинақтау; ғылыми ізденіс, зерттеу, деректер жинау.

































Кіріспе



Құмырсқаның таңғажайып әлемі



Ақыл деген - денеге егілулі дән,

Суғарылса, кіреді оған да жан.

Ақылдың өсіп-өніп, зораймағы,

Көрген-білген нәрседен ғибрат алған.

Шәкәрім



Құмырсқа - жарғаққанаттылар отрядының бір тұқымдасы. Кұмырсқа Жер шарында кеңінен таралған, тек Қиыр Солтүстікте және Антарктидада ғана кездеспейді. Құмырсқаның 10 мындай түрі бар. Олардың көпшілік түрлері тропиктік аймақтарда кездеседі. Денесі бас, көкірек және құрсақтан тұрады. Басы үлкен, жақтары жақсы жетілген, ауыз аппараты кеміргіш. Көкірек бөлімі жіңішке, онда үш жұп аяқтары жақсы жетілген. Көпшілік түрлерінің құрсақ бөлімінде шаншары мен улы бездері жақсы дамыған, улы бездерінен бөлінетін сұйықтық - құмырсқа қышқылы деп аталады. Құмырсқалар, көбіне топтанып (10-100 мың дарасы бірігіп), арнайы илеу жасап, тіршілік етеді. Әрбір илеуде аталық, аналық, "жұмысшы" және "жауынгер" құмырсқалар болады. Жыныстық тұрғыдан жетілмеген топтары - жұмысшы құмырсқалар деп аталады. Олар илеудегі дернәсілдерді, аналық құмырсқаларды қоректендіреді, ауаның алмасуын, ылғалдың бір қалыпты болуын қамтамасыз етеді. Аталық құмырсқалар шағылысып болғаннан кейін өледі [1.].

Аналық құмырсқалар ұрықтанғаннан кейін қанаттарын жойып, тек ұрпақ жалғастырады, олар кейде 20 жылға дейін өмір сүреді. Аналық құмырсқаның дене тұрқы ірі. Әрбір илеудегі құмырсқа топтарының бір-бірімен қарым-қатынасы, негізінен, өздерінен бөлетін ерекше химиялық заттар - феромондар арқылы реттеледі. Олардың иіс, дәм сезуі өте жақсы жетілген. Құмырсқалар илеуін қураған өсімдік сабақтары мен жапырақтарының қалдықтарынан жасайды. Тропиктік аймақтарда илеу жасамай жеке дара тіршілік ететін құмырсқалардың түрлері де бар. Негізгі қорегі басқа жәндіктер, олардың дернәсілдері және өсімдіктердің жапырақтары мен тұқымдары, шырындары. Бір илеудегі құмырсқалар тәулігіне 10 мыңнан 30 мыңға дейін жәндіктерді жояды.

Зерттеудің мақсаты: Құмырсқаның өзіне ғана тән таңғажайып әлемін айқындау, олардың өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты сипаттау, олардың іс-әрекеттеріндегі адам санасы жетіп болмас қызықтарды танып-білу. Құмырсқалардың және олардың илеуінің емдік қасиеттерін айқындау, олардың адамзатқа, қоғамда тигізер пайдасы көрсету.

Негізгі бөлім

1. 1 Құмырсқаның таңғажайып әлемі



Жер бетіндегі ең ежелгі жәндік (жасы жағынан) құмырсқа болып табылады. Осындай бір қызықты деректер тастардың арқасында анықталып, көпшілікті таңғалдырды. Сонымен ежелгі құмырсқалардың жасы жүз миллион жылдың кемерінен бір-ақ асып шықты.

Жәндіктің бұл түрі жер бетінде қанша жас жасағанмен, анатомиялық өзгерістердің ауылынан қашық болып, "баяғы жартас - сол жартас" дегендей, жүз миллион жылғы күйінен еш ауытқымай тіршілік жасап келеді. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, олардың қаншама ғасырдың ширегінде өзгермей келуі - физикалық және қоғамдық жанданудың әсерінен. Демек, құмырсқалар кез келген дүниені қорек көзіне айналдыру мен өндірісті жүргізіп кетудің жолдарын жетік меңгерген бірден-бір тіршілік иесі болып саналғаны. Олардың шындығында физикалық қуаты орасан болғаны соншалықты, өздерінен жүз есе үлкен затты еш қиналмай тасымалдай береді. Бұл тұрығыдан алғанда, құмырсқаларда да қоғамдық өмір барын ескерсек, онда Номо sapiens-пен бірдей үлгі бола алады.

Құмырсқалардың ұясында бәрі өз орнымен, белгілі бір дәрежелермен яки жүйелермен іске асады: біреулері сауда-саттық қатынасын реттеп, күн тәртібіне қойып жатса, енді екіншілері қорғау қызметінің барысымен күзетте тұрады; ал үшіншілеріне ұрпақ жалғастыру мен аналық құмырсқаларға күтіммен қарау міндеттелген; ал, тіпті, кейбірі "мал шаруашылығымен" тұрақты айналысады; "сауын сиыр" есебінде шіркейлер (өсімдіктің шырынын қорек ететін зиянды ұсақ жәндік) пайдаланылып, олардан балшырын алынады (кейде өздері де азық орнына жұмсалады). Өзінің жұмыстарына немкетті қарайтын құмырсқалар ішінде жазалылар болса, олар ағайын-тумаластарының "табалауына" ұшырайды.

Құмырсқа-зейнеткерлер мен жарым-жанды сырқаттары өмір бойына жақсы өмір сүріп өтеді.

Ғалымдардың өзі құмырсқалардың ұйымдасып жұмыс жасау құпиясын түсіне алмай әуре. Олар жұмылып жұмыс жасау барысында аса қажетті ақпаратты қайдан алып, бір-біріне қалайша тілсіз таратып отыратынын таба алмады. Ақыл-ой, интеллекті қандай? Ақпарат қоймасы құмырсқаның қай жерінде сақталады? Құмырсқалар қауымы жалпыға бірдей қатаң тәртіпке бағынады. Қауымдағы әрбір мүшенің өзіне тиесілі міндеті бар. Сол міндеттер бойынша ұйымдасқан жәндіктер кез келген көңіл күйді сезініп, жұмыс барысында аянбай еңбек етуден қашпайды. Бұл жәндіктер мақсат қойып, жоспармен жұмыс жасағанда алдына жан салмайды.

Бір қызығы, біз ойлағандай құмырсқалардың барлығы еңбекқор болып шықпады. Дәрежелері мен қоғамдық орындарына байланысты, құмырсқалардың 20 пайызы "қара жұмысшылар" тобы еңбекті күні-түні атқарады. Ал ерігіп бос жүрген құмырсқалардың бос тобы жұмысқа кіріскен күннің өзінде де, "қара жұмысшылардың" қалған бөлігін еріксіз жұмыс істеуге мәжбүрлейді.

Осы бір ерігіп жүрген құмырсқалардың қылықтарын ғалымдар әзірге түсіндіре алмай отыр.

Сүлеймен пайғамбардың құмырсқамен сөйлескені туралы хикаяны естігенде ақжүрек адамдар: «Несі бар Алла сөйлетем десе құмырсқаны да сөйлете береді» деп күмәнсіз құлшылығын жасап жүре береді. «Құмырсқа сөйлеуші ме еді?» деп әрі-сәрі күйге түсіп, күмәннің кесірінен кеудесі тарылатын пенделер - дінге жеңіл қарайтын немесе дүние ғылымына есі кете ғашық болған жаңа қазақтар.

«Орыс оқудың» әсері өтіп кеткендер Құран хикаяларын күліп отырып тыңдайды. Сондықтан да көңілі соқыр адамдар құмырсқаның тілін түсініп, онымен сөйлеспек тұрмақ, оның саналы тіршілігін де түсіне алмай жынды болады. Шындығында Ұлық Алладан тікелей хабар алып, Тәңірінің нұсқауымен жүріп тұратын жәндіктерге «орыс оқудың» қажеті шамалы. Сенбесеңіз, қазіргі заманның ғалымдары жылдар бойы зерттеп, ерінбей тапқан аз-маз шындықты әңгімелеп көрелік. Ғалымдар құмырсқалардың ұйымдасып жұмыс жасау құпиясын түсіне алмай діңкелейді. Өте күрделі жұмыс атқаратын жәндіктер бойына туа біткен инстинкті реакциямен тіршілік кешеді дегенге бұл күні біз түгілі олардың өздері де сенгісі келмейді. Ғалымдар олардың жұмылып жұмыс жасау барысында аса қажетті ақпаратты қайдан алып, қалай оны бір-біріне тілсіз таратып отыратынын таба алмайды. Ашылмай тұрған ең үлкен құпия - ғылыммен жасалатын жұмыстарды іске асырғанда ақыл-ой, интеллектіні қайдан алады? Ақпарат қоймасы құмырсқаның қай жерінде сақталады? Cебебі оның жүйке талшықтары тым жіңішке һәм өте нәзік.

Құмырсқалар қауымы жалпыға бірдей қатаң тәртіпке түгелдей бағынышты. Қауымдағы әр бір мүшенің өзіне тиесілі міндеті бар. Аса жауапты міндеттермен ұйымдасқан жәндіктер кез-келген көңіл-күйді сезініп, жұмыс барысында аянбай еңбек етуден ешқашан қашпайды. Жай ғана жыбырлап жүріп, не болса соны кеміріп жеп, басы ауған жаққа қаңғып жүре беретін көп жәндіктің бірі болса құмырсқа тіршілігіне ешкім де қызықпас еді. Гәп сонда - бұл жәндік алдына мақсат қойып, жоспармен жұмыс жасағанда алдына жан салмайды. Мысалы, құмырсқаның адам секілді қолға үйретілген «жуас үй жануарлары» болады. Оларды «құмырсқа сиыры» деп атайды. Орыстар «тлей» дейді. Асыранды «мини сиырлардың» денесінен тәп-тәтті шырын бөлінеді. Сол шырынды құмырсқалар негізгі ас-сусын ретінде ішіп, рақаттанып, мас болып жүреді. Сиырларды асырау үшін адам секілді олар да бақташы жасақтайды. Олар сиырды уақытымен тойдырып, сауып, бөпелерін тап-таза ас-ауқатпен асырайды. Сиырлардың емін-еркін жайылуына, өсіп-өнуіне кепілдік беретін құмырсқалар ішінен күзетшілер, қорғаушылар тобы іріктеледі. Жайылып жүрген тлейлерге тентек жәндік тиісетін болса, қарауыл құмырсқалар қырғын төбелесті бастап кеп жіберуге әмәнда дайын. Бақташылар міндеті тлейлерге құнарлы «жайылым жер» тауып беріп, жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонуын қамтамасыз етеді. Шаңқай түс болып, күн ысығанда оларға шөп-шаламнан қалқа құрастырып, көлеңке жасайды. Қар түсіп, күн суытса, ұрғашы сиырларды жып-жылы, құп-құрғақ мекен-жайға жайғастырады. Құмырсқалардың дені сау болып, ұрпағы жақсы дамуы үшін сиырдың баппен күтілімі ауадай қажет. «Сиыры» семіз болса, құмырсқа да күйлі. Сондықтан өз бетінше өсіп-өнетін «сиырға» қарағанда құмырсқалардың қарауында өскен тлей өте тез, әрі аман-сау көбейеді. Сондықтан тлей құмырсқадан қожайын тапса, бала-шағасына дейін шаттанысып, қуанады. Құмырсқалар шашылып қалған шөп-шалам мен дәнді дақылдың бәрін ұқыппен жинап, ұясындағы құрғақ қоймаға әкеліп сақтайды. Қоймадағы қызметшілер даладан жиылған әр алуан дәнек, шопақты тазалап, сұрыптайды. Жиналған астықты жемес бұрын қауызынан аршып, тазартып, ұн қылып ұнтақтайды. Біздіңше айтқанда диірменге тарттырады. Дастарханға жауапты аспазшы құмырсқалар ұнтақ ұнды сілекей суларына араластырып, қамыр илеп, быламық жасап, құндақта жатқан «бөпелердің» ауызына апарып салады. Сондықтан тіршілік кепілі болған дәнді ұзақ мерзімге дұрыс сақтау үшін жанкешті еңбек етеді. Нөсер жауыннан соң «ас-ауқаттары» дымқыл тартып қалса дереу оларды далаға шығарып, кептіріп, құрғатып, ішке қайта тасиды.



Аңшы құмырсқалар.

Амазонкадағы құмырсқалар жемтік іздеп, «аңға» шыққанда алғашқы қауымдағы жабайы адам-дардың дәу мамонтты жарға жығып, жабылып жәукемдегенін еске салады. Бұл жәндіктер дене тұрқы өздерінен екі-үш есе үлкен жәндікті қулыққа құрылған айла-тәсілімен оп-оңай қолға түсіреді. Үлкен-үлкен өсімдік жапырағының талшықтарын қиып алып, олардан іші қуыс кішкене үйшік жасайды. Үйшікті құрастырып болған соң ішіне көп жауынгер жасырынып жатып алады. Бірнеше ұсақ құмырсқа басын ғана қылтитып, жемтігін шақырады. Әлгі жердегі өсімдіктің шырынына жиналған ара, шегіртке немесе қоңыз ол үйшікті өсімдіктің жапырағы немесе сабағы деп ойлайды. Олжасын күтіп отырған құмырсқалар ұйымдасқан түрде қорегіне күтпеген жерден тарпа бас салады. Мұндай шапшаң шабуыл күтпеген қоңыз, шегіртке, дәуіт не болғанын түсінбей, тапырақтап қалады. Сол сәтті күтіп жатқан жауынгерлер жан-жақтан лап береді. Біреуі тобықтан, біреуі бақайдан, енді біреуі кеудеден келіп қайшы тісті шақырлатып салғанда, дөңкиіп тұрған қоңыз, шегірткең шатқалақтап қалады. Көзі қарауытып, есеңгіреп қалған бейшара жәндік денесін ұйытып, дызылдатып бара жатқан құмырсқа уына шыдай алмай, ақыры «гүрс» етіп құлайды. Көзді ашып-жұмғанша жүздеген «мини жыртқыш» дөңкиіп жатқан «бақытсыз» жәндікті жіліктеп, турап, осып, қидалап, боршалап, әп-сәтте түгін қалдырмай тасып әкетеді. Жоғарыда баяндалған жәндікке арналған әдіс сізге бір кездері Троя шаһарының түбіне жететін Пасейдонға арналған үлкен ағаш ат секілді елестеуі мүмкін. Бірақ құмырсқаның адамнан ақыл сұрамайтыны анық. Олай болса құмырсқаға бұл тәсілді үйреткен бір Құдіреттің барына таңғалмасқа шараң жоқ.

Тағы бір таңғаларлық жайт, амазонкалық құмырсқалардың басқа бір түрі. Амазонка ормандарында әр жерде жеке дара сойдиып тұрған биік бәйтерек кездеседі. Бірақ амазонканың жабайы тайпалары бұндай ағаштарды «шайтанның бау-бақшасы» деп атаған. Себебі бұл ағаштың маңайында орманның жын-перілері мекендейді деп ойлайды. Зайырлы елдің биолог, ботаниктері амазонка ормандарын зерттеп жүріп, әншейінде ит тұмсығы батпайтын ну орманда жеке-дара жайқалып тұрған дарақты көріп, таң қалады. Зерттеп көрсе, мұның құпиясы құмырсқада екен. Жалғыз ағаштың діңінде өмір сүретін құмырсқалар империясы айналасында қылтиып шығып келе жатқан басқа ағаштың көшеттерін у шашып, жөргегінде «буындырып өлтіреді». Ғалымдар бұл кереметті зерттемек үшін «шайтан ағашының» жанына әртүрлі талдың дәнін шашып, егіп шығады. Бар-жоғы бір тәуліктің ішінде құмырсқалар әскері тиген жерін күйдіріп, ойып түсетін өткір қышқылдарымен төбесі қылтиып, көгере бастаған балғын көшеттерді тып-тыйпыл жойып жіберді. Басқа алқапқа егілген көшеттер еш кедергісіз өсіп-өніп, жайқалып кете берді. Мұның себебін ғалымдар былай түсіндіреді. «Құмырсқалар өздері мекен етіп отырған ағашқа өзге дарақтар бақталас болмас үшін бөтен көшеттерді әлсіз кезінде аяусыз құртып отырады». Жунглидегі ең ежелгі, ең кәрі «шайтан ағашының» жасы сегіз жүз жылдан асып кеткен. Жыл сайын жаңарып отыратын құмырсқалар қауымы мың жыл бұрын ата қоныстарына айналған берекелі бәйтеректі жекеменшігіне айналдырып алған десе де болады.

Егінші құмырсқалар.

Енді егінші құмырсқалар қауымының қызығына қанығалық. «Агроном» құмырсқалар құрамында калориясы өте жоғары белогы бар саңырауқұлақтың тұтас бір плантациясын ұстайды. Бұл егінді өсіру үшін құмырсақалар ең бірінші талдың жапырағын турап, кесіп, бөлшектеп үйлеріне тасып алады. Бірақ жапырақты жемейді. Олардың асқазаны саңырауқұлақ жегенде ғана жұбанады. Сондықтан жер асты мекендерінде саңырауқұлақ плантациялары міндетті түрде жайқалып тұруы керек. Құдай сақтасын, алда-жалда жер астында жұт болып, егін шықпай қалса, барлық қауым үрім-бұтақ, зәузәт-жұрағатымен аштан қатады. Саңырауқұлақ өсетін құнарлы топырақты қолға түсіру оңай емес. Оның құнары мен құрамын реттеу үшін талдың төбесіне шығып, бұтақ, сабақтың арасында жүгіріп жүріп, жасыл жапырақты қырқып, төменге тасып алады. Жұмысшылар жағы талғанша жапырақ қидалап, турап, шайнап, майдалаған соң оларды өздерінің қи-нәжісіне араластырып илейді. Тыңайтқыштың иі қанған соң оған егін еге беруге болады. Әдетте бір жерге бидай, күріш, қауын, қарбыз қайта-қайта егіле берсе, топырақ эрозияға ұшырап, құнары құриды. Мұнда да дәл солай. Сол үшін жасыл плантацияны үнемі жаңартып отыруға тура келеді. Жаңа мекендегі плантацияның топырағы әбден дайын болғанда күллі қауымды басқарып отырған аналық құмырсқа саңырауқұлақтың тұқымын ұртына салып алып, шалқар көшті бастап, жер үстіне шығады. Көш көлікті болып, діттеген жерге келген соң, жаңа үйдегі жас плантацияға жас тұқым себіледі. Осылайша егіннің жаңа маусымы басталады. Бірақ мұнымен шаруа бітпейді. Еккен егінді зиянкестерден сақтап, қорғау керек. Әдетте кез-келген қолда өсетін егіннің өнімі оның даладағы жабайы түрінің өніміне қарағанда әлдеқайда көп болады. Есесіне жабайы егіннің жаулары аз болады да, керісінше қолда өсетін егінге құрт-құмырсқа, зиянкес, бактерия үйір болады. Адамдар өздерін бес мың жылдық өркениет тарихында егінін зиянкестен сақтау үшін неше түрлі айла-тәсіл ойлап тапты. Қазір де егінге арнайы дәрі шашып, күтіп отырмасаң күз келгенде банкрот болып, топырақтан картошка емес, қоңыз теріп кетуің демде. Ендеше арнайы егін егіп қана күн көретін құмырсқа зиянкестен қалай сақтанады? Таң қалатын түгі де жоқ. Олар егінін адамнан артық қориды. Әдетте саңырауқұлақтың қас жауы - аскомицетті паразиттер. Бұлар жайқалып тұрған плантацияға түсетін болса, аз ғана уақыт ішінде ас-ауқатты көгертіп, шірітіп, бұзып, айнытып жібереді. Бірақ құмырсқа да қарап жатпайды. Олар егіс алқабын ары-бері кезіп, жалқауланбай жіті бақылап, жүгіріп жүреді. Жылт еткен паразит тұқымын байқай қалса, сол арада шапшаң шара қолданып, «оңбағанның» тұқымын тұздай құртады. Американдық ғалымдар ерен еңбекпен осы құмырсқалардың зиянды паразитке қарсы қолданатын дәрісін зерттеп тапты. Жер астындағы супер агрономдар асқан ұқыптылықпен жасалған өте күшті антибиотикті пайдаланады. Ең қызығы, бұл дәрі зиянды паразитті ғана өлтіреді, ал саңырауқұлақ көшетіне еш залалы жоқ. Аналық құмырсқа плантация ауыстырып көшкен кезде дәрінің бактерияларын ауызға салып, тастамай алып жүретін болды. Әлбетте көптеген паразит улы дәріге үйреніп алған соң оған екінші мәрте уланып өлмейтін өнер ойлап табады. Бірақ құмырсқа да дәрісін жаңалап, жетілдіріп, құрамын ауыстырып, ата жауына сайланып дайын отырады. Әрбір қауым пайдалы бактерияның бірнеше түрін дайындап, қорда ұстайды. Зиянды паразит бірінші дәріге өлмей қалып, ары қарай егінді қиратып бара жатса, екінші түрін дереу қарсы қолдана қояды.

Қыстан шыққанда ешкімнің де жағдайы мәз болмайды. Бұл енді жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Күн әлі салқын, жаңбыр тоқтамаған, тамақ азайған, қуат кеміген, қарттары қалжыраған, орта буын әлсіреген деген секілді. Үйлері жер астында болған соң сіресіп жатқан суық тоң бұларды тоңдырмай қоймайды. Тоң жібігенше жылыну керек-ақ. Күн тас төбеге шығып, әбден қызғанда құмырсқалар жаппай далаға шығып, күн ваннасын қабылдайды. Әп-сәтте құмырсқа денесі 10-15 градусқа жылынып шыға келеді. Мыңдаған жәндік бір уақытта есік алдында қыздырынып, ішке қайта кіргенде жер асты мекені кәдімгідей жылынып, рақат болып қалады.

Жыртқыш құмырсқалар.

Енді ең жойқын, ең жыртқыш, ең қауіпті құмырсқалар қауымына кезек берсек. Африканың ит тұмсығы батпайтын ну ормандарында қаптаған құмырсқа өмір сүреді. Құжынаған бұл көшпелі қауым араға 23 күн салып, бір орыннан екінші мекенге ұдайы көшіп-қонып өмір сүреді. Әрбір қауымда анау-мынау емес, 20 миллион құмырсқа тұрақты түрде еңбек етіп, тіршілік кешеді. Олардың саны Қазақстан ел-жұртынан үш миллионға көп деген сөз. Бұл жәндіктерді «эволюциялық жолмен өсіп-өніп, балшықтағы былжыраған балдырдан өніп шығып, дами келе осындай құдіретті жағдайға жетті» деп есі дұрыс адам айта алмас, сірә. Асып туған атеист ғалымдардың өзі бұлардың жынысы мен дене құрылымын көргенде еріксіз ойланар еді. Себебі мұншама көп құмырсқаны туып, өмірге әкеліп отыратын аналық құмырсқа бүкіл қауымда жалғыз болады. Яғни 20 млн-ға бір ғана шеше. Оның үлкендігі - 5 см. Ол - қауымдағы, қала берді Жер планетасындағы ең үлкен құмырсқа. Ол - империяның анасы, патшасы, ханшасы, егесі, құдіретті қожайыны. Бұл империяда әлеуметтік дәрежесі жағынан екінші сатыда солдат құмырсқалар тұрады. Құжынаған қауым ары-бері көшкенде жол қауіпсіздігіне жауап беретіндер - дәл осы сайыпқыран сарбаздар. Олардың ірілігі шамамен бір сантиметр, басқа апа-сіңлілерімен салыстырғанда ірі һәм мығым жаратылған. Апа-сіңлі дейтіні - бұлар түгелге жуық ұрғашы жынысты. Бірақ бәрі бірдей бала таппайтын бедеу. Аса зор денелі анасынан басқасына құрсақ көтеріп, ұрпақ жалғастыруға Ұлық Алла тарапынан рұқсат жоқ. Қатал тәртіппен өмір сүретін бұл қауымда әлеуметтік мәртебесі жағынан үшінші орында тұрғандар - жұмысшылар. Олар тамақ іздеп, ас-ауқат тасумен ғана қарбалас болып жүгіріп жүреді. Жұмысшы құмырсқа дене жаратылысы жағынан солдаттардың белінен ғана келеді. Бұлар шағын денелі болғандықтан қара жұмысқа өте бейім, сондықтан жер қазып, жол салғанда, жолда кездескен жәндіктерді жұлмалағанда өте жойқын әрі батыл қимылдайды. Олардың жолында кездейсоқ кездесіп қалған жәндікке аман-есен құтылып шығу деген қиял ғана. Себебі бір ғана құмырсқа етегіне жармасса, ең ірі деген жәндіктің өзі сол арада арпалысып, амалсыз жан тапсыруға мәжбүр. Қатты қанаты бар қара қоңыздың өзі сәл кешіксе аспанға ұшып үлгермейді. Көзді ашып-жұмғанша тамақ табылған жерге жүз мың құмырсқа қаптап кетеді. Жүздеген құмырсқа жармасқан жерінен тістеп, жан-жаққа тартқылағанда шегіртке, қоңыз, ұлу, дәуіт, көбелек, бұзаубас, шаян секілді жәндіктерің тірідей парша-паршасы шығып, түтіліп, сол заматта шашылып кетеді. Үлкен талдың қуыстарына ұя салып, жұмыртқа туып, балапан басып отырған құстардың өзі ошарыла көшіп келе жатқан бұл қауымды көргенде Құдайына сыйынып, зәрелері қалмай қалтырап, әрең отырады. Алда-жалда барлаушы құмырсқалар құстың ұясын тауып алып, ішіне баса көктеп кірер болса, бұл құстар үшін бос кеткен қаралы жыл болып саналады. Себебі санаулы сағаттан соң ауыр азаппен толғатып жүріп туып алған жұмыртқадан да, балапаннан да ешқандай белгі қалмайды.

Көшпелі армияның ең алдында «барлаушылар» болады. Олар жол кезіп, алдағы күндері көшіп баратын жердің жер-су жағдайын зерттеп қайтады. Ең қызығы, бұл құмырсқаның бәрі түгелдей соқыр. Оларда көз деген атымен болмайды. Есесіне қазандай басы бар. Бірақ бұл бастың ішінде 1 миллиграмм да ми жоқ. Басының іші айқыш-ұйқыш тартылған қатты сымдай, ары-бері керілген бұлшық еттер. Сым арқандай тартылып тұрған бұлшық еттің себебінен олардың жақ сүйегі тістеген жерін айырып, жұлып түсетін күшті болады. Ін қазып, топырақ тасығанда бір қауым құмырсқа бір тәулікте 36 кг кесекті қидалап, сыртқа шығарып тастайды. Бұлар соқыр болса, баста ми болмаса, құлақ туралы айтпай-ақ қойсақ та болады. Сонда бұл 20 млн тайпалас бірін-бірі қалай тауып, қалай келісіп жұмыс жасайды? Бір қарағанда мұншама көп санды құмырсқа қопарылып көшкенде жолдан адасып, шатасып, бірін-бірі таптап, майдаларын мыжып кетуі тиіс еді. Алайда Ұлық Алла оларға ерекше ғылым берген. 20 млн құмырсқа өзен құсап жөңкілгенде, әркім өзіне тиісті жұмысты қатесіз атқарып тұрады. Әсіресе көш қозғалып, жылдам жүріп жатқанда сарбаздар канал секілді қазылған шұңқыр жолдың екі шетінде кірпік қақпай күзетіп тұрады. Қара ниет құстар төбеден ұшып келіп ешкімді іліп кетпеуі тиіс. Ал ортада бала бағушылар мен жұмысшылар құндақталған бөпелерін және жол бойы қаужап отыратын ас-ауқатты төкпей-шашпай тасып өтуі керек. Егер олжалаған жем, құрт, шаян, қоңыздары көлемді, ірі, ауыр болса, бірнешеуі жабылып көтереді. Шаршағанын сол заматта тың біреуі ауыстыра қояды. Бұлар 23 күннің ішінде жаңа жерге көшіп барып, жайғасып алуы тиіс. Өйтпесе жаңадан туылып, «империяның» қуатын арттырғалы тұрған «бесіктегі» 4 млн ұрпақ аштан қырылады. Жуық арада жайғаса қоятын үлкен үңгір, не болмаса қурап құлаған ағаштың құрғақ қуысы кездеспесе де ешқайсысы абдырап саспайды. Ешкім басқарып, айғайлап, бұйырып тұрмаса да құжынаған қыйсапсыз құмырсқа ғажайып бір ғылымның күшімен ауызындағы тістеуік қысқашы арқылы бір-біріне ілініп, жалғанып, тоқыла бастайды. Екі сағаттың шамасында аспанда люстра секілді салбыраған таңғажайып үй пайда болады. Бұл аспалы үйдің ішінде әрбір бала бағатын құмырсқаға арналған камера бар. Ең үлкен рақат бөлме - патшайымдікі. Ол ең жылы, ең қауіпсіз, ең кең, ең жайлы камерада түнеп шығады. Барлық камера, бөлме жалғыз ғана дәлізбен байланысып жатыр. Еш жерде аспалы үй соғудың оқуын оқымаған, су қараңғы соқыр, ұрғашы жыныстан ғана жаратылған, түгелдей мылқау, саңырау бір қарағанда ішіп-жеп, қарын тойдырудан басқаны білмеуге тиіс жабайы жәндіктер қандай Құдіреттің күшімен осыншама ақылға сыймас күрделі жұмысты атқарып кете алады? Бұл да әлі онша емес. Бұл жылжымалы империя мекен ауыстырып көшкенде кішігірім өзен-көлшік оларға кәдімгідей кедергі болады. Әрине, ол су адам үшін түк те емес. Тік жүретін екі аяқтылар ондай судан оп-оңай аттап өте салады. Ал құмырсқа үшін ол су өткел бермес нағыз дария, түбі жоқ терең теңіз десе де болады. Алайда ақылды жәндіктер оны да Ұлық Алланың Құдірет күшімен өте шебер шешеді. Жөңкіліп келе жатқан қалың қауым суға тірелгенде, алдыңғы қатарға соқталдай сарбаздар суырылып шыға бастайды. Әне-міне дегенше олар ауыздарына бір-бір жапырақтан тістеп алып, су бетіне тастай береді. Тағы да бір-бірінің қолынан, аяғынан, мұртынан қысқаштарымен тістей байланысып, су бетінде қалқып тұратын көпір жасайды. Дем арасында екі құрылықты жалғап тұрған ғажайып көпір де дайын болады. Жапыраққа табан тіреген солдаттар ортасы ойық, керемет сәнді көпір тоқып шығады. Империяның барлық мүшесі түгел өтіп болғанша бұл «тірі көпір» мызғымастан тұра береді. Қауымның ең соңғы мүшесі аман-есен өтіп болысымен «тірі көпір» тез-тез ағытылып, бір-бірінен ажырап, қайтадан сап түзеп, кете береді. Құмырсқалар империясында ең статусы төмені - бала бағушылар. Олар таңның атысы, күннің батысы аналық патшаның жатырынан тоқтаусыз туылып жатқан шақалақ тұқымдарды мәпелеп, аялап, жылы орынға жайғастырумен әуре. Ұлық патшайым ұзынынан созыла жатып, бала туумен ғана айналысады. Күтушілер оның ауызына тамақ тосып, тапқан таянғанын Ұлы ананың таңдайына тамызудан жалықпайды. Осы арада заңды бір сұрақ туады. Қауымда құжынаған құмырсқаның бәрі түгелдей ұрғашы болса, аналық патшамыз еркек жынысты құмырсқасыз қалайша ұрықтанып, ұрпақ шашады? Бұл да Құдай құдіретімен ғана іске асатын ғажайып құбылыс. Аналық патшамыз нәпсісі оянып, зауқы артып, ұрықтанып, ұрпақ шашқысы келсе, тұла бойынан еркек құмырсқаны еліттіріп қоятын жұпар иіс шығарады. Орманға тарай бастаған бұл иістің молекуласы өте аз. Бір текшеметр ауада ары кеткенде бес-ақ молекула ұшып жүреді. Бірақ осының өзі джунглидің екінші бір алқабында аналықты «аңсап» жатқан еркек құмырсқаның нәпсісін оятуға жетіп жатыр. Аталық құмырсқа да дәл аналығы секілді өте көлемді, бірақ арқасында ұшуға жарамайтын, тек «сән» үшін ғана жаратылған үлкен төрт қанаты бар. Хош иісті қуалап отырып, «күйеу бала» өзін «сағынып» жатқан патшайымға да келіп жетеді. Бірақ күзетшілер оны бірден ішке кіргізе салмайды. Әуелі оның тұла бойын жақсылап тінтіп тексереді. Қауіпті ештеңе жоғына көзі әбден жеткенше бірнеше мәрте денесін иіскелеп, сүзіп шығады. Алыстан арнайы іздеп келген «күйеу бала» не болмаса болашақ құмырсқалар әкесінің қандай да бір қылығы не болмаса басқа бір қимылы ұнамай қалса, күзетшілер оны табан астында талап, турап, қидалап, өлтіріп тастайды. Тексеру аяқталғанша «күйеу бала» тырп етпей қимылсыз тұруға міндетті. Тінту біткен соң, оның қанатының бәрін тістеп, қиып алып тастайды. Содан кейін ғана ол патшайым жатқан жатын бөлмеге жол тартады. Бірақ күйеу бала неке «қызығын» ұзақ көріп, рахаттана алмайды. Себебі ұрықтану процесі бітісімен сол жерде ажал тауып, жарық дүниемен хош айтысады. Осы болар болмас ұрықтану процесінің өзі аналықты толық қанағаттандырады. Бұдан соң қауымдағы жалғыз Ұлы ана айына екі миллион құмырсқаны қиналмай туа алады.









1.2 Құмырсқаның пайдасы



Бір қарағанда өте қорқынышты көрінгенімен, ормандағы адамдар бұларды өте жақсы көреді. Себебі көшпелі құмырсқа адамдардың бау-бақшасында еркінсіп, дәнді-дақылды ойрандап жүрген зиянды жәндіктің бәрін жылан жалағандай қылып әп-сәтте жеп тауысып кетеді. Олар бір айдың ішінде бір футбол алаңындай жердегі жәндікті түгелдей теріп жеп, ада қылады. Жүріп өткен жайлауына екінші мәрте қайта айналып соққанша адамдардың да бау-бақшасы жайқалып, көкөніс тамырлары жуандап қалады.

Жалпы Ұлық Алла барлық нәрсені өз орынымен, есеппен жаратқан ғой. Бұл құмырсқалар болмаса Африкадағы жунглидің өзі жойылып кету қаупі бар. Себебі, оларсыз зиянды жәндіктер тоқтаусыз өсіп-өніп көбейіп, бүкіл ормандағы талдың тамыры мен жапырағын кеміріп тастар еді. Сондықтан «көшпенділер» жорыққа шығып, олжа іздегенде төбесі көк тіреген алып бәйтеректер оларға «хош келдіңдер, бауырлар» деп, қуанысып тұрады. Осылайша жунглидегі табиғи тепе-теңдік сақталып, ормандағы тіршілік құлпырып тұрады.

Құмырсқаның кереметі айта берсе таусылмайды. Бұлардың нендей логикаға сүйеніп жұмыс жасап жүргенін ешкім түсініп те, түсіндіріп те бере алмайды. От басы, ошақ қасына азық арқалап келе жатқан жәндіктің жүретін жолды қалай таңдап, қалай ұясына адаспай оралатынын ұқпайсың. Қалай болса солай, қисық бұраңдаған жолдармен жыбырлай береді. Бір қарағанда басы ауған жаққа қаңғып бара жатқан секілді көрінетін сабазың сәлден соң іннің ауызына дәл келеді. Енді осыншама күрделі жұмыстарды өте сауатты һәм сапалы атқарып жүрген «еңбек ерлері» оқу-тоқуды, жоспарды, ақпаратты кімнен және қалай алады? Олардың осыншама көптігіне қарамастан қауым ішінде басқаларға ақыл айтып, жол көрсетіп, жөн сілтеп отырған «орталық миы» жоқ. Араларында ақылы асқан оқымысты кемеңгер, көп жасаған тәжірибелі қарт құмырсқа болмаса да олар тамақтың тазасын тауып, бактерияның керегін өндіріп, қауіпті дұшпанын жазбай танып, олармен стратегиялық соғыс қимылдарын жүргізуге қабілетті. «Кез-келген құмырсқаның анатомиясын алып зерттесең» - дейді ғалымдар, - олардың бір де біреуінің басында мұншама көп ақпаратты сыйғызатын ми жоқ. Құмырсқаның жүйке жүйесінің физикалық көлемі өте-мөте кішкентай. Ал тіршілікте қолданып жүрген оқу, айла, өнер, білімі шамадан тыс көп.

Құмырсқалар өмір сүру үшін тұратын талдың түрін, қазатын жердің қалыңдығын, өсіретін саңырауқұлақтың сортын, дала мен іштің температурасын дәл өлшеп, дәл білуі керек. Бұдан бөлек миллиондаған жұмысшылардың істеген жұмысын тексеріп, бақылап отыру үшін де кәдімгідей ғылым қажет. Бұл жерде бұрыннан келе жатқан «бұл инстинкті реакция» деп басталатын жалтарма жауап қанағат бермейді. Жәндік туылып, не болса соны жеп, біреуден қашып құтылу үшін оған инстинкт сезімі көмектеседі деу күлкі шақырады. Тіпті сол инстинкт деген сөздің өзі түсініксіз, бұлыңғыр нәрсе. Және бұл өтірік жауапты жеке-жеке өмір сүретін жәндік сезімдерін түсіндіргенде қолданады. Ал бұр арада миллиондаған аталастар ұйымдасып өмір сүреді. Келешектегі тіршілік қамы түгел мақсатты, жоспарлы түрде ғана іске асады. Мәселен, сиыр бағатын бір ғана құмырсқаның білімін санамалап көрелік. Сиырларды таңертең өріске айдап шығу үшін ең әуелі «шөбі шүйгін» өсімдікті тамағы таусылған тақыр бұтақтан ажырата алатын ілім қажет. Сосын «өрістегі малына» шабатын зиянкес жәндік түрін бір-бірінен ажыратып, әрқайсысына әр түрлі қорғаныс және шабуыл түрін қолдану керек. «Сиырлардың» шырын беретін ұрғашыларын жазбай танып, қыстың күні оларды өлтіріп алмай, көктемге дейін жету үшін күтім, бағым білімін игеруге міндетті. Енді осы жұмыстың бәрін миллиондаған құмырсқаға сағатпен бөліп, кімнің не нәрсеге жауапты екенін қай кезде, кімді кім ауыстырып отыратынын, шаршағандар қайда барып дем алатынын реттеу үшін тағы да қосымша ғылым қажет. Жұмыртқаны жаңа ғана жарып шыққан сәби быжынаған құмырсқалардың ішінде не істерін білмей, абдырып тұрып қалуы керек емес пе? Қашан, қай жерден, қай тұстан, кімнің бөліміне барып, ұжымға қосылып кете алады? Өз міндеті мен кәсібін кімнен сұрап біледі? Бұл жерде ешқандай инстинкт сезімі көмектесе алмайды. Тіпті сол «құндақтан» шыққан құмырсқаны ең ақылды мақұлық - адам ұрпағы асырап алып, алдын-ала үйретіп, оқытса да дәл осындай жұмысты жасай алмас еді. Тіпті осы құмырсқалар өмірін таңның атысы, күннің батысы тынбай зерттеп жүрген ғалымдардың өзі соқыр сезімнің дәл мұндай шиеленіскен шаруаларды оқу-тоқу, білімсіз жасау мүмкін емес деп еріксіз мойындайды. Бұлардың бүкіл өмірі саналы тіршілік иесінің әрекетіне анық ұқсайды. Ал ойланып барып іс жасайтын саналы жәндік дейін десең, қисапсыз ақпаратты өшірмей сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас қылып беріп отыратын миы жоқ. Кейбір зерттеушілер құмырсқаның нерв жүйесі шамамен ары кетсе 500 мың нейронды сыйғыза алады дейді. Салыстырып қараңыз, біздің миымызда 100 миллиард нейрон клеткасы ұйысып тұр. Санаулы ғана нейронмен жүрген құмырсқа адам ғана жасай алатын жұмысты мисыз қалай жасап жүр? Ғалымдар осы араға келгенде тұйыққа тіреледі. Мүмкін, - дейді ғалымдар, - бүкіл ақпаратты майдалап бөліп, ұсақтап, басқалардың басына шақтап қана таратып беріп, сол арқылы күллі қауымды басқарып отыратын бір ғана супер ми бар шығар, - дейді. Бірақ соның өзінде мың миллион құмырсқаға ақпаратты алыстан сымсыз жеткізіп беріп отыратын ілімі күшті орталық тұрақты түрде бір жерде жылжымай әрі ұзақ мерзім өлмей өмір сүруі керек емес пе? Белгілі бір білімді, өнерді, кәсіпті, ақпаратты, жоспарды жадына жаттап алып, мақсатты түрде кетіп бара жатқан жұмысшы құмырсқа жарты жолда өзінен күшті жыртқыштың қолынан қаза тауып, не болмаса құстың тұмсығына ілініп кетті делік. Енді оның өзімен бірге келмеске кеткен аса құнды ақпаратты артындағы ұрпағы қалпына қалай келтіреді? Тіпті бәрі аман болды деген күннің өзінде қартайып өлген қарт құмырсқаның білім тәжірибесін әріп танымайтын жәндік қалай алып, қалай сақтап қалады? Себебі жаңа туған жас ұрпаққа арнайы мектеп ашып, дәріс оқып, ғылым үйретіп жатқан мұғалім құмырсқа жоқ қой? «Құмырсқалар ақпаратты қай жерінде сақтайды және оны қалай алысқа таратып беріп жүр?» деген сұраққа дарвинист ғалымдар былай деп қана жалтара жауап береді: «Әлі де техниканың күші әлсіз болып тұр. Техника ғылымы тағы да дамыса, құмырсқаның ақпаратты қайдан алып, қалай таратып, қалай қабылдап алып жатқанын көрсетіп бере алатын құрал-сайман да табылып қалар» деп өздерін де, бізді де өтірік жұбатады. Мұсылманның бұған беретін жауабы былай болса керек. Жер планетасының орман-тоғайларында миллиардтап өмір сүріп жатқан құмырсқалардың жалпы санының биомассасы адамдардың биомассасына тепе-тең. Осынша есепсіз, қисапсыз құмырсқаны миллиондаған жылдан бері ерінбей-жалықпай оқытып, тоқытып, асырап, оларға дәріс беріп, өмір сүруді үйретіп келе жатқан - Ұлы Жаратушы Ұлық Алла тағала. Ұлық Алланың шексіз мейірім-шапағатымен құмырсқалар 300 миллион жылдан бері аман-сау тіршілігін жасап келе жатыр. Оның телегей-теңіз ілімінің арқасында бұл жәндіктер соқыр, саңырау, мылқау болса да өркениетті өмір сүреді. Құдіретті Алла тағала оларды өзі оқытып, өзі басқарып отырғандықтан, бұларға адам секілді қағаз жасап, мектеп ашып, жазу үйреніп, техника ойлап тауып қажеті жоқ. Құмырсқа тіршілігінен ғибрат алып, ұлық Алланың рухани іліміне ден қойған кез-келген адам құмырсқа секілді ілімді Ұлық Алланың Өзінен тікелей үйреніп, данышпан әулиеге айналады. Оны Исламда «ғилм ләдун» дейді, бұл Ұлық Алладан пендесіне тікелей берілетін ілім дегенді білдіреді. Оған дәлел хазреті Мұхаммед с.ғ.у.-нің тұлғасы, өмірі, жасаған жұмысы, қалдырған рухани мирасы. Хазреті пайғамбар ешқашан мектепке барып, ұстаз алдында отырып сауат ашпаған. Қолына қалам алып, жазу жазып көрмеген. Өмірінде бірде-бір кітаптың бетін ашып, парақтап оқымаған. Сөйте тұра, Ұлық Алладан ғажайып ілім үйреніп, жалғыз өзі Ислам өркениетін дүниеге келтірді. Университеттер мен академияларда кітап атаулыны кеміріп, оқымысты атанған ғалымдар оқу оқымаған пайғамбардың жалғыз өзі «ләдун ілімінің» күшімен жасап берген Ислам өркениетінің кішкентай ғана кезеңін үзіп алып, ғылыми тақырып қылып зерттегенде төрт-бес кітап жазуға әзер шамасы жетеді. Соның өзінде өзі зерттеп, өзі жазған еңбегін өздерінің бел баласы қызығып оқымайды да, тұрмысында тұтынбайды да. «Қағаз-қаламға ден қойып, мектеп оқып, ағылшын, қытай, компьютер тілін меңгеру ғана адамның көзін ашады» - деп зайырлы ғылымға көзсіз табынған адамдар ең соңғы супер техника аппараттарын арқалап жүріп, қарапайым шындықтың сырын таба алмай, жынды болуға айналған ғалымдар секілді неше түрлі күлкілі гипотезаға еріксіз сенеді. Сол сенімдері Ұлық Алланың тегін ілімінен мақұрым қалдырады [2.].

Ғалымдар құмырсқалардың қоғам­дасып жұмыс жасау құпиясын әлі күнге аша алған жоқ. Олар өте күрделі жұмыс атқарып қана қоймайды, сол істі аса математикалық дәлдікпен, архитек­туралық шеберлікпен орындайды. Сон­дай-ақ әрқайсысына тиісті өз міндеттері бар. Бұл еңбек бөлінісі бойынша олар жылдың 365 күнінде, тәуліктің 24 саға­тында бір тыным таппастан еңбек етеді. Қыста құмырсқалар өз жұмыстарын жерасты «туннельдерінде» жалғас­тырады. Мұны ғалымдар «инстинктивті реакция» арқылы іске асатын әрекеттер деп түсіндіреді. Бірақ нені түсіндіріп отырғандарын өздері де түсіне бермейді-ау. Алдымен «инстинкт» деге­німіздің өзі не деген сұраққа жауап берілуі керек, бірақ ол жауап жоқ.

Ең бір таңғаларлығы, құмырсқалар көрмейді, естімейді. Кейбір ғалымдар олардың миы да жоқ дейді. Олардың бос қауашақ бастарында айқыш-ұйқыш тартылған сым секілді жүйке талшық­тары ғана болады екен. Тебеннің көзіндей көлемнің ішіне сыйып тұрған әлгі талшық­тардың қандай жіңішке, қандай нәзік екенін өзіңіз елестетіп байқарсыз. Қыруар ақпараттың сол талшықтарға тізіліп тұрғанына, ал жатып таңғала беріңіз.

Құмырсқалардағы қалыптасқан тәр­тіпті адам баласы ұстанса, онда біз қиялымызға қиюластырып жүрген қоғам­ды бір-ақ күнде орнатар едік. Біздер, адамдар өз еншімізге берілген жоғары сананы - ашкөздік, күнәһарлық, жалған­дық, жауыздық, жарамсақтық деген сияқты жүздеген ұсақ биқасиеттерге ту-талапай бөліп, ақырында сол жоғары, саф сананы болмысымыздан күлдей шашып, жоғалтып алғанбыз. Жоғары сананың сарқыншағы сақталған адамдарды біз мәдениетті, зиялы, асыл азамат деп тамсана дәріптейміз. Алайда, ол адам­дардың әрбіріне тиісті енші екендігін ескермейміз. Себебі, жоғалтып алғанбыз.

Қасиетті Құран-Кәрімде «Нәміл» деп аталатын сүре бар. Демек, Жаратушының осы бір ғажайып хикметтерге ие жара­тылысы ғылым айтқандай «инстинктік» өмір сүрмейді. Құмырсқа, әрине, адамнан ақыл сұраған емес. Оның бүкіл тіршілік болмысын үйлестіруші бір ұлықтың бары рас. «Жер мен көктің иесі - Алла. Бүкіл әлемдердегі әрекет оған бағынышты», делінген Құранда. Бұл жауап құмырс­қаның да өмір сүру салтына қатысты.

«Нәміл» сүресінде құмырсқаның сөйлейтіндігі келтіріледі. Сіз осы кіш­кентай жаратылыстың ойлайтыны, сөй­лейтініне көз жеткізгіңіз келе ме? Онда мына бір қарапайым тәжірибені жасап көріңіз. Олардың илеуінен біраз қашы­ғырақ жерге он түйір дән әкеліп тастаңыз. Кезіп жүрген бір құмырсқаны ағашқа міндіріп, бәлкім басқа бір тәсілмен әйтеуір әлгі өзіңіз бақылап отырған дәнге әкеліп жіберіңіз. Құмырсқа дәндерді бір-бір иіскеп шығады. Сосын бұл олжаны хабарлау үшін илеуіне қарай тартады. Нағыз кереметті енді көресіз. Әлгі барлаушы құмырсқа өзінің тоғыз серігін ертіп қайта оралады. Өйткені, дән он түйір ғой. Құмырсқа ойлау білмесе, дәнді бірігіп тасып әкетуді қалай болжады? Сөйлеу білмесе, ол ойын серіктеріне қалай жеткізді? Бұл шексіз құдіретті ұлы Жаратушы жасап тұр. Ойы шектеулі ғылым бұл жерге араласа алмайды. Адамзат эволюциясының адасушылығын әлдеқашан мойындады. Егер құмырс­қалар әлдеқайдағы шіріген балдыр­лардан кездейсоқ пайда болса, олардың әрекеттері де мағынасыз болар еді. Кей илеулерде 20 миллионға дейін құмырсқа тіршілік ететінін ерінбегендер есептеп шығарған ғой. Бұл сан Қазақстан халқы­нан да көп. Сонша құмырсқа өзендей ағылып жатқанда өзді-өзі шекісіп, негізгі мақсат жолынан тайқып кетпейді. Олар негізінен азық дайындаумен айналысады, егін егетін құмырсқалар да бар. Яғни, өздеріне қажетті азықты өсіреді. Оларды зиянды микробтардан тазарту үшін қышқыл сөлдерін шашады. Бұл кәдімгі дәрігерлік дезинфекциялауға ұқсайды. Жалпы, олар жауларына өте қатал. Миллиондап жабылғанда ірі денелерді де жүндей түтеді. Адам 250 келі жүкті арқалап бір шақырым қашықтыққа екі жарым минутта жете ала ма? Жетеді, тек ертегілерде ғана. Ал құмырсқаның шын мәнінде өзінен сонша ауыр затты көтеріп, дәл солай жортуын жоғарыдағы өлшем­мен салыстыруға сыяды. Қазақта мақал-мәтелдердің асқан ғылыми астары бар. «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дейді атамыз. «Құмырсқа әліңді біл» демейді. Олардың тек өз тәртібімен, өз жолымен жүретіндігін қазекем қалай жаңылмай айтады.

Қолыңды әкел, құмырсқа. Мен сенің құдіретіңді үйренейін. Сұлу еңбекпен, асыл ақыл-оймен күн кешейін. Ешкімді күн­демейін, алдамайын, жүрегімнің қалауын ғана жасап, әр қазақтың бақытты шаңы­рағына бақан болайын. Аста-төк дүниеге қызықпайын, тапқанымды үнемдеп, жетімді жебейін, мұқтаждың мұңын қақ ортадан бөлейін. Ауырдың астымен, адалдың үстімен жүрейін. Құдіретіңе қол бердім [3.].

Ал ғалым Юсуф Изз ад-Диннің зерттеулеріне қарағанда, құмырсқалар өздерінен анағұрлым шағын жәндіктерді «қолдарына үйретіп», олардан пайдалы қорек жинайды екен. Сөзіміз нақтырақ болу үшін, өсімдіктің шырынымен қоректенетін кәдімгі зиянкес бітені олардың өз шаруаларына қалай пайдаланатындарына тоқталып өтсек. Аталған өсімдік бітесі ерте көк­темде кейбір өсімдіктер жапырағына ұрығын қалдырады. Есіңізге түсірер болсаңыз, кей жапырақтарда ақ нүктелер сияқты бір тіршілік иелері тізіліп отырар еді ғой? Сәл-пәл күн жылысымен ол ұрық­тар шіркей іспеттес өсімдік біте­сіне айналады да өзі отырған жапырақты кеулеп жей бастайды.

Құмырсқалар жасағы міне, дәл осы жерде өздеріне де, өсімдіктер дүниесіне де пайдалы әрекеттеріне алдын ала кірісетін көрінеді. Олар көктем басталысымен топ-тобымен «жорыққа» шығып, жапырақтарға жабысқан әлгі біте ұрықтарын, яғни жұмыртқаларды жинай бастайды. Тасып әкеп, қауымдастығы әзірлеген арнайы орындарға жайғастырып, оларды баптай күтіп, жұмыртқа бастыруға кірісетін көрінеді. Сәл уақыттан кейін құмырс-қалар қауымдастығы әлгі жұмыртқаларды жарып шыққан бітелерді де «жемдеп», қоректен­дірумен әуре болысады. Нәтижесін­де, көп өтпей-ақ, өсімдік бітесі өз бойынан балға ұқсас тәтті бір сұйық бөле бастайтын көрінеді. Бұл - құмырсқалар үшін таптырмас құнарлы тамақ.

Ойлап қарасаңыз, құмырсқалар осы бір ғана әрекеттері арқылы өсімдіктер әлемін, яғни жапырақтарды олардың қас-дұшпаны - өсімдік бітесінен қорғап қалады екен. Ал ондай біте-шіркей сіздің бақшаңызда жайқалып тұрған көкөністеріңізге де түсуі мүмкін ғой. Екін­шіден, бітелерді сауынды сиыр сияқты «сауа» отырып, құмырсқалар олардың да әйтеуір бір пайдасы бар тіршілік иесіне айналуына өз септігін тигізетін боп шықты. Әрі өз­дері де пайдалы тамаққа кенеледі. Осыдан кейін «құмырсқа дегенің пайдасы жоқ, кездейсоқ бір жаратылған жәндік қой» деп өзеуреген­дерге не деуге болады?! Құмырсқалар қасиеті осы айтылғандармен ғана шектелмейді.

Олардың жоғарыда біз санамалап өткен небір қасиеттерін еске ала отырып, кәдімгі, үйреншікті адам­зат қоғамындағы талай келеңсіз жайттар ойға оралды. «Үкімет бізге түк бермеді» дей отырып, өздері ұйқы мен бос әңгімеден, көздері телесериалдардан босамайтын замандастарымыздың қылық­тарын еңбекқор сол бір құмырсқалар қауымы білер ме екен?! Кісі ақысын жегенді өздеріне мықтылық деп санайтын, аз тер төгіп, мейлінше молынан қарпып қалғысы келетін, қоғамдағы әділетсіздіктің күшеюіне өз «үлесін» барынша қосып, өтірікті шындай етіп сапырып жүрген екі аяқты «қасқаларды», басқа қауым­дастық құмырсқасының жинаған бір дәніне де тимейтін осы бір бунақ-бунақ болған тіршілік өкілдері түстеп тани ма екен?! Даңғой мақтангершілікпен ас атаулыны шашып-төгіп жиын-той жасайтындар­дың қылықтарынан, «қамбасында­ғы» әр дәнегін қайта-қайта дегдітіп, кептіріп, ысырапқа жол бермеу үшін әлек болатын сол бір кішкентай жәндіктер әлемі хабардар ма екен?! Осылайша санамалай берсеңіз, толып жатыр... Білсе, таныса, хабардар болса..., құмырсқалар қауымы алдында қып-қызыл ұятқа қалдық-ау, шіркін, не керек! Жаратқанға мадақ айтып... «Бүкіл денесі бар болғаны екі үш бунақ пен бірнеше аяқтан тұратын бұл тіршілік иелерінің осыншама қасиеттер қай жерінде жасырулы» деген сауал жиі мазалайтын бізді. Сөйтсек...

Бізге белгілі және белгісіз қаншама ғаламдарды жаратып, оларды ғажайып бір биік үйлесіммен қозғалысқа келтіріп қойған Құдыретті Күш иесі, яғни Жаратушы Иеміз құмырс­қалар әлеміне де бар мейірін төгіп, оларға да өзіндік несібелерін шашып, қасиет беріп, тағдырларына араша түсіп, Әділеттіліктің ғажайып үлгісін көрсетуде екен. Мұхаммед салла Аллаһу әлейһи уәссаламның айтуынша, бұрынырақта келген пайғамбарлардың бірі ағаш түбінде демалып отырса, оны бір құмырсқа шағып алады. Әлгі пайғамбар өз заттарын ол жерден дереу алып шығып, құмырсқаның илеуін қасындағыларға өртеткен екен. Сонда Алладан: «Сені бір құмырсқа шаққаны үшін, Аллаға мадақ айтушы тұтас бір қауымдастықты өртеткенің қалай? Жазала­ғаныңа бір құмырсқа да жететін еді ғой?» деген хабар жеткен екен. Ой­лап қарасаңыз, Жаратқан Иенің қасиеттерін дәріптеп, мадақ айтулары арқылы, осы бір еңбекқор жәндіктер мынау жарық жалғанда «құмырсқа» деп менсінбестен, өздерін әдейілеп таптайтын талай-талай екі аяқтылардан биік дәрежеге ие болған екен-ау!

Қасиетті Құранда «Құмырсқалар» деген сүре бар. Оның 17-аятында Сүлеймен пайғамбардың жындар, адамдар және құстардан құралған әскерінің Құмырсқалар даласына кеп тоқтағандығы айтылады. Бұл аятта құмырсқалар алқабы Алла тарапынан құрметтеуге лайық қауымдастықтың мекені ретінде сипатталған. Одан кейінгі 18-аятта олардың бір аналық өкілі: «О, құмырсқалар! Сүлеймен және оның әскері, өздері де байқамастан, сендерді таптап кетпеуі үшін мекен­деріңе кіріңдер!» деп ескерткен екен. Бұл сөздерді естіген Сүлеймен әлейһи уәссалам бір жымиып алыпты. Себебі ол Алланың берген қасиеті арқылы құстар мен жәндіктердің тілін түсінетін.

Бұл аяттың түсіндірмесін жазған ғұламалардың айтуына қарағанда, әлгі құмырсқа белгілі бір қауымдастыққа қаратпа сөзбен қайрылып отыр. Және оларға төніп келе жатқан қауіп туралы жай ғана баяндамай, оның себебін, яғни құмырсқалардың өз табандары астында қалатындығын Сүлеймен әскерінің білмеуі де мүмкін екен­дігін қоса хабарлап үлгерген. Ойлап қарасаңыз, бар денесі қаламның ұшындай ғана болған осы бір шағын тіршілік иелеріне осыншама қасиет қайдан дарыған десеңізші! Әрине, Жаратушының шексіз Мейірімінен! Аса Қамқор Алла тағала қара түнде, қара тастың үстінде жылжып бара жатқан қара құмырсқаны да көре алатынын айта отырып, қасиетті Құранда Өзінің айрықша қасиеттерін түсіндірді емес пе! Шынайы хадистердің бірінде былайша баяндалады. Пайғамбарлардың бірі қасына серіктерін ертіп, жауын сұрамаққа далаға шыққан екен. Жолда олар аяқтарын аспанға беріп, шалқалап жатқан күйі Алладан жалбарына жауын сұраған құмырсқаға кезігеді. Сонда әлгі пайғамбар: «Кері қайтыңдар. Өзге тіршілік иелерінің жаңбыр сұраған дұғалары сендер үшін де жеткілікті болады!» - деген екен.

Демек, сіз бен біздің тіршілігіміздің қолайлы да мәнді болуына тілек қосып жүргендер саны жетерлік-ақ! Тек соны біз сезе білсек қой! Жаратылыстағы осы бір мәңгілік үйлесімнің салтанат құрып тұруы Жаратушының айрықша Қамқорлығына мегзейтіні ақиқат!

Ормандағы құмырсқа.

Ұлы Құдірет тарапынан құмырсқаларға орманның тазалық қызметі жүктелген. Жарты гектарлық орманды алқапты мекендейтін құмырсқалар бір сағаттың ішінде-ақ жүз мың жапырақ жәндіктері мен 2000 жұлдызқұртты жинап ұяларына таси алады. Бір жұп құмырсқаның ұрпағы бір жыл ішінде 120 миллиондай жәндік,150 мыңдай жұлдызқұрт жейді. Ал бір жазда бір илеу құмырсқаның,5 миллион ағаш зиянкестерін жоятындығына ғалымдардың көзі жеткен. Құмырсқаның тіршілік әрекеті күшті болу үшін 30-350 С ыстықтық қажет.

Бал беретін құмырсқа. Дүниеде бал беретін құмырсқаларда кездеседі.Олар бал жинау кезінде аралар сияқты жер кезіп, шірне жинайды.Бірақ құмырсқа балы қышқыл болады. Бал беретін құмырсқалар Австралияда және Орталық Америкада кездеседі. Құмырсқа балынан салқын сусындар,емдік дәрі-дәрмектер жасалады. Тіпті осы бал беретін құмырсқаларды ауызға салып кәдімгі шекілдеуікше шағып жейтін де ел бар.Құмырсқа балды ара сияқты ұяда емес,өз бойларына жинай-ды.Сондықтан бал жинаған кезде құмырсқа-лар торсықтай болып семіріп кетеді де, өте дәмді болады.





1. 3 Илеудегі ауа ағысы



Жүздеген ұядан құралатын илеулердің ең басты ерекшеліктерінің бірі - өте нәзік есеппен жасалған ұяның ішкі климаты. Олар физика, климотология, метереология сабақтарын оқымаса да, Құдайдың құдіретімен ұяға тән ауа ағысын реттеп отырады. Ұя кіре берісін Күнге, әлемнің магниттік өрісіне қарай бейімдеп жасауды, ауа жолдарының изоляциясын, күні бойы қалыпты температураны сақтау үшін қажетті желдетуді, жылыту мен суыту тепе-теңдігін ұстауды, жан саны артқанда жаңа қосымша ұялардың ішкі ауаға кері әсер етпейтіндігін олар өздеріне тән түйсікпен ғана жасай алған. Илеу ішіндегі жайлылық, қандай да бір қиын-қыстау заманда дереу көмекке жүгіру Жаратушы құдіретімен ғана іске асатыны сөзсіз. Мәселен, азық таусылғанда «қоректендіруші» қосымша тетіктер жұмысқа кіріседі. Қосымша асқазандағы қорек арнайы химиялық өзгеріске түседі. Ол құнары арттырылып барып әлсіздерге беріледі. Азық мәселесі шешілген кездерде бұлар қайтадан жұмысшыларға айналады. Осы секілді өзара көмек, жанпидалық сезімдері болмаса, елу миллиондық тұрғыннан құралған «алып мемлекет» қалай тұра алады?!

Олар бір ізге түсіп, азық іздеуге шығады. Ондайда арттағылар алдыңғылардың иісімен жүріп отырады. Илеулері ылғи да жер астында емес. Кейде жердің бетіне де, кейбір түрлері ағашқа да илеу сала береді. Жер астындағы қанатсыздары керек кезінде қанат пайда болып, көбею мүмкіндігін иеленіп шыға келеді. Илеуден ұшып шығады. Ұшу кезінде, не жерге қонған кезінде аталықтағы ұрық патшайым құмырсқаларға төгіледі. Аналық жұмыртқалауға кіріседі. Ендігі жерде патшайым құмырсқаның керексіз қанаттары түсіп, жұмыртқалау үшін ыңғайлы ұяға жайғасады. Жұмыртқадан ұрпақ шығу мерзімі алты-сегіз аптаға жалғасады.

Есте сақтау қабілеттері өте күшті. Қай жерден өтсе, сол жердің көрінісін дереу есте сақтап қалады. Кейде илеуінен тым алысқа ұзап шыққанда, қайта тауып келу үшін Жаратқанның оларға сыйлаған осы есте сақтау қабілеті мен иісшілдігі, сондай-ақ топографиялық түйсігі қолданылады. Бұған қоса, хабарласу жүйелері өте озық, мәлімет жеткізуде алдыға жан салмайды.

Мадагаскар аралында мекендейтін «Адетомирма» деп аталатын бір түрі өз төлдерінің дене сұйықтығын талғажу етеді, кейбір түрлеріне ет жеу де таңсық емес. Мейлі, шөптесін өсімдікпен, мейлі, етпен қоректенсін, олар жер бетін үнемі тазалап отырады. Оңтүстік Американы мекендейтін «Трачимирмекс» деп аталатын түрі илеуінде саңырауқұлақ өсіріп, сонымен қоректенеді. Тағы бір «Атта» деп аталатын түрі де саңырауқұлақтар өсіреді. Алайда, алдыңғысынан айырмашылығы - ол осындай өсімдіктердің жапырақтарын қырқып, ініне төсейді. Соның жылуы мен ылғалын пайдаланады. Басқаларды құл ретінде жұмсап отыратын кейбір түрлері де бар.

















































































2 Құмырсқаның химиялық және емдік қасиеттері



2. 1 Құмырсқаның химиялық қасиеті



Құмырсқа қышқылының хи­миялық активті екені мәлім. Ол құмырсқа денесінде, қалақай өсімдігінің құрамында кездеседі. Құмырсқа қышқылы заттарды синтездеуде тотықсыздандырғыш ретінде, металдарды бояғанда, былғарыны илеуде, залалсыздан­дыруда қолданылады. Қоғамшыл осынау тіршілік иелерінің қор­шаған ортаға тигізіп жатқан пайдасы қаншама. Олар құнарлы топырақтың түзелуіне өзіндік үлес қосады. Кейбір түрлері зиянды жәндіктерді құртып, пайда келтіреді. Мәселен, Швейцарияның бір кішігірім орманында құмырсқаның «пат­ша­лығы» өмір сүреді екен. Мұнда шамамен екі-үш миллиондай құмырсқа тіршілік ететін көрінеді. Олардың жүз шақырымға дейін жолы бар. Ғалымдардың есебі бойынша олар күніне 50 мыңға дейін зиянды жәндіктерді құр­тады екен. Жарқанаттылар тобына жататын бұл жәндіктің қанатты да, қанатсызы да көп кездеседі. Олар жұмысшы, уа­қытша қанаты дамымаған жұ­мыртқа салатын ұрғашы, қа­натты еркек болып келеді. Жұмысшы құмырсқаның үлкен­дігі әртүрлі болатыны мәлім. Олардың ірілерін «солдат» деп те атайды. Тынымсыз жұмыс іс­тейтіндер де осылар. Ұрғашыларының қанаттары түсіп, жаңадан ұя салады болмаса ескі ұя құрамына кіреді. Ал кей құмырсқалар үнемі илеуде бо­лады. Олар ұя салады, оның бұзылған жерлерін жамап-жасқайды. Өз жұмыртқаларын күтіп, қорек жинайды және илеуді жауларынан қорғайды.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңынан бастап ағылшындар сыйлыққа құмырс­қаның илеуін тартуды дәстүрге айналдырған көрінеді. Мұндай илеуді жасау үшін қураған ағаш­тың үгіндісін, кепкен жапырақ­ты, май топырақты шыны сауыт­қа салып, ішіне 200-дей құ­мырсқа кіргізеді. Төбесін шы­нымен жауып, ауа мен жем шынының астынан енгізіледі. Бұл кәдімгі сәндік балықтар өсіретін аквариумнан айнымайды. Қазір Англияда үйде құмырсқаның осындай илеуін ұстау сәнге айналғандай.

«Құмырсқа альдегиді» деген өткір иісті, улы газ бар. Мұнан алынатын түзілімдер ауыл шаруа­шылығында, тұқымды дәрілеуде, былғары илеуде, дәрі-дәрмек, бояу жасауда, пластмассалар, фенол-формальдегид шайыр­ларын өндіруде кең қолданылады. «Құмырсқа альдегиді» дәрі-дәр­мегі салқын тигенде, құяңға, буын ауруларына шипа. Түбіне бой­ласаңыз, улы газдың аты құ­мырсқамен байланысты болуы тегін емес. Кезінде біздің ата-бабаларымыз қатпа болған түйе­ге жасына қарай бір-екі құ­мырсқа жегізіп, ем-дом жасаған. Құмырсқаны көп жегізуге бол­майды, өйткені, мал уланып қалатын көрінеді. Сонымен қа­тар, бала күнімізде «белінен шойырылған жанды жала­ңаштап, құмырсқаның илеуіне отырғызады» дегенді жиі ес­титінбіз. Илеуге отырғызылған жанның қылықтарын айтып, күлген адамды да көп кездес­тірдік. Оның да өзіндік сыры бар. Құмырсқа шаққан жердің ауы­ратыны рас, өйткені, олардың сілекейінде құмырсқа қышқылы түзілген. Демек, халық емі ғылы­ми медицинамен астасып жат­қаны ғой.









2. 2 Құмырсқаның илеуі және оның емдік қасиеті



«Құмырсқаның бірлігі мен тірлігін берсін» дейді халық даналығы. Құмырсқа илеуі, екінші сөзбен айтқанда топтасқан құмырс­қалар ұясы әдетте топырақтан, қылқан жапырақтан жасалады. Ол құмырсқалардың тамақ қалдықтарымен шымдалады. Оның құрамында сілекейлі у көп. Бір-біріне жабысып, жымдасқан құмырсқа илеуін кез келген долы жел, қар суыратын дауыл да ұшыра алмайды. Ертеректе аңшылар қарасуық жаңбырлы күз бен қақаған қыста құрған қақпандарының шаппай қал­мауы үшін айналасын құмырс­қаның илеуімен көмкеріп тас­таған. Өйткені, илеу қандай суықта да қатпайды, қақпанның қандауызын қатырмайды. Соны­мен қатар ол аң атаулыға темірдің иісін сездірмейді екен. Құмырс­қаның илеуі халық емінде жан-жақты қолданылады. Құмырсқалар өз илеуін ағаш-тың,түбірдің немесе бұтаның оңтүстік жағына салады.Илеудің оңтүстік жағы түйетайлы (көл-беу),солтүстік беткейі одан гөрі қиялау келеді.

Құмырсқаның илеуі буын ауруына шалдыққандарға бір­ден-бір ем. Ол буынға жиналған сары суды сорып алады. Илеу қақаған суықтың өзінде де бірқа­лыпты жылылығын сақтайды. Қыста үсік шалған адамның аяқ-қолын илеумен ысқыласа, онда екінші рет үсімейтіндей төзімділік пайда болады. Ара, шыбын-шіркей шаққан жер асқынып, жараға айналса илеуді сулап немесе маймен жұмсартып, жарақатқа таңып тастайды. Мұндай әдісті құяңға, буындарға тұз жиналған жағдайда да қол­данады. Илеуді өкшеге тұз жиналғанда қара бидайдың ұны мен шикі жұ­мыртқаның сары уызы, қара тұз, жылқының немесе өсімдік майы­мен араластырып тартқан тиімді. Құмырсқаның уын өкпе, құрт ауруларына пайдалануға болады. Алайда, бұл айтылған тәсілдердің бәрін халық емшілерінің ұсыныс-кеңесі бойынша белгілі мөлшерде қолдану қажет. Өз бетінше әрекет ету қауіпті, әрине.

Кезінде Комб дейтін француз әйелі ғажап тәжірибе жасапты. Ол құмырсқаның илеуіне жанып тұрған шырақты қойған екен. Құмырсқалар сілекейін шашып, шамды бір минуттың ішінде сөндіріп үлгеріпті... Осының бәрі қоғамшыл жәндіктің бойындағы ұйымшылдық, емдік қасиеттерін білдіргендей. Оның әлі де ашыл­маған, анықталмаған құпия сырлары жетерлік. Ең бастысы, адамзат баласы кішкентай ғана құмырсқаның бірлігі мен тір­лігінен үлгі алса ғой, шіркін! [4, 3].

Көктем қылт етіп, күн жылынғалы қара құмырсқа інінен шығып, қауырт жұмысына қызу кірісіп кетті. Құмырсқаның адам денсаулығына пайдасы көп. Тынымсыз осы бір жәндіктің де неше түрлі ауруға таптырмас ем екенін көбіміз біле бермейміз. Ұзындығы бар-жоғы 13 милиметр болатын, жылтыр қара, кіп-кішкентай ғана қос мүйізі бар қара құмырсқаның еркегі үлкен, ұрғашысы кішірек болып келеді. Осы құмырсқаның бойында адам денсаулығына аса пайдалы «у» болады. Оның илеуі де ем болады екен.

Балалардың алқым безінің жұқпалы ісінуінде немесе басқа да ісіктерді асқындырмау үшін мына емді есте ұстаңыз. Таңертең ерте, күн шықпас бұрын құмырсқаның илеуінен керегінше алып, суға шымырлатып қайнатып алып, су әбден суыған соң илеуді шүберекке орап, ісінген орынға таңса ісікті қайтарады.

Жәндік шаққанда, ісікті, уытты қайтару үшін қара құмырсқа мен кәріқыз құртын (сабағының өзегінде болатын құрт) қосып талқандап, суға езіп, ісінген немесе жараланған жерге таңса жара жазылады.

Аяққа жара шыққанда кептірілген қара құмырсқаны талқандап жараның аузына таңуға болады.

Балтыр сыздағанда оның илеуіне аяғын салып отырып­, ем қабылдауға болады. Сол кезде адамның бойындағы ауруды құмырсқа өзіне тартып алатын­ көрінеді. Олардың денесінде 70-тен астам амин қышқылы, дәрумендер бар. Қазіргі кезде Қытайда одан аса бағалы азықтық, дәрілік қасиеті бар препараттар дайындалады. Дәрілердің буын аурулары мен қант диабетін емдеуге, қан қысымын реттеуге әсері зор. Кішкентай ғана тіршілік иелері жұқпалы аурулармен ауырмайды, пайдалы болатыны сондықтан. Егер балаңыздың алқым безі жұқпалы ісінуге ұшыраса немесе басқа да ісіктердің алдын алғыңыз келсе, онда таңертең ерте тұрып, құмырс­қа илеуінен керегінше алыңыз. Оны қайнатып, суыған соң шүберекке орап, ісінген жерге таңасыз. Мұндай ем түрін жәндік шаққанда,­ ісікті, уытты қайтару үшін, ая­ғыңызға жара шығып, мазаны ал­ған­да да қолдануға әбден болады. Оның уы адамға қауіпті аурулардың көпшілігінен жаза алады. Құмырсқаның уы сүзек-тің, обаның, туберкулездің бацилларын оп-оңай құртатыны байқалған. Құмырсқаның уын ғалымда иридомирмецин деп атайды.

Құмырсқалар топтанып өмір сүреді. Олардың өмір сүретін ортасын, яғни илеуді бұзуға болмайды. Халқымызда осындай ырым бар. Және де бір тәуліктің ішінде илеу­дегілер он мыңнан отыз мыңға дейін зиянды жәндіктерді жоятын көрінеді. Егістігіңіз болса, бұл - таптырмас көмек. Кейінгі кезде құмырсқа жейтін халықтардың да барын көріп жүрміз. Мысалы, Азияның оңтүстігінде тұратын­дар мен мексикалықтар сөйтеді. Бұл елдер­де құмырсқадан арнайы тағам да әзірленеді.

Құмырсқа жайлы қызық деректер өте көп. Күнделікті өмірде өзінен екі есе дәнді арқалайды да жүреді, тыным таппайды, өте бейнеткеш. Сезім мүшелері қатты дамыған. Егер жерде он дән жатса, оны көрген құмырсқа өзімен бірге тағы он серігін ерте келеді екен. Неге он дейсіз ғой? Себебі дән де он емес пе?! Топта «жауынгерлер» және «жұмыс­шылар» болады. Аналық тұрғыда қабілетсіздері илеудегі жұмыстарды атқаратын көрінеді. Соңғы кезде құмырсқаның сөйлейтіндігі жөнінде де айтыл­ып қалып жүр. Бұл олардың да өз тілі барын көрсетсе керек [5, 4].

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с) мынадай хадисі бар: «Шындығында, Алла Тағала, оның періштелері, көк пен жердің мекендеушілері, тіпті өз илеуіндегі құмырсқа мен балықтардың өзі адамдарға жақсылық үйретушілерге игілік тілейді.». Қарап отырсақ, бұл хадис жер бетінде адамға жақсылық үйретуден артық қызмет жоқ екендігін айғақтайды. Алла мен оның періштелері, бүкіл жаратылыстар сәлем жолдап жатса, адамға одан артық нендей бақыт керек?! Ал адамдарға жақсылық үйретудің ресми ошақтарына бала-бақшалар, мектептер мен медреселер, институттар мен университеттер жатады десек, бұл сүйіншінің мұғалімдер мен оқытушыларға да қатысы бар. Ал отбасында ата-ана бала-шағасына жақсылық үйретсе, олар да осы бақыттан өз үлестерін алады. Тағы бір хадисте былай делінген: «Қиямет күні Алла Тағала ғалымдарды жинап, оларға былай дейді: Мен сендердің көкейлеріңе ғылым мен хикметті сендерді азаптау үшін салған жоқпын. Кәне, енді жұмаққа кіріңдер!». Бұдан артық қандай сүйінші болуы мүмкін?! Олай болса, адамдарды жақсылыққа қарай жетелеу үшін барша мұғалімдер мен ғалымдар қажыр-қайратын аямағаны дұрыс.

Бел ауырғанда Құмырсқаның илеуі салынған ыстық ваннаға түскен дұрыс. Екінші күні қозғалмай демалған жөн.

Құмырсқаның илеуін «әулие» санап, басына түнеп те жүрген. Мысалы көзін шел басқан адамдар құмырсқаның илеуі бар жерді іздеп тауып, оларға жем беріп, басына түнейтін болған. Кейде содан көздегі жұқа шел «көшіпті» деседі. Қазіргі химия ғылымында «құмырсқа қышқылы» деген термин бар. Жаңағы көздегі шелді сол қышқыл «жеуі» мүмкін деген ғылыми жорамалды да естиміз. Демек, халықтың қарапайым ұғымының да шамалы болса да ғылыми негізі бар.

Олардың көмегімен ревматизмді емдеуге болады. Ол үшін бір уыс құмырсқаны дәкеге орайды да ауырған жерге басады. Құмырсқалар денені шағып қызартқан соң дәкені алып тастайды. Осы әдісті бір ай бойы қайталасаңыз көп ұзамай ревматизмнен айығасыз.





2. 3 Тәжірибелік бөлім



Құмырсқалар сонымен қатар арифметиканы меңгерген және ойлау қабілеті жоғары жәндік. Оған дәлел ретінде тәжірибе жасадым. Тәжірибенің барысын былай баяндайын: ол үшін жақын жердегі құмырсқа илеуін іздестіріп тауып, қолыма қағаздан жасаған үш қорап алдым. Оның екеуі кіші, біреуі үлкен болды. Өзіме бақылап тұру үшін қорап бетін ашық қылдым. Екі кішкене қорапшаны үлкен қорапшаның екі жағынан жалғастырдым. Құмырсқа илеуін аздап қопарыстырдым, одан құмырсқа жұмыртқаларын табу оңай, сол жұмыртқалардың он бірін санап алдым да сегізін бір қорапқа, үшеуін бір қорапқа ұстап алып, екі қорапқа жібердім. Құмырсқалар біраз арлы-берлі жүреді де бір-бірден жұмыртқа тістеп ұясына тартты. Аздан соң жаңағы құмырсқалар кейін қайтты, бірақ олар өздері ғана емес, қастарына ертіп алған нөкерлері бар. Барлығының саны қорапта қалған жұмыртқалардың саны мен бірдей болды. Сонда олар қораптың ішінде 9 жұмыртқа қалғанын қайдан біледі? Қанша көмекші керек екенін де ойлап алғандығына таң қалдым.

Бір жолы құмырсқаның илеуіне үңіліскен бастауыш оқушыларының ту сыртынан, құрбыларыммен кеп мен де қызықтай бастадым. Қара бунақтар жасағы бұл жолы бидай тасумен әлек. Қарасақ, үш адымдай жерде бір уыс бидай төгіліп қалған екен.

- Мәссаға-а-н, жаңа ғана төккен едік, әп-сәтте тасып әкетіпті мына­лар!

- Мынаны қара, мынаны. Өзінен дәу бидайды арқалап барады.

- Ал ана біреуісі сүйрелеп келеді. Давай, мынаны құлатайық, - деді де тентек балалардың бірі әлгі құмырсқаны жіңішке таяқшамен түртіп, бір бүйріне аунатып жіберді. Өзі құлап жатса да әлгі еңбекқор байқұс сүйреп келе жатқан бидайы­нан айырылар емес. Әлде аяқ­тары­мен барынша қармап алғаны, әлде тісімен кенеше тістеп жабысқаны белгісіз. Әйтеуір айырылғысы жоқ.

Осы құмырсқалар өмірін зерттеп жүрген американдық бір ғалым күтпеген жерден, бір күні мынандай «тәжірибе» жасапты. Жүйткіп келе жатқан құмырсқаның жолында көлденең олжа - бір түйір ет жатқан екен. Құмырсқалық түйсігіне бағып, әлгі азықты сүйреп әкетпекші болады. Алайда өз денесінен он шақты есе­ге үлкен олжаны көтеріп те, сүйретіп те әкете алмасын білген ол дереу қауымдастығына барып, бірнеше серіктерін ертіп келеді. Ол екі арада әлгі зерттеуші түйір етті жасырып қойған екен. Құмырсқалар шыркөбелек айналып, әрі іздейді, бері іздейді, азықты таппайды. Қасындағылары көп бөгелместен кетіп қалады да, әлі де болса үміт жібін үзбеген бастап-қы құмырсқа біраз бөгеледі. Зерттеуші азамат дәл сол кез­­де түйір етті бастапқы жеріне қайта қойған екен. Қуанған құмырсқа шапқылап барып, серіктестерін қайта ертіп келеді. Олжа тағы жоқ. Осылайша зерттеушіміз құмырсқалардың басын төрт мәрте қатыр-ған екен. Ең соңғы келістерінде серіктестері мұндай «жалған ақпармен алдаусыратқан» тұқымдастарын табанда парша-парша етіп тастаған екен. Өкінішті оқиға! Алай­­да тағылымы мол көрініс... «Өтірік айтқан құмырсқа сазайын осылай тартуы керек!» - деп отыр олар. Ғұлама әл-Қайымның сөзіне қарағанда, азық жинау және оны шірітпей сақтаудағы құмырсқалардың ұқыптылығы кісі қызығарлық дәрежеде екен. Жоғарыда баяндағанымыздай, олар әуелі бар тапқан-таянғандарын қауымдастықтарына ортақ «қамбаға» жинайды. Және мұндайда ешкім де жеке басын күйттемейтін көрінеді. Яғни қауымдастықтан жырылып, жеке басына азық қамдамайды. Оның үстіне «ортақ қазан ғой, кімнің қанша үлес қосқанын кім біліп жатыр, азырақ еңбектенейін», - деп ешкім қосақ арасында бос жүрмейтін көрінеді. Барынша адал еңбек етіседі. Осыларға қосымша баса айтқымыз келетіні, бір қауымдастықтың құмырсқалары келесі қауымдастықтың азық-түлігіне тиіспек түгіл маңайынан жүрмейтін көрінеді. Құмырсқалар әлемі тұнып тұрған еңбекқорлық, әділдік, тазалық сияқты. «Тазалық» демекші, олар жинаған азықтарын жиі-жиі аударыстырып, «өніп, не көгеріп кетеді-ау» дегендерін ерінбестен екіге бөліп, дегдітеді. Ол бөлікте бүлінуге бе­йім болса, оны тағы да екіге бөліседі. Оған да шыдамағандарын, жауынсыз ашық күндері ұяларының шыға берісіне жайып, кептіріп алады екен. Кейде құмырсқа илеуінің айналасынан шашылған дақылдарды көріп қалатынымыз бар ғой. Оның түпкі сыры осында екен. Құмырсқалар қауымдастығының жоғарыда баяндалған қасиеттері Омар Сүлейман әл-Ашкар деген ғұламаның «Алла» атты еңбегінде баяндалған. Тағы бір қызығы: құмырсқаның бір жылдық азығын бидайдың үш-ақ дәні құрайтын көрінеді. Егер қыс ұзап кетіп, не болмаса ұяла­рының шығар аузы бітеліп қалып, тағы да басқа жағдай туындап, әлгі азықтарын үнемдеу керек болса, олар үш түйір дәнді екі жыл азық етуге пейілді көрінеді. [6, 25].



2. 4 Құмырсқа жайлы аңыздар



Құмырсқа мен хазреті Сүлеймен (ғ.с.)

Бір күні хазреті Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбар бір құмырсқадан бір жылда қанша азық жейтінін сұрайды. Құмырсқа: «Бір жылда бір бидай дәнін жеймін» дейді. Алған жауабының рас-өтірігіне көз жеткізу мақсатымен Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбар құмырсқаны бір ыдысқа салып, жанына бір түйір бидай дәнін қойып, дем алатындай тесік тастап ыдысты бір жылға жауып тастайды. Бір жыл өткеннен кейін ыдысты ашып қараса құмырсқа бидайдың жартысын ғана жепті. Оның бұл әрекетіне таң қалған пайғамбар (ғ.с.) құмырсқадан неліктен бидайдың барлығын жемегендігін сұрайды. Сонда құмырсқа былай жауап берген екен: «Менің азығымды үнемі Аллаһ беретін. Мен оған сеніп бір бидайды толығымен жейтінмін. Өйткені, оның мені ұмытпай ризығымды ұдайы беретініне еш күмәнім жоқ еді. Бірақ осы міндетті сен өзіңе алғаныңда, адам ғой деп саған онша сене қоймадым. Мені ұмытып, ризығымды бермей қалуың мүмкін еді. Сондықтан да бір жылдық азығымның жартысын жеп, жартысын келесі жылға қалдырған едім».



2. 5 Құмырсқа пәлсапасы



Бірінші. Құмырсқалар ешқашан берілмейді.

Бұл жақсы пәлсапа. Егер құмырсқалар бір жаққа беттесе, сіздер тоқтатуға тырыссаңыз да, олар міндетті түрде басқа жолын табады. Олар жоғарыға, астыға, айналып та өрмелейді. Олар басқа жолын табады. Қандай керемет пәлсапа, белгіленген жерге жету үшін кез-келген амалды қолданады.

Екіншіден, құмырсқалар қысты жаз бойы ойлайды. Жаз өмір бақиға созылмайды. Сондықтан да құмырсқалар қысқа арналған азығын жазда жинайды. Неліктен осы кеңес өте маңызды? Өйткені адам реалист болу керек. Жазда, жағажайда дем алып жатып, күзгі дауыл туралы ойлану керексіздер. Болашақ туралы ойланумен болыңыздар.

Үшіншіден, құмырсқалар жаз туралы қыс бойы ойлайды. Бұл да өте маңызды. Қыс бойы олар өздеріне: «Қыс өмір бақи болмайды, біз жақын арада мына жерден шығамыз». Бірінші жайма-шуақ күні олар сыртқа шығады. Егер тағы да суытса, олар тығылады, жылынса, сыртқа шығады. Олар әр кез өзгерістерді жақсыға балап өмір сүреді.

Төртіншіден, қысқа дайындалу үшін қанша құмырсқалар қаншалықты жұмыс істейді? Қанша істей алса, сонша. Қандай ғажап пәлсапа, «қолдан келгеннің барлығын істеу».

Қорытындылай келе, құмырсқалар бізді мынаған үйрете алады:

1. Ешқашан берілмеу

2. Болашақты ойлау

3. Өмірден жақсы өзгерістерді күту

4. Қолымыздан келгеннің барлығын істеу

Біз құмырсқалар пәлсапасын қолдану арқылы, өз өмірімізге өзгерістер әкеле аламыз. Бастысы, дұрыс бағыт таңдау, сол кезде ғана жел бізді өз мақсатымыздың жетуіне ықпал етеді. Сіз дұрыс жолмен жүресіз бе, әрі қарай қателіктер жібересіз бе, оны Сіздің жеке пәлсапаңыз және өмірге деген көзқарасыңыз анықтайды.

Ешқашан берілмеңіз, алдыға қараңыз, өз-өзіңізге сенімді болыңыз және қолыңыздан келгеннің барлығын істеңіз.



















Қорытынды



Құмырсқалар туылғанынан бастап, өлгеніне дейін әркім өз функциясын қалтқысыз орындайтын қоғамдық өзара қатынастар жүйесінде өмір сүреді екен.

Адам мен құмырсқа арасын байланыстыратын ортақ не бар? Ештеңе де деп ойлайтын шығарсың. Адам - саналы "Һомо сапи-енс". Ал құмырсқаларда бір жасушаға татитын бастапқы сананың болуы туралы әңгіменің өзі қисынсыз. Әрине, адамдық өлшеммен есептегенде. Тіпті адам құмырсқаны мыжып өткенін қаперіне де алмауы мүмкін. Бірақ, құмырсқалардың өмір сүру тәсілін микроскоп астына алып зерделейтін болсақ, адам мен олардың қоғамдық құрылысында таңқалдырарлық ұқсастықтар бар екенін байқауға болады.

Енді ғана туылған құмырсқаларды арнайы питомниктерде бағып-қағады екен. Оларды илеуден таза ауаға шығарып, қадағалап жүретін кәсіби "тәрбиешілер" де болады, бала-бақша.

Ал ауруға шалдыққан құмырсқаларға өз ісінің шебері - "дәрігерлері" қарайды. Олар күнделікті профилактикалық қадағалау жұмыстарын жүргізіп отырады және қажет болған жағдайда ауруларды алшақтатып, тіпті хирургиялық операциялар жасауға мүмкіндіктері бар. Мысалы, мертіккен аяқтарын кесіп тастау секілді.

Ал Оңтүстік Америкада фермер-құмырсқалар мекендейді. Олар ағаш бұтақтарындағы жарықшаларын жерден топырақпен толтырып, жаңа егін "алаңдарында" әркелкі дақылдарды өсіретін көрінеді. Ал құмырсқаның бір түрлері илеудің айналасына еге береді. Ал егісті құмырсқалар қауымдастығының барлық мүшелері жинайды. Егістен жиналған дақылдар азық болады да олардан қалған масақ құрылыс материалы ретінде пайдаланыла береді екен.

Орталық Американы мекен ететін кейбір құмырсқалар илеуден азық алатын жерге дейін нағыз жол да салады. Оның ұзақтығы кейде 1,5 шақырымға дейін созылады. Ал егер қандай да бір себеппен жолда бір кедергі пайда болса, құрылысшы-құмырсқалар жұмысын тоқтатып, күтеді. Біраз уақыт өткен соң ол жерге полицай-құмырсқалар барып, тәртіп орнатып кетеді екен. Илеуге дабыл қалай қағылатынын осы күнге дейін түсініксіз. Тіпті, телепатия болуы да мүмкін дейді білетіндер.

Құмырсқалардаң арғы өмірге аттануын да адамдардыкі сияқты арнайы ритуалмен шығарып салады: "тасушылар" қайтқан құмырсқаны илеуден аулағырақтағы жерленетін мазарға жеткізсе, "көрқазарлар" оның денесін 2-2,5 сантиметр қазылған жерге тапсырады екен.

Ендеше, осындай қиын әрі әркелкі өмір сүру салтын сана болмағанда, не анықтап, жүйелеп бере алады? Ғалымдардың айтуынша, бұл қоғамдық жәндіктердегі жоғары сатыға дейін дамыған өте күрделі тума инстинкттер жүйесі.

Құмырсқалардың қызыққа толы қоғамдық құрылымы голливудтық продюсерлердің де назарынан тыс қалмапты, олар 1998 жылы "Антц</</font>" мультфильмін түсірген еді. Оған дейін де одан кейін де бұл қызығушылық еш толастамаған екен.

Әдебиетте де құндылықсыз инстинктке құрылған құмырсқалар өркениеті мен қызыққа толы құрылымы жазушылардың назарын бір аудармасы анық еді. Мұқтар Мағауиннің "Құмырсқа-қырғын" әңгімесі дәл осы тақырыпқа арналған. Ондағы көркемдік сипаттама құмырсқалар өмірі жайлы тамаша жасалған әліппелердің бірі.

Құмырсқалардың адам денсаулығына пайдасын көп халықтар ерте кездерден-ақ білген. Аяғы ауыратындар кей жағдайларда құмырсқа илеуіне аяғын салып құмырсқаға шақтырған. Мысалы, Қытайда бұдан 5 мың жыл бұрын жазылған "Бың Цау Гаң Му" кітабында құмырсқаның қасиеті туралы қызықты деректер келтірілген. Құмырсқа денесінде 70-тен астам микроэлемент, 20-дан астам амин қышқылы, витаминдер бар. Қазіргі кезде Қытайда құмырсқадан аса бағалы азықтық, дәрілік қасиеті бар препараттар дайындалады. Құмырсқаларға жүргізілген зерттеулер нәтижесінде олардың жұқпалы аурулармен ауырмайтындығы анықталған. Кұмырсқадан алынатын дәрілер буын ауруларын, қант диабетін емдеуде, қан қысымын реттеуде қолданылады. Оңтүстік Азия елдері, Мексика тұрғындары құмырсқаны тағам ретінде де пайдаланады [7].

Илеу құмырсқалардың күмбезделген ұясы. Ірі илеудегі құмырсқалардың саны бірнеше миллионға жетеді. Илеудің жер астындағы бөлігі болады. Оны жас құмырсқалар дамып жетілетін жолдар торлап жатады. Құмырсқалар тек қана топ-топ болып қана емес, аналық, аталық және жұмысшы құмырсқалардан құралған семьялармен ұзақ жылдар тіршілік етеді. Жұмысшы құмырсқалар өзара еңбек бөліседі, Солдат құмырсқалар әрбір кіре беріс жолында іннің аузын басымен жауып тұрады. Илеуге оралған жұмысшы құмырсқа кіре берістегі жолды жауып тұрған солдаттың басын мұртшасымен тықылдатып қаққаннан кейін ғана илеуге ене алады. Негізгі қорегі насекомдар, өсімдік дәндері. Олар ортаны тазартып табиғатқа көп пайда келтіреді. Кейбіреуі ауыл шаруашылыққа зиянын келтіреді. Оның шаққаны улы. Құмырсқаның илеуін бұзуға болмайды!



Ұсыныс:



  1. Табиғаттың таңғажайып жаратылысы - құмырсқалар туралы арнайы зерттеулер жүргізілсе;

  2. Құмырсқаның емдік қасиеттері өз дәрежесінде паш етіліп, оларды пайдалану жолдары тереңірек насихатталса.

































Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:



  1. Шаңырақ: Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл. 1990 ж.

  2. Санжар Керімбай, дінтанушы. Интернет материалы.

  3. Д. Аяшұлы. Құмырсқа, құдіретіңе қол берейін. Сыр бойы. 2010 ж. 22-қаңтар, №90-91. 2-б.

  4. Ж. Оралбаева. Құмырсқаның илеуі. Сыр бойы 2011 ж., 06-маусым. №6

5. Ж.Жүнісова. Халық. 2012 жыл, 7-маусым. №23 (618)

6. Н.Үркімбай. Жаратушы сыйға тартқан қасиет. Жәрдем. 2011 ж. 11-наурыз, 25-б.

  1. "Балалар Энциклопедиясы", V-том. 1995 ж.



29



 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал