7


  • Учителю
  • Баяндама 'Отбасылық тәрбиедегі этникалық мәдениет құндылықтарға тәрбиелеу' 6 - сынып

Баяндама 'Отбасылық тәрбиедегі этникалық мәдениет құндылықтарға тәрбиелеу' 6 - сынып

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Ақшұқыр мектеп - лицейі



















Баяндама


Отбасылық тәрбиедегі этникалық мәдениет құндылықтарға тәрбиелеу












Сынып жетекшісі: Кузекбаева А.













Отбасылық тәрбиедегі этникалық мәдениет құндылықтарға тәрбиелеу

Отбасы - адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.

Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі - бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәіресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге , салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.

Баланың дамуының қандай қырын алмай ық, қай жас кезеңінде болмасын оның тиімді болуында отбасының ролі ерекше.

Қазіргі отбасының басты қызметтері мен міндеттеріне тоқталайық:

  • Тәрбиелік;

  • Сауықытыру;

  • Рухани-адамгершілік;

  • Танымдық-білімдік;

  • Тұрмыстық;

  • Еңбек;

  • Мәдени-ағаратушылық;

  • Демалыс-шығармашылық;

  • Тұлғаның өзіндік тәжірибесін ынталандырушы;


Басты міндеттері:

  • Баланы үйлесімді дамыту;

  • Бала денсаулығына қамқорлық жасау;

  • Оқуына көмек көрсету;

  • Еңбек тәрбиесін жүзеге асыру және мамандық та4дауға көмектесу;

  • Тұлғаның әлеуметтенуіне көмектесу;

  • Ізгі, эмоцианалды-адамгершіліктік қатынас тәжірибесін қалыптастыру;

  • Жалпы мәдени және интеллектуалдық дамуына қамқорлық жасау;

  • Өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзін дамытуға дайындау;

  • Жыныстық тәрбие, болашақ отбасылық өмірге даярлау.


Сонымен қатар отбасының тәрбиесінің мәңгілік басты құрауыштары бар.

Олар:

  • Отбасы тәрбиесінің ахуалы(дәстүрі, қатынасы, жайлылығы);

  • Отбасы өмірінің күн тәртібі;

  • Әрекеттер мазмұны (әкенің, шешенің, әженің, атаның, балалардың).

Қазақ отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелері педагог- ғалымдар С. Қалиев, М.Смайылова, М.Оразаев, С. Ұзақбаева, К. Қожахметова, Р. М. Қоянбаев, Ж.Б. Қоянбаевтардың еңбектерінде жан-жақты сөз болған.

Ж.Б. Қоянбаев «Семья және балалар мен жеткіншектер тәрбиесі» атты еңбегінде отбасының өзіне тән ерекше қызметтері деп: халықтың өсуін, адамзат ұрпағын әрі қарай жалғастыруын, қажеттік- шаруашылық функциясын , отбасының тәрбиелік функциясын, отбасы мүшелерінің өзара және туған- туысқандарымен қарым-қатынас жасау функциясын есептейді.

Аталған еңбекте отбасы тәрбиесінің бір қалыпты жағдайда іске асырылмайтындығы және отбасы тәрбиесінің сәтсіз болуының басты себебі- ересек адамдардың педагогикалық көзқарастарының қауқарсыздығынан дей келе, отбасындағы бала тәрбиесіне игі ықпал етуде мәні бар төмендегі белгілерді атап көрсетеді.

  1. Отбасының этикалық құрамы және құрылымы толық емес отбасы:бір балалы, көпбалалы отбасы бірұлттық , көпұлттық отбасы;

  2. тіршілік әрекетінің және ортаның жағдайлары: отбасы мүшелерінің білім дәрежесі, еңбектену, кәсіптік құрамы, бюджеті, жалпы матириалдық әл-ауқаты, ауылдық және қалалық отбасы;

  3. Отбасының мәдени потенциалы:күнделікті тұрмыстың жалпы мәдениеті, күн тәртібі, демалыс, оның формалары, кітапхананы, теледидарды, музыка аспаптарын пайдалана білуі, спортпен айналысуы, үйелмендік дәстүрлік мерекелер.

  4. Ішкі отбасылық қатынастар,отбасы микроклиматының сипаттамасы, отбасында көзқарастың бірлігі және айырмашылығы, отбасы мүшелерінің өз міндеттеріне көзқарасы;

  5. Қоғамға көзқарасы: еңбек және қоғамдық міндеттерге, қоғамдық тәрбие инстуттатарына қатыса;

  6. Отбасының тәрбиелік потенциалы: отбасылық тәрбие, қолданылатын әдістер, ата-аналарының және басқа мүшелердін педагогикалық мәдени дәрежесі.

Әр халықтың өзіндік ерекшелігіне қарай отбасы тәрбиесінде де өзгешеліктер болады.

Белгілі ғалым Я.И.Ханбиков: «Халықтық эмпирикалық білімдер саласы, оларда тәрбиенің мақсаттары мен міндеттері, еңбекшілердің кең бұқарасы қолданылатын тәрбие мен оқытудың халықтық құралдары , іскерліктері мен дағдылары көрініс табады»,- деп бекер айтпаса керек.

Ал, Г.Н.Филоновтың: «Белгілі бір халық белгілі бір жерде қолданылатын тәрбие тәсілдері мен әдістерінің жиынтығы болады. Олар бір ұрпақтан екінші ұрпаққа беріліп отырады және олар ең алдымен адамдардың тіршілік процесіне ие болған белгілі бір дағды мен білім ретінде меңгеріледі. Адамзат баласының пайда болған кезінен өмір сүре отырып, ол өз бойына бала тәрбиесіне деген ғасырлық ғұрыптары мен талаптарын сіңірген",- деген пікірі де әр халықтың бала тәрбиесінде өзіндік ерекшеліктері болуының заңды құбылыс екенін дәлелдей түседі.

Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады.

Мәдени құндылық деген ұғым философиядағы, қоғамтанудағы және педагогикадағы негізгі құбылыстырдаңы бірі болып табылады. Мәселен, философияда құндылық қоршаған дүниедегі объектілдердің әлеуметтік ерекшеліктерін, олардың адам мен қоғам үшін, қоғамдық өмір мен табиғаттағы құбылыстардың дұрыс немесе бұрыс мәнін көрсету, түсіндіру үшін қолданылады. Сондай-ақ, мәдени құндылықты қоғамдық сана түрінде сипаттап қана қоймайды, сонымен бірге оларға баға береді, оларды мақұлдайды немесе айыптайды және олардың жүзеге асуын талап етеді, немесе кемшілікті жоюдың есебі деп санайды. Мәдени құндылықтардың арасында философтар, прогресшіл ойшылдар мен педагогтар әрқашан бірінші орынға адамның құқығын, оның бостандығы және оған сәйкес келетін тәрбие мен білімді бөліп қарастырған. Кез-келген халықтың өмірінде мәдени құндылықтардың орнығуы қоғамның тарихи дамуының заңды нәтижелері болып табылады. Адам құқығының адамгершілік мүмкіндігі басқа мәдени құндылықтар сияқты мыңдаған жылдар бойы жинақталады және жаңа үлгінің негізі адамның мінез-құлқын реттеуші ретінде қызмет етеді. Мамандар дәлелдегендей, оқушылардың рухани-адамгершілік тұлғасын қалыптастыру ісі оларға адамзат баласының қолы жеткен қоғамдық-тарихи тәжірибесін игерту және тұтастай алғанда әлеуметтік-этикалық нормалар мен жалпыадамзаттық ізгіліктерді қатар игеруге болатынын дәлелдеп берді. Бұл өлшемдер халықтық дәстүрлерде, адамгершілік уағыздарда, діни мәдениетте жазылып қойған және әлеуметтік ойдың тәуір белгілері, тұлғаның қасиеттері, адамгершілік үлгілері шоғырландырылған күйде әдептіліктің қоғамда қабылданған үлгісі ретінде көрінеді.

Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман тілектеріне сүйеніп отырған.

Қазақ отбасында дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, құқықтық, сұлулық тәрбиелері жүргізілген. Қазақ отбасында аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудың мақсаты жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу болды.Отбасындағы дене тәрбиесінің мақсаты бала денесін дамыту, денсаулығын нығайту, ағзасын шынықтыру және күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруға, салауатты өмір салтына тәрбиелеу болды.

Қазақ халқы еңбекті бүкіл тәрбие жүйесінің күретамыры деп қарастырды. Еңбекке асыл мұрат деңгейінде қарады. Еңбек тәрбиесі деп баланы еңбекке сүйіспеншілікпен, еңбек адамдарына құрметпен қарауға, халық шаруашылығының салаларындағы еңбек түрлеріне баулу, еңбек іс - әрекетінің барысында олардың дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру, болашаққа мамандық таңдауға дайындауды түсінді. Отбасында еңбекке тәрбиелеу, баулу мен кәсіптік бағдар беру баланың қоғамға пайдалы , өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген сапалы көзқарасты тәрбиелеудің, жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады.

Қазақ отбасы баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, олардың тәртіп және мінез құлық тәжірибесін қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу арқылы адамгершілікке тәрбиелей білді.

Сондай-ақ, қазақ отбасында адам зиялылығының негізі - ақыл-ой тәрбиесі деп есептелінді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, негізі ойлау операцияларын меңгерту, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру міндеттері шешілді.

Тәрбиенің басқа да салаларымен тығыз байланысты тәрбиенің түрі экономикалық тәрбиеге де қазақ халқы ерекше мән берген. Қазақ халқы бала тәрбиелеуде экономикалық тәрбие деген ұғ,ымды пайдалабағанымен, тәрбиенің бұл түрі отбасында мақал, өсиет айту, өнеге көрсету арқылы жүзеге асқан. Мысалы, «Еңбегі қаттының ембегі тәтті», «Еңбек- өмірдің тұтқасы, тіршіліктің көзі», « Еңбек - түбі береке», «Үнемшілдік-сараңдық емес», «Ескі киімді баптағаның, жаңа киімді сақтағаның», «Сараң дүниенің малын жыйса да тоймайды» деген мақалдары дәлел бола алады. Бұл ата-бабамыздың экономикалық тәрбиенің негіздері еңбек тәрбиесінде екенін жақсы түсінгенін байқатады. Қазақ отбасында экономикалық тәрбие арқылы айырбас, бөлісу және табыс табу сияқты негізгі экономикалық қатынастарды тәжірибеде меңгеру жүзеге асты.

Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің ішкі жұмыстарына үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған.

Қазақ халқының күнделікті кәсібінде, тұрмыс- тіршілігінде төрт-түлік мал бағу, аң аулап кәсіп етуді ұйымдастыруында да экономикалық тәрбиенің нышандары айқын аңғарылады.. Мәселен, «Мал өсірсең - қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп қой малының пайдасының зор екенін ұғындырса, ешкінің өсімталдығыҚмен оның да пайдасы көп екендігін: «Есің кетсе ешкі жи, ешкі жи да, есіңді жи» деп нақты ұғымды кеңестер береді.

Тіпті, қазақ отбасы балаға ертегі арқылы да экономикалық тәрбие бере білген. Оған: «Мақта қыз бен мысық", «Ақылды қыз бен тазша», т.с.с. ертегілер мен халық арасында кең тараған Қожанасыр туралы әзіл әңгімелерден де экономикалық құбылыстар мен оларды шешудің тиімді жолдарын аңғарамыз.

«Жеті Жарғы» заңының бір бабы «құн төлеуге арналуы және «судың да сұрауы бар» деген ата-бабаларымызды кім экономикадан хабарсыз болды дер екен.

Сол кезеңдегі қазақ теңгелерінің дүниеге келуі оның тек қана сауда айналымы үшін ғана емес, өзінің экономикасын жүргізу жолдарын ерте меңгергендігін де дәлелдейді.

Қазақ халқы экономиканың жана -табыс табу мәнін балаға түсіндіре отырып, оның таза жолмен келгені дұрыс екендігін де ескертіп отырған. Табысқа қабілеттілер, еңбекқорлар ғана жететінін, табыс табу, пайда табудан да үлкен өнер екенін жақсы түсінген. Мәселен, «Артық олжа- басқа еңбек», «Оңай олжа -тұрмас қолға», «Шығын шықпай , кіріс кірмейді», -дейді халық.

Қорыта келгенде, қазақ отбасында экономикалық тәрбие берудің мәні баланы жасынан еңбекті бағалауға, уақытты, ұтымды пайдалануға, үнемшілікке, сараңдыққа салынбауға, ұқыптылыққа, ақша, қаражатқа дұрыс көзқарас қалыптастыру, олардың қалай келетінін немесе табысты да таза еңбекпен жасауға үйрету, тәрбиелеу деуге толық негіз бар.

Ал, ата-бабаларымыздың қоршаған ортаны аялауы мен оған деген,ізгі, мейірбан қарым-қатынасын мақтанышпен айтуға тұрады. Себебі олар көшпенді өмір сүргендіктен әркез өздерін табиғаттың бір бөлігіміз деп есептеген. Жер Анаға деген құрмет пен ізет олардың санасында ғасырлар бойы қалыптасқан.

Сондықтан, экологиалық нормалардың, ережелердің қажеттілігін жастардың мінез-құлқында тәрбиелеу және экологиялық мәдениет дағдысын қалыптастыру әрекеттері қазақ отбасында бала аяғы шығып, апыл- тапыл жүре бастаған кезден-ақ қолға алынған. Мысалы, баланың тұсауын көк шөппен кесудің терең тәрбиелік мәнімен бірге тірі табиғатқа деген көзқарасын білдірген. Қазақ отбасындағы тәрбие құралдарының бірі болып есептелетін тыйым сөздердің мазмұны ата-бабаларымыздың экологиялық тәрбиеге зор мән бергенінің дәлелі болып табылады. Мәселен «суға дәрет сындырма», «көк шөпті жұлма», «отқа түкірме» және т.с.с.

Қазақ халқы адамның сұлулық сезімдерінің тұлға өмірінде зор рөл атқаратынын жете түсінген.Әсемдікті көре, түсіне, жасай білу адамның рухани өмірін байытады және өнер деп білген.Қазақ отбасындағы сұлулық тәрбиесінің мақсаты баланы көркемдік пен сұлулықты тануға, оған баға беруге, күнделікті өмірдегі адамның жеке басының, қатынас, үй-жағдай және киім-кешек мәдениетін,сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасуының қалыптастыру және талғампаздыққа тәрбиелеуді көздеді.

Қазақ отбасы тәрбиесінің құралдары дегенде халық ауыз әдебиетін, ұлттық ойындар, айтыс, және шешендік сөздерді, ойын-сауықтарды т.б. айтамыз.

Қазақ отбасында жоғарыда аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудағы ежелден қолданып келе жатқан өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Олар: балаларға қайрымды, ізгі қатынас жасау, сыйлау адамгершілік сезімдеріне әсер ету, жанама ықпал жасау, құлықтық қолдау, өзіне деген сенімін нығайту, сенім арту, реңіш, наразылық білдіру, тыю, айыптау, бұйыру, еркелікте кінәсін мойындату, түсіндіру, мысал келтіру, үлгі-өнеге, ғибрат айтуды есептейміз.

Қазақ отбасында баланың ерте есеюіне көп көңіл бөлген . Оны жүзеге асыруда олар үлгі-өнеге көрсету, жауапкершілікке арту әдістерін шебер пайдаланған. Баланы ерте жастан-ақ жауапты іс-әрекетке тартып отырған. Мысалы, бес жасында атқа мінгізіп, бәйгеге қосу, қозы баққызу, үлкендердің арасындағы дауды шешу, келіссөз жүргізу т.с.с. істерге бірге ертіп жүрген.

Қазақ отбасы тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктер қатарына жататын әдіс-тәсілдердің бірі бұл-тұспалдап айту арқылы шешендікке баулу.Сонымен қатар тұспалдап сөйлеуді -сыйластықтың керемет бір үлгісі деуге болады, өйткені ол белгілі біреуге қадап, айыбын бетіне басып айтылмайды .

Бала алғаш өзіне еркелетіп, тұспалдап айтылған мазақтамалар арқылы зеректікке, тапқырлыққа жаттықса, өсе келе өзіндік шығармашылық танытатын болған. Ол үшін қазақ отбасында даярлық ерте жастан жүргізілген.

Мәселен, үйге қонақ келгенде алдымен қонаққа арнап балаларға өлең, тақпақ, жұмбақ, жаңылтпаш айтқызатын болған.

Сондай-ақ қазақ отбасы тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы мүшелерінің қатынасының маңызы зор.Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтын бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептемейміз.

Және қазақ отбасындағы бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке- жеке мән беріп қарастыруда оның өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысының бірі.

Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған.

Қазақ отбасындағы арнайы жазылып бекітілмеген «заңдары» әке мен ұлдың, шеше мен қыз баланың, әке мен қыздың , қыз бен жеңгенің, келін мен ененің, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің, бажа, жезде, бөлелердің арасындағы өзара қарым- қатынастары әрқайсысын әдептілікке тәрбиелеудің ерекше қымбат үлгісі іспетті.

Сол сияқты, жас келіннің үлкен - кішіге ат қоюының өзінде үлкен философиялық мән бар. Одан жас келіннің отбасы тәрбиесінің деңгейі, ақыл- ой дәрежесі, тапқырлығын аңғаруға болады. Халқымыздың мінез - құлқының елеулі ерекшелігі болып саналатын, адамдардың бір-біріне көмектесу, әсіресе қуаныш пен қайғыда сүйеу болу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де өнегелі дәстүрге айналған. Және қазақ халқында ерекше құрметтелетін адамшылдық қасиеттің бірі-ар болып есептеледі. Ары бар адамда намыста, әділдікте, адамгершілік пен имандылықта болары сөзсіз.

Қазақ отбасында балаға тілі шығып, анық сөйлей бастаған кезден-ақ , ағайын туысты, нағашы жұртын, ата тегін, руын , ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген."Жеті атасын білу» заң болған. Ата-бабаларымыз өз тегінің шығу тарихан білуді әр азаматқа парыз деп ұққан. «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөз содан қалса керек. Баланың өзі шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп есептеген. Отбасы мүшелері балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қанақоймаған. Олардың қандай адам болғанын, өнегелерін үлгі етіп отырған. Әрі сол арқылы отбасы шежіресін жалғастыруға баулуды мақсат еткен.

Қазақ отбасының осындай өнегелері жеке бастың мінез-құлқы мен рухани мәдени құндылықтарын қалыптастырудың баспалдақтары болады.

Халықтық педагогиканың негізгі міндеті- тәрбиелеу. Осы орайда біздің мектебімізде жас ұрпақтың бойында ата-бабамыдың салт дстүрін дәріптеуге, құрметтеуге негізделген ұлттық орталықтар жұмыс жасайды. Қазақ мектебі болғандықтан және ұлт болашағының жас ұрпақтарын тәрбиелеп отырғандықтан ата-ана мен мектеп бірлесіп этникалық мәдениет құндылықтарын жас жеткіншектің бойына сіңіртуде бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарымыз баршылық. Атап айтсақ, қыз балаларға дәстүрлі тәрбие беретін "Бойжеткен" орталығы, ал ұл балаларға дәстүрлі тәрбие беретін "Бозбала" орталықтары жұмыс жасайды. Бұл орталықтарда айына 1 рет имандылық сағаттары, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін сайыстар өткізіліп тұрады. Мысалы, "Ару -2006", "Жігіт сұлтаны", "Алтын сақа", "Ана көрген тон пішер", "Серілер шықты сайысқа" атты т.б. тәрбиелік шаралар өткізіледі. Бұл шаралар міндетті түрде салт-дәстүрімізді дәріптеуге бағытталған.

Ата-ана мен мектеп арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында "Аналар мектебі" мен "Әкелер" мектебі жұмыс жасайды. Олардың мақсаты- оқушыларды инабаттылыққа, кішіпейілділікке, ізеттілікке, имандылыққа тәрбиелеу және халқының ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойларына сіңіру. Осы мақсатта айын бір рет "Аналар" мектебінің аналарымен қыздарға арналған "Қызым саған айтамын", "Қыз қылығымен сүйкімді", "Қыздарға ақыл-кеңес", "Ұлым, сен ертеңгі азаматсың", "Жігітке жеті өнер де аз" т.б тақырыптарда тәрбиелік мәні зор іс шаралар өткізілді.

Сонымен қорыта келгенде, отбасы тәрбиесіндегі этникалық мәдени құндылықтары деп төмендегілерді айтуға болады:

  1. Жетілген адам, яғни «Сегіз қырлы, бір сырлы адам» тәрбиелеу.

  2. Отанды, халқын, жерін, елін сүю «Атаның ұлы емес, халықтың ұлын» тәрбиелеу.

  3. Адал, арлы азамат тәрбиелеу, яғни «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы».

  4. Жеті атасын білуге тәрбиелеу. «Жеті атасын білмеген жетесіз».

  5. Отбасы шежіресі мен мұрагерлік (туыстық қарым-қатынас, үш жұрт, отбасындағы кенже ұлдың рөлі). Ата-баба дәстүрін жалғастыру.




Павлодар облысы Баянауыл ауданы

Майқайың №1 қазақ орта мектебі





Облыстық тамыз конференциясында оқылған баяндама


Тақырыбы:


«Отбасылық тәрбиедегі

этникалық мәдениет

құндылықтарға тәрбиелеу.»












2006 жыл




 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал