- Учителю
- «Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігі»
«Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігі»
Тақырыбы: Өсер ұрпақтың жан дүниесі өз қолымызда
Мынау жасампаз ғасырда, жаһандану дәуірінде мектеп партасында отырған баланың жан-жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, оның сүйеушісі - ата-ана. Сондықтан ата-ана өз баласының білім алуына барынша жағдай жасауы тиіс. Бала тәуліктің ¼ бөлігінде, яғни, 6 сағат мектепте болса, 18 сағат өз отбасында тәрбие алады.
Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген нақыл сөз тегін айтылмаған. Ата-ана өзінің мінезі, дағдысы, сөзі, іс-әрекеті арқылы баласына үлгі көрсетеді.
Халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп айтады. Бала әрқашанда ата-анадан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын қажет етіп, ата-ананы өмірдің тірегі санайды. Ата-ана - отбасындағы жетекші тұлға, бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі. Ата-ананың тірлігінде көрген қызығы, жақсылығының ең бағалысы ол - перзенті.
Іштен ешкім біліп тумайды. Тәрбие ұлға да, қызға да бесік пен босағадан басталады. Өсе келе ұлым - дарақы, қызым - сорақы деп бармақ тістеп қалмау үшін әкеңнің қабағы, анаңның сылап- сипауы айрықша мәнге ие.
Ұлыңды - жарығым, қызыңды - жалғызым деп ішер-тамақ, киер-киімге тарықтырмай, қалтасына ақша тығып, сүт бетіне қаймақ етіп құр мәпелеу - бұл тәрбие емес. Ұлтымыздың ар-иманын, ынсап-қанағатын бойына сіңірмей өскен ұрпақ, алдымен ата-анасының, сосын өз бетін шиедей етеді.
Ата-ана балаларына үлгілі өнеге көрсете алмаса, тәрбие бала өсіруі екіталай. Өткені бала ересектерге еліктегіш келеді, көп нәрсені - жақсыны да, жаманды да солардан үйренеді, соны қайталайды.
Кей жағдайларда кейбір ата-ана жұмыс-бастылыққа салынып, бұған мән бермейді, тіпті, кейбір ата-ананың бала алдында жаман сөз айтуы, баланың есейгенін аңғармауы, үйінің шырқын бұзуы - баланы теріс жолға итермелейді.
Ата-ана өзінің міндеті мен жауапкершілігін жақсы білуі керек.
-
Мәдениетті адам тәрбиелеуге және өз баласын таза өмір сүруге бейімдеуге міндетті;
-
Білім алуына көмектесуге міндетті;
-
Жүйелі білім алуына жағдай жасауға міндетті;
-
Үнемі ата-аналар жиналысына қатысуға, мұғаліммен кездесуге, баласының мектептегі өмірмен танысуға міндетті;
-
Баланың өміріне, денсаулығына зиян келетін темекі, арақ, т.б. улы заттарды қолданбауға, олардың балаға зиянды екенін түсіндіруге міндетті;
-
«Баланы жетіне келгенше тыйма, жетіден он төрткекелгенше білім беріп қина, он төрттен кейін үлкен азамат деп сыйла» деген қағиданы берік сақтауға міндетті.
Ата-ананың жауапкершілігі:
-
Балаға арамза әрекет жасағаны үшін жауапты;
-
Мұғалімге, мектептің педагогикалық ұжымына балағаттау және әдепсіз қарым-қатынас жасағаны үшін жауапты;
-
Бала тәрбиесі үшін қабылданған барлық қаулылардың орындалмағанына жауапты;
-
Баланың адамгершілік тәрбие алу үшін, өз жанұясында бірлік пен татулықты ұстануға жауапты;
-
Мектептен кейінгі баланың білім мен тәрбие алуына бақылау жасауына жауапты;
-
Кәмелеттік жасқа жеткенге дейінге баланың салауатты өмір салтына сай тәрбие алуына жауапты.
Қазіргі мектеп балаларына қарап отырып, тәрбиеге үлкен көңіл бөлу керек екенін ата-аналарға жеткізгім, «Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер» деп бабалар сөзін естеріне салғым келеді.