- Учителю
- классный час на тему 'Шаңырағы асқақтаған киіз үйі қазақтың' (3 класс)
классный час на тему 'Шаңырағы асқақтаған киіз үйі қазақтың' (3 класс)
3 класс
Познавательный классный час на тему:
«Шаңырағы асқақтаған киіз үйі қазақтың»
Мақсаты : 1 .Оқушыларды киіз үйдің тарихымен , ішкі
және сыртқы әбзелдерімен , оның бөлік-
терімен , сүйегімен таныстыру .
Ерлер және әйелдер колөнері туралы
ұғымдарын тереңдету .
2 .Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін
дамыту , өз ойын сауатты және еркін жет-
кізуге , өздігінен жұмыс істеуге , талдау жа-
сауға дағдыландыру .
3 .Өз халқының тарихын , тілін ,салт-дәстүрін
құрметтейтін , туған елін сүйетін дара
тұлға тәрбиелеу .
Ұйымдастыру формасы: топпен жұмыс .
Көрнекі - құралдар: АКТ қолдану , бала-қоржын , балалардың
салған суреттері .
Нарғыз: Ең ұйымшыл , талапты да талантты оқушылардан
көпшілікке жалынды сәлем!
Хормен: Сәлем !
Ренат: Ал, балалар, тыңдаңдар,
Босқа қарап тұрмаңдар,
Ой маржанын теріңдер,
Дұрыс жауап беріңдер.
Нарғыз: Әр адамда болу керек
Құдіретті төрт ана.
Оқушылар:Туған жері-түп қазығы айбыны.
Туған тілі-мәңгі өлмес айдыны.
Салт-дәстүрі-жан байлығы, тірегі.
Туған тарих-қадамыңа шуақ шашар үнемі.
Ренат: Жарайсыңдар, балалар!
Бабалардың ұрпағына тілері
Төрт анасын қажет жатқа білгені.
Келесі сұрағымыз: Алғашқы байлық?
Жауап: Денсаулық!
Сұрақ: Ел байлығы?
Жауап: Бес саулық!
Сұрақ: Оттан да ыстық?
Жауап: Отаным!
Сұрақ: Берері көп?
Жауап: Аталар берген батаның!
Ренат: Жауаптарың дұрыс-ақ!
Нәрін ішіп ілімнің,
Кемесінде білімнің,
Нық қадаммен бәріміз,
Кешіп келе жатырмыз
Нарғыз: Ұлағатын тарихтың,
Бай мұрасын халықтың,
Мұражайдан бәріміз,
Кітапханадан бәріміз
Тауып келе жатырмыз.
(балалар отырады, ортада Әсел мен Қайржан қалады)
Әсел: Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!
Босқа қарап тұрмаңыздар.
Естімеген естіңіздер,
Тыңдамаған тыңдаңыздар!
Еуразияда орналасқан
Көркем мекен- Қазақстан.
Сол мекеннің кең жерінде,
Сарыарқаның нақ төрінде
Өсіп, жайнап, гүлдеп жатыр
Берекелі Павлодар!
Сол қаланың бауырында,
Кең Ертістің жағасында,
Ленин атты ауылында
Барын салып, терін төгіп,
Дайындалды балалар.
Талай жылдық тарихын
Әжелерден сұрадық.
Туған елдің тарихын
Аталардан сұрадық.
Ал бүгінгі тәрбие сағатының тақырыбын сіздерге Қайржан
сурет салып ашады.
(Қайыржан ИАТ-ға киіз үйдің суретін салады.)
Қайржан: Бұл не ? Сендер оны қайда көрдіңдер?
Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы
«Шаңырағы асқақтаған киіз үйі қазақтың»
Біз үш топқа бөлініп дайындалдық, кітапханаға
барып, мәліметтер жинадық.
Дана, Ермек, Жангир.(рөлдесіп оқу):
Киіз үй .
Киіз үйге кірді де,
Ақтаудағы Айнабек.
Ерсі көріп тұр міне,
-Терезесі қайда?-деп.
Түсіндірді тезінен
Түйешінің Үсені:
-
Шаңырақтың көзінен
Күн сәулесі түседі.
Үйлеріндей қаланың
Бөлек-бөлек бөлме жоқ.
Макетіндей даланың
Тігіледі дөңгелеп.
Сондықтан да ішінде
Душ болатын жөні жоқ,
Есесіне, түсуге
Жайлауымның көлі көп.
Бір жақсысы-баланы
Тұрғызатын бұрыш жоқ.-
Айнабек таң қалады :
- Осынысы дұрыс , - деп .
Камила: Балалар, біз үш топқа бөліндік : «Зерттеушілер», «Құрылысшылар»
және «Шеберлер». Ал енді әр топ өз атын қорғап алсын.
Дайынбыз ба?
Ортаға «Зерттеушілер» тобының балалары шығады , киіз үйдің сүреттерін іледі .
Гауһар: Киіз үй дөп - дөңгелек,
Жыққан кезде - он бөлек.
Тіккен кезде топ етіп,
Қона қалар дөңге кеп.
Көшіп - қонып үнемі,
Көк жайлауда жүреді.
Самал соқса аңқылдап,
Желге іргесін түреді.
Аида: Киіз үй - көшпелі өмірге бейімделген, ерте заманнан келе жатқан көшпелілер баспанасы, Еуразия далаларындағы жартылай көшпелі және отырықшы халықтардың арасына кеңінен таралған. Көшіп - қонуға лайықталып жасалады, түйе мен атқа тиеу арқылы жеңіл көшіріледі, оның киіз туырлықтары мен үзіктерінен жауын өтпейді. Ыстық күнде киіз үй салқын болса, қыстыгүні керегесін екі қабат киізбен қаптап, ошақ жағып, жазға дейін отыра беруге болады.
Ренат:Киіз үй - адамзат тарихындағы ең бірінші архитектуралық құрылыс, даланың макеті болып саналады. Киіз үй - өзіндік баға жетпес өнер туындысы, қазақ халқы үшін өмір салты мен әдет - ғұрпының, дүниетанымының, сан ғасырлық мәдениетінің жарқын айғағы. Көшпелілердің кіші әлеміне айналған киіз үй олардың өмірінің көп бөлігі өтетін дәстүрлі тұрақты мекенжайы болған.
Киіз үй қола дәуірінде пайда болған, біздің заманымыздан бұрынғы 3 мың жыл. Киіз үй біздің заманымыздан бұрынғы 7 - ші ғасырда пайдаланылып, киіз басу белгілі еңбек кәсібіне айналады. Киіз үйдің сол кезден бастап кең таралғанын тасқа қашап түсірілген суреттерден айқын байқауға болады. Ол суреттер Гоби Алтайынан, Сібірдегі Баяр жартасы, Қырымнан табылған.
Нарғыз: Көшпелі сақ тайпаларының Киіз үйде тұратынын алғаш рет ертедегі грек тарихшылары Геродот және Страбон жазған.
Томирис: Киіз үйді әр жерде әр түрлі атайды. Оңтүстік аймақтарында оны киіз үй, солтүстікте - кигіз үй, батыс аймақтарында - ағаш үй деп атайды.
Ауқатты қазақтардың киіз үйі 8 - ден бастап 30 қанатқа дейін баратын. Оларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Ал шаруалардың киіз үйін ақ боз, қоңыр үй, қара лашық, күрке отау, итарқа, жаппа деп айтқан.
Киіз үй шаруашылық жағдайға байланысты үш түрге бөлінген:
1) жаздыгүні тұруға арналған;
2) мереке - жиын кезінде немесе қадірлі қонақты күтіп алатын;
3) жорық кезінде тігілетін;
4) үйден бөлек асханаға, қоймаға арналған киіз үйлер болған.
Ортаға «Құрылысшылар» тобының балалары суреттерімен шығады.
Камила: Киіз үйдің негізгі қаңқасын - кереге, сықырлауық, уық, шаңырақ - сүйегі деп атайды. Киіз үйді тіккенде үй сүйегі бір - бірімен бау - басқұрлар арқылы біріктіріліп таңылады. Олар: басқұр, құр, таңғыш, шалма, белдеу, бау.
Оның сыртынан ши тұтылып, киіз әбзелдер - туырлық, үзік, түндік, киіз есік - жабылады.
I слайд: киіз үйдің сүйегі.
Туырлық - кереге іргесінен уықтың ортасына дейінгі жерді, үзік - кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралықты, түндік - шаңырақты, киіз есік - сықырлауықты жауып тұрады. Киіз есіктің сырты киіз, ортасы ши, астары жарғақ теріден жасалады.
II слайд: кереге .
Әсел: Кереге - киіз үйдің дөңгеленіп тұратын қабырғасы. Кереге қанаттардан тұрады. Қанат сағанақтардан құралады. Керегенің екі түрі болады: желкөз және торкөз . Желкөз қатты желге төзімді, ал торкөз жаңбырлы күндерде су жібермейді. Желкөздің торы үлкен, ағашы жеңіл, ал торкөздің торы кішкене, ағаштары ауырлау.
Сағанақтар қиғаш орналасады. Бір қанатта 20 сағанақ болады. Олардың ұзындығы - 210 см, ені - 260 см. дейін. Сағанақтар бір - бірімен қайыспен байланады. Қайыстар түйе, өгіз, жылқы терісінен жасалады. Киіз үйлер көбінесе 6 - қанатты болады. Және 8 - ден бастап 30 қанатты да болады.
III слайд: шаңырақ.
Сағындық: Шаңырақ екі бөлшектен тұрады: шеңбер және күлдіреуіш. Шаңырақ қайыңнан жасалады. Ол үшін қайыңды жаздың ортасында кесіп алады. Бұл кезде қайыңнын шырыны мол, сондықтан оны кептірмей шеңбер иеді. Шеңберге уық сұғатын қаламдық тесіледі.
Күлдіреуіш жарты ай сияқты болады, ол шыбықтардан иіледі. Күлдіреуіш арқылы үйге жарық түседі, түтін содан шығады. Шаңырақты «тіс», «қошқар мүйіз» оюларымен безендіреді.
Ермек: Қазақтың өмірінде шаңырақтың маңызы зор. Ол атадан балаға мұраға қалдырылып отырылған. Шаңырақ арқылы ұрпақтан ұрпаққа ата - бабалар рухы, күші жалғасады деседі.
Шаңырақ үй, әулет мағынасында да айтылады. Әулет дәстүрі бойынша, ұлдар әкенің үйінен бөлініп, жеке шаңырақ иесі болады. Әкесі мен шешесін кенже ұлы асырайды. Ол әке шаңырағының иесі, мұрагері болып саналады.
Егер киіз үйдің басқа бөлшектері тозса, оларды жаңартады, ал шаңырақты сақтайды. Ошақ түтінінен ол қараяды, сондықтан оны «қара шаңырақ» деп айтады.
IV слайд: киіз үй тігу көрінісі.
Диана: Киіз үйді тігу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тәжірибесіз адам тіккен киіз үй бір жағына қисайып немесе уығы сырғып кетеді. Киіз үйді тігу үшін алдымен кереге жайып, оларды біріктіріп, есігін орнатады. Есігін сықырлауық деп атайды. Содан кейін бақанмен шаңырақ көтеріледі, оған уық шаншады. Әрбір уық қаламын шаңырақ қаламдығына кіргізіп, екінші жағын керкгкнің басына байлайды. 12 - 18 қанатты үйлер өте биік болғандықтан, атты кісі шаңырақты көтеріп тұрғанда, өзге атты кісілер уықты шаншады.
Мәди: Осыдан кейін туырлық, үзік, түндік, киіз есікпен киіз үйді жабады. Туырлық пен керегенің арасына шым ши салады. Бәрін баумен байлап бекітеді. Осы сыртқы әбзелдері күн сәулесі мен тамшы өткізбеу, жылу сақтау қызметін атқарады. Оларды ақ киізден пішіп, ою - өрнектермен безендіреді. Киіз үйдің бау - басқұрларын да әшекейлі өрнекпен бастырады. Осының бәрі салтанатты сән береді.
Ортаға суреттерімен «Шеберлер» тобының балалары шығады.
Нарғыз: Қазақтың киіз үйіне лайықталынып жасалған үй жиһаздары болған. Олар: кебеже, абдыра, кереует, жастық ағаш, жүк аяқ. Енді төсеніштер: алаша, текемет, сырмақ, құрақ көрпелер, жер жастықтар. Тұтынатын заттар: аяққап, кесеқап, қоржын, бөгіре. Ыдыс - аяқтар: қазан, кесе, таба, тостақ, ожау, елеуіш, күбі, торсық, майшелек, қыш ыдыстар.( суреттер көрсетіледі).
Дана: Осы заттарды дайындау барысында кеңінен ұлттық қолөнер түрлері дамыды. Ұлттық қолөнерді ерлер қолөнері және әйелдер қолөнері деп бөлдік.
V слайд: " Ұлттық қолөнер түрлері» кестесі.
Әйелдер қолөнері: киіз басу, ою ою, кесте тігу, ши тоқу, төсеніштер тігу, ұлттық киімдер тігу.
Ерлер қолөнері: тері өндеу, ағаш өндеу, суйек өндеу, зергерлік бұйымдар жасау, жиһаз және ыдыс - аяқ дайындау.
Жангир: Ұлттық тұрмысымызда үлкен орын алатын - тері мен киіз төсеніштер.
Киіз төсеніштер ішінде сырмақ түрлері көп. Әсіресе асты - үсті ақ киізден, бетіне ақ жіппен ғана ою - өрнек түсірілген ақ сырмақты, немесе асты - үсті
қара киізден бетіне қара жіппен ою түсірілген қара сырмақты айтуға болады.
Кейде аң мен мал терісін сырмақ ортасына тұтас жапсырылған немесе тері мен киізді біріне бірі ойыстырған сырмақтар болған. Сырмақ - әрі жылы, әрі әдемі, үйдің сәнін келтіретін төсеніш.( суретін көрсетеді).
Қайыржан: Аяққап - ыдыс-аяқ салатын қапшық, арбамен алып жүруге өте ыңғайлы. Екі бетін киізден тігіп , бетін ою-өрнек салып, не кестелеп әшекелейді де, шеттеріне шашақ тігіп, жиектейді.( суретін көрсетеді).
Рауза: Ақ дастархан - ас қоюға арналған мата төсеніш. Дастарқанды кейде «Ақ жаулық» деп те атайды. Дастарқанның шетін сырып тігеді, не шашақ тағады. Дастарқанды басуға, аттауға болмайды, себебі, үстіне нан, тамақ қойылады, сондықтан дастарқанды сыйлау, құрметтеу керек. Дастарқан басына отырғанда төрге жасы үлкендер отырады да, жастар төменірек отырып, ас ішіп болған соң, ең үлкен ағасы дәм қайырады, яғни бата береді.
«Ақ дастарқан» әні орындалады.
Рефлексия.
Мұғалім: Осымен тәрбие сағаты аяқталуға жақындап қалды. Сендер жақсы дайындалыпсыңдар. Сағатымыздың ақырғы бөлімінде «Мұны білгенің жөн» атты викторинасын өткіземіз. Әр топ сұрақ 4 сұрақтан дайындап мына балақоржынға салып әкелді.
( Бір бала қоржыннан алып, сұрақтарды оқып тұрады.)
«Зерттеушілер» тобының сұрақтары:
-
Киіз үй қандай дәуірде пайда болған? ( қола дәуірінде )
-
Қай грек тарихшылары киіз үй туралы жазған? (Геродот, Страбон)
-
Киіз үй ненің макеті болып саналады? (жердің, даланың макеті)
-
Киіз үйдің ескерткіштері қандай таулардан табылған? (Алтай, Баяр жартасы, Қырым)
«Құрылысшылар»тобының сұрақтары:
-
Бір қанатта неше сағанақ болады? ( 20 )
-
Киіз үйлер неше қанатты болады? ( 30-ға дейін )
-
Шаңырақ қандай бөліктерден тұрады? (шеңбер, күлдіреуіш)
-
Шаңыраққа кім ие болады? ( кенже ұл )
«Шеберлер» тобының сұрақтары:
1. Төсеніш түрлерін атап беріңдер. (алаша, сырмақ, текемет, құрақ көрпе )
2. Әйелдер қолөнерін атап беріңдер . (киіз басу, ою, кесте тігу, ши тоқу)
3. Ақ дастарқанды неге аттауға болмайды? (оған нан, тамақ қойылады)
4. Ыдыс - аяқтарды атап беріңдер.
Ата - аналар балаларға сыйлық таратады .
«Қазақтың дәстүрлері» әні орындалады .