- Учителю
- Ашық сабақ Тақырыбы: «С – Ш» дыбыстарын буында, сөзде ажырату
Ашық сабақ Тақырыбы: «С – Ш» дыбыстарын буында, сөзде ажырату
</ Сабақ жоспары
Тақырыбы: «С - Ш» дыбыстарын буында, сөзде ажырату
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: «С - Ш» дыбыстарын буында, сөзде ажыратуға үйрету
Түзетушілік: Есту зейінін, фонематикалық есту қабілетін, қолдың ұсақ моторикасын, дыбыс айтуын машықтандыру, сөздік қорын анықтау, толықтыру, белсендіру кеңістікті бағдарлауын дамыту, еліктей сөйлеу әрекетін қалыптастыру, логикалық ойлау қабілетін, көріп қабылдауын дидактикалық ойындар, тапсырмалар арқылы дамыту.
Тәрбиелік: Логопедті мұқият тыңдауға, тапсырмаларды тиянақты орындауға, белсенділікке, ұқыптылыққа, партада дұрыс отыруға тәрбиелеу.
Көрнекілік: «С; Ш» кескіндері, суреттер, сандық, үй жануарлары ойыншықтары, доптар, қызыл және көк домалақ жалауша.
Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңі:
Абзал, денеңді тік ұстап, қолыңды партаға қойып, айнаға қара.
Мен қазір саған «Көңілді тіл» туралы ертегі айтамын. Мұқият тыңда.
Өзінің үйшігінде бір көңілді тіл тұрыпты. Ол қандай үй? (ауыз) Ол үйдің есігі ашылып - жабылады.(ауызды бірнеше рет ашып жабу)
Тіл үйінде отыра алмай, далаға шығады. Міне, ол күнге шығыпжылынып жатыр. (жалпақ тіл). Кенеттен жел соқты. Көңілді тіл үйіне кіріп, тәтті қайнатпамен шай ішіп, жоғарғы ерніне қайнатпа жұқтырып алды, оны жалпақ тілімен жалап алды.(жалпақ тілмен жоғарғы ерінді жалау), соңынан тісін тазалады (тілдің ұшымен жоғарғы , төменгі тістерді тазалау). Тіл үйшігінде ұзақ отыра алмады, далаға шықса балалар футбол ойнап жүр екен, ол да қосыла сап ойнап, қақпаға доп соқты. Шаршаған көңілді тіл үйіне келді. Тіл сағатқа қараса, сағат сыртылдап тұр екен (сағат жаттығуы), сөйтіп мен ұйықтайтын уақыт болған екен деп тіл жатуға дайындалды.
Абзал сен велосипедпен келе жатырсың, кенеттен велосипедтің дөңгелегі жарылып қалды. Қандай дыбыс шығады? (С-С-С...)
-
Ерніміз жымияды , тілдің ұшы төменгі тістерге тіреледі, тілдің ортасында арықша пайда болады. Ауыздан шығатын ауа суық. Қане айтып көрші (С-С-С..).
Ал ағаш жапырақтары далада жел соққанда қандай дыбыс шығарады? (Ш-Ш-Ш...)
-
Айнаға қарашы, ерніміз түтікше тәрізді, тіліміз жалпақ кесе тәрізді, жоғары көтеріледі, тілдің бүйірлері жоғарғы азуларға тиеді, ауыздан шығатын ауа жылы. Қане айнаға қарап айтып көрейікші
(Ш-Ш-Ш...)
Енді Абзал біз «Сыр сандық» ойынын ойнаймыз
Қолдың ұсақ моторикасын дамыту:
-
Мына сандық ішінде бір топ ойыншықтар бар, сол ойыншықтарды сандықтан шығармай тұрып, қолмен сезіну арқылы не екенін анықтау керек.
-
Мына сандықтың ішіне үй жануарлары жасырынып қалды, оларды бір-бірден шығарып атын атау керек. Барлық жануарларды шығарғаннан кейін логопед жануардың бейнесін көрсет, деп тапсырма береді. Мысалы, сиырдың бейнесін, бала сиырдың бейнесін тауып, оны логопедке береді т.с.с.
Фонематикалық есту қабілетін дамыту:
-
Ойыншық жануарлардың ішінен белгіленген «С; Ш» дыбыстары кездесетін жануарларды ата.
Дыбысты машықтандыру
-
Сандықтан ойыншықты шығарған кезде, оны нық, дұрыс ата. Мысалы, сиыр, мысық, есек...
Дыбысты ажырату кезеңі
-
Атауында ажыратуын үйреніп жатқан дыбыстар «С; Ш» кездесетін жануарларды шығарып атау керек. Мысалы: сиыр, мысық, шошқа, ешкі, есек, күшік т.б. Бала атауында «с» дыбысы бар ойыншықтарды оңға, ал «ш» дыбысы бар ойыншықтарды солға орналастырады.
Сөздік қорын молайту, сөйлем құру дағдыларын қалыптастыру:
-
Ойыншықтарды сандықтан бір-бірлеп шығара отырып, оларды атайды. Логопед тапсырманы күрделендіріп «қай жануар қалай дауыс шығарады?» деп сұрақ қояды. Ойыншықты шығарғаннан кейін, сұраққа жауап беруі керек. Мысалы, сиыр мөңірейді, мысық мияулайды т.б.
Кеңістікті бағдарлауын дамыту:
-
Ойыншықты шығарғаннан кейін бала логпедтің нұсқауы бойынша оны белгілі жерге қоюы тиіс. Мысалы: ешкіні сандықтың оң жағына, сиырды сол жағына, үстіне, астына, ішіне сал деп нұсқаулар беріледі.
Сабақты бекіту:
-
Абзал мен саған атауында «С, Ш» дыбыстары кездесетін жануарлар мен жәндіктер көрсетемін, бірақ «С; Ш» дыбыстары өз орындарынан адасып жүр, сен оларға көмектесіп жібер.
Қорытынды:
-
Сұрақ - жауап арқылы қорытындылау.
Үйге тапсырма:
-
Дәптеріңе «С; Ш» дыбыстары кездесетін үй жануарларының суреттерін жапсыр.