- Учителю
- 'Рахмет саған әліппе !'
'Рахмет саған әліппе !'
Тақырыбы: Рахмет саған, Әліппе!
Мақсаты: Оқушыларға әліппе мен ана тілі пәнінің маңызын
түсіндіру. Ата-аналарға балаларының игерген білімдерін
көрсету. Әліппеге деген сүйіспеншілік сезімін тудыру.
Эстетикалық талғамдарын тереңдете түсу.
1 - бастаушы: Өзгеріп жатыр бүгін қала, қырым,
Құп алып елімнің даналығын.
Бет алып болашаққа бара жатыр,
Аяулы алты жасар балалығым.
2 - бастаушы: Мен бүгін бұрынғыдан саналымын,
Қоңырау болып күмбірлейді жаңа күнім.
Дәптердің жазылмаған ақ парағы,
Аяулы алты жасар балалығым.
3 - бастаушы: Үйретіп алғаш бізге әліппені,
Мұғалім ғылымға жол салып берді.
Адамның ой-арманы, мақсаттары,
Оқудың сәулесімен жарық көрді.
1 - бастаушы: Бүгін біз шексіз қуаныштымыз, өйткені алғаш хат танытып сауатымызды ашқан әліппені бітірдік.
3 - бастаушы: Мен енді өзім-ақ оқып, жаза аламын.Ертегі, әңгімелерді өз бетімен оқитын болдым.
Бәрі: Біздер кітап оқуды, өлең жаттауды, сурет салуды, ән айтуды үйрендік.
Мұғалім: Жарайсындар, балалар! Балалар мына жұмбақтың шешуін таба қойыңдаршы.
Бар білімнің бастауы,
Бар ғылымның бастауы.
Жас балаға нұр шашқан.
Қандай кітап тіл ашқан?
Бәрі: Әліппе!
Мұғалім: Дұрыс, балалар,енді ортамызға өздеріңнің сүйікті достарың Әліппені шақырайық.
Балалар: Келіңіз, Әліппе, келіңіз!
Әліппе: Сәлеметсіңдер ме, менің сүйікті достарым!
-Мен әуелі әріптерімді түгелдеп алайын.
-Дауыстылар қайдасыңдар?
-Біз мұндамыз!
-Дауыссыздар қайдасыңдар?
-Біз мұндамыз.
-Жіңішкелік белгісі мен айыру белгісі жоқ қой?
1-оқушы: Олар ойнап жүр!
Әліппе: Олар тойға қатыспай неге ойнап жүр?
1-оқушы: Біз барлық сөзде жазыла бермейміз деп өкпелеп жүр.
-Біреуің барып шақырып келе қойыңдар!
-Жіңішкелік белгісі, айыру белгісі, сендердің де өз ойларың бар. Қапа болмай, орындарыңа тұрыңдар!
-Балалар, мені оқыдыңдар, менен не үйрендіңдер?
Барлығы:
- Дыбысты танытып, буыннан сөз құрауды, сөзден сөйлем құрауды, ана тілімізде дұрыс сөйлеуді үйреттіңіз!
1-бастаушы: Әліппе, балалар өзің туралы өлең, тақпақ үйренді. Енді соны тыңдасаңыз.
1-оқушы: Әріптерді жаттаймыз, есте мықты сақтаймыз.
Ұмытпаймыз бәрін де - атын, затын, түрін де.
Ата-ана атын сен, бізге үйреттің Әліппе!
Бізге нағыз жақын сен, сенен білдік әріпті.
2-оқушы: Ыстық әрбір беттерің
Жазуыңды ұғамын.
Ақыл бердің, Әліппе
Ақылды сен, мұғалім.
3-оқушы: Ізгілікті ойға тоқитын,
Шәкірт боп үздік оқитын.
Әліппе атты кемемен,
Кеземін білім мұхитын.
4-оқушы: Үйретті бізді әліппе
42 дербес әріпке.
Сөз, сөйлем құрап әріптен
Лайық болдық дәріпке.
5-оқушы: Оқитын әрі жазатын,
Білімге қол созатын,
Оқушы болдық сауатты,
Білімнің кенін қазатын.
6-оқушы: Іші толы әріпке, мынау әйбат әліппе,
Барлық ілім-білімнің әжесі осы әліппе.
Іші толы әріпке, жақсы кітап - әліппе,
Әліппені ашамыз, мектепке біз барамыз.
7-оқушы: Әліппе даңғыл жол ашты,
Жаңадан пәндер жалғасты.
Әліппе сырын ұқтырған.
Бәрі: Рахмет, ұстаз алғашқы!
Ән. "Мұғалім - ол біздің"
Әліппе: Жақсы достар, тағы қандай өнерлерің бар?
Оқушылар: Жұмбақтар үйрендік, кейбіріміз жұмбақ құрастырдық.
8-оқушы: Сүңгіген жетер әрең,
Теңіздей түбі терең. (Оқу)
9-оқушы: Қабат-қабат қаттама,
Ақылың болса аттама. (Кітап)
10-оқушы: Ортасында шегесі,
Жіп-жіңішке денесі. (Қаламсап)
2-бастаушы: Әліппе, кейде біздің әріптер айрысып та қалады. Енді солардың айтысын тыңдаңыз.
Әліппе: Жарайды, оны да тыңдайын!
11-оқушы: Алфавиттің "А" тұрады басында,
Әрқашанда "Ә" тұрады қасында.
Байқадың ба, "Б" тұрады үшінші
Ал осының сыры неде түсінші?
12-оқушы: "А" деген ол аналар ғой ардақты,
"Ә" деген ол әкелер ғой салмақты,
"Б" деген ол балалар ғой әдемі,
Біздің елде үшеуі де кәделі.
13-оқушы: Алшақ кетпей
Сондықтан да расында,
Тұрады олар алфавиттің басында.
Әліппе: Балалар, сендерге мен ризаиын. Мені жақсы игеріпсіңдер. Ана тілінде өте жақсы сөйлейді екенсіңдер. Талапты екенсіңдер. Енді басқа кітаптарды да мен сияқты оқыңдар!
Мұғалім: Балалар, сендердің білімдеріңді, өнерлеріңді көріп, Әліппе сендерге өте риза болып кетті.
Бұдан былай менің қолымдағы Ана тілі кітабын оқитын боласыңдар. Бұл пәнді де жақсы оқиды деп сенемін.
Оқушылар: Иә, апай, "Ана тілін" де жақсы оқимыз.
14-оқушы: Ана тілін біліп қой,
Бостандығың теңдігің,
Ана тілін біліп қой,
Мақтанышың елдігің!
15-оқушы: Ана тілің - арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Ән: "Ананың тілі"
Мұғалім: Балалар, сендерге математика елінен математика қонаққа келіп тұр.
Оқушылар: Келіңіз, математика!
- Достарым, мені қалай меңгердіңдер?
- Жақсы меңгердік. Санаймыз, есеп шығарамыз.
Бір дегенім - бесік,
Шықтық содан өсіп.
Екі дегенім - елім,
Далам, тауым, көлім.
Үш дегенім - үміт,
Үміт артар жігіт.
Төрт дегенім - төзім,
Төзе білем өзім.
Бес дегенім - бақыт,
Бағалайтын уақыт.
Алтын дегенім - ақыл,
Тыңдағаның мақұл.
Жеті дегенім - жалау.
Жүректегі алау.
Сегіз дегенім - сөзің,
Серт беретін кезің.
Тоғыз деген - тоқтау,
Елдің жоғын жоқтау.
Математика:
Он дегенім - Отан,
Қорға соны ботам.
3- бастаушы: Балалардың алғашқы ұғынып, меңгерген асыл сөздері: Ана, Отан, Мектеп, Бала.
- Балалар осы сөздерді қатыстырып өлең, тақпақ жаттап оны мақтанышпен айтып жүр.
Отаным - алтын бесігім!
Ана - баланың бақыты!
Мектеп - білім бұлағы!
Бала - елдің болашығы!
Жарқын жүзді жан анам,
Сендей болсын бар адам.
Сендей болса бар адам,
Шаттық кетпес баладан.
Оқушы: Отан - менің ата-анам,
Отан - досым, бауырым,
Отан - өлкем, астанам,
Отан - туған ауылым.
Оқушы: Қош бол, Әліппем!
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен
Тақылдатып сөйлеттің!
Бәрі: Қош бол, құтты Әліппем!
Ән. "Рахмет саған, Әліппе!"
Концерттік бағдарлама:
1. Вальс
2. Ән. "Ұстазым"
3. Би. "Отырар"
4. Ән. "Ақбұлақ"
5. Би. "Наурыз"
6. Ән. "Мен қазақтың қызымын"
7. Би. "Ша-ла-ла"
8. Ән. "Апатай"
9. Көрініс. "Шешендік сөз"
10. Вальс. "Нәзіктік"
11. Ән. "Бала тілегі"