7


  • Учителю
  • Баяндама 'Мүмкіндігі шектеулі балаларды қарым-қатынас арқылы әлеуметтік өмірге бейімдеу'

Баяндама 'Мүмкіндігі шектеулі балаларды қарым-қатынас арқылы әлеуметтік өмірге бейімдеу'

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Мүмкіндігі шектеулі балаларды қарым-қатынас арқылы әлеуметтік өмірге бейімдеу

Айтқалиева Б.Е..

Ақтөбе облыстық арнайы (түзетім) есту қабілеті бұзылған балалар

мектеп- интернат- колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Бүгінгі күн талабы бойынша жан-жақты,білімді,білікті ұрпақ тәрбиелеу қажет екендігі белгілі болып отыр.Сондықтан да қазіргі кезде білімге жаңалық енгізу мақсатында түрлі ізденіс жұмыстары жүргізілуде.Біздің есту мүмкіндігі шектелген мектеп-интернатында да биылдан бастап зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады.Ол оқушылардың қызығушылықтарына байланысты таңдалынып алынды. «Қазіргі білім беру қауымдастығындағы әлеуметтік коммуникациялар: психологиялық аспект» жалпы тақырып бойынша жұмыс жоспары жасалып,эксперементтік үш топ құрылды.Біздің ортаңғы буын топ мүшелері «Арттерапия-балалардың шығармашылық терапия арқылы коммуникативтік қарым-қатынасқа түсуі»тақырыбы бойынша зерттеу ізденіс жұмыстарын жүргізді.Топ мүшелері алға қойған мақсат,міндеттерін жан-жақты талдап,оқушылардың танымдық қабілеттерін арттерапия арқылы арттыруға мүмкіндік жасады.

Жалпы арттерапия дегеніміз-өнер арқылы емдеу болып табылады.Бұл жаңа технологияның бір тармағы болып есептелінеді.Мүмкіндігі шектелген оқушыларды оқытып-тәрбиелеуде,түзетуде арттерапияның алатын орны ерекше.Қазіргі таңдағы арнайы психология мен педагогика түзету құралдарының ең тиімді жолдарын іздестіре келіп,проблемалы (мәселелі) балаларды оқыту мен тәрбиелеу үрдісінде өнерді қолдануға бағыт береді.Ауытқушылығы бар балаларды оқыту мен тәрбиелеуін дамытуда шетелдік арнайы педагогтарының өкілдері Э.Сеген,Ж.Демор,сонымен бірге ресейлік психологтар мен дәрігерлері Л.С.Выготский,В.П.Кащенко және тағы басқалары өнердің маңызды рөлін атап көрсетеді.Ғалымдардың бәрі баланың психикалық процестерін өнер арқылы түзетуге мүмкін болатынын ерекше айтады. «Өнер арқылы тәрбиелеу» идеясы XX ғасырдың басында жариялана бастады.Э.Сурно деген ғалым эстетикалық тәрбие жұмыстарымен белгілі болған,оның айтуынша өнер тәрбиелеудің маңызды құралы екенін айта келіп,баланы адамгершілік қасиеттерге тәрбиеленуімен қатар,оның ойлау,елестету,көңіл-күй және сезімдерін де қалыптастыруға әсері мол дейді.Ресейлік ғалымдар,көркемдік педагогика мамандары атап айтқанда, Н.И.Сакулина,Т.С.Комарова және тағы басқалары.Баланың өнерді қабылдау процесі танымдық және эмоциалық жағымен қоса алғанда өте күрделі психикалық әрекет екенін дәлелдеп көрсеткен.Балалардың көркемдік әрекеті,олардың сенсорлық дамуын,түс,дыбыс,пішіндерді ажырату қабілеттерін,оның бояу түрлерін терең ұғынуын қамтамасыз етеді.Әртүрлі өнер тілін түсінуге де жетелейді.Баланың дамуына өнердің оң әсері туралы Л.С.Выготский да жол көрсетті. Ол көркемдік әрекет психикалық қызметтерді де дамытады,әр түрлі өнерге балалардың шығармашылық белсенділігін де арттырады (музыка,бейнелеу өнері,көркем сөз,театр) деп атап көрсетеді.

Қазіргі таңдағы зерттеулер арнайы психология мен педагогикада өнердің түрлі ауытқушылығы бар балаларды дамытуға оң әсері бар екендігін дәлелдеп көрсетіп отыр.Бейнелеу өнері естімейтін және нашар еститін балалардың танымдық қабілеттерін дамытуға,атап айтқанда,олардың сөйлеу тілін,көру-есту арқылы қабылдауына үлкен мүмкіндіктер жасайтынын М.Ю.Рау,Е.А.Сошина өз жұмыстарында дәлелдеп көрсеткен.

Қазіргі таңда арнаулы білім жүйесіндегі тәжірибеде «артерапия» және «артпедагогика» терминдері кеңінен қолданылуда.Мемлекеттік білім стандарты бойынша арнаулы білім беру жүйесінде «Арнайы білім берудегі артпедагогика және арттерапия негіздері» атты курс енгізілген.Бұл екі терминнің ұқсастығы мен айырмашылығы қандай? Бұлардың ұқсастығы сөздің бірінші бөлігі- арт-«бейнелеу көркем» синонимі өнер дегенді білдірсе, сөздің екінші бөлігі былай ажыратылады: терапия медициналық бағыт,емдеу әрекеті ; педагогика-ғылыми білім,оқыту,тәрбиелеу,дамыту дегенді білдірсе, ал арнайы білім беруде - түзету дегенді білдіреді.Сөздің екінші бөлігі түрлі бағыттар,мақсат,міндеттер,технологиялар мен мазмұнымен ажыратылады.«Арттерапия» ұғымы (өнер арқылы емдеу,түзету) З.Фрейд және К.Юнг идеясынан туындаған.Бұл тәжірибедегі психологиялық терапияда маңызды әдіс болып табылады.Яғни,көркемдік бейнелеу шығармашылығы көмегімен психикалық ауруы бар балалар өз картиналарында ішкі жан дүниелерін көрсете алады,сыртқа шығарады.

Қазіргі уақытта «арттерапия» ұғымы бірнеше мағынада қолданылады: түзету және емдеу барысында қолданылатын өнер түрлерінің тұтастығы; арттерапевтикалық әдістер жүйесі; психотерапевтикалық және психокоррекциялық бағыттар;тәсілдер ретінде қарастырылады.Ол медицинада (психиатрия,терапия,хирургия т.б) және психологияда (жалпы, медициналық,арнайы) қолданылады.

Соңғы уақытта арттерапия арнайы білім беру мекемелерінде түзете-дамыту жұмыстарында көп пайдаланылады және нәтижелері де жоқ емес.Көптеген ғылыми еңбектер өнер көмегімен оқыту,тәрбиелеу жұмыстарының жемісті екенін көрсетуде.Сонымен қатар,медицинадағы жалпы,арнайы психология салаларындағы жетістіктер оған ғылымилық бағытқа лайықты дәрежеде екенін білдіреді.

Қазіргі таңда арттерапия ұғымы мынадай ұғымдарды түсіндіреді:изотерапия (бейнелеу өнері құралдары арқылы емделуге әсер ету:сурет салу,жапсыру, қолөнер т.б);библиотерапия (оқу арқылы емдеу);имаготерапия (образ, театрландыру арқылы емдеу),музыкатерапия (әуенді қабылдау арқылы емдеу);вокалотерапия (әнмен емдеу);кинезитерапия (би,хор,түзету ырғағы- қимыл-қозғалыс арқылы емдеу) т.б

Арттерапияның негізгі қызметтері мыналар:

Катарсистикалық (жағымсыз күйден арылу,тазарыну);реттеушілік (ашушаңдықты болдырмау,жағымды психологиялық көңіл-күйге бейімделу); коммуникативтік - рефлексивтік (шарттылық),(қарым-қатынасты түзету,тіл табыса білу,өзіндік пікірлер қалыптастыру)

Арттерапияның міндеттері:

  • дамуы бұзылған балаларға психологиялық түзетуге көмек жүйесінде (есту,көру,сөйлеу,қимыл-қозғалыс аппараты,психикасы тежелген,ақыл-есі кем) қолдану.

  • арнайы білім мекемелеріндегі балаларды психологиялық түзету жұмысында арттерапиясын тиімді қолдану және оның ерекшелігін анықтау.

  • дамуы бұзылған балалардың түзетуін қамтамасыз ететін арттерапиялық технологияларды тиімді пайдалану.

  • коррекциялық-жекелік және дамытудағы әрекеттер негізіне сүйене отырып,артпедагогика және арттерапия тұтас мақсатқа бағытталады- кемшілігі бар баланың үндестікте дамуына;оның әлеуметтік ортаға бейімделу мүмкіндігінің кеңеюіне,қоғам мен мәдени орта өміріне қатысуы немесе араласуында.


Арттерапияның ішіндегі сазтерапия,бейнелеу терапиясы,ертегітерапиясын қолдана отырып, оқушылардың өз мүмкіндіктертерін,шығармашылық қабілеттерін дамытуға,коммуникативтік дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасадық.Алғашқы жұмысты нашар еститін балалардың психологиялық-педогогикалық ерекшеліктерін ескере отырып,оларға бұл зерттеу жұмысы барысында педагогикалық-психологиялық көмек көрсету,өзін-өзі тану, шығармашылық қабілеттерін аша түсетін түрлі жаттығу, ойын, әңгімелесу, ертегіден көрініс көрсету,саяхатқа шығып қоршаған ортаны тану,сол арқылы қарым-қатынасқа түсу әдіс-тәсілдері қолданылып,әртүрлі жұмыс түрлері жүргізілді.Зерттеу барысымен ата-аналарды таныстырып,келісімшарт жасалып,олардан сауалнамалар алынды.

Бала есейген сайын онымен қарым-қатынас жасау мәселесі де қиындай түседі.Қарым-қатынас жеке тұлғаның іс-әрекетінің дамуында маңызды орын алады.Кез-келген қарым-қатынас,адамдар арасындағы жай байланыс қана емес,біріккен іс-әрекет процесінде олардың бірін-бірі қабылдауы және ақпарат алмасуы болып табылады.Баланың жеке тұлғалық өсуі-әлеуметтік психологиялық қарым-қатынаста көрінеді.Бұл адамның ұйымдастырушылық-коммуникативтік іс-әрекеттің өзі екі немесе одан да көп адамдардың үйлесімді қатынас орнатуы мен ортақ бір мақсатқа қол жеткізуге бағытталған өзара бірлескен әрекеті.Баланың айналасындағы адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдері мен оның кез келген психикалық іс-әрекетінің дәрежесі арасындағы қарым-қатынас екі жақтан дамиды.Тұлғаның танымдық іс-әрекетінің маңыздылығы қарым-қатынас процесіндегі оның дамуынан көрінеді.Қарым-қатынас -бір адамның басқа адамдармен қоғам мүшесі ретінде өзара әрекеттесуінің арнайы формасы.Осы мақсатпен біздің топ мүшелері арттерапия арқылы әр баланың шығармашылық мүмкіндіктерін, олардың өз бойындағы ашылмаған қасиеттерін жарыққа шығарып,сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсуіне жағдай жасай отырып,7 сынып нашар еститін оқушыларды зерттеу жұмысына баулыдық.

Біздің зерттеу тобымыздың мақсаты- білім беру мекемелеріндегі әлеуметтік коммуникация технологиясын қолдану,арнаулы жұмыстар жүйесін құру және оның тәжірибелік негізін қалыптастыра отырып,қоғамдық ортада өз ойын еркін жеткізе алатын,кез келген іс-әрекетке жан-жақты көзқараспен қарайтын жеке тұлғаны дамыту болып табылады.

Зерттеу барысында барлық кезеңдер бойынша топтау,таңдау сараптамалары жасалды.Зерттеу жұмысы үш жылға алынып,бірінші жыл оқушылармен ұйымдастыру жұмыстары, сауалнама,әңгімелесу,сыртқы ортамен қарым-қатынасын (саяхат жасау,ертегі қою арқылы,музыка,сурет салу қабілеттерін) бақылау арқылы мониторинг жасап отырылды.


Әр оқушыға жеке-жеке портфолио бастап,онда оқушылардың істеген жұмыстарының нәтижелерін салып отырдық.Оқушылардың қызығушылық әрекеттерін анықтап,оларды жеке тұлға ретінде қалыптастыруда әртүрлі психологиялық тест әдістерін,сауалнамалар алып,мектеп психологімен бірлесе отырып,бақылау әдістерін дайындадық.

Бала әлеуметтік ортаны ең алдымен үлкен адамдармен,кейін өз беттерімен танып білуі күшейе түседі.Сондықтан зерттеу барысында оқушылардың даму деңгейін,сұраныстар мен қызығушылықтарын қанағаттандыру,мүмкіндіктер мен қабілеттерін ашуға ықпал жасай отырып,олардың танымдық қабілетінің артуына ізденіс жұмыстары рет-ретімен жүргізіліп отырылды.Сонымен қатар оқушылардың сыртқы ортамен қарым-қатынасын зерттеп қана қоймай,олардың оқу үрдісінде де қорытындыларына талдау жасалып,әр тоқсан сайын бақылау жұмысы алынып,ауызша және жазбаша емтихан,мектепшілік олимпиада өткізіп,білім сапасын қадағалап және талдап отырдық.Мектепшілік олимпиада математика және қазақ тілі пәндері бойынша өткізілді.Өзім сабақ беретін қазақ тілінен олимпиадаға 7 сынып нашар еститін оқушылардың ішінен өте жақсы оқитын Орынбасарова Айзат пен Ақберген Балым қатыстырылды.Олимпиада екі турдан тұрды,бірінші туры жазбаша,екінші туры сөйлеу тілін тексеру бағытында жүргізілді.Бірінші тур бойынша Орынбасарова Айзат I-ші орынды иеленді,II тур бойынша Ақберген Балым I-ші орынға ие болды.Есту мүмкіндігі шектелген баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып,оның өзге адамдармен қарым-қатынасын жетілдіру үшін сөйлеу әрекетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.Сабақ беруде мұғалім ізденіс үстінде әртүрлі әдістерді қолданғанда ғана баланың пәнге деген қызығушылығы артатыны белгілі.Есту мүмкіндігі шектелген балалардың құлағы естімегендіктен сөйлеу тілі де жеткілікті болмайды,бұл ойлау әрекетінің дұрыс дамуына кедергі жасайды.Оқушылардың қызығушылығын арттыру жақсы ұйымдастырылған сабаққа байланысты.Әрбір сабақта оқытудың тиімді әдістерін пайдалану білім сапасына елеулі әсер ететіні даусыз.Әр сабақта оқушыларды қызықтыратын, белсенділігін артыратын әдіс-тәсілдерді пайдалану ұтымды.Сондықтан сөйлеу тілін дамытуға ерекше көңіл бөліп,жұмыстың бәрін осы бағытта ұйымдастырамыз.Әр балаға жеке күнделік дәптері басталып,ол тәрбиешінің көмегімен қадағаланып отырылды.Күнделік жазу естімейтін баланың сөздік қорын дамытуға,сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсуіне септігін тигізді.Олар күнделік дәптерлеріне өздерінің өмірлерінде болған қызықты жағдайларын,саяхатқа шыққан кездерін,серуенге шыққандарын әңгімелеп жазады.Оқушылардың сөздік қоры аз болғандықтан олар көбінесе мұғалімнің көмегіне жүгінеді.

Сонымен бір жылдық зерттеу жұмысын қорытындылай келе,мынадай тұжырым жасалды:

  • Оқушылардың қызығушылықтары артып,танымдық қабілеттері қалыптасты.

  • Олар өз бойындағы қиындықтар мен кемшіліктерді жеңе білді.

  • Өзінің көзқарасы бойынша әрекет етуге талпыныстары байқалды.

  • Сыртқы ортамен қарым-қатынасқа еркін түсу дағдылары қалыптаса бастады.

Сөзімді аяқтай келе, «Ұстаздық еткен жалықпас,үйретуден балаға» -деп Абай атамыз айтқандай талмай ізденіп,өз білімін үздіксіз жетілдіріп отыратын,шәкіттеріне үйретуден жалықпайтын ұстаз ғана оқушы жүрегінен орын алатыны сөзсіз.Ендеше қоғамызда мүгедек жандардың әлеуметтік ортаға бейімделуі,олардың танымдық қабілеттерін дамыту,өзіндік үлестерін қосатын,шығармашылығын шыңдау- әрбір ұстаздың абройлы міндеті болуға тиіс.



 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал