- Учителю
- Мақтанышым – Тәуелсіз Қазақстан
Мақтанышым – Тәуелсіз Қазақстан
Сынып сағаты: "Мақтанышым - Тәуелсіз Қазақстан"
Мақсаты:Оқушыларды Желтоқсан құрбандарымен таныстыру. Аға-апалардың ерлігі туралы айту. Желтоқсан оқиғасы туралы шындыққа көз жеткізу. Оқушыларды елін, жерін, халқын сүюге, Отанын қастерлеуге тәрбиелеу.
Пайдаланылған көрнекіліктер: Қанатты сөздер, Қазақстан Республикасының Әнұраны, елтаңба, туы, Қазақстан Республикасының президенті Н. Назарбаев суреті, буклет.
Ұранымыз: «Тәуелсіздіктің тура жолы-білімді»
1-жүргізуші:
- Құрметті ұстаздар мен оқушылар!
Сіздерді 16-желтоқсан Тәуелсіз Қазақстанымызға 24 жыл толу мерекесімен құттықтаймыз. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, еңбекте жеміс, оқуда озат болуларыңызға тілектеспіз.
2-жүргізуші: Олай болса, «Мақтанышым - Тәуелсіз Қазақстаным!» атты тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер!
1-жүргізуші: Сонымен, Желтоқсан оқиғасы не себептен болды, оған кімдер қатысты, ол оқиғаға сол кезде қандай баға берілді?
2-жүргізуші: Иә, ол күн тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген - әйгілі 1986 жылдың 16 желтоқсаны еді. Д.А. Қонаев орнынан түсіріліп, орнына Колбин ешкімнің пікірінсіз-ақ ұсынылған еді.
Көрініс: «Қазақ жастарының алаңға шығуы»(4-сынып оқушылары)
Бір топ:
Естідіңдер ме?
Бұл не масқара!
Неге халықпен санаспайды?
Қашанғы шыдаймыз?
Ең болмаса өз ішімізден неге сайламаған?
Ел қамын біз ойламағанда, кім ойлайды.
/сахна алдына ержүректі желтоқсан батырлары шыға бастайды/
(Осындай сөздерді айтып, сахнаға Қайрат, Ләззат, Сәбира,Гүлнәр рөлінде оқушылар шығады)
Қайрат:
Дүр сілкінді қайран да қоңыр аймақ,
Бағы жана ма? Қала ма соры қайнап.
Ұран жазып, қып-қызыл ту көтеріп,
Біз де шықтық алаңға «Елім-айлап».
Ләззат:
Сүймейтұғын болдық қой, күймей ғұмыр,
Көлеңкеміз. Күннен де тимейді нұр.
Колбин деген кім екен, қайдан келген.
Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл?
Гүлнәр:
Алаңға шығып ойын айтты жастарым,
Қиындық пен қатерге тігіп бастарын.
Содан барып, таңы еріді кеңестің,
Содан кейін еркіндікті бастадым.
Милиция: Тараңдар, әйтпесе күш қолданамыз!
\ сол сәтте айқай шу шығады\
Көрініс: «Қайраттың тұтқындалуы»
( Үй іші қалаша жиналған.Дастархан басында Қайрат,нағашысы,жеңгесі отырды.)
Нағашысы:Қайрат-ау тамақ алсаңшы. Студент болам деп бір ішек болып қалыпсың-ау өзің. .
Қайрат: Жә, бұйырғанын жеп отырмын ғой нағашы.
(Осы кезде есік қағылып,үш-төрт милициа үйге кіріп келеді.)
Милиция: Біз органнан келдік. Қайрат Рысқұлбеков деген азаматты тұтқындауға келдік. Прокурордың санкциясы бар. Міне!
Жеңгесі: Қайрат, бері кел.
Милиция: Тез жинал, бізбен бірге кетесің.
Жеңгесі: Ойбай-ау бұларың не? Жұдырықтай баланың не жазығы бар еді? Әке-шешесіне не бетімізді айтамыз.
Милиция: Жеңеше, сабыр етіңіз! Бұл жігіт бір төбелеске қатысыпты. Анық - қанығын тексерген соң қайтарып жібереміз. (Осы кезде Қайратты милиционер алып кетеді.)
Мерей: Бар болғаны осы еді қылмысымыз,
Савицкий көрген жоқ бір кісіміз.
Кейін соның қазасы танылғанда,
Аң-таң болып, қан жылап тұрды ішіміз.
1-жүргізуші: Тәуелсіз мемлекет болуымызға шырылдап жанын қиған Сабира Мұхамеджанова, Лаззат Асанова,Ербол Спатаев, Қайрат Рысқұлбековтар еді.
1-жүргізуші: Орыны ағалардың бізбен толсын, Сәбилер ағалардың жолын қусын. 1минут үнсіздікпен еске алайық, Аруақ ағалардың ырза болсын.
2-жүргізуші: 1 минут үнсіздік
(Оқушылар шығып өлеңдерін оқиды.)
1-оқушы: Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын, айналайын жас өркені халқымның!
2-оқушы: Қаймықпады ызғарынан, бұлтынан
Қалтыратты империя іргесін.
Халықтардың бостандыққа ұмтылған,
Бастап берді бір көшін.
3-оқушы:Желтоқсан-заман толғағы байтақ даланың,
Шарпысқан сәтті үміт пен күдік наланың.
Қайрат, Ләззат пен Сәбира
Құрбаны болған жаланың.
1-жүргізуші: Ән «Көк тудың желбірегені»
4-оқушы: «Нашақор» деп «ұлтшыл» деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір күнде,
Қайғыға халық батқан күн.
5-оқушы: Әр қазақтың есінде сақталады,
Желтоқсандық өркендер ақталады.
Ер намысын қорғаған сарбаздарым,
Ерліктерің мәңгілік сақталады.
6-оқушы:Бас алаңда ел жосқан,
Жастар қаны жуған түн.
16 желтоқсан-
Тәуелсіздік туған күн!
7-оқушы: Көк аспанда тулардың
Желбіреген күні - бұл,
Елім деген ұлдардың
Елжіреген күні - бұл.
2-жүргізуші: Ән «Мереке» орындайтын Аяулым.
1-жүргізуші: - «Еліміздің еркіндігі - Тәуелсіздік» тақырыбына оқушыларымыз өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, жазып келіп отыр. Осы жазған эсселерін тыңдайық. (4-5 оқушылар. Бүгінгі Тәуелсіз еліміздің 24жыл ішінде жеткен жаңалықтарын, табыстарын әңгімелейді).
- Балалар, ойларың өте жақсы, көңілге қонымды. Көпшілігің 24 жыл ішінде жеткен жетістіктерге назар аударыңыз. Көп-көп рахмет!
2-жүргізуші: « Қазақ» биі.
1-жүргізуші:
Намысты от- жалынға шындайық біз,
Қайраттың ерлігіне лайықпыз.
24 жыл толған екен Желтоқсанға,
Әумин, қабыл болсын, жыр-әніміз!
Ән: «Атамекен»
2- жүргізуші: Қымбатты ұстаздар, ата-аналар,бүгін 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне арналған «Мақтанышым - Тәуелсіз Қазақстан » атты ертеңгілігіміз аяқталды.
1- жүргізуші: Келгендеріңізге көп рахмет!Сау болыңыздар!