- Учителю
- Тәрбие сағаты
Тәрбие сағаты
Әдептілік- тәрбие бастауы.
Мақсаты: әдептілік туралы ұғым қалыптастыру, әдептілік, инабаттылық жайында оқушылардың ойын дамыту, қоғамдық ортада өзін-өзі ұстай білуге, ізгілікке, мәдениеттілікке, үлкенді сыйлауға, кішіге үлгі бола білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: сыныпты безендіру, әдептілік туралы жазылған қанатты сөздер, интербелсенді тақта.
1. Ата -баба тәстүрі-әдептілік негізі;
2. Әдепті елдің баласы-алыстан сәлем береді;
3. Әдепсіз өскен баладан,
Тәртіппен өскен тал жақсы.
4. Тәрбиесіз бала білім ұғар ма,
Олай болса уысыңнан шығарма
Қатты тәртіп көрсе бала түбінде,
Өнерімен қуантады түбінде.
5. Әдептілік ар-ұят
Тұрпайы мінез, тағы жат.
6. Татулық табылмас байлық.
7. Әдепті бала -арлы бала
Әдепсіз бала- сорлы бала.
8.Жаманға айтқан ақылың
Далаға атқан оқпен тең.
Әнұран айту.
1-жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті ұстаздар! Бүгінгі біздің "Әдептілік-тәрбие бастауы" атты тәрбиелік шарамызға қош келдіңіздер!
2-жүрг:Балалар бүгінгі біздің тәрбие сағатымыз тақырыбынан көріп отырғанымыздай әдептілік, мәдениеттілік, ізгілік жайында болмақ. Әдепті болу деген сөздің мағынасы өте кең. Олай дейтініміз: адамның жасаған әрбір іс-қимылы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, өзін-өзі ұстай білуі, мәдениеттілігі жайлы сыр сыр шертіп тұрады.
1-жүрг: Достарым, адам бойында жақсы-жаман қасиеттер болады екен. Бізге ақылдылықты, адалдықты, қарапайымдылықты, кішіпейілділікті, инабаттылықты, шыншылдықты үлкендер үйретеді. Біздің ата -анамыз ақ сүтін бере отырып, ана тілімен үйретеді. Біз осыны түсініп , ата-баба салт-дәстүрін үйренеміз.
2-жүрг: Адам болатын бала барлық жақсы қасиеттерді үйреніп, жаман мінез, әдеттерден, ұнамсыз қылықтардан аулақ болуымыз керек.
1-жүрг: Атам менің әманда
"Әдепті жан бол" деген
Ата сөзі санамда
Жасы үлкенге жол берем
Алдын орап кісінің
Кесіп өтпей көлденең
Ізетімен кішінің
Сәлемдесіп қол берем.
2-жүрг: Балалар, сендер сәлемдесу түрлерін білесіңдер ме?
Ақжол: Қазақ тәрбиені амандасудан, есен-сау сұраудан бастаған. Кейбір егде адамдар "Ассалаумағалейкум" дегеннен-ақ кім екеніңді білдім деп жатады.
Бекзат: Біріншіден, сәлем берген кісінің даусының шығуын, сәлем беру ырғағын байқайды. Екіншіден, сәлем бергенде өзіңді қалай ұстайсың, Қалай тұрасың? Үлкендер осының бәріне де назар аударады, сынайды.
Данияр: Үлкеннің алдындағы сәлемің, басшымен амандасу, қол қысысың да бірталай нәрсені аңғартады: егде кісінің не жас баланың қолын қаттырақ қысып жіберсең, дөрекілігің бірден көрінеді.
Майра: Сіз амандасып болғанша, сәлем алушы үсті басыңызға қарап та үлгереді, киіміңіздің өзіңіздің жас мөлшеріңізге жарасымды, жарасымсыз екенінде байқайды. Олардың барлығында ой елегінен өткізіп , сен туралы ой түйеді.
Қарақат: Жалпы сәлемдесу мәдениеттің сырт көрінісі болып көрінгенімен, адамның ішкі мәдениетін де біраз өзгертіп тастайды. "Сәлеміңнен жаңылма", " Сәлемің дұрыс болсын" деген талаптың өзі-ақ сәлемдесу мәдениеттің адамгершіліктің белгісі екендігін анықтап тұрғандай.
2-жүрг: Қазақта әдепті елдің баласы алыстан сәлем береді, деген аталы сөз бар, өйткені сәлемдесу -кісіліктің белгісі. Сәлемдесу , амандасу адамның бір-бірінен ізет, сый-құрметін көрсетеді.
1-жүрг: Адам баласының рухани тарихында қолы жеткен зор игілігі- сәлемдесу.
2-жүрг: Әдеп, адамшылық амандасудан басталады. Ақ сақалды атаны, ақ жаулықты әжені құрметтеу, жалпы өзіңнен үлкенге сәлем беру, алдынан кесіп өтпеу жас ұрпақтың қастерлі парызы екенін есте сақтауымыз керек.
Назерке: Ақыл әліппесі.
Ата-ананың тілегі,
Адам болып өскенің.
Адамдықтың белгісі.
Адал болып өскенің.
Әдептілік дегенің,
Әрқашанда керегің.
Әсемпаздық дегенің
Әуре сарсаң әлегің.
Бек: Дастарханның басында
Әдептен біз озбаймыз,
Үлкендердің қасында
Қолды бұрын созбаймыз.
Тамақ ішер кезде біз
Сөйлемейміз күлмейміз.
Астан басқа өзгені
Елемейміз, білмейміз.
Қарлыбай: Сыйлап сәлем береміз.
Көршілерді көргенде.
Ізетті де білеміз.
Үйге қонақ келгенде.
Әдепсіз деп сөкпесін.
Анама айтып өкпесін.
Ұлмекен: Анам маған"үлкенді сыйла" деген.
Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем.
Қарақат: " Ақыл жастан, асыл тастан шығады" деп дарынды,
Халық айтса, халық сөзі,
Әрқашанда нанымды.
Сол өнердің жолын қуған.
Осы сынып атынан,
Қабылдаңыз шын жүректен,
Сәлем сізге жалынды.
1-жүрг:
Ұстазым, жаңа маған почта бөлімшесінен хабарласты. Біздің сыныбымыздың оқушыларына хаттар әкелемін дейді.
Дәулет: Сәлеметсіздер ме?
Мына хаттар-Назеркеге, Даниярға, Әділетке жазылған.
Менің көршімнің бір баласы бар. Өзі өтірікші, көзбе-көз өтірік айта қояды. Маған күнде келіп ойнағысы келеді. Мен онымен дос болып ойнайын ба?....
Менің бір досым бар. Өзі мақтаншақ . Ойнап жүргенде үй ішін айтып мақтанады. Мен онысын ұнатпаймын. Бірақ ойынды жақсы ойнайды. Мен осы баламен дос болайын ба?
Партада менімен бірге бір бала отырады. Ойнап-ойнап тапсырмасын орындамайды. Жазбай келеді. Мұғалім сұрағанда қысылады. Сабақты менің дәптерімнен көшіріп алады. Мен бермесем "сен сараңсың " дейді. Мен не істеуім керек.?
2-жүрг:Әдептілік барлық адамға жарасатын қасиет. Ол -адамның жасынан алған тәрбиесіне , өскен ортасына, төіректегі адамдардың қарым-қатынасына байланысты қалыптасатын қасиет.
1-жүрг: Ендігі кезекте күй тыңдасақ....
2-жүрг: Ал, енді әдептілік, сыпайылық туралы қандай мақал-мәтелдер білеміз?
Әмина: Әдептілік-ар ұят,
Адамдықтың белгісі.
Майра: Жасында әдеп үйренбеген кісіден өскен соң қайран жоқ.
Бекзат: Мейірімділікті анадан үйрен,
Әдептілікті данадан үйрен.
Абылай: Әдепті елдің баласы иіліп сәлем береді.
Мирас: Адам әдебімен әдемі.
Айгерім: Тәрбиелі адам-тағалы атпен тең.
Асхат: Әдепті дегенше, әдемі десейші.
Ақжол: Өзіңді өзің сыйламасаң, өзгеден сый дәметпе.
Қарлыбай:Сыпайылылық -даналықтың белгісі.
Бек: Кішіпейілділік кішілік емес-кісілік қасиет.
Әділет: Жақсыдан үйрен,жаманнан жирен.
2-жүрг: Балалар, мақал-мәтелдеріңе рахмет , енді көріске кезек берейік.
Алғыс.
Қанқызыл қызанаққа тойған- Ақжол:
-Апа дәмді қызанақ бергеніңіз үшін рахмет.
Апа : Ол алғысыңды маған айтпа, жақсы қызанақ өсіргені үшін бақшаға айт.
Бақша: Ақжол бақшаға келеді де пісіп тұрған қызанаққа бас иіп, алғыс айтады.
-Бақша : ол алғысты маған емес, қара жерге айтыңдар.
Ақжол: енкейіп жерге рахмет айтады.
Жер: Ол алғысты маған айтпаңдар. Жаңбырсыз жер көктеп, бақша гүлдемейді соған айт.
Ақжол ауыл сыртындағы тауға келеді.
-Рахмет саған жомарт бұлт. Сенің мейіріңе сусындаған қызанақты жеп бір рахаттандым.
Бұлт: Ол алғысты маған айтпа . Нұр үстіне нұр төгіп, әлемге тіршілік себетін құдіретті күнге айт.
Ақжол күнге келеді.
-Уа , мейірімді күн! Сенің сәулеңнен нәр алған қызанағың тәтті екен. Сол үшін көп рахмет.
Күн: Бұл алғысты маған айтпа. Қызанақты отырғызып, қараған адамға айт.
Ақжол бақшаны күтіп баптаған анасына келіп: Рахмет сізге анашым дейді.
Апасы: Менің еңбегімді білгенің үшін саған рахмет. Өзің де ерінбей , жалықпай бақшаға жеміс өсір. . Ол өсіп , өнім береді. Еңбегіңе жұрт сүйсініп, алғыс айтатын болады.
2-жүрг: Балалар , рахмет сендерге.
Десек те, жаңа өмір, жаңа заман,
Жақсы ғой бірін-бірі бағалаған.
Түйсіксіз тайлақтардан сақта құдай,
Тайраңдап алды-артына қарамаған.
Қарағым, ата-бабаң момын халық,
Өтіпті бір-бірінің жолын бағып.
Өсиетін бабаңның орындай сал.
Одан ешкім кетпейді тоныңды алып.
Шахизада: Алдымыздан кезіккен
Көп танысты көреміз.
Бәрінеде ізетпен
Біздер сәлем береміз.
-Сәлеметсіз бе, ағай!-деп,
-Сәлеметсіз бе, апай!-деп,
-Есенсіз бе, әжей!-деп,
-Амансыз ба, атай !-деп.
Жанибек: Спортпен айналыс,
Сұлулық сыйлаған.
Сол саған пайдалы іс,
Сауық пен кинодан.
Тәртіпті бала-сүйеніш
Төбең бір көкке жетеді.
Тәртіпсіз бала- күйініш,
Төмендеп басың кетеді.
Ұрыншақ бала жаныңда,
Ұрыс пен керіс айқай -шу.
Ұстамды бала маңынан.
Ұнамды қылық байқайсың.
2-жүрг: Ал, енді сендерге сұрақтар қойғым келіп тұр.
-Адамгершілік, сыпайылық жайлы не білесіңдер?
-Үлкен кісімен қалай сөйлесу керек?
-Қонаққа барғанда бала өзін қалай ұстау керек?
-Мектепте, сынып ішінде қалай жүру керке?
- Автобусқа мінгенде не істеу керек?
2-жүрг: Міне, балалар, бүгін өздерің бұрыннан білетін әдептілік жайлы білімдеріңді толықтыра түстіңдер деп ойлаймын.Енді осы үйренгендеріңді күнделікті өмірде қолдана біліңдер және өздеріңнен кіші іні-қарындастарыңа үйрете жүріңдер. Менің сендерге айтарым, адам әрқашанда бет сұлулығымен емес, ішкі жан дүниесімен, әдептілігімен, мәдениеттілігімен әдемі.
Ашық тәрбие сғатымызды осымен аяқтаймыз.
Қане , балалар, орнымыздан тұрып әдептільік белгісін көрсетейік.
Оқушылар: Әр күндеріңіз шуақты, қызықты, көңілді болсын! Сау болыңыздар!!!
"Абай атындағы орта мектебі" ММ-сі.
Ашық тәрбие сағаты.
Тақырыбы: «Әдептілік-тәрбие бастауы»
Дайындаған: М. Спанова.
Сыныбы: 5"ә".
2014-2015 оқу жылы.