- Учителю
- Тұманбай жыры – тұнған қазына
Тұманбай жыры – тұнған қазына
Өзбергенова Ғазиза Есқалиқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицей
Қызылорда қаласы
Тұманбай жыры - тұнған қазына
Сабақтың мақсаты:
Халқымыздың аса көрнекті ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ поэзиясының алыптарының бірі Тұманбай Молдағалиевтің өміржолы, шығармашылығы мен тереңірек танысу. Ақынның сөзіне жазған әндерін айта білуге үйрету.
Көрнекілігі: интертақта, портреті, слайдтар, кітап көрмесі.
Жүру барысы:
1-жүргізуші:
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік жастар сыйлығының, сондай ақ бүкіл түркі дүниесі ақындарының Физули атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің шығармашылығына арналған 5а және 7в сынып оқушылары ұйымдастыруымен өткізілетін
«Тұманбай жыры - тұнған қазына» атты әдеби - сазды кешке қош келдіңіздер.
2-жүргізуші:
Кешімізді ақынның сөзіне жазылған «Шақырады көктем» әнімен бастағанды жөн көріп
отырмыз . Ендеше,
Ән. Шақырады көктем. Орындайтын 7а сынып оқушылары Әбубәкір Бибісара мен
Мұратқызы Аружан
1 -жүргізуші:
Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданындағы Жарсу ауылында туған.1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің Филология факультетін тәмәмдаған.
2 -жүргізуші:
Балалығым болмады,балалықты,
Үрейге толып тұрған дала жұтты.
Майданда өлді бақытсыз сол балалық,
Найзағайдай қақ жарып қара бұлтты, - деп ақынның өзі жырлағандай, әкесі майданда қаза тапты. Анасымен бірге қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, оқуға деген құштарлық сезімі арманға жетеледі.
1 -жүргізуші:
Еңбек жолын 1956 - 1959 ж «Пионер» журналында әдеби қызметкер болудан бастайды., 1956 - 1971 ж «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор болған. 1971 - 1973 ж «Балдырған» журналында жауапты хатшы, 1984 - 1986 ж Қазақстан журналшылар одағы басқармасында хатшы болып қызмет жасаған. Өмірінің соңына дейін «Балдырған» журналының бас редакторы болып еңбек етті.
2 -жүргізуші:
Тұңғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы «Студент дәптері» деген атпен жарық көрді.
Ендеше, «Студент дәптерінен» алынған өлеңдерге кезек берейік.
-
Әкеме
-
Арман
-
Жастарға
1 -жүргізуші:
Тұманбай Молдағалиев нәзік сырлы, ойлы да отты жырлармен танылды. "Кәмила", "Көктем таңы" , "Алатау қызы", "Ферюза туралы жыр", "Зулайды күндер", "Жүрегім менің сапарда" т. б. жинақтары шықты.
2 -жүргізуші:
Тұңғыш жинақтан кейінгі уақыттан бері ақынның 40 - тан астам кітабы оқырман қолына тиді. Орыс және Батыс классиктерінің, сондай ақ туысқан елдер ақындарының өлеңдерін ана тілімізге сәтті аударды.
1 -жүргізуші:
1968 жылы «Жаңа дәптер» жинағы үшін Республика комсомолы сыйлығының лауреаты атанған, 1957 жылы «Тың жерді игеру үшін» 1970 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдармен, Қазақ КСР жоғары Кеңесінің Грамотасымен марапатталды.
2 -жүргізуші:
1992 жылы Бүкіл Түркі дүниесі ақындарымен Физули атындағы сыйлығына ие болды. Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақстанның халық жазушысы, «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері.
Ақынның өлеңдеріне кезек берейік.
-
Өмір маған...
-
Өткен күндерге хат жаздым.
-
Қазаққа
1 -жүргізуші:
Ақынның арманы, қуаныш -қайғысы өлең болы туылуы керек. Егер ол кезінде өлеңге айналмаса, оның өлгені.
2 -жүргізуші:
Алла Тағала Талант дейтін тарыдай бақ, таудай азап сыйлаған
Тұманбай Молдағалиев - махаббат лирикасының марқасқа майталманы
екендігін баса айтсақ та, оның кең тынысты, кемел ойлы поэмалар
жазған эпик ақын екендігін де айту әділетті болмақ. Өзгесін
айтпағанның өзінде, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жазылған
«Ферюза туралы жыр», «Арзы қыз» атты поэмалары мен «Соғысқа жол
жоқ», «Ғани көшесі», «Мен өмірді сүйемін» атты дастандары бұған
айқын айғақ.
1 -жүргізуші:
Ақынның 1992 жылы Алматы қаласында өткен Дүние жүзі қазақтарының Құрылтайына орайлас жазған «Бауырлар» өлеңіне кезек берейік.
«Бауырлар» Өлеңді оқитын 5а сынып оқушысы Жүсіпов Жаңабек.
1 -жүргізуші:
Тұманбай Молдағалиевтың сүйікті жары Күлтайға, сүйкімді қыздары Құралай, Зәуре, Жазираға, ұлы Дәуренге, немерелеріне, досы Едігеге арнаған өлеңдері - бір төбе. Сезім мен ой он екі өрім қамшыдай шебер өрілген ол гауһар жырлар түнде де сәуле шашатын жақұттай жарқырап тұр. Қазақта арнау өлеңді көп жазған ақындардың алғы сапында Ғафу Қайырбеков пен Тұманбай Молдағалиев тұр.
2 -жүргізуші:
Дананың айтқаны далаға кетпес. Ұлының сөзі ұлағат. Бар саналы
ғұмырын қазақ өлеңінің қадір-қасиетіне арнаған арқалы ақынның жыр
әлеміндегі жұлдызы шырқау биікте тұр. Тұмекең - лириканың шын
шебері, теңдесі жоқ тарланбозы.
1 -жүргізуші:
Келесі кезек өлеңдеріне беріледі:
-
Туған жерге
-
Жыр-ана
-
Ұлыма өсиет
1 -жүргізуші:
Тұмағаң жырларын оңашада оқып, өз-өзінен алуан-алуан ой-қиялдарға батып, біресе қуанып, бірңсң мұңайып, небір сезім айдынында шомылмаған жан жоқ шығар. Ақынның әр адамның сырласы, мұңдасы, жанашыры болып кетуі қандай ғажап десеңізші.
2 -жүргізуші:
Келесі кезекті «Замандастар» айдарына берейік.
Тұмағаңның өмірде көп сыйласқан үлкен ұстазы, қазақтың әруақ¬ты,
арқалы ақыны Әбділда Тәжібаев болатын. Ақын інісі жайлы Әбекең
былай депті: «Тұманбай екеумізді тағдыр өзі қосты, мен аға, ол іні
боп табыстық. Біріміздің көзімізге екіншіміз махаббат көзімен
қарадық. Ешнәрсені айтпай-ақ, бірімізге біріміз жақсы сөздер
айтпай-ақ ұғыстық. Бұл Тұманбай - таң¬ғажайып ақындығымен қоса,
таңғажайып адам.Ол - адамды сүю үшін, оған сену үшін туған».
Сәбит Мұқанов: «Кейінгі жылдары қазақ поэзиясының аспанында
жарқырай шыққан жұлдыздардың бірі - Тұманбай Молдағалиев».
Мұхтар Әуезов: «Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдерінің ішінен «Алматы
таңы», «Көктем», «Асыл ұстазға», «Немере сыры», «Хат» деген
өлеңдері ұнатып оқитын шығармаларым».
Әбіш Кекілбаев: «Тұманбай тілінің балы басым ақын. Ешкімнің бетіне
жел боп келмейтін қыз мінезді, ақ пейіл ақын. Адам түгілі, ағын су
мен жайқлған жапырақтың көңіліне қарайтын сезімтал ақын. Жанашырлық
жаршысы, бауырмалдық дәріпшісі».
Көрнекті ақынның қазасына байланысты жора жолдастары, достары өлең
жолдарын арнады.
1 -жүргізуші:
Тұманбай Молдағалиев көптеген ән мәтіндерінің авторы.
Оның "Құстар қайтып барады" (музыкасы Н.Тілендиевтікі), "Бақыт
құшағында", "Әнім сен едің" (музыкасы Ш. Қалдаяқовтікі), "Ертіс
вальсі" (музыкасы Жамақаевтікі), "Шақырады көктем" (муз.
Ә.Бейсеуовтікі) атты өнге жазылған өлеңдері халық арасында кең
тараған. Лирикалық өлеңдермен қатар, ол балалар әдебиетін назардан
тыс қалдырған жоқ.
2 -жүргізуші:
Көзі тірісінде қазақ әдебиетінің классигі атанған Тұмаш ата
қазақ әншілерінің орындауындағы әндердің басым көпшілігіне сөз
жазған еді. Қазақ музыкасының дүлдүлдері Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса
Тілендиев, Әсет Бейсеуов сияқты сазгерлермен тығыз байланыста
болып, талай әндердің дүниеге келуіне ықпал етті.
1 -жүргізуші:
Бірде ақын ата Нұрғиса Тілендиевтің қалын сұрап, үйіне барады.
Сазгердің ауырып отырғанын көрген ақын: «Қай жерің ауырады?» деп
сұрап, «Жүрегім» деген жауап алады. Сол сәтте ақын:
Қайран менің жүрегім, жас жүрегім,
Көктем едің бір кезде, тасқын едің.
Жастық дәурен, жалтақтап қарайлайсың,
Сені ойласам, ұйқым да қашты менің, - деп өлең жазып кетеді.
"Қайран менің жүрегім" әні осы кездесуде дүниеге келген екен.
«Қайран менің жүрегім» әні орындалады.
1 -жүргізуші:
«Құстар қайтып барады» деп өзі жырлағандай абзал жан қоңыр күзде 2012 жылы 77 -ге қараған шағына мәңгілік мекеніне аттанды. Бірақ ақын ағамыздың жыры қазақ аспанында қалықтап тұр. Құстар келді ән салып деп жүріп қазақ даласын ән мен жыр мен тербетіп өтті асыл аға.
2 -жүргізуші:
Ұлы халық тұрғанда ақын есімі ешқашан ұмытылмайды.Сазгердің
«Құстар қайтып барады» әнінің де сөзін Тұманбай Молдағалиев жазған.
Бірде ақынға Нұрғиса Тілендиев «Сенің өлеңдеріңе алда талай ән
жазамын. Бірақ та, дәл осындай ән қайта шықпайды. Мені ақтық
сапарға осы әнді айтып, шығарып салыңдар,» - деп аманат етіпті.
Бүгінгі кешімізді Тұманбай атамыздың «Құстар қайтып барады» әнімен
аяқтаймыз.
Хор. Құстар қайтып барады.
1 -жүргізуші:
Осымен, Көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің
шығармашылығына арналған «Тұманбай жыры - тұнған қазына» атты әдеби - сазды кешімізді жабық деп жариялаймыз.
2 -жүргізуші:
Келесі кездескенше қош сау болыңыздар!