- Учителю
- Тәрбие сағаты 'Бабалар өсиеті – балаға мұра'
Тәрбие сағаты 'Бабалар өсиеті – балаға мұра'
Тақырыбы: Бабалар өсиеті - балаға мұра
Мақсаты: Аталардан қалған ұлағатты, ғибрат аларлық сөздерді балаларға ұғындыру, сол сөздерден өнеге алуға баулу.
Көрнекілігі: Ұлағатты сөздер, ақын-жазушылар кітап көрмесі.
Жоспар:
1.Ата тәлімі.
2.Ескірмейтін есті сөз.
3.Құпия хаттарға жауап.
Барысы:
Мұғалім: Біздің ата-бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, ғибрат аларлық, тамаша тәлім-тәрбие берерлік өсиет сөздер көп. Бүгінгі таңдағы жас ұрпақ, сіздердің міндеттеріңіз осы қасиетті сөздермен танысып, оның мән - мағынасын жете ұғынатын дәрежеге жету болып табылады. Тәрбие сғатымыз үш бөлімнен тұрады.
I бөлім: «Ата тәлімі»
1-оқушы:
Арман деген не? - деп сұрапты қария жігіттен.
Жігіт: Ата, арман дегеніміз не? - ойдың шындығы. Құс ұшсам дейді, қыз көрікті болсам дейді, жігіт бақытты болсам дейді, қарт жүзге жетсем дейді, ұстаз шәкіртіне үлгі болсам дейді.
Ата: Арманына адаспаған жетеді, адасқан жете алмайды. Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді, - депті қарт.
2-оқушы:
- Бақытты болу оңай ма? - депті қарт.
-Ата, жары жақсы болса, бақыты жанында, - депті жігіт.
-Жоқ, балам, ақыл басында болса, бақыты жанында болады.
Ақыл адамды азаптан да, мазақтан да құтқарады. Өмірде шын бақытты болам десең, ақылдықты үйрен, не ақылды қызға үйлен.
3-оқушы:
- Дос табу оңай ма? - депті қарт.
-Ата, дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа қиын, - дейді жігіт.
-Жоқ, балам, өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай.
Жақсылығы жоқ достың қастығы аяқ астында жатады. Есіңде болсын, досың ақылды болса, өзің дана боласың, досың бала болса, өзің шала боласың.
4-оқушы:
-Өмірде не жетім? - депті қарт.
-Ата - анасы жоқ бала жетім,-депті жігіт.
-Дұрыс, балам, өмірде ата - анасы жоқ болса, бала тірі жетім. Өмірде 7 жетім бар. Халқына сенімсіз болса, хан жетім, кеңесшісі ақылсыз болса, әкім жетім, суы жоқ құдық жетім, ұлы жоқ әке жетім, қызы жетесіз болса, шеше жетім, досы жоқ жігіт жетім, шәкіртсіз ұзтаз жетім. Өмірде жетім болсаң есірме. Ақылды жетім кеңесуге құмар, ақылсыз жетім егесуге құмар. Егескен ел болмайды.
5-оқушы:
-Үйде кім, елде кім қадірлі? - деп сұрайды қария.
-Ата, үйде ана, елде бастық қадірлі, - депті жігіт.
-Жоқ, балам, үйде қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі.
Қнақты қадірлеуді бәрі біледі. Бала - үйдің патшасы, балалы үй - базар, баласыз үй - мазар, - депті қарт.
6-оқушы:
-Елді кім, үйді кім бүлдіреді? - деп сұрайды қарт жігіттен.
-Ата, елді өсекші бүлдіреді, үйді бала бүлдіреді, - депті жігіт.
-Жоқ, балам, елдіөсекші бүлдіргенмен, үйді ақылсыз бала бүлдірмейді.
Есіңде болсын ақылсыз басшы елді бүлдіреді, ақылсыз әйел үйді бүлдіреді.
7-оқушы:
-Үйдегі алтын қазық кім?
-Ата, үйдегі алтын қазық бала,- депті жігіт.
-Жоқ, үйдегі алтын қазық - ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі қызға, әке тәрбиесі ұлға үлгі. Ана - ақылшың, әке - қамқоршың, ағаң - қорғаушың, інің - сүйенішің, қарындасың - қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі көзіңде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде.
8-оқушы:
-Өмір сүру үшін не қажет? - депті қарт.
-Өмір сүру үшін алтын, ақша, мал, нан қажет, - депті жігіт
-Жоқ өмір сүру үшін су,от,тұз,қыз,ақыл қажет. Сутіршіліктің нәрінбереді, отөмірдің сәнін береді, тұз астың дәмін келтіреді, қыз өмірдің сәнін келтіреді, ақыл өмірдің мәнің береді. Адам ақылмен ағайынды табады, ақылсыз адам ағайыннан безеді.
9-оқушы:
-Достықты нығайтатын не? - депті қарт.
-Ата, достық пен жолдастықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады,-депті жігіт.
-Дұрыс, балам, сенің айтқаның достық пен жолдастықты нығайтады. Есіңде болсың, шын достық ақылдыға тән. Өмірде дос болуды ойласаң «сәлеметсіз бе, кешіріңіз, рақмет, сау болыңыз, сәлем айтыңыз,рұқсат па» деген сөзді шын көңілмен айтуға үйрен. Сәлемдесуді білген кешіре де біледі. Жөн сөз - көңіліңді өсіреді, жөнсіз сөз үмітіңді өшіреді.
Мұғалім: Міне, балалар, көрдіңдер ме, дос табу үшін елде кімнің қадірлі екенін, шындықты бұзатын, достықты нығайтатын не екенімен таныстық және осындай ғибрат алатын сөздерді есте сақтау керектігін ұмытпаңдар.
II бөлім: «Ескірмейтін есті сөз»
Мұғалім: Бұл бөлмеге дайындалу балалардың өздеріне тапсырылады. Күнделікті өмірде ата - әжелердің, ата - аналардың айтып отырған ырым мен тиым сөздер жасырын өткіземіз. Кім көп біледі екен?
1-оқушы:
Таза мінсіз асыл сөз,
Су түбіндежатады.
Таза мінсіз асыл тас,
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады.
2-оқушы:
Әділ төре ел бастар,
Батыр жігіт жау бастар.
Аға жігіт қол бастар,
Шешен адам сөз бастар.
Құствы жисаң, бүркіт жи,
Қыс тоныңды түлкі етер,
Бір жаманмен дос болсаң,
Күндердің күні болғанда,
Бүкіл ғаламға күлкі етер.
3-оқушы:
Қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба?
Сөз бастау қиын ба?
Қол бастау қиын ба?
Көк найзалы ерің болса.
Жол бастау қиын емес,
Соңында ерген елің болса.
Бәрінен де сөз бастау қиын,
Тауып айтсаң мереке қылады,
Таппай айтсаң келее қылады.
4-оқушы:
Ақыл - адамды аздырмайтын ем.
Білім - таусылмайтын кен.
Адамның басшысы - ақыл.
Жетекшісі- талап.
Шолғыншысы - ой.
Жолдасы - кәсіп. Қорғаны - сабыр.
Қорғаушысы - мінез.
Қорытынды
Мұғалім: Қазақ жұрты жаратылысынан шешендік өнерге бейім халық. Оның қиыннан қиыстыра, төтеннен төге сөйлейтін тапқыр да, қанатты ойлары жөнінде өзіміз де, өзгелер де таңдай қағып айтудамыз. Би, шешендер даулы мәселені түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен, әрі ақылгөй, халық қамқоры болған
Би, шешен, бабаларымыздың әруағы риза болсын, даңқы артсын, ел үшін еңбегі елеусіз қалмасын, кейінгі ұрпақ бұл кісілердің өсиеттерін есте сақтап, сөз қадірін түсіне білуге үйренсін.