- Учителю
- Отбасындағы рухани-адамгершілік тәрбие Эссе
Отбасындағы рухани-адамгершілік тәрбие Эссе
«Отбасындағы адамгершілік тәрбие»
Жанашева Алтын Нағыметқызы
Қызылода облысы Жалағаш ауданы
№ 201 орта мектеп - лицейінің
Өзін-өзі тану пәні мұғалімі.
ҚР Президентінің жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» деп белгіленгені мәлім. Дана халқымызда «Отан-отбасынан басталады» деген жақсы бір қанатты сөз бар. Отбасы ошақтың үштағаны сияқты. Олар - әке, ана, бала. Үшеуінің бірлігі - отбасының бірлігі. Баланың болашақта жақсы азамат болып өсуі, жан-жақты тәрбиелі болуы отбасында берілетін адамгершілік тәрбиеге байланысты. Отбасында адамгершілік тәрбиені қалай жүзеге асыруға болады?
Менің ойымша отбасында бала тәрбиені тек ата-анадан алады. Ата-ана бала үшін үлгі болуы керек. Отбасындағы тәрбие қандай болса, бала да ұшқанда соны алады. Отбасындағы баланың басты ұстазы- ана-анасы.
Балалардың мінез-құлқына кері әсер ететін ата-аналардың қарым-қатынас типтеріне тоқталған болсақ, орынсыз қамқорлық, орынсыз жұмсақтық шынымен бала тәрбиесіне әсер етеді екен.
Баланы үнемі өбектеп айтқанын жасап, тілегін орындай берген сайын баланың өзіне деген жауапкершілігі болмайды. Үнемі ата-ананың қамқорлығын күтіп отырады. Мен отбасымда төрт бала тәрбиелеп өсірген анамын. «Мен өз балаларымды қалай тәрбиеледім?» деген сұраққа ойландым. Оларды кішкентайынан үлкенді сыйлауға, бір-біріне қамқор болуға және ата-анаға көмек көрсете білуге тәрбиеледім деп ойлаймын. Өйткені балаларым үшін ұялған кездерім болған жоқ. Қайта олардың жетістіктері үшін қуанып, мақтан етіп келемін.
Мектепте де ата-аналар жиналыстарында ата-аналардың бала тәрбиесіне үнемі көңіл бөліп отыру керектігін ескертіп отырамын.
Баланы ақылға құлақ қоятын, тілалғыш ету үшін ең алдымен ынтымақтастықа әрекет етіп, үлкендердің өзі, өзін-өзі жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеуі тиіс деген пікірді құптаймын. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ал бала үшін бұл өте маңызды. Баланың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында өрбиді, туған үйдің жылуы-оның көкірегінде ұзақ жылдар бойы сақталады. Сондықтан балаға отбасында берілетін тәрбие өте маңызды. Отбасының әрбір мүшесі, өзара жақсы қарым-қатынаста, сыйластықта өмір сүрсе баланың дамуына оң әсерін тигізеді. Ата-ана - бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі.
Әр отбасының тірегі , жүрегі және тілегі болады. Тірегі - отағасы, жүрегі - отанасы, тілегі - балалары, яғни ұрпағы. Тірегі - ер азаматы мықты, жүрегі - анасы ақылды болса,онда тілегі - ұрпағы ұлағатты болады.