- Учителю
- Тәрбие сағаты: 'Денсаулық - зор байлық'
Тәрбие сағаты: 'Денсаулық - зор байлық'
Денсаулық - зор байлық
Шараның мақсаты:
Білімділігі - денсаулық адам баласының азбас қазынасы, асқан байлығы, өмірінің тірегі екенін түсіндіру;
Дамытушылығы - оқушыларды салауатты өмір сүруге және жас ұрпақты зиянды заттардан аулақ болуға үйрету;
Тәрбиелігі - жеке бас тазалығын сақтау ережесін қалыптастыру (қол жуу, тіс күту, көзді сақтау, дене бітімін сақтау), күн ережесін (тамақтану, ойнау, сабақ оқу, дем алу, ұйқы, серуен) дұрыс сақтау дағдысын қалыптастыру .
Әдісі: әңгімелеу, сахналық көрініс, ойын, жұмбақтар жасыру.
Көрнекілігі: түрлі көкөністер мен жеміс-жидектердің суреттері, ертеңгілік жаттығу жасап жатырған балалардың суреті және т.б.
Өту барысы:
Гүл ұстаған балалар шеңберге дөңгелене отырады, бір-біріне жылы,
жақсы лебіздерін айтып , денсаулық тілеп, гүл ұсынады. Гүл шоқтары бірте-бірте көбейіп, жылы лебізді бастап тілеген баланың өзіне бір құшақ гүл- «Тілек шоғы» болып оралады.
«Өзгелерге денсаулық тілеп, жақсылық жасаса, ол өзіңе қайтып оралады», - деп мұғалім қорытынды жасайды.
Мұғалім:
-Бүгінгі тәрбиелік іс-шарамыздың тақырыбына байланысты әңгімеміз тек денсаулық жөнінде болмақ . Денсаулық деген сөз-деніңнің саулығы деген мағынаны білдіреді. Деніңнің ауру-сырқаудан аман, қайратты, жігерлі, көңілдің көтеріңкі болуының өзі-денсаулықтың белгісі. Дене мүшелерінің, ішкі ағзалардың бірі ауырса, адамның денсаулығы нашарлап, көңіл күйі түседі, еш нәрсеге зауқы болмайды. Ендеше «Денсаулық-зор байлық» деп халқымыз айтқандай, денсаулықты ешнәрсеге теңеуге болмайды, адамдар бір-біріне бірінші денсаулық тілейтінінің себебі, міне, осында. Дені сау адам әрдайым көңілді, жүзінен шаттық нұры төгіліп жүреді. Сондықтан да өз денсаулықтарыңа жауапты қарап, оны сақтауымыз керек.
1-оқушы:
Денсаулық - ол күлуің,
Көңіл-күйің жадырай.
Денсаулық - ол жүруің,
Ешбір жерің ауырмай.
2-оқушы:
Денсаулық ол шыныққан,
Барлық денең мүшесі.
Денсаулық ол тыныққан,
Жүйке-тамыр жүйесі.
- Балалар, деніміз сау және күшті болып өсуіміз үшін не істеуіміз керек?
- Иә, дұрыс ол үшін күн тәртібін сақтау керек. Уақытымен ұйықтап, ұйқыдан тұрған соң төсек орнымызды жинап, жуынып таңғы жаттығу жасауды әдетке айналдырып, таза жүрсек, өз-өзімізді күте білсек , деніміз сау болады. Әрдайым күліп жүруіміз керек Сендердің күлкілерің әдемі болуы үшін тісті күтуге байланысты ережелерді мұқият орындауымыз керек.
1. Тісті күніне екі рет тазалауымыз керек .
2. Тамақтан кейін ауызды шаю керек.
3. Ыстық тамақтан соң суық нәрсе ішпеу керек.
4.Жаңғақты тіспен шақпау керек.
5.Дер кезінде тіс дәрігеріне көріну қажет.
6.Тәттіні көп жеуге болмайды.
7.Әркімнің өзінің жеке тіс щёткасы болуы керек.
Көрініс «Тіс ауруы мен кәмпит»
Бір қолтырауын болыпты.Ол тәттіге сондай құмар екен.Күнде өте көп кәмпит жеген соң, бір күні оның тісі қатты ауырып , қатты қиналыпты.
Қолтырауын: Ой, тісім қатты ауырып, қақсап барады.Жанымды қоярға жер жоқ..
Қолтырауын қатты дауыстап, жылайды.Оның даусын естіп, тоты құс ұшып келеді.
Тоты құс: Балалар қараңыз, мына бір сұмдықты.Қолтырауынға не болған?! Кім оны ренжіткен? Қолтырауын, саған не болды? Жылама, қолтырауын.
Қолтырауын одан сайын жылады.Оған енді маймыл келеді.
Маймыл: Не болды жасыма, айтшы өзің,
Неліктен ісінген бас көзің.
Әлде, сен, біреумен, күресіп, жеңіліп,
Тұрмысың, намыстанып қорланып, егіліп.
Қолтырауын: Жоқ, мен ешкіммен күрескен жоқпын.Тісім өте қатты ауырып, жылап отырмын.Енді не істеймін? Тісімнің ауырғаны қоймай тұр, не істеймін?-деп қатты жылайды.
Маймыл мен тотықұс қосылып:
- Айболит атаны шақырайық.
Маймыл мен тотықұс Айболит дәрігерді алып келеді.
Айболит атамыз бәрін де емдейді,
Ауырса адамзат аңды да тең дейді.
Кәдімгі мейірімді - Айболит атамыз.
Айтыңдар, кәнеки, оған кім тең келеді.
Айболит:
Кәмпит жесең көбірек,
Тісің жүрер, мазалап.
Не жесең де күніне екі рет жу тазалап.
Дәрігер Айболит Қолтырауынның тісін емдейді.
- Балалар, біреу біздің сыныптың есігін қақты, барып қарап келейін. Бізге хат келді.
Бұл хатты дәрігер Салауат жолдапты. Балалар хатта жазылған ертегіні сіздерге оқып берейін:
«Ертеде бір кір қожалақ қыз өмір сүріпті.Оның дүниедегі ең жек көретіні-қолын жуу және жуыну екен. Сол себептен қолында , аяғында пайда болған микроптар денесіне тарайды.Ауыз арқылы ішке кірген микроптар қызды ауруға шалдықтырады.
Дәрігер қыз баланы тексеріп , оның ауруының білік, ауруды жеңетін ғажайып затты ұсынады».
- Балалар, ол ғажайып не деп ойлайсыңдар?
- Дұрыс, балалар, ол ғажайып зат-сабын және су.Сабын мен су-нағыз достар. Қолды күніне бірнеше рет жууымыз қажет.
Балалар енді жұмбақтар шешіп көрейік.
1-оқушы: Дымқылдап күнде сен,
Қолыңа сүйкесең.
Кетіп кір-ласың,
Тап-таза боласың. (Сабын)
2-оқушы: Шомылған баланы,
Аймалап алады.
Сүртеді қолын да,
Сүртеді жонын да. (Сүлгі)
3 - оқушы: Аузы жоқ, көзі жоқ,
Тілі жоқ, өзі жоқ.
Бірақ та тісі бар,
Басыңмен ісі бар. (Тарақ)
4-оқушы: Біз едік, біз едік,
Отыз екі қыз едік.
Қатар-қатар тізілдік,
Кезек-кезек үңілдік. (Тіс)
- Балалар, денсаулыққа байланысты қандай мақал - мәтел білесіңдер?
Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің.
Дені саудың-жаны сау
Тазалық - денсаулық кепілі.
Тазалық-саулық негізі, саулық - байлық негізі.
Ойын: «Иісіне қарай ажырат».Бұл ойында 3 оқушы алға шығады. Олардың көздерін байлап алма, апельсин, пияздың иісін искетемін.Олар соны тауып атын атау қажет.
Біздің денсаулығымызға тағы бір қажетті нәрсе бұл - дәрумендер.Сіздер құрамында әр түрлі дәрумендері бар тағамдарды жеулеріңіз қажет. Жеміс-жидектермен көкөністерді өз қажетінше, көп жеу керек, өткені олар - дәрумендер мен пайдалы заттарға бай. Олардың құрамындағы дәрумендер сіздердің бойларыңыздың өсуіне, ағзаларымыздың дұрыс дамуына және көздің көруінің жақсаруына көмектеседі.
Дәрумендер тек өсімдіктен алынған тағамдардың құрамында ғана емес, сонымен бірге жануарлардан алынған тағамдарда да болады.Сүт тағамдарында, етте, балықта кездесетін дәрумендер адам ағзасына өте қажет. Сондықтан да сіздер үнемі құрамында сіздің ағзаларыңызға қажет дәрумендері бар тамақтарды жеп жүргеніңіз абзал.
Қорытынды:
- Балалар, біз бүгін қандай тақырыпта сөз қозғадық?(Денсаулық)
- Нені ойға тоқып жадымызда сақтауға тиіспіз?(Жаман әдеттен аулақ болуымыз керек)
- Сіздер, қандай азамат болып өсулерің қажет?(Дені сау, ақылды, білімді, адал болып)
- Балалар, олай болса, денсаулықтың достарын атайықшы:
Осымен, біздің тәрбие сағатымыз аяқталды. «Сау дене, азат ақыл, адал көңіл - үшеуімен бақытты болады өмір», - деген нақыл сөз бар. Айтқанымыздай, дені сау, құрыш білікті, батыл жүректі, салауатты өмір салтын орнықтыруға дайын ұрпақ болып өсейік, ешқашан ауырмай, өз денсаулықтарыңды күтіңдер!