- Учителю
- Баяндама тақырыбы 'Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру үшін негіз ретінде өмір өнімді жолдарын дамыту'
Баяндама тақырыбы 'Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру үшін негіз ретінде өмір өнімді жолдарын дамыту'
Тақырыбы: «Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру үшін негіз ретінде өмір өнімді жолдарын дамыту»
Функционалдық сауаттылық - адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол - ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады.Функционалдық сауаттылық оқушылардың сыртқы ортамен қарым-қатынас жасау қабілеті, оқушылардың өзгермелі өмірге бейімделуінің шарты, оқушылардың жеке бас қабілеттерін дамытудың тетігі, оқушылардың әлеуметтік дағдыларын дамытудың негізі, әлеуметтік-мәдени дамуының өлшемі, білім, білік, дағдыларының құзыреттілікке ұласу жолы.
Оқушылардың функционалдық сауаттылық мазмұны келесі құзыреттіліктерден көрінеді:
-
оқу, жазу сауаттылығынан;
-
жаратылыстану ғылымындағы сауаттылығынан;
-
математикалық сауаттылығынан;
-
компьютерлік сауаттылықтан;
-
денсаулық мәселесіндегі сауаттылықтан;
-
құқықтық сауаттылығынан.
Жалпы, сауаттылық адамның білімділігіне қатысты ұғым екені белгілі. Яғни, сауатты деген сөздің түпкі мағынасы оқу, жазу, санау біліктіліктері қалыптасқан, грамматикалық тұрғыда таза, қатесіз жаза, сөйлей, оқи алатын, сондай-ақ дұрыс есептей білетін адам сауатты ретінде танылады. Ал «функционалдық сауаттылық» белгілі бір кезеңге сай субьектінің алған білімі мен білігі негізінде сауатты іс-әрекет ете алуы деген мағынаны білдіреді.Сонымен, функционалдық сауаттылық - жеке тұлғаның әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесе отырып, меңгерген білімді тұрмыс тіршілікте қолдана алуы мен жетілдіре отыруы. Сонда, функционалдық сауаттылық ұғымына келесі анықтаманы беруге болады: адамның мамандығына, жасына қарамастан меңгерген білімді сауатты қолдана алуы мен үнемі білімін жетілдіріп отыру процесі. Мұндағы басшылыққа алынатын функционалдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік, т.б. Яғни, жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның өзгермелі әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады. Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылықтарын қалыптастырудың психологиялық және педагогикалық негіздеріне келер болсақ, бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктері ескерілуі керек. Оқу, жазу сауаттылықтарын қалыптастыруда, ең алдымен, кіші мектеп жасындағы балалардың ойлау мен сөйлеуі маңызды орын алады. Бұл орайда Ж.Аймауытов, Б.В.Беляев, Е.И.Пассов, Н.И.Жинкиндердің ойлау мен сөйлеу секілді күрделі психикалық құбылыстар туралы ой-пікірлері талданады. Ой ұйымдасқан сөйлесім үдерісіне айналуы үшін адам өзіне қажетті үлгіні, ойды дәл бейнелейтін сөзді таңдап алатын іштей сөйлеудің кезеңдерінен өтуі тиіс. Сөйлесім - айтылған не жазылған хабардың қабылданып, оған жауап қайтарылуды талап ететін, адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынас негізінде іске асатын ортақ құбылыс. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда іштей сөйлеу мен сөйлесімнің мәнін назарға алу олар орындайтын жаттығулар мен тапсырмаларды іріктеуде маңызды рөл атқарады. Оқыту үдерісінің нәтижелілігі бастауыш сынып оқушысының физиологиялық, психологиялық негіздерін терең білу мен барлық оқу әрекетін соған негіздеуге байланысты болады. М.Жұмабаев:«Сыртқы дүниемен, адамзат тұрмысымен жаңа таныс болып келе жатқан адам бар нәрсені білуге, бар білгенін есте ұстауға ұмтылады. Естің қатынасуын қатты керек қылатын ғылымдарды үйретуге қолайлы шақ осы. Бұл жаста баланың міндеті ой жүгіртіп білімді іске асыру емес, білімді молайта беру; даярлай беру, бар нәрсені еске ала беру»,- деп, балаларда жасынан білуге, тануға ерекше талпыныс пайда болатынына тоқталады.
Оқыту үдерісінде пәндік білім, білік, дағдыларды, яғни құзыреттіліктерді меңгертуде балалардың жас кезеңдеріне сәйкес пайда болатын жетекші әрекеттерге назар аударылды. Бастауыш сыныптан мектептің орта сатысына өту кезеңінде балалардың өзін қоршаған адамдармен қарым-қатынасы жаңа арнаға түседі: даралық сезімдері бас көтеріп, өзін-өзі тани бастайды. Білім беруде бұл мәселелер ескеріліп отыруы тиіс. Бастауыш мектеп кезеңі оқушылардың оқу, қарым-қатынас, еңбек секілді жетекші әрекеттер негізінде жалпы және ерекше қабілеттерінің дамуымен сипатталады. Оқу әрекетінде олардың жалпы интеллектуалдық қабілеттері қалыптаса бастайды.
Олардың оқу әрекетінің өзіндік ерекшеліктері жөнінде Л.В.Выготский: «Бұл әрекеттің басты мақсаты мен нәтижесі, яғни, баланың үлкендермен, сондай-ақ, өзінің құрдастарымен әлеуметтік қатынасын қалыптастыру, әрі бұл уақытта өзіне дейінгінің тәжірибелерін, оның ішінде әлеуметтік қатынастың құралы болып саналатын сөйлеу тәжірибесін де меңгеруі қатар жүреді», - деп тұжырымдайды.
Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың педагогикалық негіздеріне алынатын дидактикалық ұстанымдар екі бағытта белгіленді. Пәндік білім, білік, дағдыларды меңгертудегі шығармашылық ұстаным сабақты шығармашылық үдеріс ретінде құруды мақсат етеді. Оқу үдерісінде жұптық, топтық жұмыс түрлеріне, біріккен шығармашылық тапсырмалар мен жобаларды орындауға үлкен мән берілді. Белгілі бір қатысымдық міндеттерді шешу барысында оқушылардың өз тілек-емеуріндерін іске асыруға мүмкіндігі болады. Оқу үдерісінде оқушылардың алдыңғы сабақтарда алған білім, дағды, біліктерін жаңа жағдаятта қолдана алуына қажетті дағдылары дамытылады. Пәнді интеллектуалдық және шығармашылық тұрғыда түсініп меңгертуге ден қойылады.
Оқыту үдерісінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын (жаратылыстану, математика, оқу және жазу, т.б.) қалыптастыруда, ең бастысы, оқушыларды ғылыми біліммен қаруландыру міндеті аса маңызды. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын (жаратылыстанулық, математикалық, оқу және жазу, т.б.) қалыптастыруда басты рөл атқаратын, басты орында тұратын ұстаным - теория мен практиканың байланыста болуы ұстанымы. Оның мәні - оқушыларға теориялық білім беріп қана қоймай, сол білім, білік, дағдыларын күнделікті жаңарып, өзгеріп жатқан өмірде, кез келген жағдаятта емін-еркін қолдана білуін қамтамасыз ету. Ол үшін күнделікті оқыту үдерісінде әрбір пәннен берілетін теориялық білімді өмірдегі жағдайлармен байланыстырып, практикалық жағына бағыттап отыру керек. Бастауыш сынып оқушыларының жаратылыстану ғылымындағы сауаттылығын қалыптастыруда ерекше орын алатын ұстанымдардың бірі - кiрiктiру ұстанымы. Бұл ұстанымның мәні - ғылыми жаратылыстанулық бiлiм мен адам әрекетiнiң түрлерi және қоғам туралы ұғымдар кiрiктiрiлiп бiртұтастықта берiлуi. Яғни, адам, табиғат, қоғам бөлек қаралмай, адамның iс-әрекетi үнемi табиғи ортада, қоғамда (отбасында, мектепте, қоғамда, табиғатта, т.б.) бiр-бiрiмен байланыста қарастырылады.
Психологиялық зерттеулерде анықталғандай, балаларға берілетін білімнің көлемі мен мазмұны олардың өмірден жинаған тәжірибесіне, таным деңгейіне және психикалық тұрғыдан дамуына лайықталуы тиіс. Сондай-ақ олардың сұраныстары мен қабілеттері де ескерілуі керек. Өйткені бала ақпараттар ағынынан өзіне қажеттісін әрі түсініктісін ғана қабылдай алады.
Сондықтан бастауыш сынып үшін оқушылардың жас ерекшелiктерiн ескеру ұстанымы басшылыққа алыну қажет. Бұл ұстанымның мәні - бастауыш сынып оқушыларының ұғымына жеңiл, психологиялық ерекшелiктерiне сай келетін, бiлiм деңгейлерiне лайықталған және олардың өмiр тәжiрибесiн есепке алатын материалдардың қамтылуы.
Оқытудың нәтижелілігін арттырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын (жаратылыстанулық, математикалық, оқу және жазу, т.б.) қалыптастыруда басшылыққа алынатын негізгі ұстанымның бірі - білімнің беріктігі ұстанымы. Бұл ұстанымның мәні - оқушылардың меңгерген білімдерінің берік әрі тиянақты болуы. Ол жоғарыда аталған ұстанымдардың өзара байланысын қамтамасыз еткен жағдайда ғана іске асады, яғни аталған ұстанымдардың барлығына тәуелді болып келеді. Оқушылардың алған білімі жүйелі, берік, тиянақты, терең болуы үшін мынадай мәселелер ескерілуі тиіс: өтілген оқу материалындағы өзекті мәселелерді, негізгі ережелер мен ұғымдарды есте сақтауларын қамтамасыз ету. : а) күнделікті сабақ барысында; ә) белгілі бір тақырыпты немесе тарауды, бөлімді аяқтаған уақытта; б) тоқсан аяғында; в) оқу жылының басында және соңында;
-
өтілген тақырыпты практикалық жаттығулармен (ауызша, жазбаша тапсырмалар, жаттығулар, тәжірибелік-бақылау жұмыстары, т.б.) байланыстырып отыру;
-
оқушылардың білім сапасын есепке алып отыру (тексеру және бағалау), кемшіліктерін анықтап, тиісті жұмыс жүргізу;
-
өтілген оқу материалындағы өзекті мәселелерді, негізгі ережелер мен ұғымдарды есте сақтауларын қамтамасыз ету.
Мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде мәдениеттендiру және ізгілендіру ұстанымының алар орны айрықша. Бүгінгі оқушы - оқу-тәрбие үдерісіндегі орталық тұлға, ертеңгі Қазақстан Республикасының азаматы, еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуына өз үлесін қосатын қызметкер немесе жұмысшы.
Сондықтан да олардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырумен қатар, мәдени-рухани дамуына, яғни оқушылардың жалпы мәдениетiн көтеруге баса көңiл бөлiнiп, жеке бас гигиенасынан бастап, жалпы халықтық мәдениет туралы мәлiметтер беруге дейін мән берілуі керек. Сондықтан әрбір пән бойынша берілетін білімнің мазмұны мен көлемін анықтағанда ұғымдық-ақпараттық материалдармен шектелмей, әдебиет, сәулет, өнер, ғылым салаларынан да белгілі бір деңгейде мағлұматтардың енгізілуін ескеру қажет.
Қорыта келе, бастауыш мектептегі оқыту үдерісінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда жоғарыда аталған ұстанымдардың қай-қайсысының да қызметі ерекше. Себебі, бұл ұстанымдардың негізінде ұйымдастырылған оқыту үдерісі оқушылардың берілген білімді жүйелі, терең, берік, сабақтастықта және біртұтастықта, ғылыми білімдер жүйесін практикамен байланыста, жеңiлден ауырға, қарапайымнан күрделіге, нақтыдан белгiсiзге қарай жүретін бағытта белсенді түрде әрі қызығушылықпен меңгеруін қамтамасыз ете алады.