- Учителю
- Математикадан ашық сабақ Тақырыбы: 'Бекіту. Есеп шығару'
Математикадан ашық сабақ Тақырыбы: 'Бекіту. Есеп шығару'
Ақмола облысы, Көкшетау қаласындағы №6 ОМ бастауыш сынып мұғалімі Макишева Алтынай Ахмедиевна
Қалалық семинарда көрсетілген ашық сабақтың жоспары.
Сабақтың тақырыбы: «Бекіту. Есеп шығару».
Сабақтың мақсаты:
1.Тік бұрыш, сүйір бұрыш және доғал бұрыштарды қайталауға арналған тест тапсырмаларын орындау арқылы өткен материалды пысықтау;
2. Қызықты жаттығулар, тапсырмалар арқылы есептеу және мәтіндік арифметикалық есептерді шығара білу дағдыларын дамыту;
3. Логикалық есептерге деген қызығушылықтарын арттыру, білімге деген құштарлығын ояту, өз қабілетіне деген сенім тудыруға жағдай жасау.
Сабақтың типі: Аралас сабақ.
Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта, тест және бағалау парақтары.
Сабақтың барысы:
-
Ұйымдастыру кезеңі.
"Мұз еріту" - сәттілік жаттығуы.
Балалар, бүгін бізге қаламыздың мектептерінен мұғалім апайлар сабаққа келіпті. Мен сендерге де өзіме де бүгінгі сабақта сәттілік тілеймін. Жақсы сөз бен ыстық лебізден мұз да ериді деген сөз бар. Мен сендерге мұз беремін, сол мұзды, жақсы тілек пен бір-біріңе деген ыстық лебіздеріңді айта отырып, алақандарыңа салыңдар. Міне, бәріміздің көзіміз жетті. Ал, қалған мұзды ыдысқа салып қоямын. Бүгінгі біздің жақсы да сәтті өтетін сабағымыз барысында қалған мұз ериді деп ойлаймын.
-
Ауызша есеп.
Математикалық ойын.
Суретті бояу. «Тұра тұр, бәлем!»
Берілген өрнектердің жауабын табу керек. Әр жауапты тапқан сайын сурет боялып отырады.
«Нағыз суретшісіңдер!» -деген сөз шығады.
- Суретші деген кім?
- Ол мамандық иесі.
Суретші болғыларың келе ме?
Ендеше, «Қызықты мамандықтар» еліне саяхатқа барайық.
-
Жаңа сабақ.
«Қызықты мамандықтар» еліне саяхат.
1. Суретшінің тапсырмаларын орындау.
- Тік, сүйір және доғал бұрыштарды тап.
Олардың нөмірлерін ата. Олар туралы не айта аласыңдар? - ауызша орындау.
2. Өзіңді тексер. Тест орындау.
1) Сүйір бұрыш тік бұрыштан ...
А) Кем
Ә) Артық
Б) Тең
2) Доғал бұрыш тік бұрыштан ...
А) Тең
Ә) Кем
Б) Артық
3) Тік бұрышы бар үшбұрышты көрсет.
4) Екі бұрышы тік болатын төртбұрышты көрсет.
5) Үшбұрыштың периметрін тап.
6) Төртбұрыштың периметрін тап.
Оқушылар алдарындағы тест парақтарына жауаптарын белгілейді.
Жауаптарын мұғалімнің басқаруымен бірге қарастырып, қателерін табады.
2. Мұғалімнің тапсырмалары.
Логикалық есептер.
А) Ребустарды шешу. Ауызша.
Орындарында, өзіндік жұмыс.
Ә) Жұмбақ есеп.
Балаларға қиындық туғызса, мұғалімнің жетекшілігімен орындалады.
-Суретте неше үшбұрыш бар?
-Ал қалған таяқшалар қалай жатыр?
- Жұптасып жатыр.
- Үшбұрыш шығу үшін жұптағы екі таяқшаның шеттерін не істеу керек?
- Ол таяқшаны қайдан алуға болады?
-Дұрыс, басқа жұптың бір таяқшасын алуға болады.
- Неше үшбұрыш шықты?
- Бізге неше үшбұрыш керек?
- Үшінші үшбұрышты қалай құрастыруға болады?
- Екінші жұптан қалған таяқшаны пайдаланып, үшінші жұптағы таяқшалардың үшін қосу керек.
Балалар орындарында орындайды.
-
Ұшқыштың тапсырмалары.
А) Есептер шығару. (Ауызша).
8+17; 6+28; 4+39; 63-8; 100-8. Балалар дұрыс жауап берсе ұшақтар барып орнына қонады.
-
Пошташының тапсырмасы.
62-42-2
30-(6+6)
Жұмбақ шешу.
"Мысықтың үйін табу".
Төрт аяғы бар
Сүтті жақсы көреді,
Екі құлағы бар
Тышқан аулайды.
-
Өрт сөндірушіге көмектесу.
Келесі мамандық иесіне біздің көмегіміз өте қажет болып тұр. Балалар көмектесесіңдер ме?
А) Өрнектер шығару. Дәптерде жұмыс.
а=30; 42; 61; болғандағы а + 28;
б = 20; 35; 59; болғандағы 69-б.
Ә) Баған түрінде жазып, есептеу.
32+27 78-36
54+32 69-44
Балалар, біз көп тапсырма орындай отырып, мамандарға көмегіміз тиді деп ойлаймын. Сендерге қай мамандық ұнады? Қай мамандық ең қажет деп ойлайсыңдар? Дұрыс айтасыңдар.
Бар мамандық маңызды,
Барлық мамандық қажет!
Сергіту сәті.
Ал енді біз ғарышкер болайық та, зымыранмен ғаламшарға ұшайық. Балалар орындарынан тұрып, қолдарымен көрсете отырып, ұшқан болады. Тақтада слайдтар көрсетіліп отырылады.
Ғаламшардағы санамақ.
Айда жұлдыз санайтын адам өмір сүрді. Ол ғаламшарда санақ жүргізді.
Меркурий - бір, Шолпан - екі, Үш - Жер, Төрт - Марс, Бес - Юпитер, Алты - Сатурн, Жеті - Уран, Сегізінші- Нептун, Бәрінен алыс - тоғыз - Плутон, Орнымызға отырамыз - он
4. Үй жұмысын тексеру.
Олимпиада туралы сөйлесу.
- Биыл нешінші олимпиада өтті ?
- Қазақстаннан неше спортшы барды?
- Қанша спорт түрлерінен жарыстар өтті ?
Ресми ақпараттарды айтып өту. Тақтада слайд арқылы ақпаратты оқиды.
Тақтаға келесі слайд шығады. Суретті қарап, спорттың қай түрі екенін анықтау.
Сөзді есеп шығару. (Балалар орындарында дәптерде орындайды).
Алаңда "Астана" тобынан 6 ойыншы және "Марс" тобынан да сонша ойыншы бар.
Өз кезегін тағы 16 ойыншы күтіп тұр. Екі топта барлығы неше ойыншы бар?
Шарты: "Астана" т. - 6 ойыншы,
"Марс" т. - сонша ойыншы,
Күтіп тұр - 16 ойыншы,
Барлығы - ? ойыншы.
Шешуі: 6+6=12
12+16=28
Жауабы: екі топта барлығы 28 ойыншы.
5. Бағалау.
Балалар, осымен сабағымыз аяқталуға аз уақыт қалды. Бүгін сабақта барлығың жақсы жұмыс істедіңдер. Енді алдарыңдағы бағалау парағына мұқият қарап шығыңдар да өздеріңді бағалаңдар.
6. Үй тапсырмасын талдау.
Біздің сабағымыз өте сәтті, тамаша өтті деп ойлаймын. Өйткені мұз түгелдей еріп кетіпті. Енді осы суды қайда құйсақ екен? Жақсы балалар, гүлге құяйық. Гүл де әдемі және тез өссін деген тілекпен.