- Учителю
- «Желтоқсан жаңғырығы жадымызда»
«Желтоқсан жаңғырығы жадымызда»
Күні: 15.12.2014 жыл.
Сыныбы: 9.
Тақырыбы: «Желтоқсан жаңғырығы жадымызда».
Мақсаты :
1. Білімділігі: Оқушылардың бойында Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмірін салыстыра отырып, өз еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру. Ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын ояту. Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру. Тәуелсіздік үшін күрескен, желтоқсан құрбандарын еске түсіріп, желтоқсан құрбандарының ерлігі жайында түсіндіру.
2. Тәрбиелігі: Қазақстанның болашақ дамуына өзіндік үлес қосатын жеке тұлға екендерін ұғындыру. Оқушы бойында саналы тәртіп, сапалы білім алуға дұрыс көзқарас қалыптастыру. Қоғамның бір мүшесі ретінде адам өмірі мен жақсы тұрмыстық құндылықтарын ұғындыру, жауапкершілік сезімдерін ояту. Оқушыларға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүюге және ерлікке баулу. Желтоқсан оқиғасында ел қамын жеген ерлерді үлгі тұту, өнеге алуға және халқының тарихын білуге үйрету, достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
3. Дамытушылығы: Оқушылардың ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру, өткен тарихқа деген қызығушылығын ояту.
Тәрбие сағатының көрнекілігі:
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, Н.Ә. Назарбаевтың портреті, слайд, желтоқсан құрбандарының суреті.
2. Нақыл сөздер жазылған плакаттар.
3. Шарлар, гүлдер, музыкамен жабдықталған.
Мұғалім сөзі:
"Желтоқсан жаңғырығы жадымызда" атты тәрбие сағатын бастамас бұрын, сіздерді бұл мерекенің маңызымен таныстырып өтейін. Алтайдан Алатауға дейін ұлан - ғайыр жерді мекен еткен ата - бабаларымыз тәуелсіздікті арман еткен. Осынау кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың аманатын орындау үшін талай боздақтар жанкештілікке барған. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Сырым Датұлы, Кенесары, Исатай, Махамбет, Амангелді Иманұлы сияқты батырлардан бастап, Иса Досан, Шотан батырлар, ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген батырлар.
Ресейдің езгісінде болып, тіліміз бен дінімізден безіп, орыстанғалы тұрғанда Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев және де мыңдаған қыршын жастардың құрбандыққа баруы арқасында ғана тәуелсіздік алып, егеменді ел болдық.
Міне содан бері 23 жыл!
Әнұран орындалады.
І - жүргізуші:
Сәлеметсіздерме, құрметті қонақтар, ұстаздар және оқушылар Біздің сыныбымыздың "Желтоқсан жаңғырығы жадымызда" атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
ІІ - жүргізуші:
Қайырлы күн «Желтоқсан жаңғырығы жадымызда» ашық тәрбие сағатының қонақтары. Ашық тәрбие сағатын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.
І - жүргізуші: Тәуелсіздік жолы оңай жол емес, бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті. Біздің еліміз бүгінгі күнге сондай қиын-қыстау, даңқты жолдардан өтіп келіп отыр. Сондықтан да, тәуелсіздігіміздің мәні өзгеше, бағасы теңдессіз. Ендеше тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашан биік болсын!
1 - жүргізуші:
Қазақ халқы еркіндікке жету үшін қаншама қиын - қыстау кезеңдерді бастан кешірді. 16 - желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, Қазақстанның тәуелсіздігін талап етті. Ал, 1986 жылғы оқиға халықтың есінде мәңгі сақталады. Мыңдаған жылдық тарихы бар, Қазақстан өз тәуелсіздігін алды.
2-жүргізуші:
Бұл күн - Қазақстан тарихында тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні деп алтын әріппен жазылды. Сондықтан да желтоқсан бүкілхалықтық мереке. Ендеше сол желтоқсанның ызғарындағы мыңдаған боздақтардың рухын еске алып, бір сәт үнсіздік жариялаймыз.
Желтоқсан құрбандары бір минут үнсіздікпен еске алынады.
1-жүргізуші: Тарихта «Құйын-86» операциясы деген атпен мәңгі қалатын жойқын шабуыл демонстрацияны қуып тарату операциясы жоспардағыдай аяқталды. Қанға бөккен қала көшелері мен алаңдар қаңырап бос қалды. Қазақтың әр үйіне үрей кірді, әр қазаққа «ұлтшыл», «нашақор», «маскүнем» деген айып тағылды.
Олай болса осы алапат құйынның шығуына не себеп болды екен. Соған үңілейік.
Желтоқсан оқиғасының себептері:
1-оқушы: 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің пленумы болды, онда Д.Қонаевты Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығынан босатып, орнына Колбинді сайлады.Колбин Қазақстанда тұрмайды, онда қызмет етпеген. Міне, осы пленум шешіміне қазақ жастары бейбіт түрде наразылық білдіріп алаңға шықты. Жастар шеруі желтоқсан айының 17-18 күндері болды. Бұл оқиға сол себепті де тарихта желтоқсан оқиғасы деген атпен қалды.
2- оқушы: Меніңше, КОКП Орталық Комитетінің сол кездегі Қазақстан басшысын ауыстыруы туралы ұйғарымынан туған наразылық мәселенің бір жағы ғана. Елдегі шетін жағдай оған дейін де қордаланып қалған еді. Өйткені Республиканың егемендігі ол кезде тек сөз жүзінде ғана болды. Одан кейін Шымкент облысының мақта өсіретін үш ауданы Өзбекстанға өтіп кетті. Ал, 1979 жылғы Целиноград оқиғасы ше? Елдің көзін бақырайтып қойып неміс автономиясын құрайық деу Орталықтың нағыз кеудемсоқ әрекеті еді.
Қазақстан табиғи байлығы ең мол өлке бола тұра дамыған өнеркәсіпті республикалардың шикізат отарына айналды. Ақыры Қазақстанда шексіз билікке ие болған және Орталық мүддесін қорғайтын Колбиннің кезегі келгенде халықтың шыдамы таусылғандай еді. Наразылық бұрқ ете түсіп, бітеу жараның аузы ашылды да кетті.
-
3-оқушы: Империялық озбырлыққа қарсы бас көтеру Қазақстанның Арқалық, Ақтөбе, Жамбыл, Жезқазған, Көкшетау, Павлодар, Талдықорған, Өскемен, Ақмола және Шымкент сияқты қалаларында болып өтті. Алматыдағы 17- желтоқсан күнгі шеруге шамамен 25-30 мың адам қатысқан болса, астанадан тыс жерлердегі шеруге қатысқан адамдардың саны 2,5 мыңнан асты.
-
4-оқушы: Желтоқсан оқиғасы Мәскеудің басқа басқа емес «момақан» Қазақстаннан күтпеген «сыйы» еді. Орталық Комитеттің Саяси бюросы 1986 жылдың 18-желтоқсандағы қабылданған қаулысында Алматыдағы халық наразылығының түпкі себебіне ашықтан ашық көз жұмды. Наразылықтың негізгі себебін мойындау ұлттың өзін өзі билеу құқын, яғни мемлекеттік дербестік алу мүмкіндігін мойындаумен тең еді.
2-жүргізуші: 1986 жылдың желтоқсаны бүгінгі біз үшін артында қалдырған тарихи сабақтарымен қымбат. Желтоқсан күндері осы жалпы ұлттық идеяны көтеріп, оның жолына өз өмірін арнаған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ляззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова және басқа да мыңдаған ұл - қыздарымыз ұлт тарихында әрқашанда құрметпен аталуға лайық. Олай болса, олардың ерлігі, қайсар өмірі жайлы көпшілік алдында тағы бір айта кетсек артық болмас.
Желтоқсан жұлдыздары кімдер еді?
-
Қайрат Рысқұлбеков - 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің құрбаны, «Халық Қаһарманы». Ол 1986 жылы Алматыдағы сәулет құрылыс институтына оқуға түсті. Осы жылы 16-17 - желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. Жастарды көтеріліске ұйымдастырғаны үшін кесілген өлім жазасы 20 жылға ауыстырылды. 500 күннен астам өлім камерасында өзегі талып, үміт пен үрей құшағында отырған Қайрат енді 20 жылға Свердловскіге айдалып бара жатып, кенеттен Семейден шықты. 21 жасында, 21- мамырда Семей түрмесінде 21- камерада белгісіз жағдайда қаза тапты.
Сәбира Мұхамеджанова 1985 жылы сегіз жылдық мектепті үздік бітірісімен, Өскемен қаласындағы педучилищенің бастауыш сыныптарға мұғалім даярлайтын қазақ бөліміне оқуға түскен. Бар жоғы 16 жаста еді. 22-желтоқсан күні өткен жиналыста анасымен бірге болған Сабираны айыптап, бар кінәні оған үйіп - төгіп, сөккен, қатқыл сөздер айтып, тәртіпсіз деп балағаттаған. Мұның бәрі Сабираның ашу ызасын тудырады. Сөйтіп албырт жас қыз жатақхананың 5 қабатынан өзі тұратын бөлмесінің терезесінен секіреді.
1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында ұлт намысын жыртып, алаңға шыққан жалын жүрек жастардың арасында Ләззат Асанова да болып еді. Ләззат Чайковский атындағы музыкалық училищенің 2- курс студенті еді. Қаршадай елік қыз қараулықтың құрбанына айналарын сол сәт білмеген де болар. Ар - ожданы озбырлықтың талабына талпынып, жас жүрегі зұлымдықтан жапа шеккен Ләззаттың қазасы әлі күнге жұмбақ. Мезгілінен бұрын солған қызғалдақ ғұмырдың обал - сауабы кімнің мойнында. Мұны анықтау болашақтың еншісі.
Ербол Сыпатаев - Алматы энергетика институтының екінші курс студенті. 19-желтоқсан күні ауруханаға бас сүйегі мен миынан жарақаттанған күйде әкелінді. 23-желтоқсанда есін жимастан қайтыс болды. Ербол біреудің жалғыз баласы еді. «Құйын-86» операциясының құрбаны болды.
1-жүргізуші: Бұл оқиғаға байланысты 103 адам жауапқа тартылды. 99-ы сотталды. Алматы қаласы бойынша 2401 адам қамауға алынып оқудан 309 студент шығарылған, 99-ның ішінде 2 адам өлім жазасына кесілген. Олар: Қайрат Рысқұлбеков, Мырзағали Әбдіқұлов. Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көге түскендер өте көп, солардың бірі - Қайрат. Ол қыршын жасын қиды. Оған үлкен айып тағылды. Қазір сіздердің назарларыңызға желтоқсан оқиғасында әділдік үшін күрескендердің бірі - Қайрат Рысқұлбековтың сот нәтижесінің шешімі бойынша соттың қаралуы, соттың соңғы шешімі.Ендеше Қайрат жайындағы көріністен үзінді тамашалаңыздар.
КӨРІНІС
Темір тордың ішінде Қайрат өлең жазып отыр. Өлеңін оқиды.
Қайрат:
Қайнама қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.
Сөйлесем даусым жетпейді,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға.
Осы кезде екі жендет Қайратты сот залына әкеледі.
Хатшы: Сот келеді, тұрыңдар!
Хатшы: Отырыңдар!
Сот үкімді оқиды.
Сот: -Алдындағы сот нәтижесі бойынша:
Қазақ КСР Жоғары сотының сот мәжілісі залындағы ашық сот отырысында 1987 жылдың 25 мамырына дейін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтың айыптау ісін қарай келіп, жоғарыда айтылған оқиғалардың негізінде Қазақ КСР қылмыстық істер жүргізу кодексінің 287, 299 және 301 баптарына сәйкес сот алқасы Үкім етеді. Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков кінәлі деп табылып мынандай қылмыстық жазаға тартылсын.
Қазақ КСР Қылмыстық Кодексінің 60-бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан, 65-бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ КСР қылмыстық кодексінің 171-1 бабы бойынша ең жоғары өлім жазасына, атуға кесілсін.
Апасы: -Жоқ, бұл үкім дұрыс емес. Менің балам ақ, ол қылмыскер емес.
Хатшы: -Тынышталыңдар. Орындарыңызға отырыңыздар.
Сот: Қайрат Рысқұлбеков ақтық сөзің бар ма?
Қайрат: Бар.
"Ақтық сөз" өлеңін оқиды.
Қайрат:
"Ақтық сөзің не?" - деген,
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтамын оны халқыма,
Жоқ пиғыл менде жасымақ.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
"Еркек тоқты - құрбандық",
Атам десең атыңдар!
Хош аман бол артымда,
Ағайын, туған-азамат.
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым саған аманат!
Сот: -Бүгінгі сот жабық.
Екі жендет Қайратты залдан жетеледі. Осы кезде апасы баласының соңына жүреді. Осы кезде Қайрат "Анама" деген өлеңін оқиды.
Қайрат:
Мейірімді ақ жүзіне анамның,
Көңіл жүдеп, көз жасаурап қараймын.
Кешір ана, кешірімшіл едің ғой,
Кемістігі көп-ау мына балаңның.
Кейін білдім, кеш ұғындым, өкінем,
Өкінем де, басымды иіп өтінем.
Кешір, ана, кешірімшіл едің ғой,
Қолыңнан тым ерте ұзап кетіп ем.
1-жүргізуші: Иә, бұл жазықсыз құрбан болған қазақ азаматы Қайраттың соңғы үні еді. Лүп-лүп соққан балаң жүректің өмірге құштар ыстық жүректің лүпілі еді.
2-жүргізуші: Сөзі: Ә.Асылбек., Әні: Ә.Тінәлінің "Желтоқсан желі" атты бейнебаянын көруге шақырамыз.
1-жүргізуші: Жаңа мыңжылдыққа Қазақстан тәуелсіз дербес мемлекет болып қадам басты. Әлеуметтік-экономикалық жүйе өзгерді. Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының және әлемдік қауымдастықтың Біріккен Ұлттар Ұйымының тең құқықтық мүшесі болып, өз егемендігін заң жүзінде де іс жүзінде де дүние жүзіне тегіс мойындатты. Қысқасы дүние картасында Қазақстан атты өз билігі өзінде, өзгелермен терезелері тең жас мемлекет пайда болды. Дәл осынау тәуелсіздіктің таңын атқызуға арқау болған 16 желтоқсан оқиғасынан кейін арада 5 жыл өткенде 1991 жылдың 16 желтоқсан күні қазақ елі шынайы тәуелсіздік алды.
Ақмарал:
Құтты болсын тәуелсіздік мейрамы,
Ол әркімге бейбітшілік сыйлады.
Аңсаған сан ғасырлық арман болып,
Қол жеткізген шындық жырын жырлады.
Қуаныштан қалай кеуде кермесін,
Бұл күнімді бір ғасырға бермесін.
Ақ түйенің қарны бүгін жарылды,
Тәуелсізбін, егеменмін, дербеспін.
Қуан халқым, Қуанатын күн бүгін.
Серпіп таста мұңды жүрек түндігін,
Шарықтайық, шаттанайық, тынбайық
Тәуелсіздік күнін халқым тойлайық.
Жансая:
-
жыл , тәуелсізбін, дербеспін,
Күмәндана қоймас бүгін енді ешкім.
Бодандығым ғасырларға жалғасқан,
Қазір міне артта қалды, келмес күн.
Қуаныштан жасқа толды жанарым,
Ұрпағы едім Көк бөрідей дананың.
Енді міне билік тиіп қолыма,
Женлбірейді күн астында жалауым.
Дамуымыз керек енді қарқынмен,
Уақытымыз есептеулі алтынмен.
Тәрбиелеп, саналы ұрпақ өсіріп,
Өркендейміз ата -баба салтымен.
Жас ұландар терең білім меңгерген,
Ауру-сырқат дұрыс жолмен емделген.
Жыл сайынғы Елбасының жолдауы
Халқыма жігер берген, дем берген.
Астанамыз, бар қаламыз гүлденіп
Келе жатыр жылдан-жылға түрленіп,
Тәуелсіздік арқасында үкімет,
Жатыр міне, барлығына үлгеріп.
Ғалым:
Сүйінші елім, тәуелсіз елім ,сүйінші,
Көкейден күй, көмейден жыр құйылды.
Елу алты ел бас қосатын жиында
Төрағалық қазағыма бұйырды.
Төбем көкке жетпей қалды бір елі,
Енді міне бүкіл әлем біледі.
Қазақ деген жомарт халық емес пе,
Аузын ашса көрінетін жүрегі.
2-жүргізуші:Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында Қазақстан Республикасы көптеген жетістіктерге жетті және еркіндік, бірлік, тұрақтылық, гүлдену сияқты негізгі құндылықтары қалыптасты. Қазірде елімізде тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған 23 жылдың ішінде не атқардық, деген сауалға тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды, және жүзеге асырылды. Олай болса осы жылдар аралығында қандай жұмыстар атқарылған екен соны тамашалайық. Тәуелсіздік-жылнамасы.
- 1991 жылы 29 - тамызда Семей полигоны жабылды.
-
1991 жылы 16 - желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады.
-
1991 жылы 2 - қазанда қазақ ғарышкері, Т.О. Әубәкіров ғарышқа ұшты.
-
1991 жылы 1 - желтоқсанда тұңғыш Президентіміз сайланды.
-
1992 жылы 2 - наурызда Қазақстан БҰҰ-на мүше болып қабылданды.
-
1992 жылы 4 - маусымда Еліміздің Мемлекеттік рәміздері бекітілді.
-
1993 жылы маусым айында еліміздің тұңғыш Конституциясы қабылданды.
-
1993 жылы 15 - қарашада Төл теңгеміз дүниеге келді.
-
1994 жылы - Мемлекеттің тұңғыш ордендері мен медальдары дүниеге келді.
-
1994 жылы 30 маусымда-ұшқыш Т.Мұсабаев аспан көгіне көтерілді.
-
1995 жылы 30 - тамызда жаңа Ата Заңымыз қабылданды.
-
1996 жылы -Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткіші ашылды. Қ.Рысқұлбековке "Халық Қаһарманы" атағы берілді.
-
1997 жылы 10 - қазанда Ақмола қаласы Астана болып жарияланды.
-
1998 жылы-Халықтар тұтастығы мен тарих жылы.
-
1999 жылы-Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы. Қазақстанның тұңғыш халық санағы өтті.
-
2000 жылы Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды.
-
2001 жылы Қазақстандағы Ресей жылы.
-
2002 жылы Денсаулық жылы.
-
2003- 2005 жылдар ауыл жылы болды.
-
2006 жыл Қазақстанда Пушкин жылы, Ресейде Абай жылы болып жарияланды.
-
2007 жыл Дінмұхамет Қонаев жылы болып жарияланды.
-
2008 жылы Қазақстандағы Украина жылы болды.
- 2008 жыл Шығыс Қазақстанның экология жылы болып жарияланды.
-
2009 жыл Ана мен Бала жылы болып жарияланды.
-
2009 жыл Германиядағы Қазақстан жылы болды.
-
2010 жыл Жас жеткіншектердің даму жылы болып жарияланды. ЕҚЫҰ Саммиті.
-
2011 жылы 3 - сәуірде Елбасы Н. Ә. Назарбаев қайта Президент болып сайланды.
-
2011 жылдың 16-желтоқсаны Қазақстан Тәуелсіздігінің 20-жылдық мерейтойы тойланады.
-
2012 жылдың 15-қаңтарында Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы болады.
1-жүргізуші: Тақпақтар:
Айбек:
Ынтымақ бар ел бірлігі жарасқан,
Бізге қарап жол түзейді адасқан.
Барлық ұлтты туыс бауыр көреміз,
Ешқайсысын бөліп жатырқамастан.
Қалықтасын көгімізде қыран құс,
Ерлігіміз болсын елге жыр -аңыз.
Ата-бабам армандаған сан ғасыр,
Тәуелсіздікке тәубе, тәубе, мың алғыс.
Жаналтай:Тәуелсіздік -биігі бұл санамның
Тәуелсіздік-таза ауасы даламның
Тәуелсіздік-бұл арманы бабамның
Тәуелсіздік-бақ дәулеті баламның
Әсел: Ел болып жатқан шақта қосып тілек,
Ойламан бақыт құсы кешікті деп.
«Тербелді Тәуелсіз күн, тал бесігі»
Бұл күнді жүруші еді - ау тосып жүрек.
Кезегі келді міне,тосқан күннің,
Қар жауып,қайта ашылды аспан бүгін.
Қарашы,ақша бұлтқа кетті айналып,
Еңсемізді қашаннан басқан мұңым.
Егемендік иесі «мен»деген сөз,
Көптен бері естілмеген ерен сөз
Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған
Көркем жігіт болып өссе көген көз.
Егемендік - ел болудың белгісі,
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.
«Егемендік» деген сөзден естілер
Ата жұрттың арғысы мен бергісі.
Дидар
Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.
Жазалаушы қара құрттай қаптады,
Қазағымды қырып - жойып таптады.
Сонда елімнің ұл - қыздары ардақты,
Қарсы шығып ел сенімін ақтады.
Динара
Жалғыз Отан -адамның жүрегі ғой,
Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой.
Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,
Ербол, Қайрат - нағыз ердің бірі еді ғой.
Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,
Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.
Болашаққа даңғыл жол салып берген,
Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.
Желтоқсан - тарихымда әйгілі күн,
Ерттеп мініп ар - ождан сәйгүлігін
Ерлерім елдік үшін атой салып,
Еншілер қайтарған бәйгелі күн
Абылай
Шықты тарап ой данадан,
Бері қарады жұлдыз беті.
Өзі қалап сайлап алған
Елімнің бар Президенті.
Елтаңбасы елімнің
Неткен әйбат әдемі.
Тұнығандай көңілдің
Ортада аспан әлемі.
Құт-береке шаңырақ
Орын алған ол төрден.
Қанатты құс арғымақ
Екі жақтан көмкерген.
Мен сүйемін жерім менен елімді,
Көкейімнен жыр арнасы төгілді.
Желтоқсаннан бастау алған теңдігі,
Қазағыма мен арнаймын сөзімді.
Тәуелсіздік- баға жетпес бағымыз,
Қымбаттан да, ең қымбатты барымыз.
Тәуелсіздік - білектегі әліміз,
Тәуелсіздік жүректегі әніміз.
Ажар
Тәуелсіз елім тірегім,
Өзіңмен мәңгі жүремін.
Алаш жұрты аңсаған,
Орындалды тілегің.
Тәуелсіз елімізге орнады.
Егемендік қуанышы тойланды
Асқақтай бер тұғырлы менің мекенім,
Осы менің жалын атқан тілегім
Хор: "Қазақстан".
Қорытынды:
Міне егемендігімізді алып, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан жылдан жылға көркейіп, небір қиындықтарды артқа тастап, жаңа экономикалық өрлеу ұстінде. Өз халқын жақсылықпен жетістікке жетелеген Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауы елдің тағатсыздана күтетін жаңалыққа толы бастамасы. Әр жылғы жолдаудан еліміз жаңа серпіліс пен батыл қадамдар күтеді. Еліміздің экономикасын өркендетуге сендер де ат салысады деп сенемін.
Еліміздің Егемендігі жасай берсін!
Бір ата, бір ананың түлегіміз
Бір болсын қайда жүрсек тілегіміз
«Бірлік барда тірлік бар» деген бабам
Бірлік деп бірге соқсын жүрегіміз! -дей отырып, ашық тәрбие сабағымызды қорытындылаймыз!
Жаңаарқа негізгі мектебі
«Желтоқсан жаңғырығы жадымызда».
(Ашық тәрбие сағаты)
9-сынып.
Дайындаған: Қанатбаева Б.Т.
2014-2015 оқу жылы.