7


  • Учителю
  • Мәнерлеп оқу үйірмесінің жоспары

Мәнерлеп оқу үйірмесінің жоспары

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала


Түсінік хат


Мәнерлеп оқу үйірмесі 5-9 сынып оқушыларына арналған. . Үйірме аптасына 1 сағат, жылына 34 сағатқа берілген. Бұл үйірме оқушылардың әдеби мұраларға деген талғамын тәрбиелейді, рухани дүниесін кеңейтеді, ақыл-ойы мен ұлттық сана сезімін дамытуға ықпал жасап, ауызекі және жазба тілде байланыстырып сөйлеуін дамытады. Оқушылардың қазақ тілі, әдебиет сабақтарына қызығушылықтарын арттырады.

Үйірмеге тілге шешен, өз беттерімен шығарма жазуға, өлең шығаруға икемдері бар, шығармадағы көркем бейнелердің ерекшеліктерін сезініп аша білетін оқушылар тартылады.

Үйірменің оқу материалына халық ауыз әдебиеті үлгілерін (аңыз-әңгімелер, өлең-жыр, шешендік сөздер, мысал, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдер, ертегі т.б.) сабақ мазмұнына сай енгізу баланың алған білімін толықтырып, байытып жан-жақты дамуына дәйекті ықпал етеді.

Сондықтан сыныптан тыс үйірме сағатында ұлтымыздың асыл мұраларын дәріптейтіндей, жеке тұлғаны дамытып, оқуға деген қызығушылықтарын оятып, адамгершілікке, ізгілікке, сыйластыққа тәрбиелеп, еркін дамуына жол ашу көзделеді.

Үйірменің мақсаты:

Оқушылардың сыныптан тыс уақытта шығармашылық ізденістерін, өзіндік қабілеттерін және қоғамдық қарым-қатынасын қалыптастырып, өзіндік талдау, жинақтау, жұмыста шапшаңдық таныту, өз ойын әдеби тілмен өрнектей білуге машықтандыру.


Үйірменің міндеті:

- Оқушылардың оқу-тәрбие үрдісінде алған білімдерін әрі қарай дамытуға мүмкіндік жасап, қабілеттерін шыңдау;

- Көркем әдебиет жанрына байланысты өлең, шығарма жазуға дағдыларын қалыптастыру;

- Оқушылардың қоғамдық белсенділігін дамыту;

- Оқушылардың өзара қарым-қатынастарын қалыптастыру, белгілі бір еңбек түріне баулу, оны дамытуға ықпал ету.


Күтілетін нәтиже:

Оқушылар ертегі, әңгіме, өлең тыңдауға, шығарманың мағынасын түсінуге, кейіпкерлерді бағалауға, адамгершілік қасиеттерді сипаттауға ниеттенеді. Өлеңдерді нақышына келтіріп, жатқа, мәнерлеп оқуға үйренеді. Оқуға деген қызығушылықтары артады.

«Бекітемін » «Келісілді»

Мектеп директоры: Р.Сапаров Оқу ісінің меңгерушісі : Т.Харесов

«Мәнерлеп оқу » үйірмесінің жылдық жұмыс жоспары

2015-2016 оқу жылы

Тақырыбы

Сағат саны

мерзімі

1

Шығармашылыққа бейімі бар оқушыларды іріктеу, бейімдерін анықтау

1

2.09

2

Ауыз әдебиетті. Түрлері

1

9.09

3

Салт өлеңдері мен бата-тілек жырлары

1

16.09

4

Төрт түлік мал жайындағы өлең-жырлар.

1

23.09

5

Наурыз туралы өлеңдер.

1

30.09

6

а) Пунктуация ережесі - дұрыс сөйлеу негізгі (ереже)

Мақал-мәтелдерді тақырыптық жағынан іріктеу, жинау

1

07.10

7

Шешендік сөздер. Билер сөзі - нақылдың көзі.

1

14.10

8

М.Өтемісұлы «Соғыс», «Қызғыш құс»

1

21.10

9

Ы.Алтынсарин. «Өзен» өлеңін оқыту жаттау.

1

28.10

10

Шығармашылық жұмыс.

1

4.11.

11

«Жас қалам» газетін шығаруға дайындалу.№1

1

18.11

12

Абай Құнанбайұлы. «Қыс» өлеңі

1

25.11

13

а) Т. Айбергенов « Ана»,

1

2.12

14

Көркем тәсіл - сөз бояуыС. Сейфуллин « Сыр сандақ»

1

9.12

15

Поэзия! Сен менімен егіз бе едің» (теория ) ( практика)

1

16.12

16

Табиғат ғажайыптары саяхат сабақ.

1

23.12

17

Жұмбақтар құрау, жинақтау

1

30.12

18

Өтірік өлең жазуды үйрету.

1

13.01

19

Өлең жазуды үйрену. (тармақ, шумақ, ұйқас

1

20.01

20

Мәнерлеп оқу сайсытарына қатысуға дайындық

1

27.01

21

Жерлес ақын Н.Шолтырұлымен кездесу.

1

2.02

22

Н.Ә. Назарбаевтың ұлағатты сөздерінен кітапша жасау

2

9,16- 02

23

Абайдың қара сөздерін оқу, талдау

2

23.02, 2.03

24

Менің сүйікті шығармам (өлең)

1

9.03

25

М.Жұмабаевтың жастар туралы өлеңдері

1

16.03

26

Ж.Нәжімеденов өлеңдері

1

30.03

27

Ф.Оңғарсынованың өлеңдері

1

6.04

28

«Жас қалам» газетін шығаруға дайындалу.№2

2

13. 20- 04

29

«Өлең, мен сені аялап өтем!» көркемсөз оқу сайысы

1

27.04

30

«Ешкімде ешқашанда ұмытылмайды!»эссе жазу.

1

4.05

31

Тест тапсырмалары.

1

11.05

32

Қайталау.

1

18 .05

Дайындаған : Н.Жумалиева



Күні . 9.09

Келісілді»

Оқу ісінің меңгерушісі : Т.Харесов

Сабақтың тақырыбы: Халық ауыз әдебиеті түрлері

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: БАҚ материалдарындағы ауыз әдебиеті үлгілерін қолдана отырып, оқушылардың ауызекі сөйлеу, логикалық ойлау қабілеттерін арттыра білу, өз ойларын жеткізе білуге баулу.

Дамытушылық: Оқушылардың тіл байлығын дамыту;

Тәрбиелік: Оқушыларды ауыз әдебиетінің үлгілері арқылы елжандылыққа, ұлтын сүю қасиеттерін арттыруға тәрбиелеу. Көрнекіліктер: Слайдтар, кесте, суреттер, тапсырмалар.

Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, математика, орыс әдебиеті.

Қолданылатын әдіс-тәсілдер: әңгімелеу, баяндау, талдау - жинақтау.

Сабақтың барысы:

1. Ұйымдастыру кезеңі.

2. Үй жұмысын тексеру. Өлеңді жатқа айту. Отан туралы.

2 слайд. Мақал-мәтелдер - халық даналығы « … Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылатын пікірлер.

Тақпақтан гөрі мақал маңызды, шын келеді.

Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады.

Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдебиетті сөз есебінде айтылады».

Ахмет Байтұрсынұлы

3. Халық ауыз әдебиеті - халықтың рухани асыл қазынасы.

Ауыз әдебиетінен халықтың тарихын, салт-дәстүрін, ой-арманын көреміз.

3 слайд. Мақал - мәтелдердің тақырыптары: еңбек, ерлік, жақсы мен жаман, достық, ақыл, білім, Отан т.б. Халық ауыз әдебиеті - халықтың ғасырлар бойы ауызша шығарып, сақтап келген әдебиеті, рухани асыл қазынасы. Ертегі, мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаш, аңыз әңгімелер ұрпақтан-ұрпаққа жеткен.

Оқушылардың жауаптарын, пікірлерін тыңдау.

4. Ассонанс, аллитерация тәсілімен айтылған мақал-мәтелдерді табыңыздар. 4 слайд. Ассонанс тәсілімен айтылса, бірыңғай дауысты дыбыстардан, аллитерация тәсілімен айтылса, бірыңғай дауыссыз дыбыстардан басталып, үндесе байланысады.

v Білекті бірді жығар, (∆)

Білімді мыңды жығар.(∆)

v Ел үмітін ер ақтар, (○)

Ер атағын ел ақтар. (○)

5. Жұмбақтар әлемінде. 5 слайд. Қазақ ауыз әдебиетінің тағы бір түрін анықтап алайық! Ребус бойынша.

Жұмбақ - халықтың ауыз әдебиетіне тән мұра. Жұмбақ болатын заттарды анықтаңыздар: Адам, еңбек, жануарлар, жәндіктер, табиғат.

6. БАҚ материалдарымен жұмыс. 6 слайд.

« Ана тілі», «Арқа ажары» газеттері материалдарымен жұмыс.

· Кішкентай ғана бойы бар,

Айналдырып киген тоны бар. (Қой) Ана тілі №29, 2012 жыл

· Өзі «әліптің» таяғы,

Жалғыз көзді баяғы,

Қойсаң егер арқандап, ісіне көңіліне тояды. (Ине)

7. Логикалық жұмбақтарды шешу.

Бір-біріне жұмбақ жасырады.

Келесі жұмбақтарды шешу барысында, ойланып жауап беріңдер. Бұлар «

Құпия» жұмбақтар.

v Шығыстан батысқа қарай электрпойызы 60км/сағат жылдамдықпен жүріп келеді. Оған қарсы бағытта сағатына 50 км жел соғып тұр.

Пойыздың түтіні қай бағытқа бұрылады?

Жауабы: Электрпойызы түтін шығармайды, ол тоқпен жүреді.

v Ағаш басында 7 торғай отыр еді, оған тағы да 5 торғай қосылды. Мысық келіп біреуін ұстап алды. Сонда барлығы қанша торғай қалды?

Жауабы: Барлығы ұшып кетті.

v Үш адам өздері ұстаған 3 үйректі пісіріп жеді. Алайда, үстелде тағы 2 үйрек қалды. Олар қайдан келді? Бөлмеге басқа адам келмегені анық.

Жауабы: Дастарқанда 2 үйректің суреті салынған болатын.

v Жер бетіндегілер қандай ауруға ұшырамайтындығын анықтаңыздар.

Жауабы: Теңіз ауруына

v Құстар оңтүстікке неге ұшып баратындығын табыңыздар.

Жауабы: Олар жаяу жүріп бара алмайды.

Ғабит Мүсірепов - жазушының. «Ана тілі» газетінде ол туралы көп мақала жазылған екен. Жазушы 1929 жылы жазған « Қызыл әскер әліппесі» деген оқулығы болғандығын білдік. Сол оқулыққа жұмбақтар, жаңылтпаштар енгізілген екен. Маған мына жұмбақ ұнады, соны сендерге жасырайын, шешуін тауып көріңдер.

Менің жолдасым бар. Қайда барсам, соңымнан қалмайды. Бірақ қараңғы болса, ғайып болады. Сендерде сондай жолдас бар ма? Соны анықтаңдар.

8. Жаңылтпаштар әлемінде. Жаңылтпаштар да халық ауыз әдебиетінің бір түрі.

Оларды тез, яғни шапшаң, дұрыс айту керек. Газет материалдарымен жұмыс. Слайд.

· Көпке бекер өкпелеме,

Өкпе етпе,

Тектен - текке өкпелетпе.

· Алтын айдар тұлымын,

Талмай қарап, құлыным

Тұяғымен от көсеп,

Күнге тікті құрығын.

· Арқада алты арқар бар,

Қырқада қырық арқар бар.

Қырық арқада ақ арқар бар,

Алты арқада марқа арқар бар.

Жаңылтпаштардың тақырыбын, мазмұнын анықтаңдар. Өз ойларыңды айтыңдар.

9. Қорытынды .

10. Бағалау. Бір оқушы қалғандарының жауабына баға береді.

11. Үйге тапсырма беру. Шағын шығарма жазу.



Күні . 16.09

Келісілді»

Оқу ісінің меңгерушісі : Т.Харесов


Тақырыбы: Салт өлеңдері мен бата -тілек жырлары

Сабақ мақсаты: 1. Білімділік: оқушылардың халық ауыз әдебиеті туралы білімдерін кеңейту.


2. Дамытушылық: Оқушылардың жүйелі түрде жауабын алу, ойлау қабілеттерін, тілін дамыту.


3. Тәрбиелік: оқушыларды халық ауыз әдебиет туындыларын қастерлеуге, елжандылыққа тәрбиелеу.


Әдіс-тәсілдері: әңгімелесу, түсіндіру, сұрақ-жауап.


Көрнекі құралдары: тақырыптық суреттер.


Сабақ барысы: І.Ұйымдастыру кезеңі. Сәлемдесу. Психологиялық дайындық:


Алақанды ашайық


Жылулықты шашайық


Сәттілік тілеп достарға


Біз сабақты бастайық


ІІ. Үй тапсырмасын тексеру. Алдыңғы тақырыпты қысқаша қайталау.


1. Қазақ әдебиеті нешеге бөлінеді? 2. Ауыз әдебиеті деген не?


3. Жазба әдебиет деген не? 4. Ауыз әдебиетінің үлгілері бізге қалай жеткен?


5. Ауыз әдебиетінің бізге берері не? 6.Ауыз әдебиеті қалай пайда болды?


ІІІ. Жаңа сабақ:


- Оқушылар «салт дәстүр» деген сөзді қалай түсінесіңдер? Тұрмыс салт жырлары туралы қысқаша мәлімет беру


Ауыз әдебиеті шығармаларын шығарушы халық болғандықтан халық ауыз әдебиеті деп аталады. Қазақ ауыз әдебиетінің үлкен бір саласы тұрмыс - салт жырлары. Күнделікті тұрмыста өлең айту қазақтың қасиетті салты болған. Ондай өлеңдерді, жырларды сондықтанда тұрмыс - салт жырлары деп атайды.Қазақ ауыз әдебиетінің үлкен саласы - тұрмыс - салт жырлары. Ондай өлеңдерді, жырларды сондықтан да тұрмыс - салт жырлары деп атайды. Тұрмыс- салт жырларында халықтың өзіне тән тұрмыс - тіршілігі, салт - дәстүрі сөз болады, төрт үлік мал және жан - жануарлар туралы, наурыздағы көктемгі ел қуанышы туралы жырлар айтылады. Тұрмыс - салт жырларының бір түріне бесік жыры, тұсау кесер жыры, жар - жар, той бастар, беташар, бата - тілек, жоқтау сияқты салтқа байланысты туған жырлар жатады.Төрт түлік қазақ халқының күн көрісінің көзі еді. Ол сауса - сүт, сойса - ет, мінсе - көлік, келсе қадірлеп, ол туралы нелер бір тамаша жырлар тудырып отырған. Малдың өз төліне мейірленуін айту арқылы қой сүйеді баласын "қоңырым" деп, адам баласы өзінің өзінің де малға ерекше сүйінуін жырлайды.


Тұрмыс - салт жырларының ең көп түрінің бірі - наурыз жырлары. Көктемнің келуін жаңа жылдың келуі деп түсінген халық күн жылып , мал көкке тойынған шақты қуаныш көріп, жауын көп болсын, ақ мол болсын, елге тоқшылық болсын деп өлеңдер айтқан. Оны біз наурыз жырлары деп атаймыз. Тұрмыс - салт жырларын жалпы әрбір адам айта береді, әсіресе, олар той жиындарда көп айтылады. Үлкендер сияқты сен де сондай жырларды үйреніп алып немесе өзінң жаныңнан шығарыпта айтқан.


Бесік жыры - Бала дүниеге келгеннен бастап айтылады. Ол бір үлкен той.


Әлди - әлди ақ бөпем Ақ бесікке жат бөпем


Жылама бөпем жылама Жілік шағып берейін.


Тұсау кесер жыры - Тұсау кесер жыры алғаш рет қадамын жаңа - жаңа басайын деп келе жатқан сәбидің қара жіппен тұсауын кеседі.


Тұсауыңды кесейін Күрмеуіңді шешейін


Қаз - қаз балам, қаз балам Қадам бассаң мәз болам.


Қаз - қаз, балам, қаз балам Тақымыңды жаз балам


Қадамыңа қарайық Басқаныңды санайық. - деп жырлаған.


Жар - жар. Бұл келіннің босаға аттап, қыз бен жігіттің бақытты болып, еліне сыйлы боу үшін тілектерін айтады. Бұл өлеңмен айтылады екен. Жаңағы қыздың жүзін:


Алып келген базардан Қара насыр жар - жар -ау


Қара мақпал сәукеле Шашың басар, жар - жар - ау.


Той бастар Бағылан серке, марқасқа, қой бастайды Қой алдында жануар ойқастайды.


Той бастар дәстүр.Әр той дағдылы "Той бастар" жырымен басталады. Тойды әдеттегідей өлеңмен бастағаны үшін толымды сыйлық береді. Ол өлең "Тойбастар " деп аталады.

Беташар - "Уа, әлеумет! Енді беташар тыңдайық жаңа түскен келінді "беташар" дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі "беташар" жасалады. Оған тойға жиналған туыс - туғандар тегіс қатынасады. Жас келіннің екі жағында көрегенді келіндері тұрады. Салем жасаған адамдар "көрімдік" береді.

Бата - тілек - оны кез келген адам айта бермейді. Оны сыйлы адамдар берген. Батаның түрлері өте көп жаңа дүниеге келген балаға үйлену тойына, шілдеханаға, атқа мінгізу т.б.

Жоқтау - бұл да дәстүрдің бір түрі. Адам қайтқанда соны жоқтайды. Адам өз - өзімен ішіндегі шерін тарқау үшін жоқтау айтылады. Бұл жоқтау айтпаса, жоқтамаған болып есептеледі. Бұл үлкен дәстүрдің бірі. Қайда барасың, өлім - өлім деген сынға бару деген сөз көрдіңдерме. Сыншыл көздер көп болады.

1. Кітаппен жұмыс: Кітаптан тұрмыс - салт жырларының түрлерінен мәнерлеп оқиды.


2. Топпен жұмыс: Тұрмыс - салт жырларының түрлерін топтастыру. Тұрмыс - салт жырларының түрлері ↓ Тұсаукесер жыры Беташар Тойбастар Жоқтау Наурыз жыры Бата - тілек Жар - жар Бесік жыры


ІҮ. Сергіту кезеңі: Бір, екі, үш, Жинап алып күш.


Қолға қалам алайық, Көркем етіп жазайық


Ү. Сабақты бекіту. Өз парталастарыңмен тақырып жөнінде сұхбаттасыңдар немесе диалог құрыңдар.


Үлгі: Камила: Ілияс, мәтін мазмұны саған ұнады ма?


Ілияс: Әрине, мен мәтіннен тұрмыс-салт жырлары тұралы білдім. Олардың бірнеше түрлерге бөлінетіні мен үшін жаңалық болды. Ал саған ше?


Камила: Мен де мәтіннен көп жаңа түсінік алдым. Әсіресе төрт түлік мал туралы көп нәрсені біліп алдым.


Ілияс: Төрт түліктің ішінде қай түрін ерекше санайсың?


Камила: Мен үшін барлығы да ерекше, барлығы да қасиетті деп ойлаймын.


Ілияс: Ал мен үшін сиырдың орны бөлек. Себебі жазғы демалысымда ауылға барғанда әжем маған сиыр сүтін ішкізіп, құртың жегізетін. Дәмі аузымнан әлі кетпейді.


Камила: Ал сен жылқыны көрдің бе? Мен жылқының қымызын ішіп, құлынымен ойнағым келеді.


Ілияс: Онда саған ауылға бару керек.


Камила: Дұрыс айтасың, өзім де солай істеймін.


ҮІ. Бағалау. ҮІІ. Үйге тапсырма: Тұрмыс-салт жырларына байланысты өлеңдер жаттау.


ҮІІІ.Қорытынды.

Келісілді»

Оқу ісінің меңгерушісі : Т.Харесов

Күні, айы, жылы: 23.09 ж

Сабақтың тақырыбы: Төрт түлік мал жайындағы өлең жырлар

Сабақтың мақсаты:Төрт түлік мал жайлы білімдерін тереңдету, жүйелеу. Бірлесіп жұмыс жасай отырып, оқушының өз пікірін білдіруге, ойын дәлелдеуге, өзгенің ойын тыңдай білуге баулу.
Дамытушылық: Ой - өрісін, сөздік қорын байыту, мәнерлеп, түсініп оқуда білім-білік дағдыларын дамыту
Тәрбиелік: Қазақ халқының өмірін төрт-түлік малмен байланыстыра отырып, оқушыларды төрт түлікті құрметтеуге, еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Сабақ көрнекілігі: суреттер, сызбалар Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Әдіс - тәсілдер: Ой қозғау, топтастыру, түсіндіру Сабақтың барысы: I Ұйымдастыру кезеңі
1) Балалардың сабаққа дайындығын тексеру, назарларын сабаққа аудару.
2) Сабақ тақырыбымен таныстыру.
II. Жаңа сабақ
Балаларға төрт түлік малдың қазақ халқының тұрмыс тіршілігінде алатын орнын түсіндіру.
Балалар, «Малы бардың- жаны бар», « Елдің көркі- мал» деген халық нақыл сөздерінен- ақ қазақ халқының тұрмыс тіршілігінде төрт түлік малдың ерекше орын алатынын түсінуге болады.Қазақ халқы ежелден-ақ мал шаруашылығымен айналысқан халық. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірбиесі бойынша олар малдың өрісін, тіршілік ету сырын, жай- күйін , қадір -қасиетін әбден зерттеп білген. Қазақ халқының ұлттық ойындарында да төрт түлік малға байланысты қызықты ойындар көптеп кездеседі.
Мысалы: «Көкпар», «Қыз қуу», «Бәйге» және тағы басқалары.
Оның өнімдерін тіршілік құралы ретінде пайдаланып, малдың еті, терісі, тіпті мүйізі мен сүйегіне дейін өз қажетіне пайдаланып отырған.
Мал шаруашылығы біздің еліміз үшін қазіргі таңда да маңызды саланың бірі болып келеді.Сондықтан біз ұлтымыздың қасиетті төрт түлікке қатысты ұғымдары мен бай тәжірбиесін ұмытпай, күнделікті тіршілігімізде ала беруіміз керек.
Ендеше балалар, төрт түлікке қандай түліктер жатады:
Жылқы, Ешкі, Түйе, Қой, Сиыр

Пір - деген өте қасиетті сөз. Пірлік деп белгілі бір саланың маманын, маманы болғанда да жетілген адамын атайды. Пірлік кереметтей ілім иесі болса, қарамағындағы халайыққа тәлім тәрбие беретіндей, жол көрсететіндей, ауыру сырқауы, жолдан адасқаны, басына әлде қалай ауырлық түскені, жаны күйзелгенде қолтығынан алатындай дәрежелі адам болған. Қазақтың төрт түлігінің пірі, иесі, киесі болған адамдар сол саланың маманы болған адамдар деп түсінуіміз керек.

19-ғасырда өмір сүріп «Түркі қауымдары тарихы» атты кітапты жазған Татар ғалымы Хасан Ата Абуший адамзат дамуын үш сатыға бөледі.

Бірінші - «Вахшият» яғни жабайы дәуір, адамдар жеткен жерінде жатып, тапқанын жеп күн кешеді. Тіршілік қамымен адамдар қоғамдаса бастайды. Әрине қауымның алғашқы түрі жан ұялық ата-әке-бала, немере деген секілді тұыстық жүйемен келіп бөліне бастайды.

Екінші - Бадауият, бұл дәуірде адамдар малды қолға үйрете бастайды. Мал өнімдерін тері, жүн, сүйек, сүт пайдалануды үйренеді.

Жылқы атасы - Қамбар

Халықтың жылқы мен достасуы осы екінші кезеңде басталады. Жылқы алғаш күш көлігі болғаны мен келе келе қашса құтылатын, қуса жететін, яғни адамға қажетті жәрдемші ретінде пайдаланады. Қазақы ұғымда жылқының пірін Қамбар ата деп атайды. Қамбар ата туралы халық арасында әр-түрлі дерек бар, аңыздарда Қамбар ата есімі Мұхаммед с.ә.у. пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегі болған Ганбар есімді тарихи тұлғамен байланыстырылады. Біреулер Қамбар батыр жырының кейіпкері Қамбар батырды атайды, бірақ Қамбар батыр қалмақпен соғысты дейді олай болса Қамбар батыр 16-17-ғасырда өмір сүрген болып шығады. Мүмкін Қазақ халқы Түркілер қаумынан бөлініп хандық шаңырағын көтерген сәттен жылқы малының пірін Қамбар ата деп мойындау басталған шығар. Себебі Қамбар ата жылқының пірі болып Түркілер дәуірінде қолданған болса Түркі тектес халықтарда осылай деп қабылдаған болар еді. Олай болса Қамбар батырдың жылқының пірі болуға толық құқы бар. Сайын далада ұшқан құспен, даланың бөкені, киігі мен жарысып өскен халық үшін атқа мініп жауға шапқан адамнан артық керемет болған емес. Сондықтан халық атқа мініп елін жаудан қорғаған ерін, жел жағына пана болған азаматын, ас-ауқатына себебші болып қарнын тойғызған әкесін пір тұтуы көңілге қонымды ғана емес қолайлы жағдай.

Түйе атасы - Ойсылқара

Ойсыл қара деп жүрген - Увайс Қарани шын мәнінде өмірде болған адам. Ертедегі «Яман» қәзіргі Ирактың маңында Пайғамбар дәуірінде яғни VII-ғасырда өмір сүрген. Өмірін түйе бағумен өткізген. Тағадат ибадат пен әулиелік дәрежеге жеткен, пайғамбардың с.ә.у.-ның жіберген қырқасын (шекпен), егер Мұхаммед с.ә.у.-ның барлық үмметінің күнәсын кешпесең мына сауғаны кимеймін деп Алладан өтініш ететіндей дәрежеге жеткен деп жазады «Әулиелер тарихы» атты кітапта 13-ғасырда өмір сүрген ғалым Ф. Аттор. Ойсыл қара-Увайс Қарани жайында Түркілер арасында аңыз әңгімеледе де өмірін түйе бағумен өткізген деген. Демек түйенің жайын білетін, түйе өсірген, түйенің маманы-қазақшалап айтсақ түйенің пірі болып кеткен. Ал Уикипедиядан алынған мәлімет бойынша Уәйіс әл-Қарани Шам шаһарына қарасты Қаран ауылында 7 ғасырда өмір сүрген. Ол әулиелік кереметімен Мұхаммед (c.ғ.с.) пайғамбардың дүниеге келетінін алдын ала сезген. Ол Қаран елінің түйесін бағып, өзінің кәсіпке адалдығымен, тақуалығымен, қанағатшылдығымен көпке үлгі болған. Шешесінің рұқсатын алып, пайғамбарды көруге Мединеге келген.Уәйіс Қаранидің әулиелігін, ыстық ілтипатын ерекше рухани байланыс арқылы сезінген Мұхаммед (c.ғ.с.) пайғамбар оған деген құрметінің белгісі және оның рухани дәрежесінің айғағы ретінде сахабалары арқылы өз шапанын сыйлайды. Науқас шешесіне қарайлаған Уәйіс Қарани пайғамбардың көзі тірісінде жүздесе алмайды. Сондықтан ол табиғиндердің ұлығы болып саналады. Түркі ислам дүниесінде, дәстүрлі қазақ қоғамында да төрт түлік малмен байланысты әрбір кәсіптің киелілігін, абыройлылығын әйгілеп, ол кәсіптің әрқайсысының бастауында рухани ұстаз, қасиетті пір тұрғандығына сенген. Сондықтан ол кәсіпке адалдықты насихаттап, сол кәсіптің иесі пірден қолдау, желеп-жебеу тілеген.

Сиыр атасы - Зенгі баба

Сиырдың пірі - Зеңгі баба. Бұлда нақты өмірде болған адам. Зеңгі баба - Тәжіқожа -Әбдімәлік ата - Шайх Мансур - Арыслан баб болып қосылатын Шәуілдірде жатқан атақты Арыслан бабтың ұрпағы. Қожалар шежіресінің бір білермені З.Жандарбектің айтуынша Арыслан баб Қарахандық әулеттен болуы керек. Халық ауыз әдебиетінде Зеңгі баба өмірін сиыр бағумен өткізген, сопылық ілімнің жетекші ғалымдарының бірі, Түркілер арасында пір болған Сайд Ата, Садыр Ата, Бадыр Ата, Ұзын Хасан Ата атты ұлықтардың пірі болған адам. Мазары Ташкент қаласының түбінде. Өзбекстанда «Зеңгі ата» атында аудан бар. Жоғарыдағы Ойсылқара секілді бұл бабамызда сиыр малының білермені, маманы, иесі демек киесі болуы керек.

Қой атасы - Шопан ата

Шопан ата - қой түлігі мен шопанның пірі. Зерттеушілердің пікірінше шамамен 13 - 14 ғасырларда өмір сүрген және Қожа Ахмет Иасауи тариқатының басшыларының бірі болған. Жалпы ислам дүниесінде әрбір кәсіптің киелілігін, абыройлығын әйгілеп, ол кәсіптердің бастауында тұрған рухани ұстаз, қасиетті пірге құрмет көрсету дәстүрі бар. Сондай-ақ дәстүрлі қазақ мұсылмандығында да қазақтың ата кәсібі малшылыққа байланысты пір тұтылатын қасиетті есімдер бар. Солардың бірі Шопан ата Ол Иасауи тариқаты дәстүрінің ұстазы ретінде тарихи тұлға болса да халық жадында шопандық кәсіптің пірі ретінде аңыздық тұлға болып сақталды. Халық арасында Шопан ата туралы аңыз әңгімелер көптеп таралып, қой түлігінің қасиеттерін дәріптеген және сол кәсіптің иесі пірден қолдау, желеп-жебеу тілеп, мұсылмандық дәстүрмен рухани жалғастыққа ұмтылған. Шопан ата - деген бір қасиетті адамның мазары Маңғыстауда бар, қазірше «Шопан ата» аз зерттелген. Халық Шопан атаны қойдың пірі дейді. Бірақ бұл шын мәнінде Маңғыстауда жатқан Шопан атамызба, болмаса басқа Шопан ата бар ма ол жағы нақты зертеуді қажет етеді.

Ешкі атасы - Сек-сек ата

Ешкінің пірі Сек-сек ата деп жатады халық. Оңтүстік Қазақстан, Сарыағаш ауданының көлемінде «Сөк-Сөк ата» деген бір халық көп баратын жер бар. Шежірелік дерек бойынша «Сөк-Сөк ата» Қазығұрт тауының бір сілемі Қаржан тауының баурындағы Тұрбат деген жерге жерленген Исмайыл атаның баласы. Шын мәнінде Сек-сек атаның қай жерде екені белгісіз. Ертеде Өзбекстанның көлеміндегі «Сексен ата» деген жайды Сек-сек ата екен деген сөз болатын, бірақ бұл сөз соңғы кезде айтылып жүрген жоқ.

Жоғарыда атап өткен төрт түліктің пірлерінің ішінде анық «Зеңгі ата» қожа тұқымынан. Маңғыстаудағы Шопан ата қожа тұқымы бірақ қойдың пірі осы «Шопан ата» деп нақты айта алмаймыз. Ислам діні келмей тұрыпта бұл жерде халық өмір сүрген. Олардың өз арасынан шыққан қасиетті Әзіздері болған. Кез келген мәдениет діннің ықпалында дамыйды. Халықтың мәдени өміріндегі барлық тұрмыстық рәсімдер мен қолданбалы іс әрекеттер де осы халықтың тұтынған дінінің талаптарына бейімделеді. Сондықтан 13-ғасырдан артық Түркілер арасында қызмет етіп келе жатқан ислам дініде халықтың санасына сіңіп, өшпейтін із қалдырған.

_________

ІІІ. Төрт түліктің төлдерін ,мал пірлерін атау .
Жылқының төлі- құлын, пірі- Қамбар ата.
Түйенің төлі - бота, пірі - Ойсылқара.
Сиырдың төлі - бұзау, пірі - Қамбар ата.
Қойдың төлі - қозы, пірі - Шопан ата.
Ешкінің төлі - лақ, пірі - Сексек ата.

ІҮ. Жұмбақтардың шешімін табу.

Туа сап жүріп кеткен,
Енесін қуып кеткен.( құлын)

Басында таяғы бар,
Төрт аяғы бар.
Егіз құлағы бар,
Иегінде сақалы бар. ( ешкі)

Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар. ( түйе )

Кішкентай ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар. ( қозы )

Екі айнасы бар,
Төрт жылтырмағы бар,
Бір шыбыртқысы бар. ( сиыр )

7.Мәнерлеп оқу «Малдың төлін сүюі»

Сабақты қорытындылау.
Үйге тапсырма : Қайталау
Оқушыларды бағалау мадақтау.

Ү. Үйге тапсырма

Төрт түлік мал, жан - жануарлар, табиғат құбылыстары туралы жырларды оқу.

ҮІ. Бағалау



Келісілді»

Оқу ісінің меңгерушісі : Т.Харесов

Күні :30.09
Сабақтың тақырыбы: Наурыз өлеңдер
Мақсаты:1. Оқушыларды тұрмыс -салт жырларымен,соның ішінде наурыз өлеңдерінің түрлерiмен таныстыру, т.с. жырлары туралы бiлiмдерiн бiр жүйеге келтiру; ерекшелiгi, ұлттық сипаты, түрлерi туралы оқушыға жаңа бiлiм беру;
2.оқушылардың көркем әдебиеттi оқуға деген ынтасы мен ықыласын арттыру, сөздiк қорын, логикалық ойлау, дұрыс сөйлеу дағдыларын дамыту;
3.наурыз өлеңдері арқылы жақсылыққа, өз халқының әдебиетiн , мәдениетiн дәрiптеуге тәрбиелеу, ұлттық сананы қалыптастыру, табиғатты сүюге, аялауға тәрбиелеу;

Сабақтың түрi: жаңа материалды игеру сабағы
Көрнекiлiгi:наурыз туралы мағлұмат, наурыз мерекесiне байланысты суреттер.
Сабақтың барысы:
I.Ұйымдастыру кезеңi.
1.Амандасу. 2.Кезекшiмен сұхбат
Сабақ жаратылыстану пәнiмен байланысты өтетiнi айтылады.
II.Үй жұмысына тоқталу.
Оқушылардың әдебиет, ауыз әдебиетi, оның түрлерi туралы түсiнгендерiн сұрап, үй тапсырмасын пысықтау, қорытындылап. жаңа сабақты бастау.

II. Жаңа сабақ
Наурыз өлеңдері
Наурыз мейрамы - өте ерте заманнан бері халықтар тойлап келе жатқан тұрмыстық мереке. Ол парсымыз «Нау-рыз» жаңа күн деген сөзінен шыққан. Бұл жөнінде халқымыздың кемеңгер ұлдары Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов біршама деректер жинаған. Күн мен түн теңелген, мал төлдеп, адамның аузы аққа тиген, жер бусанып, малдың аузы көкке тиген ырыстың басын қазақ елі - «Ұлыстың ұлы күні»- деп атайды екен.Наурыз- күні жаңарудың, өсудің, түлеудің басы. Наурыз күні - имандылық мереке. Алдына келген атанның құны болса да кеш. Наурыз - көктем мерекесі, еңбек тойы, ырыс пен мошылық бастауы. Наурыз мерекесі - мейірімділік, қайырымдылық мейрамы.

Қыс өтіп, қар кетіп
Шырайлы жаз жетіп
Шаруаның кенелген
Мейрамы ежелден
1. Наурыз көже туралы сұрақ -жауап ұйымдастыру.
2. Наурыз, көктем туралы тақпақтар айтқызу.
Кітаппен жұмыс
1. Мәнерлеп оқыту
2. Мәтін мазмұнымен таныстыру
3. Наурыз сөзінің мағынасын ашу
Қорытындылау
Наурыз туралы әңгімелей келе түркі халықтарының «Наурыз » мерекесін қалай қарсы алатындықтарын экран арқылы көрсету.
Бағалау.
Үйге тапсырма наурыз мерекесіне арналған өлеңдерді жаттап келу



Күні . 07.10

Келісілді»

Оқу ісінің меңгерушісі : Т.Харесов

Сабақтың тақырыбы : Пунктуация 9 сынып қазақ тілі

Сабақтың мақсаты :

1. Білімділігі - оқушыларға тыныс белгілері туралы түсінік беру, теориялық білімдерін практикамен ұштастыру,оқушы білімін есепке алу. 2. Дамытушылық - әдеби жанрлардың түрлерінен мысалдар келтіру арқылы пәнге деген қызығушылығын дамыту, ізденімпаздылық қасиетін қалыптастыру.

3. Тәрбиелік - оқушыларды адамгершілікке, ізеттілікке, әдептілікке, шапшаңдық-қа тәрбиелеу, ұлттық салт -дәстүрді қадірлеуге баулу, өз елін, тілін сүюді үйрету.

Сабақтың түрі : аралас сабақ

Сабақтың әдісі : сұрақ-жауап, шығармашылық іздену

Сабақтың көрнекілігі : кеспе қағаздар, суреттер

Пәнаралық байланыс : әдебиет, орыс тілі

Сабақтың барысы :

I. Ұйымдастыру кезеңі: оқушылармен амандасу, түгелдеу, оқу құралдарын тексеру. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару

II. Үй тапсырмасын пысықтау : үйге берілген тапсырманы сұраймын . Оқушыларға өткен тапсырма бойынша бірнеше сұрақтар қоямын

Ізденіс жұмыстары: «Стильді анықта! » (берілген сөйлемдерді стиль түріне ажырату, анықтамасын еске түсіру.)

1. Күміс толқын бетіндей боп, кейде жылтырай түсіп, сәл сыбырдай ғана болымсыз жыбыр қағады. ( көркем әдебиет стилі )

Көркем әдебиет оқиғаны сурет бейнесінде баяндайды, танытады: оқиға, кейіпкерлердің іс-әрекеті, сөзі , мінезі, келбеті қатысып баяндалады.

2. 32- бап : Азаматты қандай да болсын құқығы мен бостандығынан айыруға немесе олардан шектеуге ешкімнің қақысы жоқ, мұны осы Конституцияға сәйкес қана істеуге болады. (ресми іс-қағаздар стилі) Іс -қағаздар дегеніміз - жеке адамның, ұжымның, фирмалардың, мекемелердің атқаратын қызметіне байланысты пайда болатын жазбаша /ауызша/ қарым -қатынас құралы.

3. ....Толқын теңіз. Кішкене қайықтағы жалғыз әйел,

Түпсіз, шексіз толқын ...... алыста, көкжиекте бұлттар . Толқын қайықты қисайтып, аударуға тақалған .(публицистикалық стиль)

Публицистикалық стиль жұртқа үндеу, үгіт айтуда пайдалынады. Мұндай үндеуге ,үгітке қоғам үшін және дәл сол кезеңде зор мәні бар мәселелер тақырып болады.

4. Алтын адам Есік қорғанынан табылған болатын. Адамды осылай алтынмен апталған сауытпен жерлеуіне не себеп? ( ғылыми стиль) Ғылыми стиль адамның ең озық интелектуалдық әрекетіне қызмет етеді. Бұл адамның ғылыми ізденісінен, зерттеуінен тапқанын ауызша немесе жазбаша жұртқа жеткізу мақсатында қалыптасқан стиль түрі. 5. Геометриялық фигуралар өмірде де жиі қолданылады.(ғылыми стиль) 6. Айналайын қалқашым , қайтып келіп қалдың ба, и-и айналайын - ай! ( ауызекі сөйлеу стилі )

Ауызекі сөйлеу стилі бірнеше түрге бөлінеді:

1. дидарластық сөзі / әңгімелесі, сұхбаттасу/

2. полемикалық / дауласу/ сөзі

3. көпшілікке арналған сөз /баяндама, лексика /

III) Жаңа сабақты түсіндіру.

Тыныс белгілері автордың ойын дәл, түсінікті , тиянақты етіп жеткізуде нақты рөл атқарады. Біз жазба тілдегі тыныс белгілері дұрыс қойылмаған болса айтушының көңіл күйі мен айтылмақ ойын өз дәрежесінде қабылдай алмаймыз. Тыныс белгілері туралы ілім пунктуация ( лат. - нүкте )деп аталады

Пунктуация - жазу тіліне қызмет ететін шартты белгі. Ол жазба тілдің барлық мән- мағынасын ашып түсінуге мүмкіндік береді. Жалпы қазақ тілінде қолданылатын тыныс белгілер төмендегідей

Негізгі тыныс белгілері


нүкте

сұрау бел-гісі

леп белгісі

қос нүкте

көп нүкте

нүктелі үтір

үтір

сызықша

тырнақша

жақша

-Жазуда тыныс белгілері үш ұстаным бойынша қойылады.

Олар: 1)Грамматикалық ұстаным.

Мысалы: Шығыс кітаптары арқылы танып білген аңыз -дастандар негізінде Абай «Масғұт», «Ескендір» «Әзім» тағы басқа көлемді дастандар жазады.

Абай жазады

Грамматикалық негіз-біреу,ой біршама тиянақты , жай сөйлем, сондықтан тыныс белгісі сөйлемнің соңында қойылған.

Құдайберді арғы шеткі көшке жеткенше ,Құнанбай қасына жиырма-отыз аттылар жиылып қалды.

Құдайберді жеткенше ,аттылар жиылып қалды.

Күрделі ой, грамматикалық негіз - екеу, тыныс белгісі жай сөйлемдердің аражігіне , сөйлемнің соңына қойылады. Сөйлемдегі негізгі ойды даралап , айтылмақшы ойды оның грамматикалық негізінің айналасына жинақтау

2. Мағыналық ұстаным. Тыныс белгілерін сөздердің мағыналарын ашып,айқындау қызметі мағыналық ұстанып болып табылылады

Міне, балам, осы менің батам болсын. Ол - Барластың

ақын шәкірті.

Ойдың кімге арналғандығы және сөйлемдегі ой иесі айқындалып тұр.

Бірақ, керегі не, қазір сол Құлынсаз жоқ, жер бетінен өшіп кеткен.

Айтушының өкініші анықталған.

Содан соң қырмандағыларды

тегіс жинап /балаларды да қосып/, жиналыс өткізді.

Автордың қосымша ойын байқатады.

3. Интонациялық ұстаным. Тыныс белгілерін дауыс ырғағына қарй қою түрі.

Абай : -Бұл кісі кім , аға? -деп еді. Анау таңданып: - Е, білмеуші ме ең, Шөжікеңді ?.. Бұл Шөже ақын емес пе? -деді.

IV.«Миға шабуыл»

Төмендегі өлеңде тыныс белгілері қойылмаған, қойып шығып ,ондағы сөйлем мүшелерін анықтаңдар.

Тәтті шөпті таңдап жеп жылқы-сиыр

Тың-тоңы тұяқ кесті емес шиыр

Тай-тана бота тайлақ серкеш - тоқты

Барлығы тояр соның толып бүйір

Тойған мал көтерілді асыр салып

( -Неліктен мына өлең жолдарының тыныс белгілері қойылмаған, неліктен сіздер тиісті жеріне тыныс белгілерін қойдыңыздар, қоймай оқығанда қалай естіледі, қойып оқыған да ше? )

Тәтті шөпті таңдап жеп, жылқы сиыр,

Тың-тоңы, тұяқ кесті емес шиыр.

Тай-тана, бота тайлақ, серкеш - тоқты

Барлығы тояр соның, толып бүйір.

Тойған мал көтерілді асыр салып

Торпақ, бұқа, тай - құнан үйір алып.

Малдың, жанның барлығы көтеріңкі ,

Қыстан көрген зардабы ұмыт қалып.

Алты ай қыс ауырған көп жөтеліп,

Төсек сал , төсек кемпір бас көтеріп.

Қалың қар, қатты боран сары аяздың,

Барлығы бір-ақ күнде кетті өтеліп.

V. «Өз жұбыңды тап!» (оқушылардың қолына бөлек -бөлек үлестірмелі қима қағаздар беру, сол қағаздарға жазылған сөздер арқылы жұптастыру, тыныс белгісін ерекшелеу )

1. Ертең ел жайлауға көшеді. /нүкте/

2. Есен - саумысың? / сұраулы/

3. Қош келдің, ағатай! /леп/

4.Сен келгенде.....

Ә, оны айту міндетті емес. /көп нүкте/

5. Осылай боларын білдім бе мен?! /сөйлем соңына қаббаттасып қойылатын/

6. Мен Айдын,Әсем үшеуміз келдік. /үтір/

7. Айтарын білдім: тас- түйін боп алған. / қос нүкте/

8. Толғауы тоқсан қызыл тіл /Абай/

9. «Жас келсе іске» деген сөз / тырнақша

10. Үйде шешен ,-дауда жоқ. / сызықша/

6. Білімді бекіту : Өткен тақырыптар бойынша бірнеше сұрақтар қоя отырып, түсінбеген сұрақтарына жауап беремін.

7.Бағалау : Сабаққа қатысып отырғандарына қарай білімдері бағаланады.

8.Үйге тапсырма : 159-жаттығу.





Күні . 14.10

Келісілді»

Оқу ісінің меңгерушісі : Т.Харесов


Сабақтың тақырыбы: Шешендік сөздер. Билер сөзі - нақылдың көзі.
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік: Оқушылардың ауыз әдебиеті және оның түрлері туралы әдеби білімдерін кеңейту, шешендік сөздер туралы мәлімет беру, билер мен шешендердің сөздерін талдау.
2. Тәрбиелік: Оқушыларды ұйымшылдыққа, татулыққа баулу, елжандылыққа тәрбиелеу
3. Дамытушылық: Оқушылардың әдеби дүниетанымдарын кеңейту, қосымша материалдар арқылы пәнге деген қызығушылықтарын арттыру.
Сабақтың типі: Жаңа сабақты түсіндіру
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың әдіс - тәсілі: баяндау, мәнерлеп оқу, сұрақ - жауап
Сабақтың көрнекілігі: «Билер сөзі» шешендік толғау, арнау
Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі: 1. Оқушылармен сәлемдесу.
2. Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру.
3. Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру:
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры.
Жырдан теңеу, эпитеттерді теріп жазу.

ІІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру:
1. Шешендік сөздер туралы мәлімет беру.
Шешендік сөздер қазақ ауыз әдебиетінің күрделі де көркем бір саласы болып табылады. Қазақтың дәстүрлі шешендік сөздерін: шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау деп шартты түрде үшке бөлуге болады. Шынайы шешендік қиялдан тумайды, өмірлік оқиғалардан, табиғи құбылыстардан туады, көп жылдық тәжірибе мен сан рет қайталау арқылы сыннан өтіп халық мойындаған қағидаға, даусыз ақиқатқа айналады. Оның үстіне әр дәуірдің әр түрлі сөз шеберлерінің талғамынан, толғауынан өтіп шешендік сөз "тілге жеңіл, жүрекке жеңіл" тиетін сүйкімді үн мен ырғаққа ие болады. Шешендік сөздер үш түрлі болады: кеңесу, билік және салтанатты сөз. Ал құрылысы жағынан кіріспе, баяндау және қорытынды болып бөлімнен тұрады.
"Өнер алды - қызыл тіл" деп қазақ бекер айтпаған. Қазақ жұрты - жаратылысынан шешендік өнерге бейім халық. Оның қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, қомақты ойлары жөнінде өзіміз де, өзгелер де таңдай қағып айтудамыз. Қазақ шешендік өнері - атадан мирас болып, алтын баулы желісі үзілмей келе жатқан ардақты өнер. Теңіз тербеп тереңінде шайқалған інжу маржандай ғасырлар бойы халық жадында сақталып, жұпталып көптің көкейіне орнаған шешендік сөздер шешендердің даналық сөздерінде ашылады, айқындалады, ал шешендер әлденеше ұрпақтың сана сезімін аралап, көптің көкейіне қонақтаған ойлы, сырлы сөздерді жаттап, жадында сақтайды керекті, келеңді жерінде жаңартып кәдеге жаратады.

Қазақ шешендік өнерінің піспегі - шешен билер де, күбісі - халық. Ел есінде жүрген шешендік нұсқалардың туындыгері - шешен - би. Халық заманы озған сайын әлгіндей сөз үлгілерін талқыға салып, қырлап, өңдеп, құлпыртып әкеліп, кейде тіпті сан - саққа жүгіртіп әркімдердің (шешен - билердің) атынан айтады. Осындай әдеби - халықтық, фольклорлық сұрыптаулардан кейінгі біздің заманымызға келіп жеткен шешендік сөздер шымырқанған қымыздай жұтылған, таңдай татарлық дүниелер болып келеді.
Қазақта шешен, би деген ұғымдар дербес тұрып та, қосарланып та айтыла береді. Белгілі бір шешендерін өкіл деп танысақ, мәселен, Жиренше шешен, Зілқара шешен, Әлібек шешен, Сүйінбай шешен, Бөлтірік шешен, Шәңкі шешен, Мүсіреп шешен, Тұяқ шешен, ал енді бір сыңарын би деп түстеу, мәселен, Майқы би, Аяз би, Мөңке би, Әйтеке би, Бала би т. б. деп атау қалыптасқан.
Би атауы - әлгіндей емес, белгілі бір мақсатқа, мемлекеттік мүддеге қызмет ететін, жалпы шешендіктен салыстырмалы түрде тар арнаға ыңғайланған шешендердің тобын көрсететін атау.
Бұдан билердің рөлі тек қоғамдық мәселелерді шешу үстінде ғана айрықша да, одан былайғы тұста шешендік сипаты жойылады деген ой туындамауы керек. Би дегеніміз - ел - жұрттың әдет - ғұрпын, салт - дәстүрін, өткен - кеткен көне шежіресін, тарихын, қоғамдық даму барысын, айнала қоршаған табиғаттың, жан - жануарлардың сан алуан қасиеттерін, құпияларын жетік білетін, бүгінгіге баға беретін, болашаққа болжам жасап, адамдардың көкірек көмбелеріне ой көзімен қарап көре алатын, қырлы - қырлы мінез - құлықтарды айтқызбай - ақ доп басатын, ғылым - білімнен хабардар, кемел пікірлерін шешен тілмен жеткізіп беруде дара қасиеті бар біртума жандар.

Ғалым - педагог Ы. Алтынсарин нақыл сөздерді жинады және оларды жариялады. Ол өзінің хрестоматиясына "Ізбасты", "Байұлы", "Жәнібек батыр", "Жиренше шешен" тағы басқалардың көргендікке, тапқырлыққа құрылған "даналық әліппелерін" енгізіп, кезінде оларды оқуға ұсынған. Алғашқы ұстаз аталы сөздің құндылығын сол кезде - ақ білген.
Шешендік сөздерді тұңғыш зерттеушілердің бірі - М. Әуезов болса, 30 - жылдары оларды іріктеп, жинап, халықтың керегіне жаратуға үлес қосып, қамқор болған, асыл сөздерді оқырман қауымға ұсынушы және балаларды ізгілікке тәрбиелеуде таптырмас құрал екенін оқытушы С. Сейфуллин болды. Сәкен Сейфуллин өзінің "Қазақ әдебиеті" дейтін кітабында шешен билердің әлеуметтік қызметтерін, шешендік сөздердің ауыз әдебиетінде алатын орнын анықтап, бірсыпыра нұсқауларын жариялады.

Одан кейін қазақ шешен сөздерін арнайы зерттеген ғалым Әмина Маметова. Ол өзінің "Қазақстан шешен билерінің сөздері және қазақ әдебиетіндегі оның орны" кандидаттық диссертациясында белгілі қазақ билерін атап, олардың аттарынан айтылатын сөздердің әдебие мәнін толығырақ анықтай түседі. Сонымен, ана тілі сабақтарының танымдық мақсатына мыналар ескерілу қажет:
1. Шешендік сөздерді халқымыздың қадір тұтуы
2. Шешендік сөздердегі ұлттық мәдениет және парасаттылық
3. Асыл сөздің астарындағы ұлағатты сөздер
4. Дау - жанжалдардың бітімін екі - ақ ауыз сөзбен шешіп, ел мен елді бітістіріп, жарастырып келелі мәселелерді тындырып отыратындығы
Қазақ шeшeндiк сөздeрi - бастаy алар қайнар бұлақтарын түркiлiк танымнан түптeн тартып, өзiндiк ұлттық eрeкшeлiктeрдi, қасиeттeрдi бойына жинақтап, көркeмдiк қyатымeн, ғибраттық сарынымeн дараланған, сондай - ақ, ас бай поэтикалық тiлiмeн өзгeшe қалыпта көрiнгeн, халқымыздың рyхани азығына айналған көркeмдiк құбылыс.

Шешендік - қазақ елінің көнеден келе жатқан дәстүрлі тіл өнері. Шешендік - сирек ұшырасатын қасиет - дарын. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр қисынға құрылады. Шешендік өнер мен билік қолма - қол туып айтылатын, суырып салма жүрекжарды әділ сөздерге негізделіп шығармашылық сипатымен дараланады.

Асыл ойдың алтын қазығы болған шешен - билердің халық жадында сақталып келген дана ойлары келешек ұрпақ үшін әрқашан тәрбие - өнер мектебі болған. Енді елдікке, бірлікке шақыруда, халық тарихын байыппен саралап, бүгінгі ұрпақ санасына жеткізуде шешендік сөздердің маңызы ерекше. Халқымыз "Сөз қадірін білмесең, өз қадіріңді білмейсің", "Сөз сүйектен өтеді", "Шешеннің тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік" деп, сөз өнерін ерекше тани білген.
Шешендік сөздер - ғасырдан - ғасырға ұласып, халық игілігіне жарап келе жатқан ұлттық мұрамыздың бірі. Қысқа да нұсқа, бейнелі, мағынасы терең, шымыр, қисынға құрылған бұл сөздер тындаушының көңілінен шығып оны сөзсіз иландырады.
Шешендік сөздер - қазақ ауыз әдебиетіндегі шағын көлемді дидактикалық жанр. Шешендік сөздер мазмұнына қарай 3 - ке бөлінеді: Шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау.
Шешендік арнауға қоғам мен заман өміріне байланысты өлеңдер, бата, тілек жатады.
Шешендік толғау - қоғамды суреттейтін өлеңдер.
Шешендік даудың түрлері: жер дауы, жесір дауы, мал дауы, ар дауы, құл дауы.

Шешендік сөздер
(композициялық құрылымы жағынан)
1. Термелі сөз Пернелі сөз қара
өлеңмен жазылады. сөзбен жазылады.

ІV. Жаңа сабақты бекіту.
1. Оқулықпен жұмыс.
а) «Жиренше шешен», «Төле би», «Қазыбек би», «Әйтеке би» әңгімелерін мәнерлеп рөлге бөліп оқу.
ә) Жиренше шешеннің жауабын талдау.
Ағын судың өлгені -
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгені -
Басын бұлттың жапқаны.
Ай мен күннің өлгені -
Еңкейіп барып батқаны.
Қара жердің өлгені -
Қар астында жатқаны.
Ажал деген атқан оқ,
Бір алланың қақпаны.
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді.
Ғалымның хаты өлмейді.

Қазыбек бидің толғауы
Өркенім өссін десең,
Кекшіл болма -
Кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма -
Өскеніңді өшірерсің.
Басына іс түскен пақырға
Қастық қылма -
Қайғысы көшер басыңа.
Жанашыры жоқ жарлыға
Жәрдемші бол асыға,
Қиын - қыстау күндерде
Өзі келер қасыңа.
Бүгін сағы сынды деп,
Жақыныңды басынба!

Әйтеке би
Суалмайтын суат жоқ
Тартылмайтын бұлақ жоқ,
Құйрығы суда тұрса да,
Уақытысы жеткенде
Құрамайтын құрақ жоқ.
Дүние деген фәни бұл,
Баласы жоқта мият жоқ.
Бәрінен де қиын сол екен,
Артында жанған шырақ жоқ…

3. Мәтінді нақышына келтіре мәнерлеп оқу.

4. Ойтолғау жазу.
«Тарихта із қалдырған тұлғалар»

5. Қазыбек бидің толғауымен Әйтеке бидің сөздерінен астарынан нені аңғаруға болады?
б) Сұрақтарға жауап беру.

V. Үй тапсырмасын беру:
1. Шешендік сөздер
2. Жиренше шешен
3. Төле би.
VI. Оқушылардың жауаптарын бағалау.

Күні . 21.10

Келісілді»

Оқу ісінің меңгерушісі : Т.Харесов

Сабақтың тақырыбы: Махамбет Өтемісұлы «Қызғыш құс» «Соғыс » өлеңі
Сабақтың мақсаты:
Білімділік. М. Өтемісұлының ақындық шеберлігін таныту, оқушылардың танымдық біліктілігін арттыру.
Дамытушылық. Оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын оқу мен жазу арқылы дамыту.
Тәрбиелік. Оқушылардың елін, жерін, Отанын шексіз сүюге, қорғауға тәрбиелей отырып, Махамбет бойындағы ерлікті, ақындықты оқушы санасына ұялату.

: Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, тарих, биология.
Сабақтың жабдығы: ватман, маркер, сындырма бетше,.
Сабақтың жүрісі: І. Ұйымдастыру
ІІ. Жаңа сабақ
Махамбет Өтемісұлы туралы білетіндерін жеке қағазға түсіруге 3 - 4 минут.
Жұпта талқылау. Топта бөлісу. Ортақ пікірді тақтаға жазу

Жоспары:
1. «Қызғыш құс», «Соғыс » өлеңін мәнерлеп оқу
2. Өлеңнің идеясына тоқталу
3. «Қызғыш құс» «Соғыс » өлеңінің шығу тарихы (үнтаспадан тыңдау)
4. Сөздікпен жұмыс
5. Топтық жұмыс (Құстар галереясы)
6. Өлең құрылысына талдау
7. Қорытынды

Махамбет - халқын сүйген, халық мұңын жырлаған, елім деп еңіреген ақын. Махамбет поэзиясы өз дәуірінің, сол кездегі қанауға қарсы көтерілген шаруалар көтерілісінің айқын үні. Отанын сүйген патриот - өлеңдерін көпшілік мүддесі үшін жұмсаған, еңбекші шаруалардың жыршысы. Езуші таптың жауыздығын тайынбай әшкерелеп өткен реалист. Өмірінің ақырғы минутына дейін жақсылықты алдағы өмірінен күтіп, ұрпақтарды хан, патша, би, сұлтандарға қарсы күреске шақырып кеткен романтик. Ол - асыл сөздің кені, көркем тілдің ұстасы, ерлікке үндейтін жалынды үгітшісі.
- Ендеше балалар, патриот деп қандай адамды айтамыз?

Патриот - өз Отанын, халқын, жері мен суын шынайы сүйетін, халық мүддесі үшін бар күш - жігерін, қабілетін аямайтын адам.
Тақтаға сабақтың тақырыбы жазылады. «Қызғыш» сөзіне түсініктеме беріледі. Қызғыштай - қызғыштай қорыды, (қорғады) - қорғаштады, ара тұрды.
Жапан далада тізгінін бос тастап, бір салт атты кісі келеді. Бойында асынған қару - жарағы бар, қабағы салыңқы. Реңі жабырқау. Бұл өзі кешелері қол бастап, жалаң қылышпен жай отындай жарқылдап, хан жасағын, патша әскерлерін жапыра, ат ойнатқан кісі еді.

«Тәңірім салса, не амал бар!» Ағалап алдында ұстаған, бүкіл ел ардақтысы, көтеріліс басшысы батыр Исатай о Дүниелік болған. «Қаумалаған қарындас» та енді қасында жоқ, жападан - жалғыз, жапан түзде арыған атының тізгінін бос салып, аяңдап келеді. Аты тоқтап, әудем жердегі жарқыраған суға тігіле қарап қалыпты. Көл үстінде құс біткеннің зәресін қашырып, бір қарайған жүйткиді. Тәжірибелі жолаушы оның лашын екенін білді. Ол ойын жиды, оу, бұл таныс көлдің тұрақты күзетшісі - бір қызғыш бар еді ғой! Ол қайда? Сөйткенше болған жоқ, салт аттының көзі төбесінде шырылдаған қызғыш құсқа түсті. Бейшара - ай, ә! Ал мұның өзінің, батыр Махамбеттің, хәлі қалай бұл күнде?! Мұның «көлі» - елі қайда, бұл неғып айдалада арыған атымен жалғыз келе жатыр? О, тәубе, көл қорыған қызғыштың да, ел қорыған ер Махамбеттің де тағдыр талайы бірдей екен - ау! Осыған ұқсас бірдеңе бұрын да болған сияқты еді ғой... Жо - оқ. Ақын өзінің бір толғауын есіне түсірді.

Көшер еді - ау біздің ел,
Сонау Еділден бергі жатқан жердейін.
Қонар еді - ау біздің ел,
Арқада қоныс төлдейін,
Нұралыдан қалған көп тентек
Бүлдірмеген еді елімді
Лашын құс, бүркіт шайқаған көлдейін, -
деген болатын. Нақ соның кебі келіп тұр ғой, «Ереуіл атқа ер салмайдағы» айтқандары да айнымай алдынан шыққан. Ақындық болжам сөздің өститіні бар... Ақынның ерні жыбырлап, көзі тағы да төбедегі шырылдаған титімдей құсқа түсті.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айрылып,
Жалғыздықпен болдым дос.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Ел қорыған мен едім,
Мен де айрылдым елімнен.
Көл қорыған сен едің,
Сен де айырылдың көліңнен.
Аспанда ұшқан қызғыш құс,
Сені көлден айырған -
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған -
Хан Жәңгірдің екпіні.
Айтып, айтпай немене?
Құсалықпен өтті ғой,
Махамбеттің көп күні.

(Оқушыларға мәнерлеп оқыту)

«Соғыс»өлеңін мәнерлеп оқу

І топ Өлеңнен Исатайдың бейнесін, мінген атын суреттеген жолдарын табу.ІІ топ

Исатай кім? Батыр туралы не білесіздер?

Өлеңді құрылысына талдау

Құдайлады хан ұлы 7 буынды а

Іздеген жауы біз болып 8 буынды б

Жау қарасы көрінді 7 буынды в

Жиылған әскербілінді 8 буынды в

Исатайдың сол күнде 7 буынды д

Ақтабан аты астында 8 буынды ж

Дулығасы басында 7 буынды з

Өлең 7-8 буынды, екі бунақты, аралас ұйқасқа құрылған.

Жаңа сабақты сұрақ-жауап әдісі арқылы қорытып, бекіту.

Исатай кім?

Махамбет туралы не білесіздер?

Махамбеттің қандай өлеңдері бар?

Махамбеттің арманы не?

Жүрегін ояту деген сөзді қалай түсінесіңдер?

Үйге тапсырма беру: Махамбеттің өзіңе ұнаған 5 өлеңін жаттап кел. Оқушылардың білімдерін бағалау.



 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал