- Учителю
- Музыка 3 сынып ІV тоқсан сабақ жоспарлары
Музыка 3 сынып ІV тоқсан сабақ жоспарлары
Музыка 3 сынып
Күні _________________
Сабақ № 27
Тақырыбы: Қазақтың музыкалық мұрасын жинаушы А. В. Затаевич
Мақсаты: Халық күйлерін, аңыз-күйлерінің шығу тарихын насихаттау.
Музыкалық қабілеттерін ашу, есте сақтау қабілеттерін қалыптастыру, әнді сүйемелдеумен әндету әдісін дамыту.
Оқушыларды мейірімділікке, адамгершілікке халық күйлері арқылы тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: Жаңа сабақ, әңгімелеу, әндету, талдау, тыңдау.
Көрнекілігі: слайд
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылармен сәлемдесіп, сыныпты түгендеу.
Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
Үй тапсырмасын тексеру
Жаңа материалды меңгерту.
Александр Викторович Затаевич - композитор, этнограф, музыка және қоғам қайраткері.
Қазақ музыкасының әлемге танылуына себеп болған А.В. Затаевичтің ғылыми еңбектері болатын. А.В. Затаевич 1920 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы Орынбор қаласына іссапармен келеді. А. Затаевич алғаш рет қазақ әндері мен күйлерін тыңдап, оларды нотаға түсіріп зерттей бастайды. Үш жыл ішінде қазақ халқының 1000 әнін жинап, оларды нотаға түсіріп, кітап етіп шығарады.
А. Затаевич бұл еңбегін Санкт-Петербург қаласындағы Орыс Географиялық қоғамында көрсетеді. Ғалымдар орындарынан тұрып, қол шапалақтап, үлкен құрмет білдіреді. Осылайша «Қазақ халқының 1000 әні» кітабы жарыққа шығады.
А. Затаевич қазақ жеріне қайта оралып, тағы да 5 жыл жұмыс істейді. Теміржолмен, ат арбамен, жаяулатып жүріп, бүкіл Қазақстанды аралайды. Қазақ әндері мен күйлерін жинайды. А. Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты екінші кітабы жарыққа шығады.
А. Затаевич Қазақстанның мәдени өміріне тығыз араласады. Қазақ музыкасын радио мен баспа беттерінде насихаттайды. Сонымен қатар А. Затаевич қазақ әндерін фортепиано аспабына өңдеп түсіреді. Фортепианоға жазылған Затаевичтің бұл пьесалары Қазақстан кәсіби музыкасыныңалғашқы шығармалары болатын.
Музыка тыңдайық!
А.В. Затаевич. «Айнамкөз» атты фортепианолық шығармасы.
Ән орындайық!
Қасиетті домбыра
Әні мен өлеңін жазған: Бота Бейсенова
Бабамыздың көзіндей қара домбыра,
Данамыздың сөзіндей дара домбыра.
Асқақтатып рухымды ағыл, домбыра!
Әр қазақтың төрінен, табыл, домбыра!
Қайырмасы:
Шанағыңда ойнаған,
Үніңе еш тоймаған,
Қасиетті домбыра.
Күмбірлеген күйіңе,
Әрдайым мен сүйінем,
Қасиетті домбыра.
Шанағыңнан төгілген күйің, домбыра,
Арта берсін әрдайым сыйың, домбыра.
Қастерлейді өзіңді халқым, домбыра,
Тоғыз перне, қос ішек, алтын домбыра!
Қорытындылау: Сұрақтар:
-
Қазақ музыкасын әлемге таныстыруға себепші болған кім?
-
А. Затаевичтің алғашқы кітабы қалай аталады?
-
А. Затаевичтің еңбегін ғалымдар қалай қабылдайды?
-
А. Затаевич қазақ әндерін қандай аспапқа лайықтап өңдеген?
Бағалау.
Үйге тапсырма: мәтінді түсініп оқу, «Қасиетті домбыра» әнін жаттау.
Музыка 3 сынып
Күні _________________
Сабақ № 28
Тақырыбы: Қазаққа вальс сыйлаған Л. Хамиди
Мақсаты: Оқушыларды сазгер өмірімен және шығармашылығымен таныстыру.
Вальс жанрымен таныстыра отырып, оқушылардың танымдық
іс-әрекетін дамыту, ән иірімдерін дұрыс ести білу, мелодиялық
ерекшеліктерін сезіну қабілеттерін дамыту, әнді дұрыс орындауға
машықтандыру.
Әнді тыңдату арқылы Отанын сүюге, рухани адамгершілікке, өз ісіне
сенімі мол, еңбекқор, мейірімді, өнерлі, заманына сай тұлғаны
тәрбиелеу.
Түрі: Жаңа сабақ
Әдіс-тәсілдері: Сұрақ-жауап, түсіндіру, топтастыру әдістері,
сергіту сәті, шығармашылық жұмыс.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, тақырыптық слайдтар, видео
бейнетаспа
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үй тапсырмасымен жұмыс.
Жаңа сабақ:
«Вальс» деген сөзді естігенде көз алдыңа екі адамның айнала жүріп билегені елестей кетеді. Вальс біздің өмірімізбен етене араласып кетті. Мектеп бітіруші түлектердің «Қоштасу вальсі», жас жұбайлардың алғашқы «Махаббат вальсі», «Бал» аталатын арнайы ресми жиын-мерекелердегі вальс, саябақ, алаң немесе әр түрлі сахналардан вальс билерін жиі көріп, тамашалауға болады.
1940 жылы Сәбит Мұқановтың «Екі мереке» атты радиоқойылымына композитор Латиф Хамиди арнайы «Қазақ вальсі» атты әнін шығарады. Әннің сөзін Сәбит Мұқановтың өзі жазып береді. Қазақтың белгілі әншісі Күләш Байсейітова жас композитордың жаңа туындысын қолдап, бұл әннің алғашқы орындаушысы болады. Жанға жағымды, жарқын да көңілді әуенді естіген радио тыңдаушылар бірден-ақ әнге деген сүйіспеншілігін жасыра алмады. Осыдан бастап «Қазақ вальсі» махаббат пен шаттықтың әнұранындай болып кетеді:
- Май туса, гүлдер шешек атса жазда,
Тоғайда бұлбұл, көлде аққу, қаз да.
Сайрасақ, біз жастар да нақ солардай
Бақытқа бөленеміз, сауық назға.
«Қазақ вальсі» әні түрлі концерттерде жеке орындауда кеңінен танымал болды.
Ән тыңдайық!
Бибігүл Төлегенованың орындауында Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» әнін тыңдау.
Біліп ал!
Латиф Хамиди (1906-1983) - композитор, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Л. Хамиди көптеген әндер, романстар, вальстер жазды. Әсіресе, «Қазақ вальсі» және «Бұлбұл» әндері композитордың есімін танымал етеді. Композитор шығармаларының ішінде шоқтығы биік «Абай», «Төлеген Тоқтаров» (А. Жұбановпен бірлесіп) опералары болды. Л. Хамиди қазақтың халық әндері мен күйлерін жинап, нотаға түсіруде көп еңбек етті.
Қорытындылау: Сұрақтар:
-
«Қазақ вальсін» кімдер жазған?
-
Вальс билеп көрдің бе?
Бағалау.
Үйге тапсырма: мәтінді түсініп оқу, «Қазақ вальсі» әнін жаттау.
Музыка 3 сынып
Күні _________________
Сабақ № 29
Тақырыбы: Е. Брусиловский - қазақ симфониясының негізін қалаушы
Мақсаты: Оқушыларды сазгер өмірімен және шығармашылығымен таныстыру, №3 симфониясы, ондағы симфонияға негіз болған қазақ әндері мен күйлері жайлы мағлұмат беру.
Ән айту қабілетін дамыту. Музыка тыңдата отырып, музыкалық бейнелерді тануға үйрету. Оқушыларды бірін-бірі тыңдай білуге, ұйымшылдыққа тәрбиелеу
Көрнекілік: Оқулық, суреттер
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі. Сынып оқушылары бір-біріне "ізгі тілек" айту арқылы сыныпта ынтымақтастық атмосферасын құру.
Үй тапсырмасымен жұмыс.
Жаңа сабақ:
Санкт-Петербург консерваториясын бітірген Евгений Брусиловский 1932 жылы жолдамамен Қазақстанға жұмысқа келеді. Қазақ күйлерін тыңдаған Брусиловский олардың сырлы сазы мен терең мазмұнына тәнті болады. Композитор Евгений Брусиловский қазақ күйлерінің симфонияға арқау болатынын бірден-ақ түсінді.
Е. Брусиловский 1944 жылы «Сарыарқа» атты №3 симфониясын жазды. Симфония төрт бөлімнен тұрады. Симфонияның әрбір бөліміне қазақ күйлері мен әндерін негізге алады.
І бөлімін «Көненің көзі» деп атайды. Бұл бөлімнің мазмұны мен негізгі тақырыбын халық күйі «Ақсақ құлан» құрайды. ІІ бөлім тез орындалатын «Скерцо», оған Құрманғазының «Балбырауын» күйін пайдаланады. Баяу орындалатын ІІІ бөлім «Қыз мұңы» деп аталады. Бұл бөлімге қазақтың «Ақтолғай» атты халық әнін таңдайды. Ал ең соңғы төртінші финал бөлімінде тез орындалатын қазақтың «Қара жорға» атты күйін қолданады.
Осылайша қазақтың ең алғашқы симфониясы дүниеге келеді.
Музыка сауаттылығы!
Симфония - симфониялық оркестрге арналған музыкалық шығарма.
Музыка тыңдайық!
Е. Брусиловский. «Сарыарқа» №3 симфониясы. ІІ бөлім, «Скерцо».
Біліп ал!
Симфония - симфониялық оркестр орындайтын ең үлкен шығарма. Симфония үш немесе төрт бөлімнен тұрады. Әрбір симфонияның айтатын терең ойы бар. Ол соғыс пен бейбітшілікті немесе бақытты өмір үшін күресті бейнелейді. Симфония «музыкалық философия» деп те айтуға болады.
Ән орындайық!
Жан әке
Әні мен өлеңін жазған: А. Маханбетова
Әке, алып тұлғалы, дала тауым.
Шыңы биік, құзарлы Алатауым.
Әкем менің жайқалған жасыл бағым,
Мен сол бақта бүр жарған жас құрағың.
Әке, жан әке,
Әке, жан әке.
Әке, алып тұлғалы, дала тауым.
Шыңы биік, құзарлы Алатауым.
Әкем барда мереке, шаттығым бар,
Таусылмайтын береке, бақытым бар.
Әке, сенсің сөнбейтін шырағымдай,
Ақ тілегің бойдағы тұмарымдай.
Қорытындылау: Сұрақтар:
-
Е. Брусиловский Қазақстанға қай жылы келді?
-
Е. Брусиловскийдің №3 симфониясы қалай аталады?
-
Е. Брусиловский №3 симфониясына қандай әндер мен күйлерді пайдаланды?
Бағалау.
Үйге тапсырма: мәтінді түсініп оқу, «Жан әке» әнін жаттау.
Музыка 3 сынып
Күні _________________
Сабақ № 30
Тақырыбы: Қазақ музыкасының мақтанышы Ғ. Жұбанова
Мақсаты: Оқушыларды Ғазиза Жұбанова шығармашылығымен және балаларға арналған фортепианолық шығармаларымен таныстыру
Ән айту қабілетін дамыту. Музыка тыңдата отырып, музыкалық бейнелерді тануға үйрету.
Туған жерге деген махаббатын ояту,
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үй тапсырмасымен жұмыс.
Жаңа сабақ:
Әрбір композитордың өзіне қымбат туындылары болады. Ғазиза Жұбанова үшін балалар мен жасөспірімдерге арналған он екі фортепианолық пьесасы сондай қымбат туындыларының бірі деп айтуға болады.
60 жасқа толған мерейтой кезінде Ғ. Жұбанова туған жері Ақтөбе облысының Ақжар ауылына сапар шегеді. «Туған топырағыма тізе бүгіп, жер-анаға иіліп сәлем бердім. Балалық шағым көз алдыма келді», - деп есіне алады Ғазиза Жұбанова.
Осыдан кейін Ғазиза Жұбанова балалар мен жасөспірімдерге арналған он екі фортепианолық пьесасын жазады.
Әрбір пьесасының өз атаулары мен терең мазмұны бар. Мысалы, «Әуен» атты пьесасында анасының айтқан әнін толғайды. Ал, «Марш» болса, асыр салып ойнаған балалық кезін суреттейді. «Аңыз» пьесасында әжесінің Жерұйық жайлы айтқан әңгімесін баяндайды. «Күй» - әкесі, қазақтың атақты композиторы Ахмет Жұбановқа арнайы келіп, күй орындаған күйшілердің әсем саздарын бейнелейді. Ал «Жыр» пьесасында қазақтың қаһарман батырларының ерлігін сомдайды. Ең соңғы «Токкато» пьесасы зымырап өтіп бара жатқан уақытты көрсетеді.
Ғазиза Жұбанова балаларға арнап жазған әрбір туындысы туған еліне, жеріне деген ыстық махаббатынан туындаған көркем шығармалар болып табылады.
Музыка тыңдайық!
Ғ. Жұбанованың «Балалар мен жасөспірімдерге арналған он екі фортепианолық пьесалары». «Күй».
Біліп ал!
Ғазиза Жұбанова (1927-1993) - Қазақстанның әйгілі композиторы. Қазақстанның халық әртісі. Ақтөбе облысы Темір ауданында дүниеге келген. Ғазиза Жұбанованың шығармашылығына әкесі Ахмет Жұбанов ықпал еткен. Ол «Еңлік-Кебек", "Жиырма сегіз" және "Құрманғазы" операларын, "Ақ құс туралы аңыз", "Хиросима", "Қарагөз" балеттерін, "Жігер", "Ақсақ құлан" симфониялық поэмаларын жазды. Көптеген фортепиано мен скрипкаға арналған шығармалар, поэмалар мен кварттеттер, фантазиялар мен әндер, т. б. музыкалық туындылардың авторы.
Қорытындылау: Сұрақтар:
-
Ғ. Жұбанова қай жерде туған?
-
Ғ. Жұбанованың балаларға арналған фортепианолық шығармалары дүниеге қалай келді?
-
Фортепиано шығармаларының бөлімдері қалай аталады?
Бағалау.
Үйге тапсырма: 82-83 беттер, мәтінді түсініп оқу.
Музыка 3 сынып
Күні _________________
Сабақ № 31
Тақырыбы: Қазақ операсының алыбы М. Төлебаев
Мақсаты: Оқушыларды сазгер өмірімен және қазақ операсындағы орнымен, «Біржан-Сара» операсымен таныстыру. Оқушылардың қазақ халқының шешендік сөз өнері - айтыс туралы, сөз (поэзия) мен музыканың өзара байланысы жөніндегі білімдерін тереңдету. Дыбыс үндестігін сезінуге дағдыландыру.
Оқушылардың эстетикалық көзқарасын кеңейту. Сұлулыққа, әсемдікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, слайд, М.Төлебаевтың портреті, т.б.
Сабақ түрі: жаңа сабақ
Сабақ әдісі: сұрақ-жауап, көрнекілік, талдау-жинақтау, СТО стратегиялары
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үй тапсырмасымен жұмыс.
Жаңа сабақ:
«Өнер алды қызыл тіл» дейді халық даналығы. Айтыс өнері - қазақ тілінің сөздік қорын байытатын зор қазынасы.
Айтыс - халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет салаларының бірі. Қазақ кәсіби музыка өнерінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан атақты композитор М.Төлебаев опера жанрына «Біржан-Сара» операсы арқылы халықтың поэтикалық жанры - айтысты алып келді. Поэзия мен музыканың тығыз байланысын биік дәрежеде көрсете білді.
Мұқан Төлебаев жастайынан музыкант болуды армандайды. Ол 23 жасқа келгенде Мәскеуге барып, оқуға түсіп, музыкалық сауатын ашады. Бірде Мұқан Төлебаев Үлкен театрға барып, композитор композитор Бородиннің «Князь Игорь» операсын тыңдайды. Бұл опера Мұқан Төлебаевқа ерекше әсер етеді. Сондықтан ол қазақтың төл операсын жазуға бел буады.
1942 жылы мұндай опера жазудың сәті түседі. Қазақтың белгілі жазушысы Қажым Жұмалиев «Біржан-Сара» операсының либреттосын жазады. Театр комиссиясы операның музыкасын орыстың кәсіби композиторларының біріне жазуға ұсыныс жасайды. Сол кезде Мұқан Төлебаев «Біржан-Сара» операсының музыкасын жазуға өтініш білдіреді. Театр комиссиясы бұл өтінішін қабыл алады.
Сөйтіп, Мұқан Төлебаев бұл жұмысқа үлкен жауапкершілікпен кірісіп кетеді. Біржан сал шығармашылығын зерттеп, әндерін жинай бастайды. Көптеген халық орындаушыларымен кездеседі. М. Төлебаев операға Біржанның ең шоқтығы биік әндерін енгізеді. Композитор Біржан салдың шынайы көркемдік тұлғасын сахнадан көрсеткісі келеді.
«Біржан-Сара» операсының тұңғыш қойылымы 1946 жылы үлкен табыспен өтеді. Бұл опера Мұқан Төлебаевты ел арасына кеңінен танымал етеді.
Музыка сауаттылығы!
Либретто - операның әдеби сөздері.
Музыка тыңдайық!
Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан айтыс көрінісі.
Ән орындайық!
Саяхатта
Әнін жазған: К. Қуатбаев
Сөзін жазған: Ә. Дүйсенбиев
Әннің өлшемі: 2/4.
Ән көтеріңкі, жігерлі көңіл күйде орындалады.
Ән бірнеше рет қайталанады.
1. Көрікті кең өлке,
Қойны мол береке.
Жаз күні мына біз,
Саяхат құрамыз.
Қайырмасы:
Ұлы Отан - анамыз,
Бақытты баламыз.
Бақытты боламыз.
2. Жайқалып жасыл бел,
Шайқалып жатыр көл.
Табысты селдеткен,
Қырманның басын көр.
Қайырмасы:
Ұлы Отан - анамыз,
Бақытты баламыз.
Бақытты боламыз.
Қорытындылау: Сұрақтар:
-
Мұқан Төлебаев неше жасында оқуға түскен?
-
М. Төлебаевқа орыстың қандай операсы әсер етті?
-
М. Төлебаев кім туралы опера жазды?
-
Операның тұңғыш қойылымы қай жылы болды?
Бағалау.
Үйге тапсырма: мәтінді түсініп оқу, «Саяхатта» әнін жаттау.
Музыка 3 сынып
Күні _________________
Сабақ № 32
Тақырыбы: Өмірді әнмен өрнектеген Б. Байқадамов
Мақсаты: Оқушыларды Б. Байқадамов шығармашылығымен және әндерімен таныстыру.
Ән айту қабілетін дамыту. Музыка тыңдата отырып, музыкалық бейнелерді тануға үйрету. Музыкалық іс-әрекет барысында өзіндік қабілетін белсенді түрде көрсете білуге баулу. Шапшаңдыққа, тапқырлыққа, шығармашылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілік: Оқулық, суреттер
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үй тапсырмасымен жұмыс.
Жаңа сабақ:
Бақытжан Байқадамов - композитор. Қазақстанның еңбек сіңерген өнер</</u> қайраткері.
Әр композитордың өз сүйікті жанры бар. Бірі опера жазса, екіншісі симфония шығарғанды жақсы көреді. Ал композитор Бақытжан Байқадамов көбінесе ән жазған. Оның шығармашылығында басты орын алған әндер мен хорға арналған шығармалар болды. Бақытжан Байқадамов алғашында мектепте математикадан сабақ берген. Бір күні мектеп басшылары оған көркемөнер үйірмесін ұйымдастыруды тапсырады. Өнерге жақын Бақытжан Байқадамов мектепте хор үйірмесін ұйымдастырып, оған бірнеше ән шығарады. Оның «Айгөлек» және «Пионерлер әні» бірден-ақ ел арасына танымал болып кетеді.
Енді Бақытжан Байқадамов музыка теориясын терең зерттей бастайды. Алматыда алғаш филармония ашылғанда, хор капелласының көркемдік жетекшісі етіп шақырады. Бақытжан Байқадамов хор капелласымен жұмыс істеп, оған репертуар жасайды. Қазақтың әндері мен күйлерін өңдеп, 200-ден астам ән жазады.
Б. Байқадамов жазған көптеген әндер мен шығармалар әлі күнге дейін ел арасында үлкен сүйіспеншілікке бөленуде.
Музыка тыңдайық!
Роза Рымбаеваның орындауында Б. Байқадамовтың «Айгөлек» әні
Біліп ал!
Б. Байқадамов жазған «Айгөлек» әні 85 жыл бойы қазақ мектептері мен үлкен сахналарда орындалып жүр. Қазақтың танымал әншісі Роза Рымбаева бұл әнді эстрадаға өңдеп, жаңаша тыныс берді. Сондай-ақ «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Айгөлек» балалар ән-би конкурсы ұйымдастырылды. «Айгөлек» сайысы өнерге талпынған дарынды балаларға өнердің үлкен сахнасына жол ашты.
Қорытындылау: Сұрақтар:
-
Б. Байқадамов қандай шығармалар жазған?
-
Б. Байқадамов өнер жолын қалай таңдаған?
-
Б. Байқадамов қандай өнер ұжымын басқарды?
Бағалау.
Үйге тапсырма: 87-88 беттер, Б. Байқадамовтың «Айгөлек» әнін жаттау.
Музыка 3 сынып
Күні _________________
Сабақ № 33
Тақырыбы: Домбыраны күйсандықта сарнатқан Н. Меңдіғалиев
Мақсаты: Оқушыларды сазгер өмірімен және шығармашылығымен, «Домбыра туралы аңыз» шығармасымен таныстыру;
Өнерге деген қызығушылықтарын арттырып, эстетикалық тәрбие
беру.
Оқушыларды бірін-бірі тындай білуге, домбыра аспабын қастерлеуге
тәрбиелеу.
Сабақ түрі: Аралас сабақ.
Әдісі: әңгімелеу, галереяға саяхат, венн диаграммасы, ой қозғау
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, слайдтар, күйшілер портреттері,
плакаттар, үнтаспа, оқулық,
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үй тапсырмасымен жұмыс.
Жаңа сабақ:
Меңдіғалиев Нағым Меңдіғалиұлы - 1921 жылы Орал облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын фортепиано (доцент Е. Ф. Гировскийдің класы) және композиция (профессор Е. Г. Брусиловскийдің) екі мамандығы бойынша бітірген. Меңдіғалиев атымен қазақ музыкасында фортепианолық музыка жанрының қалыптасуындағы жетістіктер тығыз байланысты.
1947 жылы Алматы консерваториясында алғаш рет пианистер сайысы өткізіледі. Ол кезде фортепиано аспабында ойнайтын қазақтың пианистері болмайтын. Сайыста бір бала сахнаға шығып, асқан шеберлікпен көзге түседі. Бұл қазақтың тұңғыш пианисі Нағым Меңдіғалиев еді.
Нағым Меңдіғалиев - шебер пианист әрі композитор. Фортепиано аспабына алғаш концерт жазған Н. Меңдіғалиев болды. Әсіресе Н. Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңыз» атты фортепианоға арналған шығармасы пианистердің сүйіп ойнайтын шығармасына айналды. Бұл шығармада композитор домбыра үнін фортепиано тілімен жеткізеді.
Н. Меңдіғалиевтің "Дала", "Толқын", "Елім-ай" сынды шығармалары музыкалық оқу орындарының негізгі репертуарына айналды.
Қазіргі кезде Нағым Меңдіғалиевтің жолын қуған көптеген пианистер әлем сахнасының төрінен өнер көрсетіп келеді.
Музыка тыңдайық!
Н. Меңдіғалиев «Домбыра туралы аңыз» шығармасы
Қорытындылау: Сұрақтар:
-
Пианистердің тұңғыш конкурсы қай жерде өтті?
-
Қазақтың тұңғыш пианисін білесің бе?
-
Н. Меңдіғалиев қандай шығармасында фортепиано тілімен домбыра үнін беруге тырысты?
Бағалау: Оқушыларға тиісті бағасын қою.
Үйге тапсырма: 89-90 беттер, сұрақтарға жауап беру.
Музыка 3 сынып
Күні _________________
Сабақ № 34
Тақырыбы: Қорытынды сабақ. Өз біліміңді тексер!
Мақсаты: Өтілген тарау бойынша меңгерген білімдерін жинақтау, саралау, пысықтау.
Оқушылардың ой өрісін, таным қабілетін арттыру.
Музыканы құрметтеуге, сүюге, белсенділік пен қызуғышылыққа
тәрбиелеу.
Сабақ түрі: Аралас сабақ.
Әдісі: әңгімелеу, галереяға саяхат, венн диаграммасы, ой қозғау
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, слайдтар, күйшілер портреттері,
плакаттар, үнтаспа, оқулық,
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үй тапсырмасымен жұмыс.
Жаңа сабақ:
Өз біліміңді тексер!
-
Композиторларды ата. Бақытжан Байқадамов, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, А. Затаевич, Латиф Хамиди, Нағым Меңдіғалиев.
-
Сұраққа жауап бер.
-
А. Затаевич қандай кітаптар шығарды?
-
Е. Брусиловскийдің симфониясы қалай аталады?
-
Е. Брусиловский симфониясы неше бөлімнен тұрады?
-
Либретто дегеніміз не?
-
Мұқан Төлебаевтың операсы қалай аталады?
-
«Ақ көгершін» әнін кім жазды?
-
«Қазақстан» телеарнасындағы балалардың телевизиялық ән-би сайысы қалай аталады?
-
Бақытжан Байқадамов қандай әндер жазды?
-
Ғазиза Жұбанова балаларға қандай шығарма арнады?
-
Нағым Меңдіғалиевтың фортепианоға арналған шығармасы қалай аталады?
-
Жанр атауларын тап.
-
Джаз
Ән
Күй
Пьеса
Симфония
Қорытындылау: Сұрақтар беру.
Бағалау: Оқушыларға тиісті бағасын қою.
Үйге тапсырма: 91-92 беттер, сұрақтарға жауап беру.