- Учителю
- Тәрбие сағаты 'Ұстаз аты- биік, әрі мәңгілік'
Тәрбие сағаты 'Ұстаз аты- биік, әрі мәңгілік'
Ұстаз аты - биік, әрі мәңгілік
Мақсаты: Оқушыларды ұстазды құрметтеуге, сыйлауға үйрету, ұстаз мамандығының қыры мен сырларын түсіндіру. Ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге үйрету.
Көрнекіліктер: Қанатты сөздер, гүлдер, шарлар.
Ән ұран «Менің Қазақстаным»
Інжумаржан: Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңнен бастау алар бар арман.
Хан: Ұстаздар жақсылықтың жол ашары,
Қолыңда шәкіртіңнің бала шағы.
Өмірді алға қарай өрлететін,
Сендерде Ұлы Отанның болашағы -
Інжумаржан: Ұстаз ... Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі - Ұстаз.
Хан: Дұрыс айтасың Інжумаржан.
«Ұстаз» деген сөз қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған.«Ұстаздан тәрбие алған » немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер « ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады.
Інжумаржан: Иә, Хан.
Ұрпақ тәрбиесі - ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің » дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.
Хан: Ұстаз - ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім - тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт - бағдар беруде еңбегі зор.
Інжумаржан: Шәкірттерге білім беруде ұстаздардың еңбегі ұшан теңіз. Сондықтанда ұстаз әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Хан: Олай болса, қадірлі ұстаздар!
Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз.
Жансая:
Әр сабағың өтіп жатыр білінбей,
Перне басқан оркестрдің үніндей
Әр баланың жүрегіне жол тауып,
Тұрасың сен, дирижер боп күлімдей.
Даурен
Жалын атып, от боп, бірге жанасың,
Білім беріп, содан бақыт табасың
Бар өмірің өрнектеліп баламен,
Жасарып бір мәңгі жас боп қаласың
Зейнеп: Ұстаздарға мың алғыс
Алғыстарым көп менің,
Асыл анам, мектебім!
Үйреткені адалдық,
Ұсынғаны адамдық,
Текті мінез, даналық
Бар ұстазға тілейміз:
Бақыт, табыс, амандық!
Інжумаржан: Сіздердің шәкірттерді тәрбиелеп, білім беру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін.
Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт, мерейлеріңіз үстем бола берсін демекпіз.
Ұстазым әнін қабыл алыңыздар.
Інжумаржан: Ұстаз! Осы бір сөздің өзінде қаншама мән - мағына, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтыны белгілі. Небір данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті арман қуған жеткіншектер де бәрі бір адамға қарыздар.
Хан: Иә, ол - ұстаз! Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Адамды тәрбиелеп, оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш, сондықтан да ұстаздың еңбегі - ұлы еңбек.
Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып тер төккен шопан да бәрі - бәрі ұстаздан тәлім алған, сондықтан барлық құрмет ұстаздарға арналады.
Інжумаржан: Олай болса келесі сөз кезегін ұстаздар қауымына береміз
ІІ жүргізуші: «Мектебім» әні орындайтын қыздар тобы
Інжумаржан: Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып,
Ұстаз деген - ұлылардың ұлысы,
Қасиетіне бас иейік мәңгілік
Хан: «Мектеп - білім тірегі, ұстаз - оның жүрегі» - деп ғұлама ағаларымыз айтқандай, менің ойымша, кез - келген адам ұстаз бола алмайды.
Інжумаржан: Олай ойлауыңның себебі неде?
Хан: Себебі ұстаздық - өнер, тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез - келген адамға қона бермейді.
Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.
Інжумаржан: Ұстаз деген - жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген - анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың - деп келесі мерекелік құттықтау сөзді ата - аналарға береміз.
Інжумаржан: Мұғалім, ғазиз мұғалім,
Төгілген арай, шуағым
Арманым қонса, қолыма,
Арқаң деп сенің ұғамын.
Хан: Мұғалім, ғазиз мұғалім,
Сарқылмас мәңгі бұлағым.
Ұланың бүгін тойыңда,
Арнайды саған бұл әнін.
ІНЖУМАРЖАН: ұстаздық ету - уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзінің уақытын аямау - деген екен ғұлама ағаларымыз.
Хан:
Алтын уақыттарын сарп қылып, ұстаздық еңбегін шыңдау барысында көмегін аямай, балаларды білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарымыздың еңбегі зор.
Әзіл сықақ Орындайтын Шыңғыс Азат Хан Даурен
Інжумаржан: Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары мол әлі сыртқа шашпаған
Шаршаса да осы жолдың бойында,
Қандай жақсы шын бақытын тапса адам.
«Достар» әні орындайтын
Хан: Мектеп үйім, ұстаздарым ата - анам,
Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек,
Тамырлары сан тарапқа тараған.
Інжумаржан: Бүгінгі күн құшақтары гүлге толсын,
Дендеріңнің саулығы мықты болсын.
Білімімен суарған шәкірттерің,
Төл мерекең, ұстаздар, құтты болсын !
Жүргізуші: Қазақта жақсы сөз бар, «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген, ендеше сахна төрінен ұстаздар өмірінен аздап әзілге орын берсек.
Каникул - жылдың ең қысқа күндері.
Күнделік - үлкендерге көп көрсете бермейтін құпиям.
Математика - мен түгіл әкемнің де тісі бата бермейтін "жаңғақ".
Дос - бақылау жұмысында дәптеріне жазғандарын бақылатып отыратын я қыз, я ұл.
Сабақ - үзілісті зарықтыра күттіретін 45 минут.
Спорт секциясы - әжеме айтатын басты сылтауым.
"Апайға айтам" - қыздардың негізгі қаруы.
ІНЖУМАРЖАН: Хан , Мұғалімдер бізден емтихан алғанды жақсы көреді, осы сәтті пайдаланып, біз де ұстаздарымыздан сынақ алып көрсек қайтеді?
ХАН- Інжумаржан, сен сонда ұстаздарымызбен орнымызды ауыстырып көрсек қайтеді дегің кеп тұр ма?
Иә, иә, тура солай, бүгін ұстаздар оқушы болсын, біз мұғалім болып емтихан алып көрейік.
Інжумаржан: -Ендеше тыныштық сақтаңыздар! Мұғалімдерге арналған емтиханымызды бастаймыз.
Сұрақтар:
№1 билет. Сыныпта сіз үшін ең сүйікті оқушы болу керек пе?
№2 билет. Сабағыңызда оқушыңыз ұйықтап қалған кезі болды ма?
№3 билет. Сабаққа оқушыларыңыз жиі кешігіп келе ме?
№4 билет. Ата-аналарға балалардың тәртібі туралы хат жазасыз ба?
№5 билет. Сабаққа кешігіп келген кезіңіз болды ма?
№6 билетҰстаздық өміріңіз сізге ұнай ма?
№7 билет«Ұстаз болу жүректің батырлығы» дейді, осы ұстаздық қызметті таңдауда батырлықпен қандай қасиет адам бойынан табылу керек деп ойлайсыз?
№8 билет «Ұстаз - мектептің жүрегі» деген сөзді қалай түсінесіз?
Көп рахмет сіздерге, ұстаздар! Барлығыңыз да емтиханнан сүрінбей өттіңіздер.
Хан. Ұстаз мектепте ұстаз болса, отбасында ол -аяулы ана.
Мұқағали Мақатаев «Шеше сен бақыттысың» өлеңі Орындайтын Аманқосов Хан
Інжумаржан: Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Хан: Құрметті ұстаздар, қонақтар !
Бүгінгі Ұстаздар мерекесіне арналған «Ұстаз аты - биік әрі мәңгілік» атты сынып сағатымызды жабық деп жариялаймыз. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп - көп рахмет!