- Учителю
- Ашық сабақ: Дос болайық,бәріміз!өзін-өзі тану пәні
Ашық сабақ: Дос болайық,бәріміз!өзін-өзі тану пәні
Сабақтың тақырыбы: «Дос болайық бәріміз»
Мақсаты: Балалардың достық туралы ұғымын кеңейту және нақтылау. Достарға деген қарым - қатынасты қалыптастыру, достықты қадірлей білу, бір - біріне көмек көрсету және қамқор болуға үйрету.
Көрнекі құралдары: жапырақтар, үнтаспа.
Сабақтың барысы:
Мұғалімнің сөзі:
-Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгін қандай керемет күн! Бұл күнді жақсы, қуанышты көңіл күймен өткіземіз деп сенемін.Себебі бүгінгі сабағымыздың тақырыбы «Дос болайық бәріміз».
I.Тыныштық сәті:
Балалар денелерің түзу, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді түгел жұмыңдар. Ауаны терең жұтып, еркін тыныстаңдар, денелеріңді бос ұстап, айналадағы барлық тіршілік иесі сендерді аялап қоршап, қамқорлап жатыр. Ал, енді тұла бойларың жақсылыққа, махабатқа толды деп есептеймін.
ІІ.Әңгімелесу сәті :
- Достық дегенді қалай түсінесіңдер?
- Сендердің достарың көп пе?
- Досыңа көмекті, қамқорлықты қалай жасайсыңдар?
‒Балалар, сендерге жалғыз ойнаған немесе серуендеген ұнай ма? Ойлап көріңдерші?
Түйін:
-Дұрыс айтасыңдар, балалар. Жалғыз ойнасақ, жалғыз серуендесек, жалғыз тамақтансақ көңілсіз екен. Сондықтан біз жалғыз қалмау үшін біздерге дос жолдас керек екен.
Достық‒адамдардың бір‒біріне деген адалдығы, өзара сыйластығы, татулығы, сүйіспеншілігі, жанашырлығы, қамқорлығының белгісі.
III.Мәтінмен жұмыс:
«Екі дос» ертегісі
Бір күні екі дос орманда келе жатады. Кенеттен алдарынан бір аю шыға келеді. Сол кезде біреуі қаша жөнеледі, екіншісі талға өрмелеп жасырынып қалады. Қашқан жігіт ортада қалып кетеді.
Алайда, не істерін білмей тұрғанда, ойына «Өлген адам сияқты жерге етбетіммен жата қалсам, бәлкім құтылып кетермін» деп жерге жата қалады.
Аю келіп оны иіскелей бастағанда демін жұтып, дем алмай жатады. Аю кеткен соң талға өрмелеп кеткен досы төмен түсіп, досының қасына келіп, күліп: «Айтшы ал, аю сенің құлағыңа не деп сыбырлады?» дейді.
Сонда досы: «Досына қауіп - қатер төніп тұрғанда қашып кеткен адамдардан сақтану керектігімді, айтты» дейді.
Талдау сұрақтары:
- Қай жігіттің ісін дұрыс деп ойлайсыңдар?
- Қалай ойлайсыңдар бұлар адал дос па?
- Нағыз дос қандай болуы керек?
- Достарынды ренжітіп алсандар, қалай татуласар едіндер?
- Қандай достықты біз «адал» деп айтамыз?
IV.Жаңа ақпарат:
-Айнымас дос деген адал дос деген түсінікті де береді. Досы уәдесіне берік болса, қандай жағдайда да досымен бірге болса, қолынан келген көмегін аямаса, оның көңілін көтеріп жабырқағанда қасынан табылса, ол әрине айнымас дос. Балалар достықтың екі түрі болады екен. Біріншісі - адал достық, екіншісі айнымалы алдамшы достық.
Біздер сол екі достықтың қайсысын таңдаймыз. Олай болса балалар бір - бірімізге адал дос болайық.
V.Дайексөз:
Ермек Өтетілеуовтың «Әрқашан тілектес,Досыңа көмектес».
-Дос адам бір-біріне қашанда тілекші,көмекші.Досыңа әрдайым тілектестік білдіріп,оның айтқан сөзін,істеген ісін қолдап,қажет кезінде өз көмегінді көрсетіп жүргенің дұрыс болады.Адалдық,сенім нағыз достарға тән қасиет.
VI.Жағдаяттарды талдау:
1.Құрбылары Жанарға
Балмұздақ берген-ді.
Жанар кетті алға тез,
Алды-артына қарамай,
«Рақмет» деп жалғыз сөз
Айтуға да, жарамай!
Сұрақ: -Сендер қалай ойлайсыңдар, осыдан кейін балалар Жанармен дос бола ма?
2. Сырым мен Дина дос болатын. Бірде Сырымның лақтырған добы, Динаның басына барып тиді. Сырым добын домалатып теуіп, ала жөнелді.
Сұрақ: -Жанар мен Сырымды шын достар деп айтуға бола ма? Неліктен?
- Олардың достықтары қалай жалғасады деп ойлайсыңдар?
3. Сен асығып барасың, ешқандай кешігуге болмайтын кездесуің бар. Досың саған тез келіп кетші, бір жағдаймен өте қатты қысылып тұрмын деді. Сенің әрекетің.
Оқушылардың ойларын түйіндеу:
-Кейде біз өте асығып жүріп,ізгі сөздерді айтуға үлгермей қаламыз.Одан досымызды ренжітіп аламыз.Жанар «рақмет» деген сөзді,Сырым «кешір» деген сөзді айта алмады.Нағыз достар бір-бірінің көңіліне қарап,ренжітпейді,кешірімшіл болады.Достар қиын сәттерде көмекке келеді,татулықты қадір тұтады.
VII.Ойын: «Нағыз дос» -алма ағашына, досқа тән қасиеттерді теріп ілу (мейірімді,
салмақты, адал, кек сақтамау, ақылды, кешірімді, төзімді,
өтірікші, тәртіпсіз, мақтаншақ, жалқау).
- Сендердің жауаптарыңды тыңдап, сендерде шынында адал дос болатындарыңа көзім жетті.
VIII.Дәптермен жұмыс: ребусты шешу
Шешуі: «Досыңа ауыр сөз айтпа»
IX.Мақалды жалғастыр:
1.Досыңды бір алдасаң,.......................................... .
(Өзіңді мың алдағаның)
2. Дос сыртыңнан мақтар,................................. .
(Дұшпан көзіңе мақтар).
3. Жақсы- жаныңа жолдас,................................... .
(Жаман- малыңа жолдас).
4. Ат жаманы жолда қалдырар,....................... .
(Жолдас жаманы қолда қалдырар).
5.Жақсымен жолдас болсаң,
(Жетерсің мұратқа.)
Жаманмен жолдас болсаң,
(Қаларсың ұятқа
6.Жүз сомың болғанша,
(Жүз досың болсын).
7.Дос табу оңай,...................... .
(Сақтау қиын)
«Достық» туралы білетін тақпақтарымызды айтайық.
Гүлнәз:
Екі деген‒екі дос,
Бірін‒бірі сыйлайтын.
Артық кемді етпей сөз,
Бірін бірі сыйлайтын.
Алишер:
Досыңа бол адал жан,
Бірдей бөліс сынақты.
Бір нүктеге қадалған екі көзің сияқты.
Гульзат:
Балдырған баламыз,
Досты көп табамыз.
Қашан да, қайда деп
Достар бір біріне сенімді боламыз.
Диас К:
Достар бірге жүреміз.
Бірге ойнаймыз күлеміз.
Бірге балық аулаймыз.
Міне біздер қандаймыз.
Нурасыл:
Адал дос барлық жерде керек екен.
Өмірде достың орны бөлек екен
Жақсы дос жадыратса, жан дүниеңді.
Жаман достан жамандық келеді екен.
Үйге тапсырма беру: Адал достар тақырыбына әңгіме жаз.
Достық туралы мақал - мәтел жина.
X.Қорытындылау:
-Адамдардың бір-біріне деген ең қымбат сезімдерінің бірі - достық. Ал адам бойындағы ең игі қасиеттердің бірі - достаса білу.Достықтың күші-бірлікте,кепілі-татулықта.Біз де сыныптас достарымызды қолдап,қол ұшын беруге әрқашан дайын болайық,әрқашанда дос болайық, бәріміз!