7


'Ер қаруы -бес қару'

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Қ.Кемеңгеров атындағы жалпы орта білім беру мектебі

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай

«Ер қаруы - бес қару» атты танымдық сағат және көрме



Өткізген: Жуманова А.С.

Жоғары санатты мұғалім, 21 жыл еңбек өтілі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі



2014 -2015 оқу жылы

ТҮСІНІК ХАТ

Бұл танымдық сағатта қазақ тілінде кездесетін «бес қаруын асынған» фразеологиялық тіркесінің астарлы мағынасына қарай оның халық фольклорындағы эпостық жырлардағы қолданысына түсініктер берілген. Тарихи деректерге сүйене отырып, батырлар жырында жиі кездесетін бұл тіркестің мән-мағынасын ашуға ұмтылыс жасалынады. Көшпелі халық арасындағы әскери құрылым, сол кездегі жауынгерлердің пайдаланған қарулары жайлы тың деректер келтірілген. Өте ерте замандағы әскери құрал-саймандар туралы жазба деректерге сүйеніп, оның бүгінгі таным-түсініктегі көрінісін арқау етеді.

Ал викториналық сұрақтар бөлімінде әрбір құрал -саймандардың атауының шығуы мен қолданылуын оқушылардың жан - жақты меңгерулерін танытса, соңында көрмеге дайындаған заттарын қорғау арқылы білімдерін жинақтайды.

Тақырыбы: «Ер қаруы - бес қару» атты танымдық сағат

Мақсаты: Оқушыларға қазақ хандығының 550 жылдық тарихы жайлы, сол кезеңдегі батырлар қолданған қару -жарақтары туралы түсініктерін тереңдете отыра олардың логикалық ойлау қабілеттерін, қол еңбек икемдерін дамыту.

Міндеттері: 1. Оқушыларға отандық тарих туралы жан - жақты түсінік беру.

2.Балалардың бойындағы патриоттық сезімдерін дамыту.

3. Еңбек құралдарымен жұмыс жасай отыра, ептілікке , жинақылыққа үйрету.

4. Өзінің қолдан жасаған еңбегін сыныптастары алдында қорғай білуге үйрету.

Бағыты: азаматтық - патриоттық.

Сынып : 7

Барысы: І. Ой шақыру:

  • Батыр деп бір кімдерді атаймыз? Ерлік жасаған, елін, жерін сыртқы жаудан қорғаған ер жүрек батырларды айтамыз. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Алпамыс, Қобыланды, Амангелді, Исатай, Махамбет деген көптеген батырларымыз бар.

Қазақ батырлары

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шапырашты Наурызбай.

Өңкей батыр жиылып,

Абылай салды жарлықты.

Үш жүздің басын қосқан Абылай хан - Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың ерлігіне сүйенген. Қазақ батырлары атты өлеңді жазған Бұқар Жырау атамыз Абылай ханның кеңесшісі, ақылшысы болған.



ІІ. «Ер қаруы - бес қару» тіркесі жайлы ғылыми түсінік беру.

Батырлардың қарулануын білдіретін "бес қаруын асынды", "бес қаруы бойында", "бес қаруын сайланған" деген сөз тіркестері тілімізде, ауыз әдебиетінде жиі қолданылады. Қазақтарда "ер қаруы - бес қару" деген мақал сөз де бар. Бірақ бұл бір ауыз сөздің астарында не мағына жатқаны бұл күндері көпшілікке түсініксіз. "Ер қаруы деген не?" Олардың саны неге бесеу? Олардың қандай ерекшеліктері бар?

Қазақ тілінде адамға қатысты қолданылатын "ер" сөзінің екі түрлі мағынасы бар: а) жалпы еркек жынысты адам; ә) батыр, қаһарман, ер жүрек, жауынгер кісі. Көне түркі тіліндегі руникалық жазба ескерткіштерінде, ХІҮ ғасырдағы түркі тілдерінде де "ер, ерен" сөзі батыр, жауынгер деген мағынаны білдірді [1].

Қазақтың эпостық қаһармандары Ер Қосай, Ер Тарғын есімдерінде "ер" сөзі, Қобыланды батыр, Алпамыс батыр есімдеріндегі сияқты, "батыр" сөзінің синонимі ретінде қолданылған. Түркі тілдерінде "батыр" ("баатыр"/ "батур"/"баһадур") сөзі қолданысқа кейін еніп, көнеден келе жатқан "ер", "алып сөздерін ауыстырды". Ал "қару" - соғыста қолданылатын жауынгерлердің шабуыл құралының атауы. Соғысқа, әскери іске қатысты осы екі атау қосылып, "ер қаруы" деген сөз тіркесі, халықтық әскери термин ретінде, жай қару емес, соғыс қаруы, жауынгердің соғыста қолданатын жеке қаруы (қылыш, айбалта, найза, т.б.) деген ұғымды білдіреді. Бұл сөз тіркесінде ер қаруының басты екі ерекшелігі көрініс тапқан. Бірінші - жалпы еркек адам емес, тек жауынгер, әскери адам ғана ұстайтын құрал екендігі, екінші - күнделікті тұрмыста емес, тек соғысқа қолданатын құрал екендігі. Осы күндері әдебиет, баспасөз беттерінде әр түрлі авторлар "бес қаруға" бірнеше құралдарды, садақ, найза, мылтық, айбалта, қанжар, шоқпар, пышақ, қамшы, т.б. жатқызып жүр. Енді осы аталған құралдардың бәрі де жоғарыда анықталған екі ерекшелікке сәйкес келе бере ме екен, соған тереңірек үңіліп көрелік.

Қамшыны батырлар ғана емес, атқа мінген әр адам (әйел, еркек, жас, кәрі) және мал баққандардың бәрі ұстанған. Қамшыны, әдетте, малды және құл иеленуші қоғамда мал санатында есептелген құралдарды ұру үшін пайдаланды. Қазақтарда да, басқа халықтарда да қылмыс жасаған адамға қамшымен дүре соғылатын. Сондықтан көшпелі халықтарда, оның ішінде қазақтарда да біреуге қамшы жұмсау оны малға, құлға немесе қылмыскерге теңеумен бірдей болды. Қамшыны құлға, қылмыскерлерге жұмсалатын құрал ретінде түсіну орта ғасырлық жазба деректерде айтылады. Шайқы Балхи өзінен ақыл-кеңес сұраған Халиф ар- Рашидқа былай дейді: «мұсылмандардың әміршісі ол Алла тағала саған халықты әділеттілікте ұстап отыру үшін үш зат берді: байлық, семсер және қамшы. Байлықпен сен кедейлікке тосқауыл қоюуың керек. Семсермен сен халықты езушілерді құртуға міндеттісің, ал күнахарларды қамшымен жазалауың тиіс».

Көне грек тарихшысы Геродот жазып кеткен скифтердің ертедегі бір аңызында да осы туралы айтылған. Елу жыл бойы жорықта жүрген скиф жауынгерлері еліне қайтып келе жатады. Ұзақ жылдар бойы ерлерінен хабар болмаған әйелдері өздерінің соқыр құлдарымен тұрып, олардан бала туады. Скиф жауынгерлері елдің шетіне жеткенде құлдан туған, есейген ұлдар оларды елге жібермей, соғыса бастайды. Ұзақ айқасып скифтер оларды жеңе алмайтын болған соң, айқасты тоқтатып, өзара кеңес құрады. Сонда бір ақылгөй қарт жауынгер мынандай кеңес берген екен: Ей, скиф жауынгерлері, осы біз не істеп жүрміз, Біз өз құлдарымызбен соғысып жүрміз, біз қарумен соғысқан соң, олар өздерін бізге тең санап, азат адам санап жүр, сондықтан жеңіліс бермейді. Біз найза, жарақтарымызды тастап, оларға қамшы алып шығайық. Егер біздің қару орнына қамшы алып шыққанымызды көрсе, олардың өздерінің құл екені естеріне түсіп, оны мойындап, қарсыласуға шамасы жетпейді [2].

Скифтер бұл кеңесті мақұл көріп, құлдарға қамшы алып шығады. Қамшыны көрген құлдар сескеніп айқас туралы ұмытып, қаша жөнелген екен. Міне бұл аңызда скифтер қамшыны жауынгерлік қару емес, құлды бағындыратын құрал ретінде пайдаланғаны жөнінде анық айтылған, оның осы мәні құлдан туған ұлдарға өздерінің құл екенін есіне түсірді. Көшпелі халықтың жауынгерлік этикасын дұрыс түсінбегендіктен, Ресей ғалымы А.П.Бородовский бұл аңызға сүйеніп, скифтер қамшыны соғыс құралы ретінде қолданған деп теріс тұжырым жасайды [3].

Бірақ өзі аналог ретінде Ертедегі Спартада да құлдар көтерілісін спарталықтар жауынгерлік қарумен емес, қамшымен басқанын, яғни құлдарға қару емес қамшы қолданғанын мысал қылып келтіреді. Дәстүрлі қоғамда затты қолданғанда оның символдық мәні ескеріліп отырады. Жауынгер скифтер мен спарталықтар үшін құлдарды өздеріне теңеп, олармен қару алып соғысуы қаншалықты мүмкін емес болса, өздеріне тең, азат әскери адамға қамшы жұмсау соншалықты мүмкін емес. Қазақтарда да қамшы әскери қаруға жатпайтынын 19- ғасырда Ш. Уәлиханов та жазып кеткен [4].

Шығыс бейнелеу өнерінде де айқас кезінде қамшы қолданған жауынгерлер бейнесі кездеспейді. Әрине, адам өзін-өзі қорғауда немесе кісі өлтіруде тұрмыстық затты да, егіншінің, малшының құралдарын да, тасты да, пайдалана беруі мүмкін, бірақ әр кәсіби істі кездейсоқ зат емес, тек кәсіби құрал ғана сипаттайтынын ескерсек, малшы құралы - қамшыны ер қаруына жатқызу қателік.

Барлық түркі халықтарының қаһармандық эпостарында соғыс кезінде батырлардың жекпе-жек айқастары 5 қару түрімен сайысу - садақ ату (1), найзаласу (2), қылыштасу (3), балталасу (4) мен шоқпарласу (5) түрінде өткен. Ертедегі ұлы жиын тойларда да осы қару түрлерінен батырлардың сайысы болған. Қару түрінің жауынгерлік жекпе-жек сайысын өткізу мүмкіншілігі - ер қаруының үшінші ерекшелігі болып табылады.

Осы уақытқа дейін көшпелі халықтардың әскери ұйымының құрылымын сипаттағанда, негізінен әскердің ондық жүйемен бөлінуі ғана айтылады. Бұл - әскери құрылымның көлемдік сипаты ғана, яғни сандық көрсеткіші ғана. Қазіргі замандағыдай, бұрынғы кездерде де көшпелі халықтардың әскерінің құрамы қару түріне қарай бөлінген. Әр қаруды жете меңгерген жауынгерлерден арнайы садақшылар, найзашылар, қылышкерлер, айбалташылар, шоқпаршылардан тұратын әскери бөліктер, қосындар құрылған. Мысалы, "Манас" жырында қырғыз, қазақ және басқа түркілерден құралған жетпіс мың әскердің құрамында 20 мың сакдақшылар қосыны, 30 мың мылтықшылар қосыны, 5 мың гүрзішілер қосыны, 5 мың найзагерлер қосыны және 10 мың қылышкерлер қосыны болғаны айтылады [5].

Түркі халықтарының басқа да жырларында мұндай деректер кездеседі. Әскерді бұлай қару түріне қарай бөлу қазақтарда да болғанын тарихи жырлар деректері дәлелдейді [6].

Жазба деректерде Абылай, Кенесары әскерлерінде де осындай қару түріне сәйкес бөлінген топтар болғаны көрсетіледі. Әрине, әр әскер бөліктерінің жауынгерлері бір ғана қару түрін ұстап жүрген жоқ, мергендер қолына найза, қылыш ұстаса, найзагерлердің белінде қылышы, садағы болды т.с.с. Ал бірнеше қаруды меңгерген, бесаспап батырлардан ауыр қаруланған арнаулы бөліктер құралған. Қару түрінің әскер құрамын анықтауы-ер қаруының төртінші ерекшелігі. Әскери бөліктердің қару түріне қарай бөлінуі әскери құрылымның сапалық сипаты, ал бұл сипат оның әскери - техникалық деңгейін анықтайтын көрсеткіші болып табылады.

Көшпелілердің соғыс өнерінде батырлардың жекпе - жегі ғана емес, бүкіл әскердің ашық майдандағы айқасы, оның тактикасы осы жауынгерлік қару түрін қолдануға қатысты құрылды. Ұрыс алыс қашықтықтан садақпен атысудан басталып, адамдары шығынға ұшыраған жау әскерімен жақын қашықтықта бетпе - бет айқаста найзаласумен жалғасты, одан әрі қарай қоян-қолтық шайқаста қылышпен шабысу, айбалта, шоқпар сілтеу секілді тәсілдерге көшетін. Күштің тепе-теңдігі бұзылған жағдайда, қаша ұрыс салып, қайтадан шауып келе жатып артқа қарай садақ атуға көшіп, жаудан айласын асыруға тырысатын. Бұл әскери тактика барлық түркі-монғол халықтарына ортақ әдіс болды.

Соғыста қолбасшылар әскери тактиканы ойластырғанда бес қару түрін айқаста қолдану мүмкіншілігін ескеріп, ұрыс салу әдісі соған негізделген. "Әмір Темір аманаты" атты ортағасырлық жазба ескерткіште былай делінеді: "Жақсы қолбасшы, жау әскер басыларының санын біліп, оған өзінікін қарсы қоюы тиіс, ол қай қарумен қаруланған жауынгерлерді, олар садақкерлер, найзагерлер немесе семсермен қаруланғандар бола ма, айқастың басына кімді қоятынын жақсылап ойластыруы керек" [7].

Әскери тактикаға негіз болу - ер қаруының бесінші ерекшелігі. Сонымен, жекпе-жек өткізетін, әскери бөліктер құратын, әскери тактиканы анықтайтын қарулардың ішінде де қанжар мен қамшы жоқ.

Соғыс қаруының тағы бір ерекшелігі, бұл - алтыншы ерекшелік, - ер қаруы ретінде олармен жоғары дәрежелі әскери лауазымдарды белгілеу, әр түрлі символдық мағынада қолдану. Әдеби ескерткіштерге және алуан түрлі өнер жәдігерлеріне сүйенсек бұл дәстүрдің барлық елдердің тарихында болғанын байқаймыз. Түрік сұлтандары таққа отырғанда, қазақ хандарын ақ кигізге көтергенде олардың белдеріне қылыш байланатын. Еуропада рыцарь дәрежесін алғандарға корольге семсер таққан, Шыңғысханның кешітендері (жеке ұланы) "қылыш ұстаушылар" деп аталған, оғыздарда жақ хандықтың белгісі болды. Түрік сұлтандарының жеке ұландарының (гвардиясының) арнаулы бөлігі (солақтар) белгі ретінде жақ пен жебе ұстап жүрген. Шығыс шахтары, хандарының "үзенгішілерінің" (үзеңгі ағасы), орыс патшаларының жеке күзетшілері "рындалардың" лауазым белгісі - айбалта. Шоқпар - казак атамандарының, поляк гетмандарының лауазым белгісі. Иран, түрік қолбасылары да, дәреже белгісі ретінде, шоқпар ұстайтын. Байрақ, шашақ тағылған найза - көп халықтарда әскербасылық белгі. Мұнда да әскери дәреже белгісі ретінде қолданылған қарулар бесеу екенін көреміз: семсер (қылыш), найза, айбалта, шоқпар және садақ. Әскери дәрежені бейнелейтін қарулардың ішінде де қанжар жоқ. Көшпелі халықтардың әр замандардағы қанжарлары семсер, сапы, қылыштардың формасын тура қайталайды, яғни сол қарулардың тұрмыста қолдануға арналған кішірейтілген үлгісі. Қанжарда (кездікті, пышақты) күнделікті тұрмыста хан да, қара да, батыр да, малшы да, ер де, әйел де, бала да пайдаланған. Қанжарды көбіне күнделікті өмірде, серуенде, үйде т.б. жағдайларда таққанын көреміз.

"Ер қаруының" санының бесеу болып қалыптасуы олардың айқаста бірін-бірі ауыстыра алмайтын тек өзіндік жеке қызметінің болуына байланысты. Соғыс қаруларының негізгі жұмсалу тәсілі бес түрлі болып қалыптасқан. Олар: ату (садақ), кесу (қылыш), түйреу (найза), шабу (балта), соғу (шоқпар). "Қылыш мұраты - кесу" деген қазақ мақалында қылыштың негізгі функциясы анық айтылған. Басқа қарулар осы бесеуінің вариациалануы, түрленуі ғана. Осы бес ер қаруының әр түріне негізгі функциясымен бірге қосымша функциясы беріледі, мысалы, кесу қаруына түйреу-шабу мүмкіншілігі, шабу қаруына қосымша кесу-түйреу-соғу қасиеті, соғу қаруына түйреу мүмкіншілігі қосылады. Алайда бұл қосымша қасиеттер қарудың негізгі жұмсау тәсілін өзгертпейді, бірақ қандай қосымша қасиеттері қосылғаны немесе қай қасиеті күшейтілгеніне байланысты әр қару түрінің бірнеше жаңа типтері мен үлгілері пайда болады. Бұл толықтырулар әр қарудың түрлі нұсқаларының сыртқы формасына өзгерістер енгізеді. Соғыс қаруының өзіндік жұмсау тәсілмен айшықталынуы - ер қаруының жетінші ерекшелігі.

Сонымен, "ер қаруы - бес қаруға" мынадай анықтама беруге болады. "Ер қаруына" мынадай басты ерекшеліктерге сай келетін:

а) өзіндік жұмсау тәсілі бар;

б) жауынгерлер ғана ұстайтын;

в) соғысқа ғана қолданылатын;

г) жауынгерлік жекпе-жек сайысын өткізуге болатын;

д) әскер бөліктерін құруға негіз болатын;

ж) әскери тактиканы анықтайтын;

и) әскери қару ретінде түрлі жоғарғы дәрежелі әскери лауазымды белгілейтін жауынгерлік қарудың негізгі бес категориясы - ату қаруы (садақ, оқ), түйреу қаруы (найза, сүңгі), кесу қаруы (қылыш семсер, сапы), соғу қаруы (шоқпар, гүрзі), шабу қаруы (балта, айбалта, шақан) жатады.

Бұдан "ер қаруы - бес қару" сөздерінің астарында көшпелі халықтарда ертеден қалыптасқан, көшпелілердің жауынгерлік қаруды жүйелеудің өзіндік жүйесі жатқанын көруге болады. Тілдік деректерді, ауыз әдебиеті материалдарын талдау қазақтардың (жалпы көшпелі түрік халықтарының деуге болады) қаруды классификациялаудың бұл жүйесін толық қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

ІІІ. « Батырдың батырлығын қаруынан таны» тарауы бойынша әрбір қарудың жасалу жолдарына тоқталып, түсінік беру.

Қазақтың аңыз-дастандарында жауынгерлер қауымы өкілдері яғни, батырлар қолданған бес түрлі қару туралы жиі сөз болады. Қазақта «Ер қаруы - бес қару» деген даналық бар. Қару-жарақтың бес түрге топтастырылуы оның қасиеттеріне байланысты. Жауына күйрете соққы беретін қару-жарақтың әр қайсысының өзіндік қайталанбас қасиеттері бар. Осы қасиеттеріне қарай ер қаруы: ату, кесу, шабу, түйреу және соғу қаруы деп бес түрге бөлінген. Әр топ іштей бірнеше түрге жіктеледі.

Ату қаруы

Түркілердің негізгі қаруының бірі - жақ деп аталған. Ол ағаш, сүйек, мүйіз, қайың қабығы (тоз), сіңір мен былғары сынды материалдардан жасалады. Ол бірнеше бөліктен тұрады. Түркілер жебені пайдаланатын мақсаты мен ұшына қарап бірнеше түрге бөлген. Ұшы жалпақ екі айыр болып келетін жебе «қозы жауырын» деп аталады. Ол жарақатты тереңірек салуға арналған. Ал, сауыт бұзуға арналған үшкір, үш-төрт қырлы жебе «сауыт бұзар» немесе «көбе бұзар» деп аталған. Түркілер жебенің ұшын темірден, сүйек, мүйіз бен ағаштан да жасаған. Адамды аттан құлатып түсіру үшін немесе аңға шыққанда түркілер ұшы цилиндр тәріздес ағаштан жасалған «доғал оқты» пайдаланған. Ал, соғыс кезінде дыбыстап белгі беру үшін «ысқырық» оқтар қолданылған. Ал, садақтың оғы салынатын қапты қорамса десе, жақты салатын қорапшаны «садақ» деп атаған. Міне, ерте заманда қазақтардың әкери қару-жарағы осындай атауларға ие болған.
Кейінірек қазақтар жақтың орнына мылтық пайдалана бастады. Ертедегі бабаларымыз білтелі мылтық, бытыралы, шүріппелі мылтықтар пайдаланған.

Кесу қаруы

Түркілер жауынгерлері кесу қаруының: семсер, қылыш және сапы деген үш түрін қолданған. Түркілер қылыштары басының қайқылығына, пішініне қарай, сабының және балдағының пішініне орай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы «наркескен». Оның қайқылығы бірден алқымынан басталады, сондықтан кесу күші жоғары болған. Асыл қылыштың ерекше түрін қазақтар да өзге түркі халықтары секілді «зұлпықар» деп атаған. Зұлпықар (арабша Зу - л фикар - «жасын» деген сөз) - Әзірет Әлінің (Мұхамед пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы, төртінші халиф Әлі ибн Әбу Тәлібтің) аты аңызға айналған қасиетті екі басты қылышының аты. Кейбір қылыштар шапқанда ауыр болу үшін басы үлкейтіліп, жалпақ қылып жасалған және ұшының сыртында шығыңқы тұрған жотасы болған. Оны «жалман» деп атаған. Жыраулар шығармаларында мұндай ауыр қылыштар «алдаспан» деп аталады. Қазақ батырлары қылыштың бұл түрін өте жоғары бағалаған. Ал, қылыш, семсер салатын бұйым «қынап» деп аталады. Оны асынып жүруге арналған бауды «қылыш бау» деп атайды. Қынап ағаштан жасалып, былғарымен немесе барқытпен қапталған. Металмен әшекейленіп, алтын, күміс және асыл тастар қондырылған. Кейбір қынаптар таза металмен қапталған.

Түйреу қаруы

Қазақта екі түрлі түйреу қаруы болған. Ұшы жалпақ болып келетін қылышты қазақтар «найза» деп атаған. Ұшы қырлы ұзын қылыш «сүңгі» делінген. Ол жаудың сауытын сындыра соққы беруге арналған. Қазақ батырлары найза мен қайың найзаға: мойшақ, ту, жалауша, шашақ сынды белгі таққан. Ту - жалпы әскердің белгісі, мойшақ - әскербасының таңбасы болды. Түрлі-түсті жалаушалар әскери жасақтардың бір-бірін тануы үшін қажет болса, аттың жалынан немесе жібек баудан жасалған шашақтар батырлықтың нышаны саналды.



Шабу қаруы

Ертедегі қазақтардың негізгі деген төрт шабу қаруы болған. Олардың жарақаттау қабілеті мен пішіні жағынан айтарлықтай ерекшелігі бар. Бұл қарудың бір түрі «балта». Оның жүзі орташа болып келеді. Жүзі ай пішіндес әрі енді болып келетін балтаны қазақтар «айбалта» деп атаған. Жүзі сына тәріздес болып келетін қару «шақан» деп аталған. Бірақ, қазақ батырлары соғыста балтаның төртінші түрі - жарты айбалтаны көп қолданған. Кәдімгі балта, айбалта мен шақанның қасиеттерін біріктіру арқылы жасалған айбалтаның басы балға пішіндес болады.
Қазақ балтасының сабы кейде металмен көмкеріліп, былғарымен қапталады. Жауынгер балтасы сабының ұзындығына қарап: ұзын сапты, орташа сапты және сабы қысқа балта деп үшке бөлінген. Қазақтар сабының ұзындығы орташа болып келетін балтаны кеңніне қолданған. Ал, қысқа сапты балталарды әдетте белдікке қыстырып жүретін болған. Ұзын сапты айбалтаны хан сарайын немесе қорған қақпасын күзететін жауынгерлер ұстады.

Соғу қаруы

Бұл қарудың ең көне түрі «шоқпар» деп аталады. Ол ағаштан, ауыр сойыл түрінде жасалады. Кейде шоқпарға металл шынжыр немесе үшкір темір тығылады. Соғу қаруының екінші түрі - «гүрзі» деп аталады. Басы металдан құйылған ауыр шоқпар. Соғу қаруының үшінші түрі - «бұздыған» деп аталған. Бұздыған - басы алты не сегіз қырлы (әр қырының арасы тілімделіп ойылады) болып келетін, темірден жасалатын шоқпардың жеңіл түрі. Соғу қаруының төртінші түрі - «босмойын» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, босмойынның басы иілгіш келеді. Шоқпардың басы сабына қайыс немесе шынжыр арқылы бекітіледі. Мұндай шоқпарлардың басы ағаштан, тастан немесе металдан жасалған.

ІҮ. « Кім көп біледі ?» атты викториналық сұрақтар ойыны.

  1. Абылай хан кім болған? Қазақтың ханы болған.

  2. Абылай ханның шын аты кім? Әбілмансұр.

  3. Абылай хан қай жылы дүниеге келген? 1711 жылы.

  4. Абылай ханның әкесінің аты кім? Қай жерде билеуші болды? Уәли, Түркістанды билеген.

  5. Абылай хан кімдермен шайқасқан? Жоңғарлармен, қалмақтармен.

  6. Абылай кімдердің ақылына жүгінген? Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ақылына жүгінген.

7.«Алғыншы» сөзінің мағынасы қандай ? - Шолушы, әсіресе соғыс жағайынан алдын жау бетін шолушы.

8. «Аймауыт» дегеніміз не ? - Асыл болаттан соғылған ұсақ шынжыр торлы сауыт. Батырлардың ұрысқа киетін киімі.

9. «Ала білек» дегеніміз не? - Садақ оғының бір түрі.

10. «Қалқан» сөзінің мән -мағынасын аш. - Ерте заманда батырдың қарсы жақтың найза, қылыш, соққысынан, садақ оғынан майданда өзін қорғау үшін қолына ұстайтын қорғаныс құралы. Шегінген кезде арқа жағына іліп, бекітіп алады.

Ү. « Суреттер сыр шертеді» интербелсенді тақтадан суреттер көрсетіледі ,сол суреттердегі қару -жарақтар жайлы оқушылар өз білгендерін ортаға салады.

1.




2. 3.


4. 5.


ҮІ. Оқушыларға жұмыс істеу материалдары беріліп, өз қалаулары бойынша тарихи жәдігерлерді қолдан жасайды. Өз жұмыстарын қорғайды. ( Ағаш, темір ,сазбалшық т.с.с)

ҮІІ. Көрме ұйымдастыру. Марапаттау.

Қолданылған әдебиеттер:


1. Наджип Э.Н. Историко-сравнительный словарь тюркских языков ХІV века. -Кн. 1. -М.: Наука, 1979. - 478 с.
2. Геродот. История о девяти книгах. -Л.: Наука, 1972. -360 с.
3. Бородовский А.П. Плети и возможность их использования в системе вооружения племен скифского времени. -Новосибирск: Наука, 1987. -224 с.
4. Валиханов Ч.Ч. Вооружение киргиз в древние времена и их военные доспехи. - В 5-ти томах. -Т.1. -Алма-Ата: Из-во АН КазССР, 1961. - 778 с.
5. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. / Под. общ. редакцией академика М.К.Козыбаева. -Алматы: Санат, 1996. - 656 с.
6. Дәуітұлы С. Алмас қылыш: батырлар жыры. -Алматы: Жалын, 1973. -224 б.
7. Әмір Темір аманаты. -Алматы: Жазушы, 1991. - 96 б.



 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал