7


Абылай хан дарынды күйші

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Абылай хан дарынды күйші

Әбет Е.А.

Астана қаласы №67 гимназияның музыка пәні мұғалімі

Абылай ханның қазақ халқының тұғыры берік, жұлдызы жарық ел болуын аңсап, осы қасиетті мақсатқа жету жолында найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсаған заманының аса көрнекті ханы болғанына тарих куә. Абылай хан, ірі әскери қолбасшы, көреген саясатшы болуымен қатар, қазақтың шежіре тарихын, тұрмыс салтын, әдет-ғұрпын, ауыз әдебиетін, халықтың ән-күй сазын терең білген. Абылайдың өзі де «Ақтолқын», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние сарсаң», «Дүние қалды»,«Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жал», «Майда қоңыр», «Садаққақпай», «Сары бура», «Шаңды жорық», «Терісқақпай» атты күйлер шығарған. Бұл күйлерінде ел қамы мен халық тағдыры жөнінде толғанған ойлы сезімдерді көрсете білген.

Абылай хан қатыгез әрі қатал болғанымен, ол өзінің ішкі жан дүниесіндегі сезімін күйлері арқылы жеткізді. Яғни осы күйлер арқылы қазақтың жеңген уақыттағы қуанышы, жеңіліс тапқан уақыттағы мұңын сезінуге болады. Абылай ханның күйлері тартылу үлгісі жөнінен де, әуен сазының ерекшелігі тұрғысынан Орталық Қазақстан мен Шығыс Қазақстан өңіріндегі күйшілік дәстүрге көбірек келеді. Орталық Қазақстанда қоңыр күйлер мен бойлауық күйлерді естуге болады, ал Шығыс Қазақстан облысында тік күйлер басымдау болып келеді. Абылай ханның күйлерінде осындай екі өңірлік дәстүрді кездестіруге болады. Сол себептен Абылай ханның күйлері тыңдаушысын бірде толғантып-тебірентсе, бірде өмірдің қанқызу құбылыстарына араластырып, енді бірде жанды суреттермен ұйыта баурап отырады. Абылай ханның күйлерін ең алғаш нотаға түсірген орыс ғалымы Затаевичтің пікірінше: «Менің ойымша, «Абылайдың қара жорғасы» күйін осы тектес күйлердің ішінде тәуірі деуге болады. Оған жау тұтқынынан босанған Абылай ханның алып ұшқан көңіл күйін, астындағы аттың желдей ескен жүрісін бейнелейтін осынау мамыржай күйдің сұлу суреті және бел буындағы әсем ырғағы жарқын айғақ бола алады» - деп жазады. Абылай ханның «Қара жорға» күйін А.В.Затаевич 1926 жылы Қарқаралыда Майтасов Асылбек деген домбырашыдан жазып алған.

Абылай хан ХVІІІ-ғасырдан күйі жеткен санаулы күйшілердің бірі болған. Оған даланың ауызша тарихнамасы айғақ, фольклорлық дерек куә, жазба мұралардың да растайтыны бар. Ең бастысы, қанша ұмтылып қала жаздаса да жиырмаға жуық күйі бүгінгі күнге жетіп отыр. Абылайдың шөбересі әйгілі ғалым Шоқоан Уәлиханов былай деп жазады: «Қазақтың аңыз-әңгімесінде Абылай ерекше бір аруақты даңққа бөленген. Олар үшін Абылай заманы ерлік пен серілік заманы. Оның жорықтары,батырларының ерлік істері эпикалық жыр-шежіреге айналған. Сыбызғыда, қобызда тартылатын күйлердің басым көпшілігі оның заманы мен өмірінің қилы кезеңдеріне арналған» - деп жазады. Абылай күйлері белгілі бір тарихи оқиғамен байланысты туып отырған. Мысалы: «Шаңды жорық» деген күй шапқыншылық кезде ержүрек Баян батырдың қаза табуына орай шығыпты.Тарихи деректерге сүйенсек қазақтар Еділ бойындағы қалмақтарға қыстың көзі қырауда жорыққа аттанып, қашан олжа түсіргенше жеті күн бойы ашығады. Осы оқиғаға байланысты «Қоржынқақпай» күйі туған. Қазақ күйшілері күні бүгінге дейін тартатын бұл күй Абылай ұрпақтарының есіне даңқты даңқты күндерді түсіреді. Абылай ханның күйлері де өзі өмір сүрген замандағы өнердің үрдісімен дүниеге келіп,алмағайып кезеңнің айғағы бола білді. Елдің мұңы, ердің сыры, қызығынан қиыны көп тағдырдың жазуы Абылай күйлерінің өзекті арқауы. «Қара жорға» арқылы Абылай күйлерінің белгілі бір оқиғаға арнала отырып,адам сезімін сол оқиғаның жанды суреттерімен баурайтын қасиеттерін байқаймыз. Мұндай ерекшеліктер «Садақ қақпай», «Майда жал»,«Алабайрақ»,«Бұлан жігіт» сияқты күйлерінен де айқын аңғарылады.

Әйгілі ақын Сәкен Сейфулиннің орындауында нотаға түсірген «Терісқақпай» күйі туралы А.В.Затаевич былай дейді: Маған қазақтардың түсіндіруінде, бұл маршты Орта жүздің ханы Абылай салтанатты шеруге шығарда салт атты домбырашылар ойнайды екен». Абылай ханның «Терісқақпай» күйі де нотаға толық түспеген , ұзынырға сарын-сазын ғана нотаға түсірген. Маясар ақынның баласы Тұрабай ақсақалдың айтуында «Дүние қалды» күйін Абылай хан 1781 жылы Түркістан сапарында көрген жайсыз түсін Бұқар жырауға жорытқан соң шығарып еді дейді. Абылай ханның «Сары бура» күйіне байланысты аңызда: «Қазақтың наным-сенімінде алапаты артық туған алмағайып кездерде желеп-жебейтін иесі болады деген ұғым бар. Адам басына қиын-қыстау кезеңдерде желеп-жебейтін иесі көмекке келіп,дұшпанның жының басу үшін көзге көрінеді екен дейді.Солай сияқты Абылай ханға қиналған уақытта желеп-жебейтін, жол көрсетіп және белгі беріп отыратын кие болыпты.Ол шудасы жер сызған сары бура болған екен.Ат үстінде өмірі өткен Абылай хан қиын сапарға,қанды жорыққа аттанарда жолы болатын болса,ойға алғаны сәтімен орындалар болса жаңағы сары бура жорық жолына маңдайын беріп жатады екен.Ал,егер жорық сәтсіз болатын болса бура Абылай ханның бұл сапарын хош көрмгендей жүрер жолға сырт беріп теріс қарап жататын болса керек. Бірақ Абылай ханның иесі болған сары бураның берген белгісі ең алдымен Бұқар жыраудың түсіне енді екен.Бұқар жырау сары бураның жатысына қарап,алдағы болар іске болжау айтатын болған.Содан қиын кезде белгі беріп отыратын сары бураға арнап Абылай хан күй шығарыпты » - деп баяндалады. Осыдан шығатын қорытындыға келсек, онда мен айтар едім жалпы қазақта ат- көлік құралы әрі киелі жануар саналды. Яғни бұл деректе сары бураның Абылай ханға деген адалдығын көруге болады.Сондықтан да Абылай хан сары бура атына арнап,күй шығарған. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» романында да бұл туралы аңыз бар. Абылай хан күйшілік өнерімен қатар домбыра, сыбызғы сияқты музыкалық аспаптарды жасай білген. Солтүстік Қазақстан обылысындағы «Абылайдың ақ үйі» атанған мұражай үйінде осы жәдігерлер сақталып қойылған. Абылай ханның күйшілік өнерін зерттеу арқылы тұлғаның жаңа бір қырын байқауға болады. Даңқты ханның бұл өнерінің халық мұрасын дәріптей білетіндігінен туса керек. Абылай ханның күйлері халқымыздың өнер туындысы ретінде және тарихи дерек ретіндегі құндылығы өте жоғары.

  1. Н.Ә. Назарбаев Тарих толқынында А.2000

  2. Ш. Уәлиханов таңдамалылары А

  3. // Қазақ әдебиеті Қазақтың күйшілік өнері 1992ж

  4. І Есенберлин Көшпенділер А. 1992]







 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал