7


  • Учителю
  • Вне классное мероприятие на тему 'Прощание с Азбукой' (1 класс)

Вне классное мероприятие на тему 'Прощание с Азбукой' (1 класс)

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Қош бол, сүйікті Әліппем!

Сабақтың мақсаты:

  1. Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау.

  2. Оқуға, білімге деген қызығушылықтарын арттыру.

  3. Эстетикалық талғамдарын дамыту.

Кіріспе

Мұғалім: Армысыздыр құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар!

Көлге айналған бұлақтың

Қайнар көзін көріп пе ең?

Том-том қалың кітаптың,

Басы болар әліппең-деп Мұзафар Әлімбаев ағамыз жырлағандай бүгінгі күні 1-б сынып оқушылары алғаш хат танытып сауаттарын ашқан Әліппемен қоштасқалы отыр.Қадірлі қонақтар, бүгінгі Әліппемен қоштасқалы отырған өз шәкірттеріме айтарым:

Ой білімі жаңғырып,

Әліппеден мәңгілік.

Әріптерді таныған,

Өңкей білгіш балдырған.

Өсті міне бойларың,

Өсті ақыл-ойларың.

Қуанышқа ортақпын,

Құтты болсын тойларың - дей отырып, осы уақытқа дейін алған білімдерін, ән, би, өлеңдерін өрнектеп көрсету үшін ендігі кезекті шәкірттеріме берейін.


Би «Вальс»


Жания: Ақ сандықты ашайық,

Ішінен шашу шашайық.

Бұл мереке, бұл тойдың,

Бастаңғысын жасайық.

Олжас: Құрметті ата-аналар, ұстаздар! Бүгінгі салтанатты мерекемізге қош келдіңіздер!

Жания: Бүгінгі біздің қуанышымызда шек жоқ. Өйткені біз түңғыш рет сауатымызды ашқан «Әліппені» бітірдік.

Арон: Біз енді алыстағы туыстарымызға өзіміз-ақ хат жаза аламыз.

Дана: Біз енді өзіміз-ақ кез-келген сөздерді, сөйлемдерді, тіпті қысқа әңгімелерді бөгетсіз оқи аламыз.

Серік: Біздер осы уақытқа дейін көп нәрсені үйрендік.

Аружан: Сурет салуға.

Ернұр: Ән айтуға.

Мерей: Есептеуге.

Бекболхан: Би билеуге.

Медет: Денемізді шынықтыруға.

Дариға: Еңбек етуге.

Әділхан: Шахмат, тоғызқұмалақ ойнауға.


Әсем: Өтті оқу сан-сабақ

Бүгін үлкен салтанат.

Оқулықпен достассақ,

«Әліппемен» қоштаспақ.

Өсті білім, бойымыз,

Хормен: Құтты болсын тойымыз!

Нұрбақыт: Жақсы білім көрімдік,

Болсын сізге халайық.

Не үйреніп, не білдік,

Қане ортаға салайық.

Аружан: Жүрем бе ойнап мен енді,

Келдім биыл мектепке.

Қолға қалам аламын,

Суретті де саламын.

Диас: Партаға тұңғыш отырдым,

Қалам алып қолыма.

Сызықтарға толтырдым,

Қалдырмай дәптер жолын да.


Ән: «Сәлем саған, мектебім»


Мұғалім: Балалар, айтыңдаршы,

Іші толған әріпке,

Білімдегі жарық не?


Хормен: Болашаққа жол ашар,

Ол - сүйікті Әліппе!

Мұғалім: Олай болса балалар,бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға шақырайық.

Бәрі: Әліппе! (3 рет)

Әліппе: Армысыңдар, жас достар,

Армысыздар, ата-аналар,

Болашаққа жол бастар-

«Әліппе»келді ортаға.

Менің атым Әліппе,

Мені анаңдай дәріпте.

Мені оқып ер-жеткен,

Бауыржан да, Мәлік те.

Барлығы: Оны біз де білеміз,

Сондықтан да «Әліппе»

Мәңгілік сені сүйеміз.

Дариға: Әліппем, менің Әліппем,

«А» деген бастап әріптен.

Сөз құрап жаза бастадым,

Тақылдап таңба танып мен.

Әсем: Осылай алға аттадым,

Әр әріпті жаттадым.

Жаттаған сайын әріпті,

Сөз құрап жаза бастадым.

Серік: Әліппем, менің Әліппем,

Өшпейтін нұрлы әріппен.

Есігін аштым білімнің,

Өзіңнен кілт алып мен.

Медет: Бар кітапқа бас болған,

«Әліппе» - ғылым ағасы.

«Әліппеден» басталған

Даналықтың данасы.

Жания: Әліппем, менің Әліппем,

Сені қолға алып мен.

Есігін аштым мектептің,

Ертеңгі сәуле жарықпен.

Әліппе: Жарайсыңдар, балалар, менің сендерге тағы бір сұрағым бар. Қазақ тілінде қанша әріп бар?

Әділхан: Алфавитті біліңдер,

Онда қалып, жүйе бар.

Біздің қазақ тілінде

42 әріп бар.

Әліппе: Бәрекелді, балалар, гүлдендірер әлемді сендер сияқты балғындар. Айта қойыңдаршы қанеки осының барлығын сендерге үйреткен кім?

Хормен: Ол сүйікті ұстаз.

Арон: Келгеніме алдыңа,

Қызыл арай гүл алып.

Жақын тарттың жаныңа,

Шәкіртім деп қуанып.

Бекболхан: Сипадың сен басымнан,

«Әліппені» ұсындың.

Бақытымның осыдан,

Басталғанын түсіндім.

Дана: Ұстазды тыңдадым,

Үйрендім әріпті.

Алғашқы айларым,

Есімде қалыпты.

Хормен: Ұстаздарға мың алғыс!

Әліппе: Ал, құрметті қонақтар, мына балалардың сөздері қандай ғанибет, өздері қандай әдемі. Балалар, сендерді өсіріп, осындай жақсы тәрбие беріп осы күнге жеткізген кім?


Хормен: Ол біздің ата-ана!

Дана: Кір түсірмей жағама,

Шашымды да тарайсың.

Мектебіме барарда,

Мейірлене қарайсың.

Хормен: Аналарға мың алғыс!

Әліппе: Жарайсыңдар, балалар, ал қандай ертегі, аңыз оқып үйрендіңдер?

Мақта қыз бен мысық, Жеті лақ, Боран мен бала, Бауырсақ, Үш шошқа.

Мұғалім: Әліппе, біздің балаларымыз тек ертегі-аңызды ғана емес, олар қызықты әзіл-әңгімелерді де көрсете алады.

Әліппе: Ал, онда тамашалайық!

Көрініс: «Оқушы мен әке»

Мұғалім: Сауысқанның тамағы

Шоқуменен табылған.

Өнер білім бәрі де,

Оқуменен табылған - деп Ыбырай атамыз айтқандай осы заманда білім артық па әлде байлық артық па?

Серік: Әрине білім артық деп ойланбастан жауап берер едім. Дегенмен байлық та артықтық етпес деген ой жетелейді.

Бекболхан: Білім артық, өйткені ол пайғамбардан қалған мирас. Байлық бақылдардан қалған мұра.

Медет: Білім артық, өйткені ол сені бағады, ал байлықты сен бағасың.

Әсем: Білімді іздей берсең көбейеді, оны жұмсағанымен азаймайды, байлық жұмсасаң азаяды.

Мұғалім: Ия, дұрыс айтасыңдар, білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады, байлығы көп адам оған мас болып мақтанады, астамшылық көрсетеді. Сондықтан да әрқашан білімді болыңдар!

Әліппе: Ал, кішкентай достарым менің, сендермен қоштасар сәтім де келіп қалыпты.

Мұғалім: Әліппе бізге көп нәрсені үйреткен екен. Біз Әліппенің арқасында жазу жазуға, өз бетімізбен оқуға, сөз құрауға, сөйлем құрауға дағдыландық. Ендеше Әліппеге не дейміз?

Бәрі: Әліппеге рақмет! (3 рет)

Ернұр: Қош бол, құтты «Әліппем»,

Көп нәрсені үйреттің.

Таныстырып әріппен,

Тақылдатып сөйлеттің.

Мерейжан: Таныстырған 42 әріппен,

Қош бол, менің қасиетті «Әліппем»,

Сенің арқаң оқи, жаза білгенім

Сауатты адам санатына кіргенім!

Әліппе: Айналайын балдырғандар!

Менен білім алдыңдар.

Озат достар оқыды,

Ойға білім тоқыды.

Алда ұзақ жолым бар,

Аман-есен болыңдар.

Бүгінгі тойларың тойға ұласып,

Ата-ананың жанашыры,

Тәуелсіз Қазақстанның

білімді азаматы болыңдар!

Қош болыңдар!

Әліппе қоштасып шығып кетеді.

Мұғалім: Ал, балалар, біз Әліппені бітіріп енді алдымызда және бір сүйіп оқитын кітабымыз Ана тілі күтіп тұр. Ендеше Ана тілін қарсы алайық.

Ана тілі: Сәлеметсіңдер ме балалар! Әліппемен қоштасу тойларың құтты болсын!

Хормен: Сәлеметсіз бе!

Ана тілі: Балалар, бұдан былай мені оқып, менен білім аласыңдар. Өз ана тілдеріңді құрметтеңдер!

Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте,

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте - деп ақын ағаларымыз жырлағандай мен сендердің Ана тілдерің болам.

Мұғалім: Қош келдің Ана тілі, қадамың құтты болсын, біздің балаларымыз сізді асыға күтуде.

Олжас: Анам алғаш осы тілде,

Бесік жырын жырлаған.

Ұзақ түндер апам айтқан,

Ертегілер тыңдағам.

Медет: Тіл ырысың, өрісің де,

Тіл көктегі ғажап күнің.

Ғажап күнсің мен үшін де

Бабам тілі - қазақ тілім!

Жания: Құрметті Ана тілі! Біз Әліппеден оқып үйренгенімізді сізден әрі қарай жалғастырамыз. Сіздің біліміңізді қадыр тұтамыз, құрметтейміз!

Мұғалім: Ана тілі, балалар өз ана тілінен бөлек орыс және ағылшын тілін оқып меңгеруде.

Би: «Кукарела»

Олжас: Праздники кончаются

И наступают будни.

И день наш ученический

Порой довольно трудный.

Диас: И папе с мамой не понять,

Как сложно было прочитать.

Нам в первый раз «Ау», «Уа» -

Такие трудные слова.

Мерей: Среди ярких, толстых книжек

Неприметна и скромна.

Но зато читать - в полгода!

Научила нас она!

Арон: Азбука, ты отдохни

И на полке полежи.

В школу в сентябре опять

Первоклассники придут.

И страницами твоими

В царство грамоты войдут.

Ән «Всё отлично!»


Ағылшындар «Бауырсақ» ертегісін қояды.


Ана тілі: Жарайсыңдар, балалар, ал Отан туралы не білесіңдер? Биыл Тәуелсіздімізге неше жыл толды?

Нұрбақыт: Отан - жерім, Отан - суым,

Отан қуат, нәр береді.

Отан - ұран, Отан - туым,

Отан - мәңгі гүлденеді.

Диас: Жыр арнадым еліме тебірене,

Үміт артам елімнің ертеңіне.

Тәуелсіздік алғалы 20 жыл толып,

Отаным жылдан-жылға көркеюде.

Ән «Атамекен»

Мұғалім: Құрметті ата-аналар! Бүгін сіздер аяулы балаларыңыздың білімдерін, өнерлерін тамашаладыңыздар. Өздеріңіз көргендей барлығы да білімді де өнерлі. Биік шыңдардан көріне берсін деп тілеймін де сенемін. Осымен «Әліппемен қоштасу» ертеңгілігімізді аяқтай отырып сөз кезегін және бүлдіршіндерді марапаттау рәсімін «Арман» гимназиясының директоры Ардақ Калымбековнаға беріледі.




 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал