7


  • Учителю
  • ҒЫлыми жоба тақырыбы: 'Оқушылар бойында рухани құндылықтар қалыптастыруда Ы. Алтынсарин шығармаларының ролі'.

ҒЫлыми жоба тақырыбы: 'Оқушылар бойында рухани құндылықтар қалыптастыруда Ы. Алтынсарин шығармаларының ролі'.

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ




Жоба авторы: Бақытұлы Руслан, 4-сынып оқушысы,

№1 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейі,

Түпқараған ауданы


Жоба тақырыбы: Оқушылар бойында рухани құндылықтар қалыптастыруда Ы.Алтынсарин шығармаларының ролі


Бағыты: Қазақ тілі мен әдебиеті


Жетекшісі: Джансенбаева Гулбану Кадырхановна,

№1 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі


Ғылыми жетекшісі: Отарова Ақмарал Нұрғожақызы,

Ш.Есенов атындағы КМТжИУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты, "Қазақ тілі мен әдебиеті" кафедрасы меңгерушісі


С.Шапағатов - 2015


Мазмұны


І. Кіріспе ....................................................................................................................... 3

ІІ. Негізгі бөлім........................................................................................................ 4-13

2.1. Ұлы педагог, ағартушы Ы.Алтынсариннің өмір жолы.................................. 4-6

2.2. Ыбырай Алтынсариннің аудармашылық қызметтері......................................6-7

2.3. Оқушылар бойында рухани құндылықтар қалыптастыруда

Ы.Алтынсарин шығармаларының ролі.................................................................8-10

2.4. Мектеп бағдарламасына енгізілген жазушы әңгімелерінің мәні ............. 10-13

ІІІ. Қорытынды ........................................................................................................... 14

IV. Пайдаланылған әдебиеттер ................................................................................ 15


АННОТАЦИЯ


Жұмыстың мақсаты: Бастауыш мектептің әліппе, ана тілі, қазақ тілі оқулықтарында бағдарлама бойынша педагог, жазушы, балалар әдебиетінің атасы - Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармалары, аудармашылық еңбектері жайлы сынып ерекшеліктеріне қарай берілген.

Ыбырай Алтынсарин шығармаларын оқи отырып, оқушы бойына қажет жақсы қасиеттер көзі мол деп тауып, оларды бойыма дарытуды алдыма мақсат етіп қойдым. Осы мақсатқа жету жолында мынадай міндеттерді алғы шарт ретінде қарастырдым:

  • жазушының өмір жолымен танысу;

  • шығармаларын оқып, мазмұнын ұғыну;

  • шығармаларының жазылу ерекшеліктерін, кейіпкерлер бейнесін талдай білу;

  • көркем шығармаларындағы жағымды бейнелерге еліктей отырып, өзім олар туралы пікір айтуға дағдылану.

Жұмыстың өзектілігі: көркем шығарманы мейлінше көп оқу арқылы сауаттылыққа, тіл байлығының артуына қол жеткізуге болады. Сонымен қатар шығармашылыққа баулимыз. Ыбырай атамыздың көркем шығармаларының тәрбиелік мәні зор, әсіресе, еңбекке баса назар аударған. "Еңбек - бәрін де жеңбек" дегендей, адам бойындағы қабілеттің одан әрі ұшталып, өркендеуіне мол үлес қосатын, ол әрине еңбек. Атамыздың әңгімелерін оқи отырып, болашақ Қазақстан азаматтарын еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа, үнемшілдікке шақыру.

Жұмыстың жаңашылдығы: Күннен-күнге дамып келе жатқан елімізге сауатты, білімді ұрпақ керек. Мектеп қабырғасында терең біліммен қатар, әр оқушы өзінің жүрегіне жақын кәсіп түрін меңгерсе, өмірге бейім тұлға болары сөзсіз. Мектеп жанында қосымша шаруашылықтар, мәселен, шағын көкөніс өсіретін жылыжай, үй жануарларын өсіретін шағын шаруашылық түрлерін ашуды ұсыну.


Кіріспе

Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезім мен өз еліне деген сүйіспеншілігін, адамгершілік сезімдерін дамытуға тиіспіз», - деп атап көрсеткен.

Әр халықтың болашаққа бет алған тарихи даму жолында жарық жұлдыздай болып бағыт - бағдар сілтеген, сөйтіп, сол ұлттың, халықтың тарихында есімдері ерекше аталатын зор тұлғалар болатыны айқын. Есімдері мен еңбегі баршаға қымбатты, халқымыздың тұңғыш энциклопедист-ғалымы Шоқан Уәлиханов, ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаев осындай жұлдызды есімдер. Аталған екі ұлы есімді өзінің халқы үшін кешкен азаматтық ғұмыры, атқарған жарқын істерімен бір - біріне жалғастырып тұрған сахараның және бір данышпан перзенті бар, ол - тұңғыш ағартушы, педагог - жазушы Ыбырай Алтынсарин.

Мен бүгінгі шағын зерттеуімде осы ұлы тұлға - Ы.Алтынсарин атамыздың өнегелі өмірі жөнінде, оның арада қаншама заман өтсе де еш құндылығын жоғалтпаған, керісінше жас жеткіншек дамуына керек рухани қажеттіліктерге толы шығармаларына өзімше талдау жасап, сіздерге ұсынбақпын.

1

2. Негізгі бөлім

2.1. Ұлы педагог, ағартушы Ы.Алтынсариннің өмір жолы

Ыбырай Алтынсарин - аса көрнекті ағартушы, этнограф ғалым, қазақ әдеби және жазба әдеби тілінің негізін қалаушы ақын әрі жазушы, орыс графикасы негізінде қазақ алфавитін жасаушы жаңашыл педагог болған адам.

Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазанның жиырмасыншы жұлдызында Орта жүздің қыпшақ руында дүниеге келген. Әкесі 1844 жылы Кенесары шапқыншылығы кезінде қаза табады да, жас Ыбырайды атасы, белгілі би Балғожа Жаңбыршыұлы тәрбиелейді. 1844 жылы патша өкіметі Орынбор Шекаралық комиссиясының жанынан қазақ балаларын оқытып песірлер мен тілмаштар дайындайтын арнаулы мектеп ашу туралы шешім қабылдайды.

1846 жылы наурыздың бесінші жұлдызында Балғожа Жаңбыршыұлы ашылмақ мектепке немересі Ыбырайды оқушы етіп қабылдау жөнінде Орынбор Шекаралық комиссиясының председателі генерал - майор М.В.Ладыженскийге өтініш жасайды. Орынбор шекаралық комиссиясының сол жылғы наурыздың бесінші жұлдызындағы журналдағы қарары бойынша Ыбырай Алтынсарин жаңадан ашылмақ мектепке оқушы болып қабылданады. 1850 жылы жиырма екінші тамыз күні Орынбор қаласында ашылған мектепке отыз баланың бірі тоғыз жасар Ыбырай болды.

Ыбырай бұл мектепті жеті жыл оқып, 1857 жылы бітірді. Ыбырай ерекше зерек, дарынды болған.

Ыбырай қазақ арасынан көптеп мектеп ашуды аңсады: «Сірә, қазақ даласынан көптеп мектеп ашатын мезгіл қашан болар екен?» - дейді. Ол өнер - білімді, мәдениетті дәріптеп, халықты соған шақырып өлең, әңгіме, мақала жазды. Бұл жөнінде, басқаны былай қойғанда, оның «Өнер - білім бар жұрттар» деген өлеңі айқын дәлел.

Әуел бастан - ақ Ыбырайдың бар ынтасы халық ағарту жұмысы болады. «Ыбырай ылғи оқу жұмысымен айналысуды, қазақ халқын ағарту жұмысына ат салысуды көксейтін. Бұл оған бақыт, рахат сияқты көрінетін» - дейді Ильминский. Сол үшін Ыбырай халық ағарту жұмысына өзі сұранып, соған ақыры 1864 жылы ауысады, 1869 жылы бірінші қыркүйекте Торғай облысының оқу инспекторы болып тағайындалады, өмірінің соңына дейін осы қызметте болады.

Педагог - жазушының ізденіске, күреске толы өмірінің баршамыз үшін, әсіресе өмір босағасынан енді аттаған жастар үшін ғұмырын халыққа арнаудың өшпес өнегесін танытты. Ол өзіне дейін толғағы әбден жеткен, бірақ шешімін таппаған бірсыпыра әлеуметтік мәселелерді бірінші болып қолға алып, алғаш іске асырады. Қазақ даласында бірінші болып мектеп ашып, білім шырағын жағу, ана тілінде оқыту секілді халық өмірінде бұрын - соңды болмаған зор әлеуметтік мақсаттарды орындау Ыбырай Алтынсаринге, әрине, ол кезде оңайға түскен жоқ.

Ыбырай атамыздың тынымсыз қажырлы еңбегі, күресі арқасында 1864 жылы қазақ сахарасының төрінде бұрын құлаққа шалынбаған жаңа әуен - балаларды білімге, өнерге шақырған қоңырау үні тұңғыш рет естілді. Бұл ұлы мақсатқа ғұмырын арнаған жас ағартушының осы жолдағы алғашқы жеңісі, ал қазақ халқының өміріндегі әлеуметтік маңызды тарихи оқиға болатын. Сондықтан да болар, Ыбырай Алтынсарин бұл қуанышын (дұрысы жеңісін) Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Осы жылы (яғни 1864 жылы) январьдың сегізі күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған он төрт қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар», - деп айрықша мақтаныш сезіммен жазды.

Тұңғыш білім отауының босағасын алғаш аттаған он төрт баланың есімдері бізге беймәлім болғанымен, олардың жұдырықтай жүрегін билеген сезімдері соншалықты таныс, ыстық.

Міне, сөйтіп, Ыбырай Алтынсарин Шоқан Уәлихановтай аяулы азаматтың халқым оқыса, өнер - білімді игерсе деген арманын іске асырушы болды.

Ыбырай Алтынсарин - «Қазақ хрестоматиясы» (1879 жыл) деп аталатын ана тіліміздегі тұңғыш оқулықтың авторы. Ағартушы оқулықты жазудағы мақсатын хрестоматияның алғы сөзінде: «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс - қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім...» - деп тұжырымдаған. Хрестоматия бұл екі міндетті де толығынан атқарды. Оқулықтың революцияға дейінгі мерзімде бірнеше мәрте (4 рет) қайталап жарық көруі, оның өз кезеңінде ғана емес, одан кейінгі ұзақ жылдар бойында да талай жас ұрпақ үшін білім, өнеге көзі, рухани қазына бастауы болып келгендігін көрсетеді. Хрестоматияға Ыбырай Алтынсарин өзінің педагогтық мақсатына лайықты жазған тәрбиелік мәні жоғары көптеген шағын әңгімелерін, өлеңдері мен ауыз әдебиеті үлгілерін, сондай - ақ, орыс педагогтері мен айтулы орыс қаламгерлерінен аударған шығармаларды енгізген болатын. Бұл шығармалардың тақырыптық - идеялық мазмұнынан біз Ыбырайдың ұстаз-тәрбиеші ретінде алдына мақсат етіп қойған адамгершілік мәселелерін көреміз. Олар жас жеткіншектерді адал еңбекке тәрбиелеу, белгілі бір кәсіпке, өнерге баулу, адам бойындағы адалдық, достық, мейірімділік секілді асыл қасиеттерді ардақтау, үлкенді, ата - ананы қадірлеу, өнер - білімді байлық - дәулеттен жоғары қою тағы басқалар.

Баршамызға бастауыш сыныптардан етене таныс, әрі ыстық «Кел, балалар, оқылық!» - «Қазақ хрестоматиясының» беташар өлеңі. Жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, жас жеткіншектерді білімге, өнерге шақырған бұл өлеңнің маңызы, бір кезде Ыбырай армандаған «өнер - білімі бар жұртқа» - терезесі тең, шаңырағы биік, мәдениеті озық елге айналып отырған бүгінгі заманда да еш төмендемек емес. Қайта халқымен бірге жасасып, ұлы ағартушының арман - сәлемін жақсы күндерге жеткізген бұл тарихи туындының жаңа мәнге ие болып, бүгін де бұдан бір ғасыр бұрынғыдай:

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық! -

деп өзінің тот баспас, мәңгі тозбас озық халықтық идеясымен бүлдіршіндерді білім бағына шақыра бермек.

Ұлы ағартушы туған халқының тамаша болашағына сенді.

Ол төл туындыларын жазғанда да, орыс және Европа халықтары әдебиетінен аудармалар жасағанда да бір мақсатты қатты ұстанды, ең алдымен ол туындылардың балалар ұғымына сай, олардың қиял-ойын шарықтататындай тағылымды да қызықты болуына баса назар аударады. Сондықтан оның әңгімелерінен балалар әдебиетіне қойылатын негізгі талаптардың барлығы да атап айтқанда, туындының көлемінің шағындығы мен құрылысының қарапайымдығы, тілінің таза, түсінікті әрі шұрайлылығы, тәрбиелік - танымдық мәннің жоғарылығы, оқиғалардың балалар ұғымы мен жасына сай, көркем әрі қызықты баяндалуы, балаларға тән мінез, әрекет, ой - қиялдың табиғи түрде жазылуы.

Мұның бәрі Ыбырай Алтынсариннің қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихындағы қадірлі орнын көрсетеді.


2.2. Ыбырай Алтынсариннің аудармашылық қызметтері

Ыбырай Алтынсариннің төл туындыларымен қатар көптеген аудармалары да бар.

Халықты сауаттандыру, сана - сезімін ояту, рухани өмірін дамыта түсу мақсаттарында жазған хрестоматиясында Ыбырай Алтынсарин орыс тіліндегі әртүрлі оқулықтардан сырттай үлгі алумен тынған жоқ. Осы іздену үстінде ол орыс мәдениетінің қазақ арасына енуіне жол ашты: орыстың алдыңғы қатардағы жазушылары мен үлкен ойшылдарының, ағартушылары мен педагогтерінің еңбектерін қазақ даласына алып келді; оларды қазақ тіліне аударып, дала өміріне сіңістірді.

Ыбырай Алтынсарин И.Крыловтың «Егіннің бастары», «Қарға мен түлкі», «Қайырымды түлкі», Лев Толстойдан «Полкан деген ит», «Силинші», И.И.Дмитриевтен «Екі шыбын», орыс хрестоматияларынан, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан «Тәккаппаршылық», «Дүние қалай етсең табылады», «Талаптың пайдасы», «Үш ұры», «Алтын шеттеуік», «Аурудан - аяған күштірек», «Әке мен бала», «Білгеннің пайдасы», «Асыл шөп», «Бақша ағаштары», «Жаман жолдас», «Мейірімді бала» сияқты көптеген шығармаларды аударды.

"Ворона и лисица" стихи: И. Крылова

Вороне где-то бог послал кусочек сыру;
На ель Ворона взгромоздясь,
Позавтракать было совсем уж собралась,
Да позадумалась, а сыр во рту держала.
«Қарға мен түлкі»

Қарға ағаштың басында мұны көрді.

Тістегені аузында тәтті ірімшік,

Оны көріп түлкі - екең сөйлей берді.

Бұл шығармалардың барлығы да әрі қысқа, әрі көркем, баланың жас ерекшелігі мен білім көлеміне сай, түсінуге жеңіл, тәрбиелік жағынан шебер құрылған шығармалар.

Аударманың алдына қоятын негізгі мақсаты - сол тілде оқитын оқушыны басқа бір тілде жазылған шығармамен таныстыру. Бұл таныстырудың өзі әр кезде әртүрлі мөлшерде болған. Әсіресе, өткен ғасырда, халықтардың мәдени дәрежесі әр сатыда тұрған кезде, аударманың «дәл шығу мөлшері аудармашының негізгі мақсаты мен мәтіннің өзіндік ерекшелігіне және аударманың қандай оқушыға арналуына байланысты болған». Соның нәтижесінде ХІХ ғасырда көптеген аудармашылар шығарманың оқушыға жақын, тартымды шығуына көбірек көңіл бөлді. Ыбырай Алтынсарин де осы принципті ұстады. Ол өз кезіндегі қазақ оқушыларының білім дәрежесі жағынан орыс оқушыларынан көп кейін екендігін ескермей кете алмады. Осының нәтижесінде ғана ол алғашқы кезде қазақ оқушылары үшін тәрбиелік күші басым, қысқа тартымды шығармалар пайдалы деп санады және осы мәндегі әрбір аудармалық шығарманың түсінікті, қарапайым түрде шығуын қадағалады. Бұл турасында хрестоматияның алғы - сөзінде ол былай деп жазған еді: «Кітапқа енгізілетін әңгімелердің басым көпшілігі қазақтар рухында болуын көздедім. Сондықтан да ол үшін әңгімелерді таңдап алу аз қиындық келтірген жоқ. Әрбір жеке шығарма туралы жан - жақты ойлап қорытынды жасау қажет болды».

Ыбырай Алтынсариннің білім дәрежесі жағынан өте төменгі сатыда тұрған қазақ оқушыларына лайықты шығармалар іздеуі, басқа тілдегі кейбір шығармаларды олардың дүниетануы мен біліміне сәйкестендіріп аударуы дұрыс та еді.

Ыбырай Алтынсарин жас өспірімдерге адамгершілік рухында тәрбие бере алатын еңбектерді ғана аударды және осы аудармалары арқылы Ыбырай Алтынсариннің қандай нақтылы тәрбие мәселелеріне көңіл бөлгендігін де біле аламыз. Оның аудармаларының негізгі тақырыптары еңбек, адамды сүйе білу, кішіпейілдік, қарапайымдылық, үлкенді сыйлау, жолдасты қадірлеу т.б. болды. Бұл мәселелер Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық идеяларының озық сипатын танытады.

Ыбырай Алтынсарин әр шығарманы аударарда, ең алдымен, оның тәрбиелік мәніне ерекше көңіл бөлді. Аудармашының бұл талабын кез - келген әңгіменің көтеретін мәселесінен - ақ байқауға болады, Л.Н.Толстой мен И.И.Паульсонның әлсіз шығармаларын аударуда да Ыбырай Алтынсарин осы біржақты талаппен келіп, ол шығармалардың жалпы мәнін байқай алмады, өйткені олар тәрбие мәселесін көтеруі жағынан бағалы да болатын: оқушыны әділдікке, қарапайымдылыққа, тапқырлыққа баулуды көздейтін. Ыбырай Алтынсарин бұл әңгімелердің осы қасиеттерін жоғары бағалап, оларды қазақ тіліне аударды.

Ыбырай Алтынсарин Л.Н.Толстойдың шығыс аңыздары мен ертегілері негізінде жазған әңгімелерін аударды. Ол бұл шығармалардың қазақ оқушылары үшін қай жағынан да айрықша қиындық туғызбайтындығын ескерген тәрізді.

Ыбырай Алтынсариннің аудармалары қазақ әдебиетінде аударма өнерінің де өзіндік тарихы, өсу жолы барлығын танытады; олар бүгінгі өскелең аудармамыздың басқышы болып саналады.

2.3. Оқушылар бойында рухни құндылықтар қалыптастыруда Ы.Алтынсарин шығармаларының ролі

Ыбырай қазақ жастарын оқуға үндеумен қатар адамгершілікке, махаббат, достыққа, еңбекке, жігерлілікке, тапқырлыққа, халқын сүюшілікке, қысқасын айтқанда, адам деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуға үндеді және жастарға бала кезінен бастап дұрыс тәрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын ол жақсы ұғынды. Сондықтан Ыбырай өзінің оқытушылық, жазушылық, аудармашылық жұмыстарын осы мақсатқа бағындырды.

Жазушы әңгімелері еңбек сүюшілік, оқу, өнерге ұмтылушылық, Отанын - елін сүюшілік, талаптылық, жігерлік, іздемпаздық, кішіпейілділік, махаббат, қайырымдылық, адамгершілік, жинақтылық, тағы басқа осылар тәрізді жақсы мінез - құлыққа тәрбиелеуге керекті мәселелерді қамтиды. Бұларға жалқаулықты, қиянатшылдықты, надандықты, сотқарлықты қарсы қойып, жастардың мұндай әдеттерден аулақ болуына жол көрсетті.

«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде, ең кішкентай жәндіктердің де өмір, тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүретінін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа», - дейді.

Кейде сәл нәрсені қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, «аз жұмысты қиынсынып» бойкүйездікке салынушылық өмірде көп кездеседі. Бұл жақсы әдеттің нышаны емес. Сондықтан балаларды жастайынан - ақ бойкүйездікке, жалқаулыққа қарсы еңбекке тәрбиелеу мәселесіне Ыбырай ерекше көңіл бөлген. Жастарды еңбек етуге дағдыландыруды үгіттеген оның басқа да әңгімелері аз емес.

Жазушы «Атымтай жомарт» әңгімесінде еңбекті дәріптейді. Ешнәрсеге мұқтаждығы жоқ Атымтай еңбектен ұдайы қол үзбейді. Бұл ел аузында ертегі жыр болып кеткен, ежелгі араб жұртының әңгімесі болатын. Ыбырай осы ел аузындағы ертегіні балаларға арнап әңгіме етіп ұсынды. Әңгіменің идеясы да, кейінгілерге үлгі боларлық жағы да Атымтайдың сөзінен айқын көрінеді. Атымтай бір сөзінде: «Күн сайын өз бетімен тапқан пұлға нан сатып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады екен.» - дейді.

Алтынсариннің тәрбие жөніндегі негізгі тақырбының бірі - талап. Талап етіп талпынбаса, адам баласы ешбір алға баспаған болар еді. «Талапты ерге нұр жауар», - деген халық мақалы да өмір тәжірибесінен туған пікір. Жастық шақ жігер, қайраттың толы кезі. Бойдағы жасырын талант, өнерлерін жарыққа шығарып қалатын кез де осы. Ол үшін талап керек. Әр нәрсені де жігермен істе, өзіңнің не нәрсеге қабілетің, ыңғайың бар, қолыңнан не келеді, соны жақсы біл, қай өнердің соңына түссең, әрі өзіңе, әрі қоғамға пайда келтіре аласың, талаптан да таңдап ал дейді. Кейде талаптың, жігердің жоқтығынан жап - жақсы өнердің жарыққа шықпай кетуі де мүмкін. Сондықтан өз талабыңмен өрге шық дегенді айтады.

Ыбырай жас ұрпақтарға дұрыс тәрбие беру, оларды жас кезінен дұрыс баулу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. «Баланы дұрыс күт, түзу тәрбиеле, қисығын түзе, адасса айқын жолға сал», - деді. Бұл жөнінде де елге үлгі боларлық әңгімелер жазды. Оның осы тақырыпқа жазған бір әңгімесінде:

«Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты көріп жүрді. «Мына ағаш неліктен тіп - тік, ана біреуі неліктен қисық біткен?» - деп сұрады баласы. «Ата - ананың тілін алсаң ана ағаштай сен де түзу болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай болып бағусыз өсерсің. Мынау ағаш бағусыз өз қалпымен өскен», - деді атасы. «Олай болса бағу - қағуда көп мағына бар екен ғой»,- деді баласы. «Бағу - қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең сен де мына қисық біткен ағаштай қисық өсерсің», - деді.

Бұл әңгіменің оқушылар үшін де, оқытушылар үшін де үлкен тәрбиелік мәні бар. «Баланы жастан», - дегендей, оған жас күннен түзу тәрбие беру, оның болашақ өмірі үшін керек. Есейіп кеткен соң қисығын түзеу қиынға түседі. Кейде сол қисаюмен барып мерт болады. Ыбырайдың бұл әңгімесі қазіргі мектеп балаларын тәрбиелеу үшін де үлгі бола алады.

Махаббат, мейірімділік туралы, әсіресе, «Мейірбанды бала», «Шеше мен бала», «Аурудан - аяған күштірек» деген үш әңгімесін алуға болады. Махаббат, мейірімділік ата мен ананың үй ішіне деген махаббатынан басталады. Адамгершілікті ту ғып көтерген ұлы адамдар да алдымен өз атасын, өз туғандарын сүйеді, олардың кейбіреулері өсе келе, тек «атасының баласы болмай, адам баласы» бола біледі. Тек өзіме ғана болсын деген мешандық көзқарасты аттап өтіп, адам деген ардақты атқа ие болушылардың шын бақыты үшін де қол созады.

«Мейірімді бала» әңгімесінде, 13 жасар қыз патшаның үкімі бойынша қолы кесілуге бұйырылған әкесі үшін, патшаға арыз етіп, өз қолын кесуге ұсынады. Қыз: «Тақсыр, жұмыс жасап, бала - шағаларын асырайтын атамның қолын қалдырып, мына менің қолымды кесіңіз», - дейді. Мұнда жас қыздың тек қана атасы емес, анасы мен бауырларына деген де махаббаты суреттеледі.

Ананы қандай түрде бағалап, қалай сүюдің айқын үлгісін жазушы «Аурудан - аяған күштірек» деген әңгімесінде айқын көрсеткен. Бұл әңгімеде аяғы сынған Сейіт деген бала жанына аяғының ауруы қанша батса да анасын ренжітпеу үшін қабақ шытпағандығы айтылады. Автор бұл көріністі былай суреттейді:

«Сейіт орам - ораммен жүріп бара жатқанда, бір арбалы келіп аңдаусыз соғып кетіп аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баласын көріп, шошынғаннан шешесі талып қалыпты. Мұны көрген соң Сейіт жыламақ түгіл, сынған аяғын орнына салып таңып жатқан да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кісі: «Аяғың ауырмай ма, қабағыңды шытпайсың?» деп сұрапты. Сейіт шешесі шығып кеткен соң, демін алып сынықшыға сыбырлап: «Ауырмақ түгіл жаным көзіме көрініп жатыр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып жыламасын деп жатырмын», - деді.

Сейіт шын мәнінде мейірімді бала болып суреттеледі. Мұндай жастарда жалпы адамды сүйетін жақсы мінездің біртіндеп өсетіндігі сөзсіз. Бала кезінен әлпештеп өсірген анасының қадірін білген жас алақанына салып аялап, тәлім - тәрбие беріп отырған ұлы анасы- Отанын сүйетін, ол үшін де өз жанының ауырғанына ыңқ етпейтін нағыз отаншыл болып шығады. Ыбырайдың бұл әңгімесінің идеясы осы. Бұл әңгімені осылай түсінсек қана Сейіттің мейірімді мінезін дұрыс түсіне аламыз.

Балаларға арналған шығармалар ең алдымен уақиғалы, қысқа, қызықты, тартымды болуы қажет. Мейлінше түсінікті, балалардың ұғымына жеңіл, тілі жатық және әдеп - өркен, оқу, өнер адамгершілікке жетектейтін тәлім - тәрбие берерлік болуы шарт. Балаларға ешбір зорланбай, қызыға отырып оқумен қатар, көздеген нысана, ойлаған мақсат іске асуы керек. Яғни, автор әңгімесіне қандай мақсат қойса, сол балалардың ой - санасында мәңгілік қалатын болсын. Сонда ғана әңгіме өз міндетін атқармақ. Ыбырай әңгімелері осы шарттардың барлығына дәл келеді.

«Бай мен жарлы баласында» ел көшіп кетіп, ойламаған жерден жұртта ұмытылып қалған екі баланың бастарынан кешірген бір тәуліктегі оқиғаны суреттеуге арналса да, тереңірек қараған адамға автордың ой түйінінде көптеген сыр жатқандығын аңғаруға болады.

Шығармасының бас кейіпкері етіп бай баласы мен кедей баласын алуының өзінде үлкен сыр жатыр.

Егер оның көздегені тек Үсеннің ақылдығы, Асанның ақылсыздығы, яғни, бір жастағы балалардың бірі ақылдырақ, екіншісі ақылсыз болуы мүмкін екендігін көрсету болса, онда оларды екі таптан шығарудың қажеті болмас еді. Жазушының бұл жерде көрсетейін дегені биологиялық, не психологиялық мәселе емес, әлеуметтік мәселе. Асанның есі дұп - дұрыс, дені сап - сау. Бірақ, оған қарағанда Үсен көш ілгері жатыр. Өмірмен бетпе - бет келгенде Асанның әлсіз мүгедектігіне кінәлі де, Үсеннің өз құрдастарынан асып түсіп, бетпе - бет келген өмір қиыншылығымен алыса кетуіне негіз де - тұрмыс. Өз бетімен жерден еңкейіп шөп алмай өскен Асанды өскен ортасымен, ақысыз - пұлсыз асыраған тұрмыс өз бетімен күн көруге келгенде әлсіздікке, бишаралыққа ұшыратса, әкесін де, өзін де өз күші, өз еңбегімен күн көруге дағдыландырған қиыншылық тұрмыс кедей баласы Үсенді күрес ері етті.


2.4. Мектеп бағдарламасына енгізілген жазушы әңгімелерінің мәні

Ыбырай балалар әдебиетіне тән көп шығармалар жазды. Бұл шығармаларды жазуда алдына үлкен мақсаттар қойды. «Мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшыл тұрмыстың артықшылығына үйретудің өзі қазақ даласына тәрбиелік мәні бар жұмыс деп білемін», - дейді. Алтынсариннің барлық өлеңдері мен әңгімелерінің мазмұнында өзі айтқан осы идея баяндалып отырады.

Халықты және олардың жас өрендерін оқуға, өнер - білімге шақыруда Ыбырайдың ұран салып, ту етіп көтергені, әрқашан жаңарып, түрленіп, құлпырып, оқыған сайын сүйсіндіріп отыратын, ескірмейтін еңбегі: «Кел, балалар, оқылық», «Өнер - білім бар жұрттар», «Әй, достарым», «Әй, жігіттер» деген өлеңдері.

«Оқысаңыз балалар,

Шамнан шырақ жағылар,

Тілегенің алдыңнан

Іздемей - ақ табылар.

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!» -

деп ұран салады. Ыбырай бұл өлеңдерінде алдымен сауат ашу, оқыту мәселесін бірінші орынға қояды, баланы оқыту барысында тәрбиелеу керектігін түсіндіреді. Оның өлеңдері мен әңгімелерінің қай - қайсысы болмасын балаға тәртіпті, үлгілі, өнегелі кісі болуды уағыздайды. «Сауатсыз адам саясаттан тыс тұрады, оған ең алдымен әліппені үйрету керек».

Баланы жан - жақты түсінігі бар, айтқанды тез ұғатын, қабілеті күшті азамат етіп шығару үшін, алдымен оқыту керек. Ол сонда ғана тәртіпке түсінетін, оған мойын ұсынатын саналы азамат болып қалыптасады. Оқудың пайдасы, оқу арқылы баланың көп нәрсеге жетілетіні жайында Ыбырай шығармаларында аз айтылмаған. Оқыған, мәдениетті азаматтың өмір сүруі де, еңбектенуі де анағұрлым жеңіл және көңілді болатынын ескертеді.

3 - сыныпта оқылатын «Өнер - білім бар жұрттар» деген өлеңінде өнер - білім, техниканың пайдасын айта келіп, балаларды, жас өспірімдерді мәдениетті ұлы орыс халқының қатарына қосылуға, соған жетуге, солардан үлгі - өнеге алуға шақырады. Ғылым табыстарын мадақтайды.

«Өнер - білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден

Көзіңді ашып - жұмғанша

Жылдам хабар алғызды», -

деп, радио, телефон, телеграфты айтса,

«Мың шақырым жерлерге

Аты жоқ құр арбаны

Күн жарымда барғызды», -

деп, поезд бен автомашинаны үлгі етіп көрсетті. Ғылым адамды әр түрлі апаттан алып шығады, құтқарады. Сауатсыз, қараңғы адам жаратылыстың тілсіз сұрапылының құрбаны бола бермек, оған қарсы күресуге дәрменсіз. Мұндай дәрменсіздіктен арылу үшін, ғылым, тағылым табыстарын тез игеріп, орыс халқының ілімінен, мәдениетінен үздіксіз үйрене беру керек деп жар салды. Өзінің жас шәкірттеріне ғылым табыстарын мақтан ете жырлады. Білім мен техниканы өз шығармаларының арқауы етіп, әр түрлі жолдармен әрқашан ұқтырып отырды.

Ғылым, өнер, техника жайларын сөз еткенде, Ыбырай балалардың ұғымындағы түсініктерден алыс кетпейтін, өздерінің күнделікті естіп, айтып жүрген сөздері арқылы беруге ұмтылады.

Бала тәрбиелеуде Ыбырай Алтынсарин ананың рөліне ерекше маңыз беріп, оның аналық махаббатын, бала өсірудегі үздік қызметін тамаша суреттеген. Баланың алғашқы тәрбиесі ананың қолында болатынын айтқан. Өйткені, бала ананың бауыр еті, соғып тұрған жүрегі деп бағалаған:

«Бала, бала, бала деп,

Түнде шошып оянған.

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Түнде бесік таянған.

Қаймақты сүттей қалқытқан,

Суық болса жөргегін

Қорғасын оқтай балқытқан.

Айналасына ас қойып,

Изенді көлдей шалқытқан.

Қолын қатты тигізбей,

Кірлі көйлек кигізбей,

Иісін жұпар аңқытқан.»

Бала тәрбиелеуде бұл ана еңбегін қадірлей білген үздік баға деуге болады. Балаға осындай өлеңдерді оқып берсе, өздеріне жаттатса, ана қадірінің теңдесі жоқ қымбат екенін сонда ғана сезіне бастар еді. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сияқты ана еңбегін қадірлемеу, сыйламау, кейде тыңдамай кету болмас та еді. Балаға бірінші берілетін тәрбие әрқашан ата - анасын, өзінің жақын достарын сыйлауға үйретуден басталуға тиісті.

Ата - анасын сыйламайтын бала ол жолдасына да, қоғамға да ешқандай дұрыс қызмет ете алмайды. Өзін әлпештеп өсірген адамға немқұрайды қараудан, анаға опасыздық етуден ауыр қылмыс жоқ. Сондықтан ана қадірін түсіне білу керек дейтін жалпы халықтық қағиданы әрқашан баланың зердесіне салып отыру - әрбір тәрбиешінің борышты міндеті дегенді Ыбырай Алтынсарин көп ескерткен.

Бастауыш сыныпта оқылатын «Ананың сүюі» деген өлеңі бала жанын тебірентерліктей мұнан да күшті, мұнан да әсерлірек жазылған.

«Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,

Қуанышқа қуанып, қайғыңа күйетұғын.

Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,

Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын!

Кім сендерді сағынар шетке кетсең,

Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең.

Ұмытпа ең кемінде жұлдыз сайын,

«Хат жазып тұр төбесі көкке жетсін!» -

деп ана қадірін аяққа бастырмауға үндейді. Ана жүрегі, ананың аялы алақаны қашан да құдіретті екенін естен қалғысыздай етіп жадында сақтауды міндеттейді.

«Кім сағынар сендерді келгеніңше,

Құлындарын көзімен көргенінше.

Сендер қайтып келгенше адам болып,

Еш арманы болмас ед өле - өлгенше!»

Ана тілі адам тану құралы дейміз ғой, Ыбырай Алтынсарин ана құдыретін, ана бейнесін жас өспірімдерге ана тілі арқылы танытып отыр. Бұл жолдар баланы ананың жан дүниесіне үңілтеді. Ананың балаға берілгендік сезімі мен оған бақыт тілеген ізгі ниеті жас өспірімдерді тебірентіп жібереді. Оқушы қауым мұндай өлеңдерден өздерінің толғаныс - тебіреністерін, ой - қиялын табады.

Ыбырай Алтынсариннің үшінші сыныпта оқылатын «Жаз», «Өзен» деген өлеңдері де өлке тану, айналадағы табиғат құбылысына құрметпен зер салуға бағытталған тәрбиелік орны бар, баланы әр алуан іске баулитын әсерлі шығарма.

«Көл бұзылып, көк шығып, қойнын ашса,

Қаңқылдап қонар оған қаз бен тырна», -

деген шумақтар табиғат әлемінің әр алуан сұлу да көркем көріністерін көз алдыңа келтіріп, көңіліңе эстетикалық әсер қалдыру арқылы өмір танытады. Табиғаттың осындай мінсіз сұлулығын адам ғана түсіне алады

Бірінші сыныптағы «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде атасы он жасар баласын жетектеп келе жатып, ұшқан құс, жүгірген аңдар тіршілігімен таныстырады, жұмыссыз жүрген бір жан жоқ екенін айтады. Бәрі де тіршілік тірегі - өмір қамын жасауда. «Сәтемір хан» әңгімесінде жеті жасында жетім қалған Сәтемір деген бала ақсақ шегірткенің үйдің төбесіне шығу үшін қаншама әрекет жасағанын көріп, өзінің жұмыссыз босқа ойнап жүргенін ақылсыздық деп табады. Артынша қалаға келіп, біреудің қолында жалшылық ете жүріп оқиды. Ақырында ірі оқымысты болып шығады.

Адамның барлық қабілеті мен іскерлігі, таланты мен талабы тек еңбек арқылы ғана көрінетінін айтады. Еңбек процесі тақырыбына Ыбырай Алтынсарин әңгімелері бірінен - бірі асып отырады. Бірін - бірі қайталамайды, әр қайсысының өзіндік қызықты, тәрбиелік күшті жақтары бар. Мұны оқыған бала әрқашан пайдалы, өнегелі істерге үйренеді, өнегесіз істерден жирене түседі. Әрқашан ата - анаға болысу борышты міндет деген қорытындыға келеді. Ал баланың өзінің жауапкершілігін түсіну сеземін біле бастауы еңбек етуге төселуден, еңбекті сүйе білуден пайда болады. Бұл әңгімелердің ескірмейтін, тозбайтын өмірлік белгісі осы жақтарында. Еңбек етсең ғана ойлаған мұратыңа жетуге болатынын, өмір сүру жеңіл болатынын ескертеді.

Ыбырай Алтынсарин еңбек еткен адамдарды өмір тәжірибесі мол, қандай жұмысқа болса да икемі бар, өздері кішіпейіл, мейірімді және ешқандай арамдық, зұлымдық істерді білмейтін, қалың бұқараның жайдары өкілі етіп көрсетеді. Ақыл да, терең ой да, оның әр нәрсеге икемділігі де, қиын - қыстау кезеңде жол тапқыштығы да еңбектену арқылы жинақталған өмір тәжірибесінің жемісі екенін білдіреді.

Қорытынды

Ағартушының өнегелі өмірі мен өрісі биік таланты бір кезде қандай - жарқын да жанды қасиеттерімен көрініп, қазақ мәдениетінің тарихында айқын іздерін қалдырса, қазір де сол асыл да абзал ерекшеліктерін өз бойында сақтауда. Өйткені, әрбір ұлы адам адамзатпен бірге жасайтын мәңгі өшпес, ескірмес идеяларды көтереді. Сондықтан, олар арада бірнеше ұрпақтың өткеніне қарамастан әрбір жаңа ұрпақ, жас қауымға алыстан қол созып, «Жол болсын!» айтып тұрғандай болады, уақыт өткен сайын биіктеп, мән мағынасы мен қадір - қасиеті арта түседі. Мәдениетіміздің тарихында Ыбырай Алтынсарин дәл осындай үркердей санаулы санлақтардың бірі.

Ыбырай Алтынсарин қалдырған мәдени мұра бүгінгі өскелең оқушы қауымның қолына жеткенше талай кезеңді басынан кешірді. Бірақ ағартушы есімі қай кезде де халықтың көңілінен тыс болып көрген жоқ. Соның нәтижесінде оның жас ұрпақ, жаңа қауымға қалдырған мұрасы қандай жағдайларға душар болғанына қарамастан ескірмей, өшпей бүкіл асыл қасиеттерін өз бойында сақтап, уақыт, дәуір сынынан толық өтіп біздің бақытты заманымызға жетті.

Ыбырай Алтынсариннің еңбегі, әдеби шығармаларының бірден - бір жинағы, қазақ жазба әдебиетінің төл басы «Қазақ хрестоматиясы» екенін мақтанышпен айтамыз. Бастауыш сыныпта ұлы ағартушы - ұстаздың мұраларының енгізілу себебі, Ыбырай Алтынсариннің қазақ жұртшылығын қараңғы түнектен алып шығып, тұңғыш рет ана тілімізде сауаттылық жолына бастауда сан түрлі ұлттық мектептер мен гимназиялар ұйымдастырып, мектеп және мұғалімдер үшін оқулық пен әдістемелік еңбектер жазудағы ұлан - ғайыр еңбектері жоғалмақ емес. Ыбырайдың өлең, әңгімелері түгел дерлік оқушысына түсінікті, тілі жеңіл, тәрбиелік мәні зор, оқып отырған оқырманына үлкен ой салатындай тақырыбы әсерлі, көркем бейнеленген және ойын жеткізуде тілдік стиль ерекшелігі зор.

Мектеп бағдарламасына Ыбырай Алтынсариннің шығармаларының оқушыға жеңіл, түсінікті оқушының жас ерекшелігін ескере отырып кейбір әңгіме, өлеңдері берілген. Оның қай шығармасы болса да, баланың тіл мәдениетін көркейтуге, дамытуға әсері мол. Оны балалар сүйіп, ынтыға оқиды. Өзі өшсе де сөзі өшпейді дегендей, өзі жоқ болса да біз үшін оның еңбектері мәңгі өшпейтін мұра болып қалмақ. Ыбырай атамыздың көркем әңгімелерін оқи отырып, мен өзімше ой түйдім. Тек қана тынымсыз еңбек пен талмас талаптың арқасында көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Күннен күнге дамып келе жатқан еліміздің экономикасына үлес қосу біздің қолымызда. Үнемшіл болып, ысырапқа жол бермей, азға қанағат етіп тіршілік етіп, еңбектің кез келген түрін меңгерген бесаспап маман болып шықсақ, сөз жоқ, біздің еліміз міндетті түрде алдыңғы қатарда болады. Мектеп қабырғасында терең біліммен қатар, қосымша кәсіп түрін меңгеріп шықсақ, атап айтқанда, күнделікті тұрмысқа қажетті көкөніс түрлерін өзіміз өсіріп үйренсек, үй жануарларын (тауық, бөдене құстарын өсіру) бағып-қағуды меңгерсек нұр үстіне нұр болар еді.






















Пайдаланылған әдебиеттер


  1. Ы.Алтынсарин «Таза бұлақ» жин. Алматы, Жазушы, 1988ж.

  2. Ы.Алтынсарин «Екі томдық шығармалар жинағы». Алматы, 2003ж.

  3. Ы.Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясы». Алматы, 2003 ж.

  4. Ы.Алтынсарин «Өнер - білім бар жұрттар». Алматы, Жалын 1991ж.

  5. Ә.Сәрсенбаев «Сәулелі жұлдыз іздеген адам». «Қазақстан мұғалімі», 2001ж., №11





 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал