7


  • Учителю
  • классный час 'Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды'

классный час 'Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды'

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Айжамал Сактаганова

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы

Ж. Қалдығараев атындағы орта

мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды»!

(10-сынып оқушылары)

Мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, Отанын сүюге, оны қорғауға баулу. Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру. Маңғыстау жазушыларының шығармалары арқылы оларға патриоттық тәрбие беру. Ұлы Отан соғысы жылдарында жанқиярлықпен еңбек еткен ардагер Өтежан Алшымбаев атаның өмір жолы мен өлеңдерін және Маңғыстау жазушыларының өлеңдерін насихаттау. Оқушыларды үлкен адамдарды сыйлай білуге, оларды қадірлеуге тәрбиелеу.

Интербелсенді тақтадан соғыс туралы видео көрсетіледі.


Мұғалім: Қайырлы күн, құрметті қонақтар, ұстаздар, және оқушылар! Әрқайсымыз үшін жақын, әрі қымбат мереке Жеңіс күні де келіп жетті. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толып отыр. Бұл мерекені лайықты атап өту қазіргі ұрпақтың парызы деп білеміз. Жыл өткен сайын Отан үшін болған Ұрыстың маңызы және онда қаза болған бабаларымыздың ерліктері мәңгі жадымызда. Ерлік ешқашан да ұмытылуға тиісті емес. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 700 мыңнан астам жауынгер қатысты. Олардың басым көпшілігі ұрыс даласында қаза тауып, хабар - ошарсыз кетті.
Жеңіске жету жолында қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан соғысы тарихындағы жарқын беттерге айналды. Президентіміз Н. Ә. Назарбаеев: «Қадірлесең, қарияңды қадірле, Қазақ елі!» дегендей, біз бүгінгі кешімізде соғыс жылдарында тыл жұмыстарына қатысып, ерен еңбегімен көзге түскен Өтежан Алшымбаев атаның өмір жолына тоқталмақпыз. Сондай-ақ Маңғыстау ақын-жазушыларының соғыс тақырыбына арнаған өлеңдерімен де таныс боламыз.

1-оқушы: Алшымбаев Өтежан 1922 жылы Жыңғылды ауылында дүниеге келген. Жастайынан әке мен шешеден айырылып, жетім қалады. Атасы Өтежанды ағасы Ақмырзамен бірге 1932 жылы Форт-Шевченко қаласындағы жетім балалар үйіне тапсырады. 1939 жылға дейін сол қаладағы «Көк школ» атанған Киров орта мектебінде оқып, үздіктер қатарында болады. Өтежан ағаның еңбекке араласуы 1939 жылдан басталады. Балалар үйінің тәрбиешісі болып қызмет атқарады. Соңынан Таушықтағы орта мектепте аға пионер жетекшісі жұмысы жалғастырады.

2-оқушы: Өтежан аға «Есейдім бірге еліммен» атты кітабында былай дейді:

-1941 жылы қазан айында бірінші рет әскери комиссариаттың шақыру қағазын алдым. Армия қатарына алынатын жастарды қарап жатқан комиссия менің көзімнің көру кемістігіне байланысты әскерге жарамсыз деп тапты. 1921-1922 жылдары замандастарымның көбі әскер қатарына жүріп кетті. Бұдан кейінгі жаппай шақыру 1942 жылғы қаңтарда өтті. Армия қатарына 2000- нан астам адамның аттанғанын көзбен көріп, шығарып салдық. Таушықтағы салынып жатқан шахталардың бірқатары жабыла бастады. 1942

жылғы наурыз айында маған тағы да шақыру қағазы келді. Бұл жолы сараптаушы комиссия мені №2246 жұмысшы командасына алу туралы шешім қабылдады.

«Әлия» әні орындалады. Сөзі: Б.Тәжібаев Әні: С.Байтұрсынов

3-оқушы: Құрамында 500 адамы бар жұмысшы батальоны Алматыға жол тартты. 250 адамды Алматыда құрылысы жаңа басталғалы жатқан вагон жөндеу зауытына қалдырып, қалған 250 адамды Түрксіб теміржолының Талдықорған аумағындағы теміржол құрылыстарына жөнелтеді. Өтежан аға мұнда келген соң Тентек стансасынан Текеліге тартылған теміржол құрылысында және Айнабұлақтағы көктемгі су тасқыны бұзған теміржол көпірін қайта қалпына келтіру жұмысына кірісіп кетеді. Бұл өңірдегі құрылыс жұмыстарының аяқталуы барысында, 1943 жылдың наурызында Алматыдағы вагон жөндеу зауыты құрылысына көшіріледі. 1944 жылдың қаңтар айында бес-алты жігітті Өтежан ағамен бірге Ташкенттегі жол және құрылыс мамандарын дайындайтын техникалық мектепке жібереді.

4 -оқушы: Өтежан Алшынбаев «Жеңіс ұраны» (Сталиннің сөзін естігенде)

(үзінді)

Кремльден қыран даусы

Радиомен келгенде;

Барлық жұртым құлақ тосып,

Көсемге сөз бергенде

Көз алдымда жарқылдады

Көсем қыран бейнелі-

Әлемге үні саңқылдады,

Ұлы сталин сөйледі-

Естігенде көсем даусын

Бойды шаттық биледі.

Алға тартып селді тасқын,

Қайрат қайнап, сүйреді.

Әрбір сөзі найза болып,

Фашистерді түйреді.

Қорғасындай соқты жауды

Сөздің сом-сом түйдегі!

Әділдіктің арамдықты

Жеңетінін кім білмес?!

Қанға мас боп, болды мықты,

Фашист иттер үрген мес.

Барлық елдер жолдап сәлем,

Қосылды біздің ұранға.

Қарғыс төкті бүкіл әлем

Гитлер-сұм жалғанға.

5-оқушы: 1944 жылдың тамыз айында ол осы мектепті бітіріп, «Азаматтық және өнеркәсіп құрылыстарының шебері» деген мамандық куәлігін алады. Осы мамандық бойынша Түркістан-Сібір теміржолының Ортаазиялық Бас құрылыс басқармасының жолдамасымен Қырғызстандағы жаңа салынып жатқан Быстровка - Рыбачье теміржол құрылысында жұмысын бастайды. Соғыс жылдарындағы жұмысшы батальондар құрамында құрамында еңбек еткендердің тұрмыс-тіршілігі соғыс майданындағы әскери тәртіптен жеңіл бола қойған жоқ. Дегенмен қиыншылыққы төзе отырып, әскери борышын өтеуде Өтежан Алшынбайұлы табандылығымен көзге түсті. Ол 1945 жылы елге оралды.

«Соғыстан қайтқан солдаттар» әні орындалады. Сөзі: М.Мақатаев

Әні: Т.Әбілхатин

Мұғалім: Сондай-ақ біздің Маңғыстаулық азаматтар да Ұлы Отан Соғысына өз үлестерін қосып жатты. Маңғыстау ауданында дүниеге келген педагог, өлкетанушы, мемлекет қайраткері Есбол Өмірбаев «От-жалын жылдарында» мақаласында мынадай деректер келтірген. «Аудан еңбекшілері майдандағы жауынгерлерге арнап 386 тон, 385 пар байпақ, 336 күрте, 363 жылы шалбар, 896 құлақшын, 6660 тондық тері, 18820 кг жүн, 150 жылы көйлек, 1700 пар жылы носки, 2270 пар жылы қолғап, қол орамал, 75610 сом ақша т.б. заттар жөнелтті. «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасын жасау қорына 1 млн. 400 мың сомнан аса жинап тапсырды».

6-оқушы: Өтежан Алшынбаев «Бас, батырлар, Берлинге! (үзінді)

( Мектеп өнерпаздарының олимпиадасына Шахта орта мектебінен 40 баланы Гурьевке апарған кезім еді. Олимпиада өтпейтін болып, кемемен елге қайтқалы тұрғанда жазылған өлең)

Уа, жеңімпаз қырандар,

Үстем болсын мерейің!

Тойың болсын торқалы,

Жорықта жүрсең-ел қамы.

Жеңіп шықтың айқаста,

Жауыңменен алқалы!

Жау ғана емес, қанқұмар

Қасқыр еді бұл қалжалы.

Бүгінгі ұлы тойыңда

Бұйырды саған Москва.

Гитлершіл Берлинді

Ал бомбаның астына!

Әділдік сүйген жер жүзі

Тапсырды сеніп сендерге

Төгілген қан мен ел кегін!

Куә қып өткен күндерге,

Қара бет болған әлемге,

Өлім еккен өмірге,

Астанасы айуанның-

Күн тусын мүшкіл Берлинге!

Жаралы аң жаншылсын

Қорғалаған үңгірге!

Бас, батырлар, Берлинге,

Жетерміз ертең ол күнге!

7-оқушы: Елге келген соң Өтежан ағаның екінші бағыттағы өмір жолы басталды. Ол әуелі Маңғыстау көмір тресінде істеп, кейін аудандық кеңесі атқару комитеті жоспарлау комиссиясы төрағасы қызметіне ауысады. 1946 жылы КОКП қатарына қабылданып, 1947 жылы Қазақстан КП орталық комитеті жанындағы екі жылдық партия мектебіне оқуға жіберіледі. Бұл мектепті 1949 жылы үздік дипломмен бітіріп шығып, Шевченко аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары , Маңғыстау аудандық партия комитетінде үгіт-насихат, партия ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі , аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, Атырау облысы Мақат аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1973-1983 жылдары Өзен аудандық, кейін қалалық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарады.

1983 жылғы қаңтарда Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен

Ө. Алшымбайұлы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шығады. Өтежан аға әлденеше рет үкімет наградаларымен марапатталды. Атап айтқанда, «Құрмет белгісі» ордені, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі айбынды еңбегі үшін» медалі, «В. И. Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне» мерекелік медалі, «Еңбек ардагері»,

«Г.К. Жуковтың туғанына 100 жыл» медалі, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасы, Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарына және т.б. медальдар иесі.

Мұғалім: Жас кезінде Өтежан ағаның ақпа-төкпе ақын болғандығын біреу білсе де, біреу білмейді. Кезінде өлеңдері өлкелік баспасөз беттерінде жиі жарияланып, аймақтың өлең - сүйер, әнсүйер қауымның, соның ішінде шығармашылық мұрат тұтқан жастардың бағдаршамы бола білді. Ол өзі кездескен тарихи тұлғалар туралы мақалаларды баспасөз беттерінде үнемі жариялап келеді.

Интербелсенді тақтадан Ө. Алшынбаев зиялы қауым өкілдерімен кездескен суреттеріне шолу.

8-оқушы: Ғалым Әріп «Халық батыры» (Бауыржан Момышұлына)

Еңсесі ерен биік Ерім менің,

Елім деп, жерім деумен еңіредің

Ешкімге есең кетпей еркін жүріп

Есерді мысыңменен жеңіп едің.

9-оқушы:Еңселі тұлғаңа сай мәрт мінезің,

Ерекше өтті лаулап отты кезің.

Егесіп дұшпанменен қан майданда,

Естілді намыс қайрар қатты сөзің.

10- оқушы:Дұшпанның қалмай мазақ, табасына,

Жауыңның салдың қолды жағасына.

Жат жұртқа бермес үшін тулақтай жер

Туладың күн туғанда ел басына.

8-оқушы: Шоқтай боп кекке тұнған жанарыңнан

Шоңдығың, дөң айбатың аңғарылған.

Жимадың айылыңды Отан үшін,

Жау оғы бұрқаса да жан-жағыңнан.

9-оқушы: Қаймықпай өлімнің де елесінен,

Хас батыр, мәңгі орын ап ел есінен.

Қасқайған қаз қалпыңда ғұмыр кештің,

Өмірдің өрге жүзіп кемесімен.

10-оқушы: Жалтақтап жан бақпадың жаралы аңдай,

Айнымас қара жолдан қара нардай.

Қаныңа сіңген дара қасиетіңмен

Даңқыңды қалдырыпсың бабалардай.

8-оқушы: Танылып атың бүкіл дүйім жұртқа,

Ел болып тағы өзіңе сыйындық па,

Жан едің аруағы үстем дүниеде

Жан, Баукем, сен демеу бол қиындықта.

9-оқушы: Заманның запыран боп зары кейде,

Адамның ауырардай жаны бейне.

Қазағыңды қорғаштап тауқыметтен,

Орныңнан бір аунап түс ұлы кеуде!

Мұғалім: Сайын Назарбекұлы Өтежан аға туралы былай депті:

-Ол тек қана әкім емес - халқының ақылшысы да, ел өнерінің қамқоршысы да бола білген кісі. Шешен де, ойлы сөйлейтін Өтежан аға басқа өнерлерден де құр болмайтын. Мен білгенде Өтекең алдымен ақын болатын. Жергілікті жыр сүлейі Сәттіғұл Жанғабылов өлеңдерін әуелі осы кісі оқып, пікірін біледі екен деп еститінбіз. Өтекең ақындық қаламын жасы тоқсанға келген қазіргі шағында да қолынан түсірген жоқ. Ол тек ақын емес, өнер зерттеушісі, сарапшы да.

Бір күні машина ішінде келе жатып қасындағы кісіге (кім екенін ұмытыппын) Қуандық Шаңғытбаев деген ақынның өлеңін жатқа айтып, таңдана, әсерлене талдап келе жатқаны есімде қалыпты. Өтекеңнің: «Қуандық ақын тамаша лирик қой», деп тамсанғаны есіме түсіп отыр.

Біз білетін Өтекең жас болып көрмеген секілді. Жігіт кезін Ұлы Отан соғысының арпалысымен өткізген ол еліне бірден ержетіп оралғандай. Қалай жас болсын? Жастық қызығын қызықтатар заманы болды ма? Төңкеріс, оның соңынан ел басына түскен зауал жылдар, соған іле-шала жалғасқан соғыс, шыбындай қырылып жатқан замандастарының тағдыры - осылардың барлығы ойлы кісіні жастық жайбарақаттықтан ересектік сергектікке бірден көтеріп тастаған болар

Өмір бойы ел басқарса да халқынан да, өкіметтен де бір ауыз қарғыс естімей, осы жылы тоқсанына жеткен Өтекең асылы, өте өнерлі жан болса керек.

11-оқушы: Балта Қосбармақ «Соғыс»

Соғыс!

Соғыс!

Кешегі қанды қырғын!

Адамзатты азалы, зарлы қылдың.

Сені жеңген бейбіт күш-мадақтары,

Қасіретің- қайғысы әр жырымның.

Көргенім жоқ күп-күрең аққан қан да,

Көргенім жоқ өртенген ақ таңдар да.

Мен, өйткені, туыппын ұлы адамзат

Космосқа Гагарин атанғанда.

Жалап басты, құлақты оқ зу еткенде,

Жара салып, кек құйып жүректерге;

Болғаным жоқ,

Түтінің басылғалы,

Туыппын дәл он алты жыл өткенде.

Снарядты көргем жоқ гүрсілдеген,

Сен, өйткені, жырақта тұрсың менен.

Қолқаны атқан дәрі исін сезбесем де,

Тілегім сол: «Сұм соғыс құрысын!» деген.

Мен -ұланмын шат заман, нұрлы күнгі,

Менікі боп бар бақыт тұр бүгінгі.

Көрмесем де ананы шашын жайған,

Сезем бірақ, сұм соғыс, сұмдығыңды.

Көрмесем де, бар оған болған куә,

Менің атам-суығыңда солған қына.

Мен туғалы он бес жыл,

Сен тынғалы

Отыз бір жыл өтсе де, жиырма алтыда...

12-оқушы: Өтежан аға бес ұл, екі қызынан 21 немере, 10 шөбере сүйіп отырған мәуелі бәйтерек! 1984 жылдан бері үзіліссіз Жаңаөзен қаласының ҰОС және Тыл еңбеккерлері қоғамдық бірлестігінің қызметін атқарып келеді.

«Бейбіт күн тілегі» әні хормен орындалады. Сөзі: Ж. Нәжімеденов

Әні: Ш. Қалдаяқов

Мұғалім: Уақыттың есте қалар белгісі - ол тарих. Біз бейбіт заманында дүниеге келдік. Ешқашан әуе дабылын, бомба жарылысынан күллі көкке ұшқан үйлерді, жаутаңдаған жетім баланы, қайғырған ананы көрген жоқпыз. Суық траншеялар мен окоптарда отырған жоқпыз. Олай болса, Балта Қосбармақ ағамыз «Тыныштық» өлеңінде былай деген (үзінді):

Тыныштық!

Бұл сөз естілсе,

Шабытты өрге сүйрелер.

Құлаған таудан көшкінше

Көмейге лықсып жыр келер.

Төгілер бұл сөз әншінің

Көкірегінен ән болып,

Тыныштық-тәтті бал-шырын,

Тыныштық, оған жан серік.

Бір ауыз сөз ол-«Тыныштық»,

Өлсек те естен қалар ма?!

Бар сөзден бұл сөз тым ыстық

Жер басып жүрген адамға!

Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Заманымыз тыныш, жұртымыз аман болып, көк байрағымыз көгімізде мәңгі желбіресін демекпіз.










 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал