- Учителю
- Урок 'Бастауышпен қоштасу' (4 класс)
Урок 'Бастауышпен қоштасу' (4 класс)
\
Бастауышым - бал бұлағым
Мақсаты : Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын, бастауышта алған білімнің
негіз болып қаланатынына көз жеткізу. Мектепті , ұстаздарды құрметтеп,
еңбектерін бағалай білуге тәрбиелеу. Өз Отанының адал ұлы мен қызы
болуға тәриелеу.
Көрнекілігі : «Шуағын төккен 4 жыл» фотомонтажы , слайдтар , гүлдер мен шарлармен сахнаны безендіру.
Мұғалім : Қайырлы күн , қадірлі де құрметті ұстаздар , ата-аналар ! Бұл мерекенің негізгі мақсаты - бастауыш сыныппен қоштасу екендігі барлығымызға аян. Бүгінгі үлкен қуаныш иегерлері 4 - сынып оқушылар.
Жас жүректің өмірінің құштары гүл,
Бағбан - ұстаз баулыған құстары бұл,
Қоштасып бүгінгі күн бастауышпен ,
Сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр.
Толқимыз , толқып тұрмыз баршамыз да,
Мұндай күй болмаған шығар қаншаңызда
Қол соғып қошеметпен шақырайық
4-сынып оқушыларын ортамызға.
Әсем әуенмен сахна ашылады.
1.Вальс
Енді сөз кезегін тәрбие ісінің меңгерушісі:Муздубаева Даметкен Кенжебековнаға сөз берейік.
Мұғалім : Сіздердің алдарыңызда тұрған 4- сынып оқушылары осыдан 4 жыл бұрын 6 жасар бала болса, бүгін міне, ес біліп, етек жиған шәкірт және бастауыш сынып түлектері. Армандасаң да, қиялдасаң да балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені , биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі балалық шақтан басталады. Міне, бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымен қоштасып, бір жылға тағы да есейгелі отыр. Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан , өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына ,ата-аналарына да өнерлерін көрсетуге дайын.
Әмина : Қайырлы күн , қадірлі де құрметті ұстаздар , ата-аналар !
Толғанай : Армысыздар , аяулы ұстаздар , ақ жаулықты аналар, ардақты әкелер !
Әмина : Қош келіпсіздер , құрметті қонақтар !
Толғанай : Ия, бүгін бізде қуаныш , бүгін бізде үлкен той.
Әмина: Өйткені 4 жыл бойы білім беріп, ой санамызды дамытқан , адамгершілікке, адалдыққа баулыған , қолымызға алғаш қалам ұстауды үйреткен , әріптер мен сандардың сырын ұғындырған алғашқы ұстаздарымызбен қоштаспақпыз.
Толғанай : Қолға қалам ұстатып,
Білім құйған санаға кім?
Хормен : «Ол алғашқы ұстаз ғой».
Жанбай: Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар , ұстаздарым қымбатты !
Бахытжан: Армысыздар әжелер мен аналар
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар.
Аминат: Армысың сен, алтын ұя мектебім
Саған айтар жыр - алғысым көп менің
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әніміз !
Әмина: Дұрыс айтасың Аминат ! Бұл мектептен қаншама адам тәлім алған десеңші. Менің атам да , әжем де, әкем де, анам да, енді мен де мектептен тәлім алудамын.Олай болса , алтын ұя мектебімізге арнап «Мектебім,аяулы мектебім!» әнін шырқайық !
Ән «Мектебім,аяулы мектебім!»
Толғанай: Ия , мектебімізге қандай ән арнасаң да жарасады.
Ерасыл: Әлі есімде мектепке алғаш келгеніміз
Ұстаздарды ең алғаш көргеніміз
Жасқаншақтап тосырқап тұрған шақта
Өзің болдың ұстазым сенгеніміз
Камила: Мектебіміз осы ма ? -деп
Он алты шәкірт келіпті.
Жылы жүзді ұстазын
Алғаш рет көріпті.
Дәулет : Кітап, қалам қолға алдық
Бір сыныпқа жиналдық.
Ажырамай арамыз
Болашаққа барамыз.
Нұрай: Мектеп деген білім кені , жыр кені ,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға
Мектеп деген даналардың мекені.
Толғанай: Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Атын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен ,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
Назлы: Мектебім, алтын ұям, нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың ,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.
Жансулу: Мектеп - үйім , ұстазым , менің ата-анам,
Сенен өсіп, сенен ғана нәр аламын.
Мектеп - кеме, білім - теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Төрт жыл алған білім нәрін ,
Азық етіп ер жетеміз.
Би : « Достық биі».
Әмина : «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» , - деп Абай атамыз айтқандай, алғаш қолымызға қалам ұстатып, оңымыз бен солымызды танытқан, бізбен бірге қуанып, 42 әріпті танытып, білім нәрімен сусындатқан , мектептегі анамыз - ұстаз екені бәрімізге мәлім. Балалардың ұстазға арнаған ән-жырларын айтпас бұрын, ұстаз туралы не айтар едің Толғанай?
Толғанай : Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей, оқуға, жазуға үйреткен мұғалім еңбегі шексіз. «Мұғалім - мектептің жүрегі» - деп Ыбырай атамыз бекер айтпаған.
Әмина: Дұрыс айтасың Толғанай, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да , темір балқытқан жұмысшы да , көкті шарлаған ғарышкер де , бәрі-бәрі ұстаздан білім мен тәрбие алған.
Толғанай: Ия , бұл туралы батыр Бауыржан атамыз : «Болашақтың басшысын да , данасын да , ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген екен.Олай болса, келесі тақпақтарымызды ұстазымызға арнаймыз.
Мейірболат: Алғашқы ұстазымыз анамызбен тең келеді,
Бар асылын бізге жиып, мол береді.
Қанатымен су себелеп асыл жан
Әр шәкіртін баласынан кем көрмейді.
Мекіш: Қоңыр үнді даусың әсем таңдардай,
Ұстазымның жүзіндегі нұр қандай !
Мейірлене қарап қойып біздерге
Күн астынан сабақ беріп тұрғандай.
Камила: Ұстазым ! Ұстазым өзің едің асқақ әнім
Басталған ақ батаңнан жас талабым.
Ұғындым ұлылықтың , даналықтың
Ұстаздың ұлағатынан басталарын.
Ғалымжан : Нұр құйған санасына зейіндінің
Нұрлы шам сәулесіндей мейірімің.
Дарыттың адамдықты шәкіртіңе ,
Дамыттың дарын отын бейімдінің.
Хормен: Мың алғыс сізге біздей түлектерден,
Мың алғыс мына отты жүректерден !
Әмина: Жетекші боп жүрдіңіз түлегіңе
Біздерді ойлап көңіліңіз жүдеді де,
Шәкірттер тыңдаңыздар ұстаз сөзін
Сіздерге арнап айтатын тілегін де - дей отырып сөз кезегін ұстазымызға береміз !
Толғанай : Олай болса шәкірттерінің ұстазына арналған «Ұстазым» әнін қабыл алыңыздар.
Ән : Ұстазым .
Әмина : Әр ана өз баласын мейірімді болса екен, жақсы оқып, елге қалаулы азамат болса екен дейді.
Толғанай: Ия , дұрыс айтасың Әмина. Біз болашақта саналы да , ақылды бала болып өссек ананың арманы орындалды деген осы емес пе ?
Әмина: Дүниеге әкелген ол да сенің анашың ,
Ақ сүт беріп өсірген ол да сенің анашың.
Тіл алмасаң кешірген ол да сенің анашың ,
Мәпелеген баласын аман болсын анашым !
Толғанай: Осындай ана туралы жыр жолдарынан кейін ата-аналарымызға сөз кезегін берейік.
Сөз кезегін ата-аналарға береміз.
Әмина: Осыдан 4 жыл бұрын біз 6 жастағы сәби балалар сөмкемізді зорға көтеріп, мектеп табалдырығын жасқана аттаған едік.
Толғанай: Енді міне сауатымызды ашып, білім негізін қалаған бастауыш сыныппен қоштасып, орта буын қатарына қосылғалы тұрмыз.
Хормен :Білім берген біздерге,
Рахмет, ұстаз,ата-ана сіздерге !
Қош қымбатты ұстазым, қош бастауыш мектебім!