- Учителю
- Музыка 'Туған жерін ән еткен Ескендір Хасанғалиев' 6 сынып
Музыка 'Туған жерін ән еткен Ескендір Хасанғалиев' 6 сынып
Музыка 6 сынып
Күні:
Сабақтың тақырыбы: Туған жерін ән еткен Ескендір Хасанғалиев.
Сабақтың мақсаты: Туған жерін ән еткен Ескендір Хасанғалиев жайлы әңгімелеу.
Білімділік: Туған жерін ән еткен Ескендір Хасанғалиев жайлы таныстыру.
Дамытушылығы: Оқушылардың танымдық - іс әрекетін дамыту, мелодиялық ерекшеліктерін сезіну қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелілігі: Ескендір Хасанғалиев жайлы таныстыру арқылы Отанын сүюге, рухани адамгершілікке, өз ісіне сенімі мол, еңбекқор, мейірімді, өнерлі, заманына сай тұлғаны тәрбиелеу.
Түрі: Жаңа сабақ
Әдіс - тәсілдері: Сұрақ - жауап, түсіндіру,сергіту сәті.
Көрнекілігі: Сурет,үнтаспа,әуен.
Пәнаралық байланыс: Әдебиет, өнер,музыка тарихы.
Сабақтың барысы:
І. Қызығушылығын ояту.
1. Әнұранды орындарынан тұрып, жатқа айту.
2. Психологиялық тренинг.
- Мен мықтымын,
- Мен әдемімін,
- Мен өнерлімін,
- Мен білімдімін,
- Мен қиындықтың бәрін былай жеңемін!
Туған жерін ән еткен Ескендір Хасанғалиев.
Өмірге келген әрбір әннің тарихы бар. Сұлу ән бар сезімді бойлап, жүректің түкпірінен шығып жүрекке жететіні сөзсіз.
Әннің де естісі бар есері бар.
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда көңілдің өсері бар...
- деп ұлы Абай жырлағандай есті ән елдің жадында мәңгі сақталып, көкірегіне нұр болып құйылады.Осындай ел-халықтың ыстық ықыласына бөленген қазіргі заман композиторлары Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным», Н.Тілендиевтің «Өз елім», «Сары жайлау», К.Дүйсекеевтің «Сәлем саған туған ел», С.Бәйтерековтың «Сары арқа», Ж.Тұяқбаевтың «Атамекен» сынды көптеген әндерін мақтанышпен айта аламыз. Туған жерге деген қайталанбас туындыны дүниеге келтірген танымал
әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні де тыңдаушысының көңілінен шығып,жүрегінен орын тапты. Олай болса, халықтың ән ұранындай болған «Атамекен» әнінің қысқаша шығу тарихына құлақ түрелік.«Атамекен» әні дархан даланы жалпағынан басып, қалың елдің бауырында өскен нағыз қазақтың баласының жүрегінен шыққан жарқын да жасампаз туынды.1970 жылы Қазақ ССР-інің құрылғанына 50 жыл толады. Осы мерекені тойлауға үкімет басшыларының қатысуымен өтетін арнайы салтанатты концерт дайындалады. Бұл концертте туған ел,
жер туралы патриоттық жаңа ән шырқалуы керек болатын. Ескендір Хасанғалиевтің де аты халыққа танылып қалған уақыты еді. Әнші әрі композиторға туған ел мен жердің рухын асқақтатар ән жазуы жайлы ел басшыларынан ұсыныс түседі. Композитор үшін бұл үлкен жауапкершілік болатын. Ел алдындағы борышым деп қабылдаған Ескендір Хасанғалиев тез арада ән жазуға кіріседі. Әннің әуені дайын болғанда композитор белгілі ақын Қадыр Мырзалиевке сөзін жазуға қолқа салады. Әннің әуенін тыңдаған
ақын оның буынына лайық сөзін жазып шығады. Сөйтіп, қазақтың екі өнер майталмандарының пікірі тоғысып, халықтың жүрегінен жол тапқан мәңгі өшпес туынды дүниеге келеді.Ескендір Хасанғалиев өзінің «Атамекен» әнін алғаш орындағандағы сезімі жайлы былай деп баяндайды:
Республика сарайында үкімет басшылары қатысқан Қазақ ССР-інің құрылғанына 50 жыл толуына орай үлкен мерекелік концерт өтіп жатты. «Атамекен» әнін айтудың да кезегі келеді. Бұл әнімді алғаш рет Нұрғали Нүсүпжановпен бірге симфониялық оркестірдің сүйемеліндеуімен орындадық. Әнді орындап тұрып тыңдаушының жүрегін тербеп, көздеріне жас үйірілгенін сезгендей болдық. Әсіресе,
Қайда жүрсең, Атамекен
Көкейіңде жатады екен
Күннің өзі ұясына
Қимай оны батады екен, -
деп әннің соңғы сөздері айтылып жатқанда халық ду көтеріліп орындарынан тұрып кетті. Ұзақ уақыт халықтың қол шапалағы тоқтамай тұрып алды», - дейді.
Иә, белгілі әнші-композитор, өнер майталманы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні әрбір қазақ баласының жігерін қайрап, туған елі мен жеріне деген махаббатын арттыра түскендей. Қазақ даласын шарлап шырқалған бұл ән халықтың жүрегінің түкпірінен орын алып мәңгі жасай бермек!
Ән тыңдайық:
Әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің өзінің орындауында «Атамекен» әнін тыңдап көрелік!
Ойлан да айт!
«Әннің де естісі бар, есері бар» деген сөзді қалай түсінесің?
Біліп ал!
Ескендір Хасанғалиев - (1940) әнші-композитор. Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе аулында дүниеге келген. Қазақстанның халық әртісі. 200-ден аса әндер мен романстардың және хорға арналған шығармалардың авторы. Оның «Асыл арман» «Өмірімнің жазы», «Атамекен», «Бозторғайым» атты бірнеше ән жинағы жарық көрген. Ол қазақ, орыс, татар, неміс ақындарының туған ел, жастық шақ,махаббат
тақырыбындағы өлеңдеріне көптеген әндер жазды. Е.Хасанғалиев гастрольдік сапармен Монғолия, Болгария, Югославия, Алжир, Сирия, Ливан, Швеция, Финляндия т.б. көптеген шет мемлекеттерде өнер көрсетіп, қазақ әнін бүкіл әлемге паш еткен. Бүгінгі таңда Орал қаласында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» атты халықаралық ән сайысы өткізіліп келеді.
Қорытынды сұрақтар:
1. Туған ел жайлы қандай әндерді білесің?
2. Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әні дүниеге қалай келді?
3. Не себепті «Атамекен» әні халықтың көңілінен шықты?
Үйге тапсырма.
1. «Туған жерін ән еткен Ескендір Хасанғалиев» тақырыбын оқып кел.