- Учителю
- Бастауышым шамшырақ – балғын бөбек балбұлақ! (4-сыныптардың бастауышпен қоштасу ертеңгілігі)
Бастауышым шамшырақ – балғын бөбек балбұлақ! (4-сыныптардың бастауышпен қоштасу ертеңгілігі)
Бастауышпен қоштасу мерекесі
Сабақтың мақсаттары: Білімнің сара жолы мектептен басталатынын, білімнің кең дүниеде өмірге есік ашатынын сезіндіру. Білімге деген құштарлығын арттыру, оқуға, білімді болуға шақыру. Мектепті яғни, білім ордасын, ұстаздарын құрметтеп, еңбекті бағалай білуге тәрбиелеу.Ата-анасының, Отанының адал ұл-қызы болуға жетелеу, тәрбиелеу. Ақыл,ой өрісін дамыту. Бастауыш сыныбымен, білімнің алғаш есігін ашқан ұстаздарымен қоштастыра отырып, жоғарғы сынып мұғалімдеріне әр баланы өз ерекшелігімен таныта отырып, сәт сапар тілеп табыстау
Көрнекілігі: «Шуағын төккен 4 жыл» фотомонтажы. Слайдтар.
Қанатты сөздер мен тақырып.
Кіріспе сөз:
Мұғалім:
Қош келіпсіздер , құрметті ата - аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар! Бүгінгі күн осында отырған бәріміз үшін ерекше күн. Оның ерекшелігі сол, осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларыңыз білімнің негізі болатын бастауышта оқып, білім алып, қанаттарын қатайтып бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.
Толқимыз , толқып тұрсыз баршаңыз да
Мұндай күй болған сірә қаншаңызда
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық
4 «Б» сыныбын ортамызға!
Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға келеді.
Мұғалім: Сіздердің алдарыңызда тұрған 4- сынып оқушылары осыдан 4 жыл бұрын 6 жасар бала болса, бүгін міне , ес біліп, етек жиған шәкірт. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап»Әліппемен қоштасу», дәстүрлі Наурыз тойлары , «Әдепті бала» , «Әнші , биші балапан», «Күз аруы», «Наурыз аруы», « Жігіт сұлтаны»,Мәнерлеп оқу сайыстары мен әртүрлі тақырыпта ұйымдастырылған көрмелер,сыныпаралық спорттық жарыстар, ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары балалардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Міне , бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымен қоштасып, бір жылға тағы да есейгелі отыр.Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған , білім нәрімен сусындатқан ,өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата- аналарына өз өнерлерін көрсетуге дайын.Олай болса жүргізушілерімізді ортаға шақырайық!
Азат : Армысыздар, мұғалімдер әз жандар!
Білім іздеп инемен құдық қазғандар,
Сан ұрпақты тәрбиелеп оқытқан,
Өмір деген үлкен жолда тарландар,
Аружан: Армысыздар әжелер мен аналар
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар
Ақылбек: Армысыздар өр тұлғалы әкелер!
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін міне бастауышпен қоштасады,
Азамат боп , кешегі сәби- еркелер!
Айдана :Армысың сен , алтын ұя мектебім
Саған айтар жыр- алғысым көп менің
Жүректерге жаққан білім шырағын ,
Мектебіме арналады бұл әнім!
Ақылбек : Айдана, осыдан 4 жыл бұрын, бүгінгі түлектер, біреуі анасымен, біреуі әкесімен, енді біреуі ата-әжесімен қол ұстасып мектеп табалдырығын аттап еді.
Айдана: Олар алғашқы күннен бастап ұстаздарымен танысты, партаға қалай отыру керектігін, басқа да мектеп ережелерін үйренді.
Азат: Қолдарына қалам ұстап, А әрпінен бастап, 42 әріпті танып, 1-ден 100-ге дейінгі , 1000-ға, миллионға дейінгі сандарды санай алатын дәрежеге жетті.
Аружан: Содан бергі 4-жыл ішінде талай өнерді бойымызға сіңіріп үйрендік. Бүгін міне, соның айғағы ретінде бізді білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстазымызбен, бастауыш мектеппен қоштасқалы отырмыз.
Аружан : Олай болса Ақылбек алтын ұя мектебімізге арнап
«Мектебім» әнін шырқайық!
Ән: «Мектебім» хор
Слайд: «Мектептегі мерекелер»
Азат : Иә мектебімізге қандай жыр арнасаң да жарасады. Ендеше сыныптастарымыздың мектепке арнаған жырларын тыңдайық
Ақбота : Мектеп деген білім кені , жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға.
Мектеп деген даналардың мекені.
Дамир: Мектебім- білім берер алтын ұям.
Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.
Баулыған 4жыл бойы ата- анамдай.
Әрқашан қасиетті атың маған.
Арада өтсе дағы дүркіреп жыл ,
Әр күні балалықтай бір жүрек бұл.
Өзіңе борыштармын өмір бойы
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.
Жандос:Армысың сен алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі мектебім.
Ерхан:Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
Азат : «Мектеп вальсі»
Айдана: « Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға»,-деп Абай атамыз айтқандай , алғаш қолымызға қалам ұстатып, оңымыз бен солымызды танытқан, бізбен бірге қуанып, 42 әріпті танытып,білім нәрімен сусындатқан, мектептегі анамыз- ұстаз екені бәрімізге мәлім. Ал, осы ұстаз туралы не білеміз?
Аружан :Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей, оқуға , жазуға үйреткен мұғалім еңбегі шексіз. «Мұғалім - мектептің жүрегі» - деп Ыбырай атамыз бекер айтпаған.
Азат:Дұрыс айтасың Аружан, ғылым иесі ғалым да , ел қорғаған батыр да , тілінен бал тамған ақын да , тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, көкті шарлаған ғарышкер де, бәрі- бәрі ұстаздан білім мен тәрбие алған.
Ақылбек : Иә ,бұл туралы батыр Бауыржан атамыз: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді»деген екен. Олай болса келесі жырларымызды ұстаздарымызға арнаймыз!
Бағжан:Тек үйреттің әділдікті , адалдықты,
Жирендік , ажыраттық жамандықты.
Жалғастырар ақ жолың сенің салған,
Бар деп ұққын әрқашан балаң мықты.
Батырхан: Жарық күннен жылы жүзің елестер,
Құлағымда өзің берген кеңестер.
Жанарымда алыс тартқан қара жол,
Көз жұмсам да көре тұғын белестер.
Жанел:Қоңыр үнді даусың әсем таңдардай ,
Ұстазымның жүзіндегі нұр қандай?
Мейірлене қарап қойып біздерге,
Күн астынан сабақ беріп тұрғандай
Бақберген: Мұғалім ұстазысың балалардың,
Болашақ ғалымдардың , даналардың .
Өмірде сенің алар орыныңа ,
Бірі де жеткізе алмас бағалардың.
Айдана: Кәнекей балалар, барлығымыз бірге білім нәрімен сусындатқан бастауыш мектебіміздің ұстаздарына арнап
« Бастауыш мектеп » әнін шырқап берейік.
Ақылбек: Иә осыдан 4 жыл бұрын , біз 6 жастағы сәби -балалар сөмкемізді зорға көтеріп,мектеп табалдырығын жасқана аттаған едік.
Азат: Енді міне сауатымызды ашып, білім негізін қалаған бастауыш мектеппен қоштасып, орта буын қатарына қосылғалы тұрмыз.
Айдана: Ендеше бастауыш сыныбымыз туралы неге айтпасқа !
Рабиға : Жасқана кіріп жарық сыныпқа біз.
Әр бетін Әліппенің күле ашқанбыз.
Мұғалім сабақ өтіп жатқан кезде,
Қайталап атымызды сұрасқанбыз.
Серік: Әр үйдің ерке өскен тентегі едік,
Ақылға келе алмадық ерте көніп.
Бойымыз бірте- бірте үйренісіп.
Мектептің ережесін үйрендік кеп.
Олжас:Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауышта айтылмаған сыр бар ма?
Бастауышта алған білім, жырларым,
Азық болар , мәңгі талай жылдарға.
Дана:Бастауышым- бал бұлағым ,
Алдым сеннен балдың дәмін.
Әріп танып, білім алып
Рахметімді жаудырамын.
Айдана: Біздің кешімізге арнап сонау Өзбек елінен бір топ бишілер өздерінің шашуларын алып келіпті. Олай болса, мың бұралған бишілеріміздің «Келинчек» биін қабыл алыңыздар!
Тілектес :Біздер бастауыш сыныпта жоғары сыныптарда өтілетін Әдебиет, тарих, биология, алгебра , физика, химия т б пәндерге негіз болатын ана тілі, математика,дүниетану, орыс тілі,пәндерін зер салып оқып үйрендік.
Жанел:Анашымдай сыр шерткен,
Ақыл- білім үйреткен.
Ана тілін оқыдық ,
Ерекше зор құрметпен.
Ана тілін сүйеміз,
Құрметпен бас иеміз.
Ана тілмен қоштасамыз,
Әдебиетпен достасамыз.
Раузана: Ойланып есеп шығартып,
Төрт таңбаны білдірген.
Ғылымдардың патшасы,
Математика данасы
Дариға: Қазақ тілі пәнінен,
Білім алды балалар.
Сөйлемді, сөз таптарын,
Етістіктің шақтарын,
Жалғаулар мен жұрнақтар.
Ережесін жаттадым.
5-шіге барған соң,
Айжан апай бағалар.
Дамир: Ой жіберсең бәріне ,
Дүниетану пәніне.
Өмір сырын үйретер,
Пәннің жақсы бірі де.
Жер байлығы көп екен,
Игеруді қалайды.
Осының бәрін білдірген ,
Дүниетану сабағы.
Ақбота:Үйренеміз жалықпай,
Ағылшын тілін шарықтай.
Тіл сындырып,ән айтып,
Шаттанамыз қалықтай,
Маржан апай тәлімі
Сәулелісін шашқан жарықтай.
Ақылбек: Айдана , менің саған қояр сауалым бар .
Айдана: Құлағым сенде.
Ақылбек:Қалай ойлайсың, армансыз адам бола ма? Арманның үлкен кішісі бола ма?
Айдана: Ақылбек , әрине армансыз адам болмайды. Арман - алға жетелейтін жарық жұлдыз емес пе? Адам еңбектеніп ,қиындыққа мойымай, қажырлық танытса, ол өз мұратына ,арманына міндетті түрде жетеді деп сенемін. Ал, арманның қаншалықты үлкен -кішілігін Мұхтар Шақанов ағамыздың «Арман» атты өлеңінен таба аларсың деп ойлаймын. « Арман »
Азат: Біздің жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүрген біздің ата- анамыз. Қатарымыздың теңі болып , тамағымыз тоқ, көйлегіміздің көк болып жүруі де сол кісілердің арқасы.
Аружан:Ыстық- ау кім- кімге де әке деген,
Суыққа шалындырмай, мәпелеген.
Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
Алдымен адам бол деп жетелеген- дегендей әкенің орны бөлек ау.
Ақылбек:Әр ана өз баласын мейірімді болса екен, жақсы оқып,елге қалаулы азамат болса екен дейді. Халқымызда мынадай бір нақыл сөз бар: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да борышыңды өтей алмайсың» деген .Алайда ардақты анамыздың ақ сүтін ақтай білгенге не жетсін!
Айдана: Иә, дұрыс айтасың Ақылбек. Біз болашақта саналы да, ақылды бала болып өссек ананың арманы орындалды деген осы емес пе?
Ержан:Әкешім тілеуімді тілеп жүрген,
Аумайсың жарығы мол ашық күннен.
Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін.
Ақылды балаларың оны білген
Бақнұр:Дүниеге әкелген ,ол да сенің анашың,
Ақ сүт беріп өсірген , ол да сенің анашың.
Тіл алмасаң кешірген , ол да сенің анашың,
Мәпелеген баласын,аман болсын анашым!
Бақберген:Кеудемнен сезім селі ақтарылсын,
Болармын күні ертең- ақ мақтанышың.
Білім алып, тер төгем , еңбек етем,
Өзіңнің сеніміңді ақтау үшін!
Аружан : Олай болса, аналарымыздың құрметіне арнап вокалды топтың орындауында « Аналар » әнін қабыл алыңыздар.
Азат: Әр ұлт бір-бірімен туған ана тілінде сөйлеседі.Ал, қазақ халқының ана тілі -қазақ тілі. Қазақ тілі - әрі мемлекеттік тіл, әрі ана тіліміз болғандықтан оны бойымызға ана сүтімен дарыған туған тіліміз деп қастерлеп, құрметтейміз.
Аружан: Елбасымыздың ұстанып отырған салихалы саясаты-үш тұғырлы тіл. Әр білімді азамат осы үш тілді жетік меңгеруі тиіс. Ал, біздің балалар 4 жылда неше тілді меңгерген екен?
Айдана: Аружан , бұл сұрақтың жауабын алдағы көріністен таба аласың деп ойлаймын.
Көрініс. «Астанадағы оқиға»
Азат : Біздің балалар орыс тілін қазақ тілінен кем білмейді.Аружан , Ақылбек, Ақбота сіздерге өздерінің жүрек жарды тілектерін орыс тілінде жеткізбекші.
Айдана: Биылғы жылы еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде тұғырын тіктегеніне 20 жыл толады. Бұл - тәуелсіз еліміздің төл тарихындағы осы күнге дейінгі ең атаулы оқиға.
Ата-бабаларымыздың аманаты - азаттығымызға қол жеткізіп, егеменді ел болғанымызға, етек-жеңімізді жинап, әлемнің азулы елдерімен терезесі тең мемлекет құрғанымызға мақтанамыз! Осы мерейлі тойға тарту ретінде «Егеменді елім» әнін қабыл алыңыздар!
Ән: «Егеменді елім»
Ақылбек: Сыныбымыздың бұлбұл әншісі Әбди Дамирдің орындауында « » әнін қабыл алыңыздар!
Ақылбек:Бүгінгі мерекеде білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызға шын жүректен алғысымызды айтамыз.
Айдана: Біздермен ойнап, күлетін,
Сырымызды білетін
Қасымызда қашанда
Ән салып бірге жүретін
Хор: Бақыт апайға мың алғыс!
Азат : Дәріптеп орыс тілін үйрететін,
Аударып қазақшасын сөйлесетін
Гүлсім апай, Зияда апай тіл маманы,
Қатені түсіндіріп ,жөндететін.
Хор: Сіздерге көп рахмет!
Аружан: Шынықсын деп бұл денем,
Жаттығамын күнде мен.
Жалықпастан сабақтан
Мен ағайдан соны ұққам.
Хор: Жанмұрат ағайға мың алғыс!
Ақылбек:Бастауыш оқу ісін меңгерген.
Балғындарды алаламай тең көрген.
Роза апай бейнелеу өнерінен,
Береді қызықтырып, тереңінен.
Хор: Роза апайға мың алғыс!
Айдана: Алғашқы ұстаз, ерекше тұлға дара шың,
Ұмытылмастай көңілде мәңгі қалатын.
Сағына әркез суреттерді парақтап.
Шәкірттерін жиі еске алатын.
Жарқынай апайға мың алғыс!
Азат : Айтқан кеңес ақылын,
Қалт жібермей ұғамыз.
Анамыздай жақыным
Салтанат апайға мың алғыс!
Хор: Ұсынғаны адалдық.
Үйреткені адамдық.
Бар ұстазға тілейміз,
Бақыт, табыс, амандық!
Азат: Барша ұстаздар қауымына арнап бір топ бишілердің
«Тиктоник » биін қабыл алыңыздар!
Аружан: Алдарыңызда «Біздің жігіттер» КВН командасы өз өнерін көрсетеді. Қабыл алыңыздар!
Айдана: Бүгінгі тойымызға көрші Ресей елінен бір топ бишілер өздерінің шашуларын алып келіпті. Ортада орыс биі «Смуглянка»
Ақылбек: Өтті сенде қызық шағым,
Бастауышым - бал бұлағым.
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын - дей келе сөз кезегін директордың бастауыш ісі жөніндегі орынбасары Роза Кенішпай
кызына береміз.
Айдана: Жер бетінің ғұмыры
Күн нұрымен арайлы
Біздің үйдің жылуы
Анамыздан тарайды.-деп аналарымызға сөз кезегін береміз.
Азат: Сөз кезегін алғашқы ұстазымыз Жарқынай апайға
берейік.
Ақылбек: Бітіруші түлектерге өзінің жүрек жарды тілектерін
білдіру үшін ұстазымыз Салтанат апай сөз кезегін
берейік.
Айдана:Ұмытпаймын жаныма
Білім нәрін еккенін.
Қош қымбатты ұстазым,
Қош бастауыш мектебім.
Аружан:Кітап оқып, хат танып, есепті де шығардым.
Өлең айтып шаттанып, би де билеп бұралдым.
Соның бәрін үйреткен, бабын тауып баланың
Төрт жылымды сенде өткен, қимай кетіп барамын.-дей келе «Бастауышым - балбұлағым» атты ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Көріп тамашалағандарыңызға көп-көп рахмет.
Хор: Қош бол, бастауыш!
Қош бол, бастауыш!