7


  • Учителю
  • Баяндама Отбасы тәрбиесінің бала дамуында алатын орны

Баяндама Отбасы тәрбиесінің бала дамуында алатын орны

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІНІҢ БАЛА ДАМУЫНДА АЛАТЫН ОРНЫ



Шауенова Э.С.,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

С.Мәуленов атындағы гимназия

Қостанай қаласы

Қазақстан Республикасы



Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы - туған ұясы, өз отбасындағы тәрбиесі, тілі. Қазақтың: «Баланың бас ұстазы - ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» - дегендей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн. Қай халық болмасын үмітін ең алдымен ұрпағымен байланыстырады. Міне, сондықтан да:

«Ана - үйдің берекесі,

Бала үйдің - мерекесі.

Бұтағымен ағаш сымбатты,

Ұрпағымен адам қымбатты.

Бала болсаң балғындай бол.

Айналаңа қорғандай бол» - деген қағиданы берік ұстаған ата-бабаларымыз өз ұрпағын «адам» деген атаққа лайық етіп өсіруді мақсат еткен.

Ата-ана тәрбие беруде ата-бабамыздың салт-санасы, әдет - ғұрпында жүргізілген үлгі-өнегесінің мәнісі зор. Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана - баланың алғашқы ұстазы. Адамзат баласы ананың мейірлі мейіріне қанып, әке өсиеттерін тыңдап өссе ғана тәрбиелі отбасынан шыққанын көпке танытады. Ана - бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Дана Абай бабамыз қазақ әйелінің, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды. Жалпы, «адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» - деген ғұламалық ойды тарата келе, осы қасиеттің міндетті түрде тәрбиеленуі туралы айтады.

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты - балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты - тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні - өз ұрпағы. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап, ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол - бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз - ата-ана. Ата-ана - бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез - құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше, үй ішінің, үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» - дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді. Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз. Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай-шу мен дау-жанжалға, ұрыс-керіске шыдап жүре бермек. Басқа өмірді аңсайды, немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді, егер осы теріс жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей беріңіз. Бақытсыз қыз, бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда негізгі кінәні кімнен іздейміз?! Үлкендер балаға тек ақылды бол деп ауызша айта бергеннен гөрі, ақылды оймен іс жасауды өзіміз жасап көрсеткеніміз абзал. Үйде ата-ана әр ісімен үлгі болса, бала да сол әдепті әдетке айналдырары хақ. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін еш нәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала - әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік. Шәкәрім атамыздың «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады: олар - барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді» дегеніндей, құнды қасиеттерге не рухани адамды қалыптастыру - шынында да, оның туған кезінен басталса керек.[1,7-8-бет]

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді дана халқымыз. Осы айтылған халық даналығына келсек, бала кішкентай кезінен - ақ әр нәрсеге әуестеніп, үлкендерге көмектескісі келіп өседі. Баланың бұл іс - әрекетіне кейбір ата - ананың «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрсып жіберетіні бар. Бұл - қате түсінік.

Дана халқымыз: «Адамның бақыты - еңбекте» деп бекер айтпаған. Шынында да, адам өз қадірін, құрметін сол адал еңбегі арқылы алады. Ата - аналар балаларын жастайынан - ақ еңбек етуге, қандай қиыншылықтар болса да төзіп, оны жеңуге үйретіп келген. Олар бірер жұмыс істегенде перзенттерін жанына алып, олар ығыр болып кетпейтіндей дәрежеде жайлап түсіндіріп, үйретіп отырса, балалар жұмысты тындырымды істеуге қалыптасады. «Әкенің кәсібі, ананың рәсімі» деген қағиданы ұмытпауымыз керек екен. Яғни, балаларды жастайынан әке кәсібіне, ал қыз балаларды анасының рәсіміне баулу бұрыннан келе жатқан дәстүріміз. [2,3-4-бет]

«Адам бақыты - бала» деген ғұлама ойшылдарының пікірін біздің қазақ былай тұжырымдайды: «Адам бақыты - бала, егер ол саналы болса». Сондықтан қазақ құдайдан бала сұрағанда

«О, құдай, бала бер,

Бала берсең - сана бер!

Санасыз болса,

Қайта өзің ала бер» дегенінен сан ғасыр бойы өз ұрпағын «сегіз қырлы, бір сырлы» өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар - ожданы жоғары, намысқой азамат тәрбиелеп келгені - тарихи шындық.

Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі - бала. Дүниеге келерінде де, келген соң да әке - шешесін боямасыз татулыққа, сыйластыққа, ынтымаққа шақыратын, ата - ана көңілін жақындастыра түсетін - бала. Перзентсіз үйдің бар жұбанышы бүгінгісі ғана, оның өзі де өткінші екенін, ертеңгі қуанышы, қызығы қырқылып, үзіліп қалатынын әділетшіл халық ашық та айтады, ашып та айтады. Сондықтан да ол «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп түйеді. Бұл - халықтың қамын қарастыру, елдікті ойлау, елдің ертеңгісі жөнінде қам жеу. Осы ойды ертеден келе жатқан «Ата - бәйтерек, бала - жапырақ» деген бейнелі мақал да растайды. Әрине, өсетін, өрбитін ағаш жылда бүршік жарады, жапырақ жаяды. Болашағы бар деп осыны айтады. Келешекке үміт артуды көп балалы болумен де ұштастырады халық.

Балаға отбасы мүшелерінің сөзі, мінез - құлқы ғана емес, ондағы қоршаған заттар да әсер етеді. Үйде кітап көп болса, отбасы иелері - әкесі мен шешесінің ұстағаны қағаз, қалам, оқығаны кітап болса, баланың да көз ашып көргенінің қаншалықты әсерлі болатыны ғылыми - педагогикалық, көркем әдебиеттерде де айтылып келеді. Баланың естігені оқу - ғылым жайлы болса, әке - шешесінің сөзі де сол болса, ондай баланың болашақта таңдап алар жолы да соған сәйкес болмақ, әрине егер ата - анасы соған оны тарта білсе.

Қазақ халқы, әсіресе, өмір гүлін үздіксіз егетін ананың ақ сүтін, адал еңбегін айрықша атайды. «Ажалды ана жеңеді, ана жеңбесе бала жеңеді» деп ана арқылы өмір желісі үзілмейтінін, бала арқылы жалғасатынын парасаты биік, білгір халық бейнелеп білдіріп отырады.

Бұзақылықтың басы - баланың бос жүруінен басталады. Үй шаруасына қол жұмсамай өскен бала өсе келе қолы бостығынан, зеріккендігінен үйден тыс теріс әрекетке беріледі, қисық жолға түседі. Оған қоса кейбір ата - аналар түрлі сылтау айту салдарынан балаларын өтірік айтуға үйретеді. Кейде сабақты жиі қалдырған балаға әр түрлі сылтауды тауып айтуды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда ата - ана балаға өтірік айтуды үйретіп отырғанын аңғармай да қалуы мүмкін. «Жас шыбықты қалай исең, солай өседі», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақалдар осыған дәлел. Сондықтан ата - ананың берген тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдыратынын ескерген жөн. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарытуда оларды дамыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, баланың бойында табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау - ата - ананың басты парызы.[3,26-27-бет]

Бала тәрбиесі игілікті іс деп саналады. Бала - табиғатынан өте құмарпаз, әуесқой және тынымсыз айнала зерттеушісі. Әр бала басынан сипағанды, жылы сөйлегенді, аялап еркелеткенді, ертегі мен әңгіме тыңдағанды, ойын ойнағанды ұнатады. Мұның барлығы - баланың бойындағы ересектерден ерекшеленіп тұратын негізгі қасиеттер. Бұл қасиеттер тек балаға ғана тән. Сонымен қатар осы қасиеттерді баланың жастайынан ата - анасы ескеріп тәрбие бергені дұрыс, ескерілмей қалған жағдайда балалық шағынан шыққан ересектің жағымсыз қылықтары мен іс - әрекеті ата - анасына таяқтай тиеді, баланың болашағы болмайды. Осыған қоса баланың сезімі де пәк екенін естен шығармаған жөн. Баланы періштеге теңеу осыдан шыққан ба деген ой келеді.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе», - деген ұлы қаламгер М.Әуезов. Қазақ халқында жаңа өмірдің, жарық дүниенің есігін ашқан нәрестенің өзіне сый - құрмет көрсетіліп, дәріптейтін лайықты салт - дәстүрлері де бар. Әлемдік жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға әрекет етуде. Олай болса салт-дәстүр - өсіп келе жатқан баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің ұлт өкілі ретінде өсіп, үлгі-өнеге алуына әсерін тигізеді.[4,22- бет]

Отбасындағы тәрбие, үлкендердің әрбір сөзі, ісі, мерекелік рәсімдер, салт-дәстүрге байланысты ұйымдастырылған шаралар - баланың қоғамдағы өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына әсер ететін алғы шарттар деуге болады. Салт-дәстүрдің үлгісін отбасында өнеге ретінде көрсете білген ата-ана баланың отбасына, ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға алғашқы қадам жасайды. «Адам еш уақытта өзімен өзі адам болмайды, адам болуды шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап үйренеді. Ал адамды адам ететін - жұмыр жерді мекен еткен сан толқын ұрпақтардың ақыл-ойы мен тірнектеп жинаған тәрбиесі. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға ауысатын тарихи-әлеуметтік, қоғамдық - практикалық дәстүр сабақтастығы болмаса, адамзатта прогресс те болмақ емес. Сол тарихи-мәдени тәрбиені танып білу арқылы адам баласы өзінің парасат - болмысын шыңдайды.»[5,5-6 -бет]

Қазақ халқы қандай да болсын қуанышын жеке отбасы болып қана емес, көрші-қолаңын, туған-туысын, ел-жұртын жинап атап өтетін дархан халық. Той - думанның, қуанышты хабардың жаршысы ретінде «Сүйінші» айтылады. Сүйіншіні жеткізуші адамның көңіл-күйі көтеріңкі, ерекше қуанышты жағдайда болады. «Сүйінші - қуанышты хабар жеткізушінің сөзі. Мысалы, «Сүйінші, сүйінші! Келініңіз ат ұстар (ұл) тапты» деп хабар әкелген адамға «Қалағаныңды ал» деп, аяғын қуанышты қонақасыға айналдырып жібереді.» Сүйіншіні жеткізетін адам бір отбасын қуантып, жақсы хабар әкелетін дәнекер. Оның қалағанын, сұрағанын беруге той иесі міндетті. Сүйінші дәстүрін «Шілдехана» жалғастырады. «Шілдехана - жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын той. Дастархан жайылып, жастар ән салып, домбыра тартып, ұлттық ойындар ойналады.» Жаңа туған нәрестеге азан шақырылып ат қойылып, жөн-жоралғысы жасалады. Бір ескертетін жайт, салт-дәстүрлерді үлгі-өнеге етудің басы-қасында балалар да болу керек. [6,12-13- бет]

Ретімен, сәнімен келетін салт-дәстүрлердің өзіндік ерекшелігін, рухани құндылығын көріп, тыңдап отырған балаға қайталанбастай әсер қалдырады. Өсіп келе жатқан ұрпақ салт-сананы көру арқылы ата - бабасының қалдырып кеткен бай мұрасын бойына сіңіреді, қоғамның жеке тұлғасы, отбасының бір мүшесі ретінде жауапкершілігін сезінеді. Ұлттық құндылықтарымызды ұяда ұлықтап өскен ұрпақ қана болашақта баянды бақытқа кенеледі. Сол себепті де отбасы тәрбиесінің бала болашағы үшін ролі ерекше.









</ Пайдаланған әдебиеттер:



  1. Н.Николаева, Н.В. Наймушина. Отбасылық құндылықты құрметтейік. Сынып жетекші анықтамалығы. №4 2014ж.

  2. А.Топтаубаева Өнегелі отбасы. Мектептегі мерекелер. №3 2014ж.

  3. Н.Шанузадаұлы, Ж.Ерғалиева. Әдептілік қағидалары. Өнер,2000ж.

  4. С.Қалиев. Үлгілі үйдің ұл-қызы. Алматы,Санат.2000ж.

  5. Н.Нүсіпбаева, Р.Оразалина. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» . Тәрбие құралы. №6 2011ж.

  6. Б.Темірғалиева. Ата салтым - асыл қазынам. Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. №4 2014 ж.











 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал