- Учителю
- Сабақ жоспары 'Кешірім мен келісім'
Сабақ жоспары 'Кешірім мен келісім'
Өзiн-өзi тану сабағының жоспары
Мектеп: №66 ЖББОМ
Мерзiмі: 2 тоқсан
Тақырып: Кешірім мен келісім
Құндылық: Қиянат жасамау
Қасиеттер:кешірімділік, татулық, бірлік, достық, мейірімділік, қайырымдылық.
Мұғалiм: Блялова А.А
Сынып: 4 «А»
Оқушылар саны: 24
Сабақ мақсаты: Оқушылардың ешкімге қиянат жасамай, кешірімді болу және басқа адами қасиеттер туралы түсініктерін дамыту.
Міндеттері:
-
кешірімділік, татулық, бірліктің адами қарым-қатынастағы маңыздылығын түсіндіру;
-
шынайы достық қарым-қатынастар жасау іскерліктерін дамыту;
-
мейірімділікке, қайырымдылыққа, достыққа тәрбиелеу.
Ресурстар:
Оқулық,дәптер,А4,маркер,үн
таспа
Сабақ барысы:
-
Ұйымдастыру кезеңi. Тыныштық сәтi.
Су асты патшалығына ойша саяхат
Мұғалім: Көзіңізді жұмыңыз және бірнеше рет терең тыныстаңыз; денеңізді босатыңыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз.
Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз. Жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз. Шалғайдан қара нүкте көріп тұрсыз: ол жақындаған кезде дельфин екенін түсіндіңіз. Ол сізді теңіз түбіне алып кету үшін келді. Ол өте әдепті жәндік, сізді шыдамдылықпен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап, жолға шығыңыз. Дельфиннің арқасында жайланып отырып, өзіңді қауіпсіз сезіну, су астында жүзу қандай керемет. Жан-жағыңызға қараңыз: мұнда кемпірқосақ тәрізді арлы-берлі жарқырай қалқыған әсем балықтар қаншама. Теңіз түбіне бойлаған сайын айнала қалайша өзгереді, суда тербелген қаншама ғажайып балдырлар. Қараңызшы, қандай орасан зор балықтар, ал енді анау жаққа көз тастаңыз... бұл орасан зор сегізаяқ. Су асты неткен қызықты әрі ғажап әлем. Сіз бір нәрсені байқадыңыз ба? Мұнда неткен тұңғиық, толық тыныштық. Осы тыныштық күйде болыңыз.(Мұғалім бірнеше секунд үнсіз қалады).
Ал қазір жоғарыға, өз әлемімізге кері қайтуға дайындалыңыз. Айналаға жіті қараңыз. Ғажап түстерге тағы бір рет қараңыз және тыныштыққа құлақ түріңіз. Осындай тыныштық сізге самалдай әсер береді. Енді дельфин кері қарай жолға шықты. Сіз су бетіне шықтыңыз, жағаға жақындадыңыз. Дельфиннің арқасынан түсіңіз, оны сипалаңыз және осындай ғажап саяхатқа апарғаны үшін ризашылық білдіріңіз.
Сыныпқа оралыңыз және өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз, осы түйсінген тыныштықты өз бойыңызда сақтауға тырысыңыз.
Сұрақ:
1) Өзіңді қалай сезіндің?
2) Қандай жағымды әсерде болдың?
Мұғалім қорытынды жасайды. Бір - бірімізге қызықты күндер сыйлап, тату-тәтті тұрайық!
-
Үй тапсырмасын тексеру
Мақтаншақ жолбарыс
Ертегі
Ертеде бір жолбарыс болыпты. Ол әрқашан: «Мен күштімін, ештеңеден қорықпаймын»,-деп мақтанады екен. Ол бір күні кетіп бара жатып, гүлге қонып сайрап отырған бұлбұлды көреді.
-
Кет кәзір, менің бағымнан!-дейді жолбарыс қаһарланып.
-
Біраз сайрасам қайтеді?-депті бұлбұл жалынып.
Жолбарыс:
-
- Мен саған сайрағанды көрсетейін!-деп ұмтылып бергенде, бұлбұл лып етіп ұша жөнеліпті. Сол мезетте жолбарыстың қолына гүлдің тікені кіріп кетеді. Ол зар қағып, басын тауға да, тасқа ла ұрыпты. Бір-екі күннен кейін қолы ісіп кетеді. Жанын қоярға жер таба алмай, көзінің жасын көл қылып жылап отырады. Оны көрген қарға:
-
-Жолбарыс аға, неге қапаланып отырсың?-деп сұрайды.
-
-Қолыма тікен кіріп кетті. Суыра алмадым. Ой, жаным-ай!-деп жолбарыс безілдеді. Қарғаның жаны ашып:
-
-Жүріңіз, мен сізді досымның үйіне алып барайын. Тікеніңізді мүйізімен оп-оңай суырып тастайды,- деп оны жайраның үйіне бастап келеді. Жайраға болған оқиғаны айтады.
-
-Менің мүйізім тікен шұқылау үшін емес, жауымнан қорғану үшін керек. Жүріңіздерші, мен сіздерді бір танысымның үйіне алып барайын. Ол тікен тұрмақ, етіне бойлаған найзаны да алып береді,-деп, аюдың үйіне алып барады. Аю мән-жайға қаныққан соң:
-
-Е, мұндай нәрсе менің тісіме де, қолыма да ілікпейді. Енді не істесек екен? Айтпақшы, тікен де ағаш қой, солай емес пе? Ендеше , мен сіздерді сондай іспен шұғылданатын танысыма алып барайын.
-
Аю екі қонағын піл палуанның үйіне бастап барыпты. Болған оқиғаны айтып беріпті.
-
-Жолбарыс батыр, қолыңа қада кіріп кетсе, суырып -ақ тастар едім. Тікенді алу үшін аса ептілік керек,-депті піл.
-
Піл бастап, барлығы тістері пышақтай қолтырауынға келеді. Оған мән-жайды түсіндіреді.
-
Қолтырауын:
-
-Менің тісіме тікен ілікпейді. Анау бақта бұлбұл бар. Ол-өте мейірімді құс. Барып өтін, оп-оңай алып тастайды,-депті. Бәрі жиналып, бұлбұлдың үйіне барыпты. Ол жолбарысқа ләм-мим демей, тұмсығымен тікенді алып тастапты.
-
Жолбарыс өзінің өткендегі өрескел ісіне қатты ұялып, бұлбұлдан кешірім сұрайды. Бірге келген достарының бәріне ризалығын білдіреді. Олармен бірге ойын-сауық жасады. Бұлбұл болса, өз жәрдеміне риза болып, ұзақ уақыт құйқылжыта сайрап ән салды.
Сұрақ:
-
Әңгімеде не туралы айтылған?
-
Жолбарыс пен бұлбұлдың әрекеттері туралы не айтар едіңдер?
-
Жолбарыс бұлбұлдан не үшін кешірім сұрады?
-
Сендерде осындай жағдайлар болды ма? Естеріңе түсіріп, айтып беріңдер.
Қорытынды:Бір-бірімізге мейірімді, қайырымды, кешірімді, болсақ, бірлігіміз жарасып, тату-тәтті тұрамыз. Ешқашан да қиянат жасамауға тырысу керек.
Сабақ барысын талдау:
-
Жағымды ой-пікір. Дәйексөз.
«Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпайық»
М.Әуезов.
Адамдар абайсызда бірін-бірі ренжітіп алғанда кешірім сұрап, татуласады. Ал татулық-адамдар, сыныптастар, достар арасындағы қарым-қатынастағы ең жақсы қасиет. Жаттату
2-3 оқушыға қайталатып, жатқа сұрау
Сұрақ:
1.Татулықты қалай түсінеміз?
2.Ашуға булықпаудың жолдары қандай?
3.Ашуланған кезінде не істейсің?
Қорытынды:
Татулық бар жерде мейірімділік, қайырымдылық, достық, бірлік, жақсы өмір бар. Тату болып, өзімізге де, өзгеге де қиянат жасамайық.
-
Әңгiмелеу. Мұғалім сыйы
АЛТЫН БАЛЫҚ
Ертегі
Ертеде ашық алаңқайда бір адам өмір сүріпті. Үйінің қасындағы өзеннен балық аулап, таза ауамен дем алып, мөлдір суға шомылып, таң атқаннан күн батқанша табиғаттың тыныс - тіршілігін бақылап, уақытының қалай өткенін білмесе керек. Бір қызығы, бұл адам ешқашан ауру дегенді білмепті. Бір күні тағы да өзенге балық аулауға қарамағын салып отырса керек. Бұл жолы ауын суға қанша салса да қармаққа ешбір балық түспейді. Күтуден жалыққан адам енді кетейін деп жатқанда, қармағының қозғалғанын байқайды. Адам өз көзіне өзі сенбейді. Дәл алдында көзді қызықтыратындай жалтылдаған алтын балық тұрады. Адам сасқанынан:
-
Сен кімсің? - деп сұрайды.
-
Иә, мен алтын балықпын, кәдімгі бала кезден білетін ертегідегі балықпын, одан да көп тұрмай, тілегіңді айт, - дейді. - Жарайды, сені босатайын, бірақ менің тілегімді тыңда, мен үйшікте тұрудан жалықтым, маған еңселі биік үй керек, - дейді. Балық ләм деместен, құйрығын бір билетіп, суға жоқ болады. Адам үйіне келсе, бұрынғы лашықтың орнында зәулім үй тұрғанын көреді. Рас, үш- төрт ағаштың орны қопарылып, орнын үй алғаны болмаса, барлығы жақсы. - Маған енді дала кезіп, су тасудың қажеті де жоқ, тіпті үйдің ішінде - ақ суға түсуге болады, - дейді қуанып. Аз уақыт өтпестен, адамның, есіне тағы алтын балық түседі.
-
Мен неге балықтан машина сұрамадым, қазір ешкім де жаяу жүрмейді ғой, - деп ойлайды. Асығып - аптығып, өзенге барып, алтын балықты шақырады. Өз тілегін білдіреді. Ауыз жинап үлгергенше адамның алдында алып та әдемі машина тұра қалады. Адам енді өзі өсірген гүлді алқаптарын машина жолына арнап, әбден таптап, қатқақ жерге айналдырады. Сол күннен бастап айнала өткір бензин иісінен улана бастайды, құстардың да саны азаяды. Бірақ бұған мән бермеген адам:
-
Енді мен әлемдегі бай болғым келеді, маған мына қаңыраған орман, қаңыраған дала керек емес, сондықтан менің соңғы тілегім болсын, оның орнына алып завод тұрғызып бер, - дейді.
Балық екі айтқызбастан бар орманды тып - типыл етіп, орнына завод тұрғызып береді. Завод болғанда қандай, мұржаларының үлкендігі көз жетпестей. Ол алып мұржалардан шыққан қара түтіндер көк аспанды қара аспанға айналдырады, ал заводтан аққан лай су өзенді ластайды. Осындай ауасы тар жерде адам өз денсаулығының бұзылғанын кеш түсінеді, тынысы тарылып ауа іздеген адам жалма-жан баяғы өзіне таза ауа сыйлайтын орманын іздейді, жоқ. Бойын сергітіп, демалыс сыйлайтын таза суын іздейді, жан - жағында қою лайдан басқа ешнәрсе көрінер емес. Амалы таусылған адам жалма - жан баяғы алтын балықты іздеп, өзенге келгенде су бетінде көлкіген қара майды көреді. Ал мұндағы балықтар сол кезде - ақ бұл суды тастай қашқан еді.
Сұрақ:
-
Адам орман мен суды неліктен іздеді деп ойлайсыңдар?
-
Сендер адамның орнында боласаңдар, қандай тілек айтар едіңдер?
-
Ертегінің қалай аяқталғанын қалар едіңдер?
Қорытынды: Адам мейірімді, қайырымды, қанағатшыл болу керек, табиғатқа қиянат жасамағанда, оның денсаулығы мықты болушы еді.
-
Шығармашылық жұмыс.
Оқушы дәптеріндегі тапсырмаларды орындату.
Жағдаятты талдау
Жанар мектептен бүгін көңілсіз оралды. Ол құрбысы Мәдинамен тұңғыш рет ренжісіп қалды. Үзіліс кезі болатын. Ең жақын досы Мәдина Жанардың айнасын сұрады. Досының көңілін қимай Жанар айнасын берген еді. Мәдина айнаға қарады да, шыр айналып билей бастады. Жанар:
-Абайла, айна сынып қалмасын. Оны анам сыйлап еді. Ол мен үшін ең қымбат сыйлық,-деді. Сөйткенше болған жоқ, айна жерге түсіп кетіп, сынды да қалды. Жанардың көзі жасаурап кетті.
-Ой, не болды сонша, айна деген арзан емес пе?-деді Мәдина. Жанар не дерін білмей тұрып қалды.
Сұрақ: 1. Әңгіменің қалай аяқталғанын қалар едіңдер?
2. Мәдина мен Жанардың достығы қалай жалғасуы мүмкін?
3. Сендер мұндай жағдайда не істер едіңдер?
Қорытынды: Бір-біріңе қиянат жасамай, әрқашан достықты қадірлеп, мейірімді, қайырымды, тату болыңдар.
-
Топпен ән айту.
Татуласу
А.Оразақын
Әкел, досым, қолыңды,
Татуласқан орынды.
Өкпелесіп не керек,
Көрсет, кәне, қолыңды.
Баққа бірге кірейік,
Қол ұстасып жүрейік.
Татулықтың белгісі,
Кел қосылып күлейік.
Сұрақтар:
1. Балалар әнде татулық жайлы не айтылған?
2. Қол ұстасып жүрейік, кел қосылып күлейік дегенді қалай түсінесің?
Қорытынды:Достықты қадірлеп, мейірімді, қайырымды, кешірімді, тату болыңдар. Бір-біріңе қиянат жасамай,адал болыңдар!.
-
Үй тапсырмасы.Келесі сабақта 14-сабақтың «Көп біріксе - береке» мәтінін оқып келу.
-
Соңғы тыныштық сәтi.
Сабақтың қорытынды сәті.
Сабақ соңындағы тыныштық сәті (2мин)
Баяу әуен қойылады.Оқушылар денесін, басын тік ұстап, көзін жұмып отырады.
Мұғалім жай дауыспен:
«Бүгінгі сабағымызды есімізге түсірейікші. Жақсыны естіп, айтып бәріміздің көңіл - күйіміз көтерілді. Ісіміз де сөзіміз бен ойымыздай, болатынына сенемін. Сабақта көрініс тапқан жақсы қасиеттер жүректерімізде сақталып, іс жүзіне асырылсын. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Бүгін сабақта үйренген құндылықтар мен қасиеттерді есімізге түсірейік. Кешірімділік, татулық, бірлік, достық, мейірімділік, қайырымдылық.
Осы қасиеттерді жүрегімізде сақтайық. Осындай тыныштықта сәл отыра тұрайық. Енді жайлап көздеріңді ашуға болады»
Нұрлы күн аясында бақытқа бөленген мен өзгелерді ренжітпеуге ұмтылуды үйрендім. Менің бойымда қамқорлық жасау, мейірімге бөлену қасиеттері қалыптасты. Енді көздеріңізді ашыңыздар.
-
Сабақ аяқталды. Сау болыңдар. Ертеңгі күндеріңе сәттілік тілеймін.