- Учителю
- 'Сен де бір кірпіш дүниеге' (4 сынып)
'Сен де бір кірпіш дүниеге' (4 сынып)
Сен де бір кірпіш дүниеге...
Мақсаты: Әр адамның өз өмірінің мәнін түсініп, белгілей білуінің маңыздылығы жөніндегі ұғымдарын дамыту.
Міндеттері:
∙ Оқушылардың рухани өсуге талпынысы мен өзін-өзі танудың арақатынасы туралы түсінік беру;
∙ Оқушылардың өзін-өзі тануға, өзін-өзі жетілдіруге және тұлға ретінде дамуға деген құлшыныстарын арттыру;
∙ Өз өміріне жауапкершілікпен қарап, ұлағатты адамдардың өмір ұстанымдарын үлгі ете білуге тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Мұғалім балалармен бірге, барлығы бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасау мақсатында шеңбер жасайды да, үнтаспадан әншінің орындауында Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Әсет Бейсеуовтың «Өмір жыры» әнін үнтаспадан тыңдайды. Өлеңді айтып, тыңдап болғаннан соң мұғалім балаларды өлең жолдарындағы өмір туралы ой-толғауға назар аудартып, кері байланыс жасайды.
Жағдаятты талдау
Жағдаятты талдамас бұрын мұғалім оқушыларды өткен сабақта алған білімдерін еске түсіру мақсатында жанама сұрақтар қояды. Мұнда мұғалім өзінің шеберлігіне, тәжірибесіне сүйене отырып, шағын әңгіме жүргізеді. Жекелеген жағдайларда өткен сабақта берілген тапсырманы бекітуге де болады. Сонан соң оқушыларға оқулықта берілген жағдаяттарды талдау ұсынылады.
Аңыз әңгімеден үзінді
Дәйексөз
Сабақта қаралып отырған мәселені түйіндеу мақсатында мұғалім немістің көрнекті жазушысы Томас Манның: «Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам ешқашанда сол қалпында қала аламайды» деген сөзіне оқушылардың назарын аудартады. Оқушылардың пікірін мұғалім өзі түйіндеуіне болады.
Дәптермен жұмыс
Оқушылар сабақ барысында меңгерген білім, біліктерін тиянақтап, қорытындылау мақсатында оқушы дәптеріндегі 2-тапсырманы орындайды.
Түйіндеме
Балаларға адамның ойлаған ойы мен алдына қойған мақсатына жету жолы туралы онда кездесетін қиындықтарды жеңу жолдарын түсіндіру мақсатында оқулықта ұсынылған тапсырма орындалады. Онда оқушылар өзін-өзі танудың адам өмірінде алатын орны туралы түсініктерін кеңейту мүмкіндігі туындайды.
Дәптермен жұмыс
Сабақтағы меңгерген білім, біліктерін тиянақтап, қорытындылау мақсатында оқушы дәптерінде 6-сабақта берілген «менің түйгенім» тапсырмасын орындауға болады.
Мәтінмен жұмыс
Оқулықтың «Оқып үйренейік» айдарымен ұсынылған ақын Нұралы Әжіғалиевтің «Есіңде мәңгі қалғалы келгем» атты өлеңін оқушылар өз бетінше оқып шығады.
Мәтіннің мазмұны арқылы оқушылардың адамның өмірдегі орны, мақсаты туралы түсініктері кеңейе түседі. Оқушылар мәтіндегі ақынның Отанына, туған халқына, өз ұлтына деген сүйіспеншілігі мен жалынды сезімдерімен танысу арқылы, өздерінің өмірлік ұстанымдарын, мақсаттарын, туған халқы алдындағы парызын айқындайды.
Қадірлі елім, қабырғалы елім!
Айтарымды айтып, арылғалы келгем.
Жан-жүрегімді жарқыратып тұрып,
Алдыңда сенің жарылғалы келгем.
Еңселі елім, іргелі елім!
Құшағыңа ыстық кіргелі келгем.
Өзіңе мына қадірім қанша -
Осыны сенен білгелі келгем.
Оқулықта берілген сұрақтарды басшылыққа ала отырып, мұғалім оқушылардың өмірдің мәні туралы ой-пікіріне тұжырым жасайды.
Дәптермен жұмыс
Оқушылардың өзін-өзі тану, өзін-өзі сынау, өзін-өзі жетілдіру қабілеттерін шыңдау мақсатында оқушы дәптеріне берілген 3-тапсырманы орындайды.
Жүректен жүрекке
Оқу сабағын аяқтау мақсатында мұғалім оқушылармен бірге үлкен шеңберге жиналып, оқушылардан оқулықта берілген пікірді жалғастырып, бір-біріне жылы тілек айтуларын сұрайды.
-
Достым, сен өмірден өз орныңды табасың, өйткені сен...
-
Құрбым, сен үлкен жетістіктерге жетесің, өйткені сен...
-
Бауырым, мен сені мақтан етем, өйткені сен...