- Учителю
- Қазақ тілінен сабақ жоспары 2- сынып
Қазақ тілінен сабақ жоспары 2- сынып
Қазақ тілі 12.10.15 Буентаева Гулмира Абилгазиевна
«Дауыссыз қ мен ғ»
Сабақтың тақырыбы: Дауыссыз қ мен ғ
Сабақтың мақсаты: а/ Оқушыларға қ мен ғ дыбыстарының өзгеріске енуінің себебін түсіндіру; алған білімдерін қолдана білуге үйрету.
ә/Сауатты жазуға, ұқыптылыққа, шапшаңдыққа үйрету;
б/Ойлау, сөйлеу, есте сақтау қабілеттерін дамыту. Өз беттерімен шығармашылықпен топталып жұмыс жасай білуге дағдыландыру.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ
Сабақтың көрнекілігі: тірек сызбалар, суреттер, интерактивті тақта, слайд
Сабақтың өтілу барысы:
І. Ұйымдастыру бөлімі:
Балалардың назарын сабаққа аудару. Психологиялық дайындық.
ІІ. Өткен сабақты пысықтау.
а/ қ - ның ғ - ға айналуына тоқталу.
ә/ Мысалдар келтіру.
Орақ - орағы, шақ - шағы, құлақ - құлағы.
Шығармашылық тапсырма. Топтық жұмыс.
Көп нүктенің орнына қ, ғ әріптерінің тиістісін қойып оқы. Осы сөздерді қатыстырып, бірнеше сөйлем құрастырту.
Топыра..., тама..., қайма... ы, жоры..., қуырша.. ы, ая.., ла.. ы.
ІІІ. Жаңа сабақ.
Дауыссыз қ мен ғ туралы толықтырып айту.
Ғ әрпі сөз соңында жазылмайды. Қ - ға аяқталған сөзден кейін дауысты дыбыс келсе, қ дыбысы ғ - ға айналады. Қабақ - қабағы, сабақ - сабағы.
Оқулықпен жұмыс.
Дауыстап ережені оқыту.
103 - жаттығу. Мәтінді оқы. Қарамен жазылған сөздердегі ы әрпін алып тастап айтып көр. Сөз соңындағы өзгерістің себебін түсіндір.
Ақсары - бүркіт тұқымдасына жататын құс. (Мәлімет беріледі)
аяғы - аяқ
дағы - дақ
Дәптермен жұмыс. Көркем жазу. Қ - қ Ғ - ғ
104 - жаттығу. Соңындағы ы, і әрпін алып тастап, сөздерді өзгертіп жаз.
Жарығы - жарық, балығы - балық, қорығы -...,.....
Сергіту сәті.
Ормандағы аю, қонжық,
Ұялардан бал іздейді.
Мойындарын оңға бұрды,
Мойындарын солға бұрды.
Ағаштарды шайқап көрді,
Қуанғаннан билей берді.
105 - жаттығу. Қорық, жорық, қазық сөздерін қатыстырып сөйлем құра.
Шығармашылық тапсырма
1. Жаңылтпашты жатқа айт. Ы әрпін алып тастап оқы. Құлақ - құлағы.
Құлағы үсіп кетті,
Үсіп, ісіп кетті.
2. Жұмбақ өлеңді оқып шешуін тап.
Бұл қандай бұйым?
Қайқылау бас жағы сәл,
Аса ыңғайлы сабы бар.
Сұйық тамақ ішкенде,
Ыстық тамақ ішкенде,
Ол қолыңнан табылар. (Қасық)
Қ дыбысынан аяқталған сөзді тап.
3. Орны ауыстырылған сөздерден сөйлем құрастыру. Топтық жұмыс.
Емшісі, орман, тоқылдақ, болады.
Аяғынан, қарлығаш, жараланыпты.
Соң, кемпірқосақ, шығады, жаңбырдан.
Бетінде, жапырақ, шық, етеді, жылт - жылт.
Қ дыбысынан аяқталған сөздерге дыбыстық талдау жасау.
Ү. Қорытынды. Сұрақтармен жұмыстану.
- Қ қандай дыбыс?
- Ғ қандай дыбыс?
- Ғ әрпі сөз соңында жазыла ма?
Анаграмма «Қ»
1. Ұлт (қазақ)
2. Сан (қырық)
3. Ыдыс (қасық)
4. Су көлігі (қайық)
5. Көзді лас нәрседен қорғайтын не? (қабық)
6. Пайдалы тағам айран немесе... (қатық)
Үйге тапсырма. 106 - 107 - жаттығу.
ҮІ. Бағалау.