- Учителю
- 'Елбасы - дана тұлға' атты іс-шараның жоспары
'Елбасы - дана тұлға' атты іс-шараның жоспары
ТӘРБИЕ САҒАТЫ
Тақырыбы: «Елбасы - дана тұлға»
Күні:
Сыныбы: 7/8
Мақсаты:
-
Оқушыларға тұңғыш Елбасымыз - Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы, еңбек жолы, саяси және басшылық қызметі туралы толық мағлұмат беру;
-
Оқушылардың ой-өрісін дамыту, өзіндік пікір қалыптастыру, шығармашылық ізденісін дамыту;
-
Елбасының өмір жолынан үлгі ала отырып Отанын, халқын сүйетін, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын алғыр да білімді, тарихымызды бағалайтын, шынайы патриот, ержүрек тұлға тәрбиелеу, ұлттық дәстүрімізді қастерлеуге үйрету.
Көрнекілігі: иллюстрациялық материалдар, «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаяны» атты кітап, Елбасымыздың өзі жазған кітаптары, Қазақстанның картасы.
Барысы.
-
1. Алғысөз.
- Құрметті оқушылар, аса қадірлі ұстаздар мен қонақтар! Бүгінгі ашық тәрбие сағатын елімізде салиқалы саясат жүргізіп отырған, әлем мойындаған дара әрі дана тұлға, аса білімді, алғыр басшы, мемлекет қайраткері, абыройлы азамат, Елбасымыз, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнап отырмыз.
Тәрбие сағатын, Нұрсұлтан Назарбаевқа:
Мақтанышым - Көк байрағым, Ұраным,
Қырдағыны қалт жібермес Қыраным.
Сарқылмасын өзің ашқан бұлағың,
Жарқырасын өзің жаққан шырағың.
Елің үшін ұзақ ғұмыр сүре бер,
Құдайдан сол күні-түні сұрарым. - деп өзінің тілегің арнаған халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Қомшабай Сүйеніштің сөздерінен бастамақпын.
Ал енді оқушылар мен сендерге біраз сұрақтар қоямын, сендер нақты әрі толық жауап бересіңдер, жарайды ма?
- Оқушылар, біз қай елде өмір сүріп жатырмыз?
- Ұлтымыз кім?
- «Қазақстан» сөзін естігенде қандай ойлар келеді?
- Елімізді басқаратын адамның лауазымы?
- «Президент» сөзі қандай мағынаны білдіреді?
Президент - (латын тілінде, praesidens - алда отырған, бастаушы) - басқарудың республикалық формасындағы елдердің сайланып қойылған мемлекет басшысы; қайсыбір қоғамдық мекемелердің жетекшісі.
-
2. «Аукцион» ойыны.
Енді оқушылар мен сендермен «Аукцион» ойының ойнаймын. Аукцион деген - бір затқа бірнеше адамның таласуы. Мен сатамын, яғни сұрақтарды қоямын, ал сендер оны білімдерімен сатып аласыңдар, яғни сұрақтарға жауап бересіңдер.
-
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кім? Ол қашан, қай жерде туды? (1940 жылы, 6 шілдеде, Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында)
-
Нұрсұлтан Назарбаев қашан Президент болып сайланды? (1991 жылы 1-желтоқсанда)
-
Н.Назарбаев алғашқы еңбек жолын қайда бастады? (1960 жылы Теміртау қаласындағы металлургия тресінде жұмысшы болып бастады)
-
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі» туралы Декларация қашан қабылданды? (1991 жылы 16-желтоқсанда)
-
Астана қаласының тұсаукесері қашан болды? (10 маусым, 1998 жыл)
-
Елбасының жазған қандай еңбектері бар? («Еуразия жүрегінде», «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында», «Бейбітшілік кіндігі», «Тәуелсіздік белестері», «Сындарлы 10 жыл»)
-
ҚР Мемлекеттік рәміздерін атаңдар (Ту, Елтаңба, Әнұран)
-
ҚР Мемлекеттік Әнұраны қашан қабылданды? (2006 жылы 7 қаңтарда)
-
ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторлары кім? (Ш.Қалдаяқов, Ж.Нәжімеденов, Н.Назарбаев)
-
3. Жүрекжарды.
Енді, бұл бөлімде оқушыларымыздың қатысуымен Елбасымыз Н.Назарбаевтың жан тебіренісі мен толғанысынан туған, жүрекке жылы тиер ой орамдары, ел бірлігі, жер тұтастығы, ұлт болашағы туралы айтылған пікірлері оқылады.
Нәзкен: «Садағаң кетейің, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойда қуат, ойда нәр - бәрін аянбай сарп етуге пейілмін!»
Кәмиля: «Қандай қасіретке қабырғасы қайысса да қаймықпай төзе білген, қажырлы да қайсар қазақ халқының алдында мен бас иемін!»
Аяжан: «Менде қазақтың елдігін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудан басқа мақсат та, арман да жоқ!»
Меруерт: «Осы елдің Президенті ретінде де, осы ұлттың бір перзенті ретінде де дәйім көңілімнің төрінде тұратыны - туған халқым!»
Ақтоты: «Ел көшін бастау - маған сын, мені қостау - елге сын».
Нәзкен: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екенінді ұмытпа!»
Кәмиля: «Салтанаты жарасқан қаласы бар, байтағы ұшан-теңіз даласы бар, аруақ қолдаған бабасы бар ел екенімізді мақтан етейік!»
Аяжан: «Қасиетті қазақ жері - ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер».
Меруерт: «Тағдыр қазаққа қырын қарамаған: жер де берген, кен де берген, ел де берген, ер де берген».
Батырхан: «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ».
Ақтоты: «Қазақтың кең-байтақ жерінде аңызға айналған тұс тіпті аз, бәрі де қастерлі өлке, қасиетті мекен».
Нәзкен: «Қазақ халқы - дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп өркендеп келе жатқан байырғы халық».
Меруерт: «Ана тілі - бәріміздің анамыз, өйткені ол - ұлтымыздың анасы».
Батырхан: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін».
Аяжан: «Абайдың сөзі - қазақтың бойтұмары».
Ақтоты: «Жер бетіндегі жақсылық пен ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды».
Батырхан: «Астана келбеті - ұлт келбеті».
Меруерт: «Жаңа Астана - Тәуелсіз Қазақстан үшін жарқын келешектің нышаны».
Кәмиля: «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отан деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады».
Аяжан: «Ендігі жерде біз, бәріміз бір атаның - қазақ халқының ұлымыз. Ендігі жерде бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол - жалпақ қазақ даласы».
-
4. «Елбасы» флипчарты.
Тәуелсіздік туы желбіреген күннен бастап елімізді ерен жетістіктерге жеткізген, бейбіт өмірдің салтанат құруына, экономиканың еңселі дамуына жол ашқан, қазақ халқының дүние жүзіне танылуына көп еңбек сіңірген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев екен. Ал ендігі кезекте, мына тақтада берілген үлкен плакатқа, Елбасы деген ұғыммен нені байланыстыра аласыңдар, соны шығып, жазасыңдар.
-
5. Елбасының ғылыми атақтары.
-
Экономика ғылымының докторы.
-
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академияның, Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі.
-
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің құрметті профессоры.
-
Беларус Ғылым академиясының құрметті мүшесі.
-
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
-
Ұлы тұлға - ұлт мақтанышы.
Халқымыз Елбасымызбен мақтана аламыз. Себебі ол ұлы тұлға. Ол кісі кезіндегі хан, батырлар сияқты тарихта ерекше орын алады. Қазір біздің оқушылар, Елбасымыздың шетелдерде болған кезде, басқа елдердің саясаткерлерінің Президентімізге айтқан естелік сөздеріне тоқталып кетеді.
Кәмиля: Франция Сенатының экс-төрағасы, Кристиан Понселе: «Қазақстан Президенті өзін кемеңгер адам ретінде көрсетті. Онда көшбастаушылық талант бар. Ол оған көп ұлтты қоғамда бірлік пен өркендеуге қол жеткізуге көмектеседі. Ол бүгінде Қазақстанның халықаралық табысының басты факторы болып отыр» деген екен.
Меруерт: Қырғыз елінің саяси шолушысы, Тоқтағұл Какчекеев: «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлеміндегі аса көрнекті саяси және мемлекет қайраткері екендігін мойындау керек» деп айтқан екен.
Аяжан: Түркия Парламентінің депутаты, Ахмет Кенан Танырқұлу: «Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл түркі халқының көшбасшысы болып табылады» деген.
Нәзкен: Қазақтың дарынды ақыны Тұманбай Молдағалиев өзінің «Есіл ер» деген жырында былай деп жазып кетіпті:
Сөйлесіп бір жүрген қай сөзіңде де халықты биік қоясың,
Халықпен бірге ашығасың да, халықпен бірге тоясың.
Жастықтың жалын шақтарыменен бірге айтып әндерін,
Қазақстанның бақтарымен бірге жапырақ жаясың.
Көкірегіңде көнермей әлі өткен де кеткен жылдар жүр.
Соңыңа ердік сол ғана бізді жеткізеді деп бақытқа,
Бақытқа баста байтақ еліңді, бақытсыздықтан құр қалдыр.
Нұрсұлтан бар деп нұрыңа сенің шомылғандай боп жүрем мен,
Бейнеңді көрсем беймезгіл кезде қабағымды ашам түнерген.
Сүйеміз сені, санамыз сөніп қалмай тұрғанда сүйеміз,
Алланың бізге бір өзі сеніп өкілісің сен жіберген.
-
Елбасының қосымша қызметтері.
Елбасының өзге де қандай қызмет атқаратынын, қандай лауазымдары мен мансаптары бар екеніне тоқталып кетейік.
-
Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы.
-
Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғары Бас Қолбасшысы.
-
Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының Төрағасы.
-
«Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының Төрағасы.
-
Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Бас Төрағасы қызметін атқарды.
-
Тест.
1. Н.Назарбаевтың туған елі?
а) Үштерек
ә) Қоңыржай
б) Шамалған.
2. Шұғылалы күн ненің белгісі?
а) бақыттың
ә) бейбітшіліктің.
б) бостандықтың
3. Н.Назарбаевтың отбасында неше бала болды?
а) 4.
ә) 2
б) 3
4. Ту, Елтаңба, Әнұран дегеніміз не?
а) мемлекеттік құжаттар
ә) мемлекеттік рәміздер.
б) мемлекеттік бағдарламалар
5. Президенттің жарлығында Ту, Елтаңба, Әнұран туралы не айтылған?
а) Қазақстан азаматтары мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге міндетті.
ә) Қазақстан азаматтары мемлекеттік рәміз Әнұранды орындауы тиіс
б) Қазақстан азаматтары мемлекеттік рәміздерді білуі аса қажет
6. Астана қаласының ішінен ағып өтетін өзен?
а) Ертіс
ә) Есіл.
б) Еділ
7. Елтаңбаның жоғарғы жағында не бейнеленген?
а) жалау
ә) шаңырақ
б) жұлдыз.
8. Елбасының резиденциясы қалай аталады?
а) Ақ үй
ә) Ақ орда.
б) Үкімет үйі
9. Президентіміз қандай партияның төрағасы?
а) Асар
ә) Қазақстан Компартиясы
б) Нұр Отан.
10. Биыл ҚХА-ң неше жылдығы аталып өтілді?
а) 10
ә) 20.
б) 25
-
Н.Назарбаевтың отбасы мүшелері:
Жұбайы Сара Алпысқызы «Халықаралық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорын» басқарады.
Үлкен қызы Дариға - саяси ғылымдарының докторы, «Хабар» Ақпараттық агенттігінің директорлар Кеңесінің Төрайымы, Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары.
Екінші қызы Динара - Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті қорын басқарады.
Кіші қызы Әлия бизнеспен айналысады, «Элитстрой» құрылыс компаниясының басшысы.
-
Қорытынды. «Тілек микрофоны».
Енді, сабағымызды қорытындылау үшін, оқушылар сендер мынау микрофонды алып, Елбасымызға алдағы уақытта не тілейтіндеріңді кезектеп айтасыңдар.
-
Рефлексия.
-
Бүгінгі сабақ ұнады ма?
-
Не білдіңдер?
-
Не білгілерің келеді?
«Жылдар сөйлейді»
1991 жылы 1-желтоқсан - Ел жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті етіп сайлады.
1991 жылдың 16-желтоқсанында - Қазақстан Республикасының Жоғарғы сессиясының отырысында Қазақстан «Тәуелсіз демократиялық және құқылық мемлекет» деп жарияланды.
1992 жыл - Қазақстан БҰҰ-на мүшелікке қабылданды.
1992 жылдың 4-маусымында - еліміздің мемлекеттік нышандары - Елтаңба, Ту, Әнұран қабылданды.
1993 жылы 15-қарашада - Қазақстан Республикасының Ұлттық ақшасы - теңге айналымға енді.
1995 жылы 28-қаңтарда - Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды.
1997 жылы - елдің астанасы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы Президент жарлығы шықты.
1997 жыл - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жолдады, «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасына қол қойды.
1998 жылы 10-маусымда - Астана қаласының жаңа астана мәртебесіндегі ресми тұсаукесері өтті.
1999 жыл 10-қаңтар - Қазақстандағы жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесінде Н.Ә.Назарбаев 79,78% дауыс алып, жеңіске жетті.
2003-2005 жылдар - Қазақстандағы ауыл жылдары.
2005 жыл, 4 желтоқсан - ҚР Президенті сайлауында Н.Ә.Назарбаев 91,5 % дауыспен жеңіске жетті.
2006 жылдың 7-қаңтары - ҚР жаңа Әнұраны қабылданды.
2010 жыл - Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ төрағалық етті.
2011 жыл - Қазақстан Республикасы ИКҰ төрағалық етті.
2011 жылы, 3 сәуір - ҚР Президентін сайлауда Елбасы Н.Ә.Назарбаев айқын басымдылықпен жеңіске жетіп, Президенттік өкілеттілігін одан әрі жалғастырды.
2012 жыл - «Қазақстан - 2050» Стратегиялық бағдарламасы қабылданды.
2015 жыл, 26-сәуір - Қазақстан Республикасының Президентін сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев басым дауысқа ие болып, жеңіске жетті.
Елбасының қызмет жолы
1960 жылы Днепродзержинск техникалық училищесін, 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинатына қарасты техникалық оқу орнын, 1976 жылы Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетіне қарасты Жоғары партия мектебін бітірген.
Еңбек жолын 1960 жылы Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия комбинатында қатардағы жұмысшы болып бастап, домна пешінің аға газдаушылығына дейінгі жолдан өтті.
1960-1969 жж. - Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеді.
1969-1973 жж. - Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды.
1973-1977 жж. - Қарметкомбинаттың партком хатшысы.
1977-1979 жж. - Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы.
1979-1984 жж. - Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы.
1984-1989 жж. - Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы.
1989-1990 жж. - Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы.
1990 ж. ақпан - сәуір айлары аралығы - Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің төрағасы.
1990 ж. сәуір - 1991 ж.1 желтоқсан - Қазақ КСР президенті.
1991 ж. 1-желтоқсанынан - Қазақстан Республикасының Президенті.
Солтүстік Қазақстан облысы
Айыртау ауданы
«Егінді-Ағаш орталау мектебі» КММ
Тақырыбы: «Елбасы - дана тұлға»
Өткізген: Қожабеков М.Д.
2015-2016 оқу жылы