- Учителю
- Сәлем саған мектебім оқушыға арнау
Сәлем саған мектебім оқушыға арнау
«Сәлем, саған, мектебім!»
Мақсаты: Білімнің қайнар көзі, бастау бұлағы -бастауыштан , оның өзі 1-сыныптан басталатындығын ұғындыру. Білімге, өнерге деген қызығушылықтарын арттыра отырып, білім ордасын, ұстаздарды құрметтей білуге тәрбиелеу. Білімді, ақылды, жан-жақты болуға тәрбиелеу.
Барысы:
Мұғалім: -Армысыздар, құрметті ұстаздар, ардақты ата-аналар!
Бүгінгі «Сәлем, саған, мектебім!» атты оқушыларды 1-ші сыныпқа қабылдау ертеңгілігіне қош келдіңіздер! Әр жанұяға береке, бірлік, табыс, амандық тілей отырып, тойымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Мұғалім: -Ағайын, жұрт ардақты армысыздар,
Бәріңізде аман -есен бармысыздар.
Көрермен куә болсын бастауышқа,
Болашақ шәкірттердің жалғасы бар -деп осы тойдың иелерін қошеметпен қарсы алайық.
/ 1-сынып оқушыларын өлең жолдарымен таныстырып, ортаға шақыру /
Мұғалім:-Кел, ортаға, кішкентай балақай,
Сен-ғаламның кереметі. Дүниенің құдіреті.
Сен адамсың, адамсың сен балақай!
Сен-қуаныш,сен-жұбаныш,
Сен-берік, сен-серік.
Ата-анаңа тірек болар жандайсың,
Көрдің бе, сен өзіңді қандайсың?
Өмірден өз орныңды ерте таңдап алғайсың.
Өзіңді таны, қарағым, өзіңді ізде,
Сенің ізің-жайдарлы жаз да, берекелі күз де.
Сен - болашақ адамсың бақытты,
Үмітіңді ешқашан үзбе.
Сен-балауса көктем, самал жел өпкен,
Сен-алғашқы қарсың, ақ ұлпа сепкен.
Сен-адамсың, сен өмірдің өн бойында барсың.
Сен өзіңді таны, балақай! Сен қажетсің, сен өжетсің.
Сен-әлемнің болашағы, дүние саған жол ашады!-деп
Шашу,шашу шашайық,
Ақ сандықты ашайық.
Бұл мереке, бұл тойдың,
Бастаңғысын жасайық. / шашу шашылады /
Мұғалім: -Бәйгеге түсіп жарыспай, жүйріктің бағы жанар ма? Біліммен өнер жарысып, тәрбие,тәлім табар мән.-деп қазір, ән-күймен, өлеңдермен, тақпақтармен өрнектеп, өнерімізді, алған біліміміздің артып, санамыздың өскенін, сөз байлығымыздың молайғанын көрсетейік.
Оқушылардың орындауында ән «Біз мектепке барамыз»
Әдеби монтаж:
1/ -Жүрегімде қуаныш, мен бүлдіршін баламын.
Енді жайнап нұр-жүзім, мен оқушы боламын.
2/ -Кенелеміз қызыққа, күлімдейді күніміз.
Біз бірінші сыныпта, талапкердің біріміз.
3/ -Гүлге толып жан-жағым, асыр салып жүгірдім.
Өсті талап-талғамым, көп нәрсені ұғындым.
4/ -Енді мен үлкен баламын, апамның тілін аламын.
Ұстаздың барлық айтқанын, миыма құйып аламын.
5/ -Нағыз білім-ырыс,бақ, дүниені тұр ұстап.
Енді біздер сабаққа, кірісеміз дұрыстап.
6/ -Ұстаздардың бар айтқан, ұлағатын ұғамыз.
Сөйтіп әрбір сабақтан, сәл есейіп шығамыз.
7/ -Жақсылықты жақтаймыз, бәрін біліп жаттаймыз.
Кітаппенен дос болып, сенімдерді ақтаймыз.
8/ -Ана сүтін ақтаймыз, қиындықтан қашпаймыз.
Жақсы оқып әрқашан, білімді бірге шыңдаймыз.
Қыздардың орындауында би «Айгөлек»
/ есіктен Білгіш пен Дымбілмес кіріп келеді /
Білгіш:-Сәлеметсіңдер ме, балалар! Дымбілмес:-Ойхой, мына керемет билеген кімдер? Білгіш: -Бұл биыл мектепке келген 1-ші сынып оқушылары. Қарасаңшы, бүкіл мектеп болып қарсы алып жатыр. Сенің Дымбілмес деген атың өзіңе лайық. Ештеңе білмей жүресің. Дымбілмес: -Сен Білгіш, көп білгішсіне берме. Кәне, айтшы, мына оқушыларың жақында ғана мектепке бірінші рет келді ғой. Білгіш: -Иә. Дымбілмес: - Ендеше олар да мен сияқты ештеңе білмейді ғой.ХА-ХА-ХА Білгіш: -Жоқ. Олар балабақшада болды және 2 айдың ішінде де көп нәрсені біліп, үйреніп алды. Бүгін олардың бірінші тілашар тойы. Дымбілмес: -Ой, қандай жақсы болды! Кәне, ендеше оқушылардың білімдерін тексеріп алайық. Мына кісі кім? /портрет көрсетеді / -Оның балаларға арналған қандай өлеңі бар?
Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі
-Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге, ықыласпен тоқылық!
Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар.
Сиса көйлек үстіңде тоқуменен табылған.
Сауысқанның тамағы шоқуменен табылған.
Өнер , білім, бәрі де оқуменен табылған.
Кел, балалар, оқылық, оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Дымбілмес: -Білгіш, мына оқушылар керемет қой, тақылдап тұр өздері! Білгіш: -Көрдің бе, мен сияқты білгіш балалар.
Дымбілмес: -Тұра тұр, тұра тұр. Менің тағы сұрақтарым бар. Мына сендер тұрған әсем үйді қалай атайды? -Не үшін келдіңдер мектепке?
Оқушылардың тақпақтары:
1/ -Алты жасқа толған біздей баланы,
Мектеп ана құшағына алады.
Ата-ана қуаныңыз шаттанып,
Шәкірт болды міне биыл балаңыз.
2/ - Өзім барам мектепке, кітаптарым көп менің.
Дәптерлерім және бар.
Әріптерді тануды мен мектепте үйрендім.
Ал суретті салуды мен әжемнен үйрендім.
3/ -Әріптерді тіземін, өзім жаза білемін.
Айтуымен ағаның, жазуымды түзедім.
Есеппенен ертекке, уақытымды бөлемін.
Өім барып мектепке, өзім үйге келемін.
Білгіш: -Балалар алфавитте неше әріп бар? Неше дыбыс бар?Дауысты дыбыс саны нешеу? Дауыссыз дыбыстар нешеу? Жарайсыңдар, балалар! Көп нәрсені біледі екенсіңдер. Енді мен сендерге сөздерді оқытқызамын, кім оқып береді екен? / сұрақтарға жауап беру, қима сөздерді оқытады / Дымбілмес: -Сөздерді оқи аласыңдар.Өте жақсы! Енді қима әріптерден кім сөз құрастыра алады екен, соны көрейік? / қима әріптерден сөз құрастыру / Білгіш: -Дымбілмес, көрдің бе, қандай білгіш балалар! Дымбілмес: -Енді не істесем екен? Ә,таптым. Мен сендерге есеп шығартқызамын. / ауызша есеп шығартады /
Мұғалім: -Дымбілмес, Білгіш, сендер менің оқушыларымның білімдерін тексереміз деп өздерің шаршап қалдыңдар білем. Осында отыра тұрыңдар, балалардың өнерлерін тамашалаңдар.
Ер балалардың орындауында би «Қара жорға».
Мұғалім: -Біздің туған жеріміз қалай аталады? Туған жеріміздің тұңғыш президенті кім? Еліміздің бас қаласы қалай аталады? Еліміздің қандай мемлекеттік нышандарын білесіңдер? Біздің мемлекеттік және ана тіліміз қай тіл?Ендеше туған жерімізге арнап өлең-тақпақтарымызды айтайық. Оқушылардың орындауында тақпақтар 1/ -Қазақстан жері кең-байтақ, бабамның берген ырысы.
Желбірей бер көк байрақ, Отанымның белгісі.
2/ -Биік-биік таулары көз тартады алыстан.
Туған жердің төсінде, өсейік біз де қалыспай.
3/ -Ауылым,ырысы мол құт мекенім,
Мәңгіге ақ бесігің тербетілсін.
Төсіңде жалаң аяқ асыр салып,
Алаңсыз білім алып ер жетемін.
Оқушылардың орындауында ән «Ана тілін сүйемін»
Мұғалім: -Балалар, кәне сергіту сәтін жасап алайық.
-Екі қол не үшін керек?
-Жақсыларды көру үшін.
-Екі құлақ не үшін керек?
-Ақыл-кеңес тыңдау үшін.
-Екі қол не үшін керек?
-Елге көмек беру үшін.
-Екі аяқ не үшін керек?
-Шетте жүрсең, туған жерге жету үшін.
Мұғалім:-Ал, енді үзіліс біз жасайық. Тойымызды ойынменен жалғайық. Дымбілмес, Білгіш сендер де шығып оқушылармен бірге ойнаңдар. Ойын «Орындықтар»
Дымбілмес: -Қой, мен шаршадым.Сендер көп нәрсені үйреніпсіңдер. Мен жеңілдім.
Білгіш: -Дымбілмес, сен де балалар сияқты көп оқы, сонда білімді боласың! Балалар, біз сендерді құттықтаймыз,сендер нағыз оқушы болдыңдар. Біз сендерге сыйлық ретінде 1-сынып оқушыларының алтын алқаларын ала келдік. Соны табыстауға рұқсат етіңдер?
Мұғалім: -Рахмет, сендерге,Дымбілмес пен Білгіш. Міне, менің шәкірттерім нағыз оқушы болды. Ойы биік, арманы алыс. Жаны жомарт, ай қабағым. Көкірегі толған намыс, білімді оқушыларымнан айналайын!-деп бүгінгі «Сәлем саған, мектебім» атты тілашар ертеңгілігімізді аяқтаймыз
Қоңырау сыңғырла, асыға
Үн қосқан қиядан асуға
Білім ал, еңбек ет жас ұлан
Өрле сен биiк шың басына.
Қоңырау үні сыңғырлап,
Естілді жылы жаныма
Күлкідей әсем сылдырлап
Бөбекті жиды маңына
Соғылсын қоңырау, соғылсын,
Сыңғырла мәңгілік сыңғырла.
Толқыған жүректер тоғысын
Толтырып бір арна, бір жырға.
Шаттықтың үніндей мәңгілік
Соғылсын қоңырау, соғылсын,
Қуаныш әніндей жаңғырып
Жүректер ақ нұрға соғылсын.
Қызыыыық! Біз адамдар өткенімізді неге сонша тез ұмытқыш келеді екенбіз!? Қазір ойлап қарасам, оқушылық өмірден еске түісіп отырғаны тек мына жыр шумақтары екен:
Мектебің мынау,классың
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің
Таудай болып шығасың...
Соқ,соқ қоңырау
Сыңғырлайды қоңырау
Сылдырлайды қоңырау
Сыңғырлайды,сылдырлайды соңғы қоңырау!
Қоңырау үні құлақтарыңыздан мәңгі кетпесін!
Сәлем, саған мектебім,
Алғыстарым көп менің.
Оқу, білім, тәрбие
Ой санама еккенің.
Береговой жалпы орта білім беру мектебі
Тақырыбы:
Өткізген: 1 сынып мұғалімі
Токебаева Г.Б
2013-2014 оқу жылы